Көпбалалы аналарға жәрдемақы табысқа қарамай төленеді

13465

Ал атаулы әлеуметтік көмек енді көпбалалы отбасыларға берілмейді. 

Көпбалалы аналарға жәрдемақы табысқа қарамай төленеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамай төлеуді ұсынды. Бұл үшін көпбалалы отбасыларды атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатарынан шығару қажет екен. 

"Біз көпбалалы аналардың мәртебесін көтеріп, әл-ауқатын жақсартуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі 42 500 теңгеден 73  370 теңгеге дейін сараланған мөлшерде тағайындалады", – деді Біржан Нұрымбетов.

Айта кетейік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа заң жобасын әзірледі. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін заң атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз етуді көздейді. 

Министрдің мәлімдеуінше, соңғы 9 айда 2,3 млн адамды құрайтын 417 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілген. 

"Атаулы әлеуметтік көмек өмірдің қиындығына тап болған және одан өз бетінше шыға алмай отырған отбасыларға тағайындалуы тиіс. Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмектің тоқсан сайын берілуін қайта қарап, шартты және шартсыз көмекті 3 айға тағайындау қажет. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар табысын жасыруын тоқтатады. Ал көмек тағайындау тәртібі әділ болады. Мысалы, отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбінесе азаяды. Атаулы әлеуметтік көмекті тоқсан сайын есептегенде көпбалалы отбасы алдыңғыдан көп мөлшерде көмек алуы мүмкін. 

Екіншіден, барлық отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек орта табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленеді. Үшіншіден, егер отбасының еңбекке қабілетті өкілі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері атаулы әлеуметтік алу құқығынан айырылады. Сонымен қатар бала күтімімен айналысатын анаға бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығы беріледі", – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзінше, учаскелік комиссиялардың жұмысы күшейтіледі.

"Өкінішке қарай, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында әлеуметтік жағдайы жақсы адамдардың болғаны анықталды. Мұндайға жол бермес үшін учаскелік комиссияның жұмысы күшейтіледі. Заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтаудың өлшемшартын бекіту үшін орталық атқарушы органның құзыретін қарау ұсынылады. Біз заңда учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына қорытынды жасау үшін мерзімді үш күннен жеті күнге дейін арттыруды сұраймыз", – деді Біржан Нұрымбетов. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу