banner

Көреген көшбасшы, сұңғыла саясаткер

2498

Әлем қауымдастығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты осылай бағалайды.   

Көреген көшбасшы, сұңғыла саясаткер

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев адамзат баласына бір емес, бірнеше  жаһандық жоба ұсынған және оның жүзеге асуына тікелей ықпал еткен тарихи тұлға.

Бүгінгі таңда Тұңғыш Президенттің бір емес, бірнеше жаһандық бастамасы әлемнің алты құрлығында жүзеге сәтті асырылуда. Біз оқырманмен ойласу үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат игілігіне жарап жатқан жаһандық бастамалары мен ерекше моделін ой елегінен өткізіп көруге тырыстық.

"Назарбаев моделі"
Дүниежүзінде осындай тіркес һәм түсінік бар. Мұны біреудің аузына біреу салып берген жоқ, барлығын тарихи оқиғалар тізбегі тиянақтады. Яғни "Назарбаев моделі" деген ұғым уақыттың сынынан сытылып шығып, өздігінен  пайда болды.

Бұл модель жайлы отандық, шетелдік ғалымдар ондаған ғылыми еңбек жазды. Атап көрсетерлігі, кітап болып басылған еңбектердің барлығы әлемнің төрт тарабына пышақ үсті тарап кетті. 

Нұрсұлтан Назарбаев тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзімде егеменді елдің зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі негізін қалап қана қоймай, жас мемлекетті халықаралық қоғамдас­тықтың белді мүшесіне айналдырды.

Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде қайта құрып, БҰҰ мен Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына қосты. Елде саяси бірлік пен қоғамдық келісім орнатып, мемлекеттігіміздің мызғымастығына кепіл болды. Демократиялық бастамаларды нығайтып, дамудың дара даңғылын қалыптастырды. Аймақтық, жаһандық мәселердің шешілуіне белсенді атсалысып, халықаралық жағдайды реттеу мақсатында жаһан жұртына тың идеялар ұсынды. Халықаралық деңгейде Қазақстанды қарусыздану және жаппай қырып жою қаруын таратпау үдерісінің көшбасшысы, аймақтық және аймақаралық интеграциялық үдерістердің бастамашысы, мәдениет, дін сонымен қатар өркениеттер арасындағы пікіралмасудың модераторы ретінде танытты.

Тұңғыш Президенттің сарабдал саясаты мемлекетімізді өзге елдер жүз жылда әупірімдеп жүріп жеткен жетістіктерге ширек ғасырдан астам уақытта жеткізді. 

Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік пен бірлікті насихаттай отырып, қазақ елін әлем танитын, құрметтейтін және пікірімен санасатын тәуелсіз мемлекетке айналдырды.

Тұңғыш Президент сыртқы саясатты сәтті жүргізіп, 3 мыңнан астам халықаралық шарттың рәсімделуіне және әлемнің барлық мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға ұйытқы болды. Қазақстанның экономикалық қуатын арттыру үшін сыртқы әлеммен сауда-экономикалық һәм инвестициялық байланыс жасауға басымдық берді. Ал елдің берекесі мен бірлігін сақтап, өзара сыйластық пен келісім орнату үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы атты ұлтаралық татулықтың бірегей институтын құрды. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бастамасы Қазақстанды халықтар достығының мекеніне айналдырды.

Нұрсұлтан Назарбаев туған халқына сәнді де, салтанатты шаһар сыйлады. Ол Отанымыздың жүрегіне, елдігіміздің тірегіне айналды.

2010 жылы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) ЕҚЫҰ халықаралық саммиті ұйымдастырылды. Сол кезде қазақ елінің бас шаһарында бір мезетте 56 мемлекеттің басшысы бас қосты. Қысқы Азия ойындарының жалауы да елордада желбіреді. Бірнеше жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайы Қазақстанның бас қаласында өтіп жүр. Астана экономикалық форумының ашық пікірталас алаңына айналғанына да біраз жыл болды. Ал елорданың ТМД елдері арасында тұңғыш, Азия елдері арасында төртінші болып халықаралық EXPO-2017 көрмесін абыроймен атқарғанын әлем біледі.

Міне, "Назарбаев моделі" деген осы. Бұл модель сөзге емес, нақты іске жүгінеді. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевқа: "елім аман, жұртым тыныш, халқымның көйлегі көк, тамағы тоқ", – деп алаңсыз ғұмыр кешіруге болатын еді. Алайда қазақтың бағына біткен азамат бұлай жасаған жоқ. Ол ел басқару ісінің шеңберімен шектелмей, жаһандық бастамаларға ден қойды.

