banner

Корея Қазақстанмен бірге ғарышқа қол созбақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2153

Елімізде оңтүстіккореялық капиталы бар 500-ге жуық компания жұмыс істейді.

Корея