Қаруға қарсылық
Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясат сахнасындағы бейбіт бастамасы дүниені дүр сілкіндірді. Қазақтан жаппай қырып-жою қаруынан дүниежүзі бойынша бірінші болып бас тартты. Елбасы 1991 жылдың 29  тамызында  Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойып, Қазақстан тарихына ғана емес, адамзат тарихына  өзгеріс енгізді. Соның айқын айғағы деп білерсіз, БҰҰ бұл күнді ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні деп жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев  ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, жаһан жұртын қарусыздануға шақырды. Тұңғыш Президент қуаты жағынан әлемдегі төртінші қарудан біржола құтылу арқылы  әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіпсіздік кепілдігін алды. 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит барысында АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевты "халық­аралық ядролық қаруды таратпау үдерісінің көшбасшысы" деп атады. Қазақстан атомды бейбіт мақсатқа пайда­лануға көшті. Осы үшін Үлбі металлургия зауытының жанынан төмен байытылған уран банкін ашты. Айта кетейік, ядролық отынның халықаралық банкін құру бастамасы осыдан 12 жыл бұрын көтерілді. 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ел аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру мүмкіндігін қарастыра алатынын мәлімдеді. Арада 2 жыл өткен соң Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) уран банкі орналасатын мемлекетке қойылатын негізгі талаптарды бекітті. Оны ұйымға мүше мемлекеттерге жолдады. Дәл осы жылы уран банкі орналасатын мемлекетті анықтау үшін тендер жарияланды. Сонда Қазақстан жеңімпаз деп танылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың қарусыздану идеясы бір емес, бірнеше рет халықаралық жиындарда талқы таразысына салынып, нәтижесінде "Әлем. ХХІ ғасыр" манифесі деген атпен БҰҰ-ның ядролық қауіпсіздік жөніндегі бас құжатына айналды. Ал Нұрсұлтан Назарбаев адамзат тарихына бүкіләлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде енді. Күні бүгінге дейін бірде-бір мемлекеттің саяси тұлғасы мұндай мәртебеге қол жеткізген емес.

Бітімгер басшы
Нұрсұлтан Назарбаев дала дипломатиясының даналығын жетік білетін, мәмілегерлікті еркін меңгерген, араағайындық миссиясын мінсіз атқаратын сұңғыла саясаткер. Елбасының бірегей бітімгерлігі әлемге өткен ғасырдың 90 - жылдарынан бастап белгілі болды. 1988 жылы ақпан айында Әзірбайжан Республикасы құрамындағы Таулы Қарабақ автономиялық облысы мен Шаумян ауданы республика құрамынан бөлінуге ұмтылды, мұның ақыры қарулы қақтығысқа ұласты.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің сол кездегі Президенті Борис Ельцинмен араағайындыққа барды. Сонда ол суырылып сөйлеп, тараптардың татуласуына қол жеткізді. Осыдан кейін әлемде бір-бірімен тілтабыса алмай қалған мемлекеттер болса, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне жүгінуді әдетке айналдырды. 2014 жылы Таулы Қарабақта тағы да мылтық атылды. Елбасы 22 жылдан кейін тараптарды қайтадан мәмілеге шақырып, бітімге келтірді. Нұрсұлтан Назарбаев Украина мен Ресей, АҚШ пен Ресей, Түркия мен Ресей арасындағы қырғи қабақтың да қыртысын жазуға қатысты. Елбасы Сириядағы қақтығысты реттеуге Астана алаңын (қазіргі Нұр-Сұлтан) бекерден-бекер ұсынған жоқ. Мұндағы мақсат – мәселені бейбіт жолмен шешуге ықпал ету болды.

Конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі
Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамалары мен ұсыныстары халықаралық қарым-қатынастың ықпалды факторына айналып, жаһандық сипатқа ие  болып отырғанын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің тұрақты түрде елордада өткізіліп келе жатқанынан да анық аңғаруға болады. 2003 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бас шаһарда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезінің өтуіне ұйытқы болды.

Байырқалы басқосуға ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, синтоизм, зороастризм секілді діндердің өкілдері қатысты. Алқалы жиында жер бетінде бейбітшілік пен келісімді сақтау бойынша дінаралық диалогқа қатысты декларация қабылданды. Дін өкілдері терроризмнің идеологиялық өзегі дін емес екенін атап көрсетті. Ал Елбасы адамдар қысылтаяң шақта барлық сұрақтардың жауабын діннен іздейтініне назар аударып: "мәдени-өркениеттік және діни әртүрлілікке саяси идеологиялық рең беруге тосқауыл қою керек", – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев дін өкілдері жетекшілерінің алғашқы съезінде Қазақстанның ұстанымын тәптіштеп түсіндірді.

"Көптеген ғасырлар бойы Ұлы далада тәңіршілдікті, зороастризмді, буддизмді, христиандықты, иудаизмді, исламды және басқа діндерді ұстанған талай халық тату-тәтті тіршілік еткен. Бұл жер сонау бағзы  заманнан қазіргі күнге дейін сауда мен мәдени байланыс арқылы Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан өзіндік бір өткел тәрізді. Ол бүгінгі күні де көптеген халық пен дін өкілдері үшін атақоныс", – деді Президент.

Бұдан кейін Астанада 2006, 2009, 2012, 2015 жылдары тағы 4 съезд өтті. Бұл басқосуларда да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары барлық дәстүрлі діндерде бағаланатын ождандық құндылықтарды дәріптеп, діни негізде орын алатын кикілжіңдер мен қақтығыстарға жол бермеу мәселесін талқылады. Діндарлардың IV съезіне әлемнің 40 елінен делегат келді. Солардың алдына сөз сөйлеген Президент форум әлемдік құрылымның жаңару жағдайындағы өтпелі кезеңге аяқ басып отырғанын тілге тиек етіп, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезін толеранттылық пен сенімділіктің алаңы ретінде ілгерілете беру қажеттігін айтты. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания Королі ІІ Абдалла, БҰҰ өркениеттері альянсының өкілі Н.әл-Насер, Минск және Заславск митрополиті, Бүкіл Беларусь Экзарх Патриархы Павел, ЕҚЫҰ бас директоры Л.Заньер, Бэдфорд епископы, Ағылшын шіркеуінің өкілі Р.Аткинсон, "Джинджя Хонче" Сионистік храмдар қауымдастығының басқарушы директоры Т.Тераи, ИСЕСКО бас директоры А.ат-Туэйджри, Дүниежүзілік лютеран федерациясының президенті  М.Юнан қатысып, пікір білдірді. Осы жиында Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің қатысушылары дінге қатысты барлық шетін мәселелерге дер кезінде үн қатып отыруы тиіс екенін жеткізді.

"Жалған діни үндеулермен бүркемелене отырып, содырлар өзге діндер өкілдерін, журналистер мен еріктілерді жаппай өлім құштырудың жан түршігерлік актілерін жүзеге асыруда. Біз сіздермен бірігіп, мұндай көзқарасқа және діннің осындай қаскүнемдіктеріне қарсы ортақ пікірімізді білдіруіміз керек. Олар Ирак пен Сириядағы сан ғасырлық мәдени мұраларды қасақана қиратуда. Мұның бәрін ізгі ниеттілікке және адамгершілікке қарсы актілер демеске лаж жоқ", – деді Тұңғыш Президент. 

ЕҚЫҰ төрағалығын абыроймен атқардық
2010 жылдың желтоқсан айында әлем назары Астанаға ауды. Себебі ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау үшін Қазақстанды бетке алды. Афинада өткен Сыртқы істер министрлерінің 17 - отырысында ұйымға төрағалық етіп келген грек тарапы Қазақстанға ЕҚЫҰ төрағалығын тапсырды. Осылайша біздің ел төраға ретіндегі халықаралық миссиясын бастап кетті.


Атап көрсетейік, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндеті - ТМД елдері арасында  алғаш рет Қазақстанға сеніп тапсырылды. Біз бұл мәртебеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһан жұртының алдындағы абыройы мен беделі  арқылы жеттік.

Нұрсұлтан Назарбаев: "ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайлану - Қазақстанға деген еуропалық және әлемдік қауымдастық тарапынан зор сенімге ие болып отырғанымыздың арқасы", – деді.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға және дүниежүзіне төрт "Т" белгісімен бедерленген, құндылықты ұсынды. Ол: сенім trust), дәстүр (tradіtіon), ашықтық (transpa­ren­cy) және төзім­ділік (tolerance). Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ту­ра­лы ниетін 2003 жылы білдірді. Бұл бастамаға Тұңғыш Президенттің 2005 жылғы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жо­лын­да"  атты халыққа арнаған Жолдауында ерекше екпін түсірілді. Осы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуіне қатысты Қазан қаласында ТМД басшыларының саммитінде қолдау білдірілді. Өз кезегінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үшін бірнеше саяси маңызды шешім қабылдады. ЕҚЫҰ ұсынысына сәйкес, 2007 жылы елімізде Конституциялық реформа жүргізіліп, "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы", "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, Парламенттің және жергілікті мәслихаттардың рөлі арттырылып, Қазақстан президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға  айналды. 2009-2012 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспары және 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Осылайша біз халықаралық стандарттарға сай заңнамалық жүйе қалыптастырдық. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төралық ету барысында ұйым аясында Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті нығайту, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру сынды жаһандық мәселелерді күн тәртібіне қойды. Саммитте сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа парадигмасына көшу, яғни ынтымақтастықтың төрт мұхит шекарасындағы – Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа және Солтүстік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына дейін біртұтас кеңістік қалыптастыру қажет екенін мәлімдеді. Қазақ жерінде өткен ЕҚЫҰ саммиті Астана декларациясының қабылдануымен аяқталды. Саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде, жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында сонымен қатар ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерді бірауыздан қолдады. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі һәм Қазақстанның әлем алдындағы жеңісі болды.

Еуразиялық интеграция идеясы – өміршең идея
Еуразиялық экономикалық одақ Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен құрылды. Елбасы бұл бастаманы тұңғыш рет 1994 жылдың наурызында ұсынды. Басында қазақ басшысының ұсынысына күмәнмен қарағандар көп болды. Уақыт өте келе тың бастама өзінің өзектілігін дәлелдеді. 2014 жылы Астанада ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойылды, ал 2015 жылдан бастап интеграциялық бірлестіктің жұмысы басталды.

Экономикалық жағдайларын бірлесіп жақсартуды көздеген Ресей, Қазақстан және Белорусь елдерінің басшылары бастапқы кезеңде Кедендік одақтың, кейін Біртұтас экономикалық кеңістіктің, соңында Еуразиялық экономикалық одақтың негізін қалады. Жаңадан құрылған ұйым Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі кеңес секілді халықаралық ұйымдармен ықпалдасып, ынтымақтасып кетті. Бұдан кейін 170 миллионнан астам адамға арналған аймақтық нарық пайда болды. Сәйкесінше еркін экономикалық ықпалдастық артып, қоғамдастыққа мүше елдер арасындағы алыс-беріс ұлғайды. Осылайша Еуразиялық интеграция идеясынан туған экономикалық мега-жоба өміршеңдігін көрсетіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың: "жаһандық үрдістерден бөлініп жеке өмір сүру – өзіңді әлемнен тыс қалдыру", –  деген сөзін ақиқатқа айналдырды.

"G - Global" –  дүниежүзілік үкіметтің жаңа моделі
Осыдан 9 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің пәрменімен адамзаттың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерін мемлекетаралық деңгейде талқылайтын көпфункциялы платформа құрылды. 

"G-Global" деп аталған жалпыға ортақ жаһандық жоба конструктивті диалог алаңына айналып, бірден әлем қауымдастығының назарына ілінді. Бұл жерде адамзатты алаңдататын маңызды мәселелер талқыланды. Көпфункциялы платформада әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар құрылып, бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияның қорытынды құжаты жарияланды.

Жаһандық жобаның авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, G-20, G-8 форматтары қазіргі заманның геосаяси, геоэкономикалық мәселелерін шеше алмады. Себебі дамыған елдер дамушы елдердің мәселесіне атүсті қарайды.

"G-Global" осы олқылықтың орнын толтыру үшін құрылды. "G-Global" жобасын жаһандық сынға тиісінше жауап беретін дүниежүзілік үкіметтің жаңа моделі ретінде пайдалануды ұсындық. Ол G8 бен G20-ның баламасы емес, жеке-дара платформа. Оның міндеті – жаһан жұртын  экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселердің тамырын тап басуға жұмылдырып отыру", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ЕХРО-2017
Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен және бақылауымен Қазақстанда 3 ай өткен ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі табысты аяқталды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаһан жұртының назарын өзіне аударған халықаралық көрмені елордада өткізу туралы бастаманы осыдан 11 жыл бұрын Сарагосада көтерді. Ал 2012 жылдың 22 қарашасында Парижде өткен ХКБ EXPO халықаралық бюросы бас ассамблеясының 152 - сессиясында Қазақстан EXPO көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Жасырын дауыс беру қорытындысында Астанаға ХКБ-ның 103 мүше-мемлекеті қолдау білдірсе, Бельгияның Льеж қаласы 44 дауысқа ғана ие болды. Тәуелсіз Қазақстанның беделін бекітіп, даңқ-дәрежесін асқақтатқан көрме ұлттық экономиканың дамуына оң әсер етті. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатында: "Әлем көз тіккен айтулы шара жоғары деңгейде және зор табыспен өтті. Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 млрд теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10%-дан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді. 

 

"ЕХРО-2017 көрмесін өткізу арқылы біздің ел "жасыл" технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айтулы шараға 180 мемлекет қатысты. Көрменің негізгі орталығы "Нұр әлем" сферасын 1 млн 300 мың адам тамашалады.

"ЕХРО-2017 көрмесі жаңа жаһандық жобалардың бастамасы болды. Ал оның абыроймен өтуіне Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосты.

Түйін
Тұңғыш Президент тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде: "Күшіміз – жауапкершілікте, бірлігіміз – әралуандықта, еркіндігіміз – келісімде, абыройымыз – игілікте, қауіпсіздігіміз –  ашықтықта, тәуелсіздігіміз –  серіктестікте. Болашағымыз –  бүгінде", –  деген болатын. Біз күні бүгінге дейін осы ұстанымды темірқазық тұтып келеміз. Себебі осы ұстаным бізді адастырған жоқ, адастырмайды да.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу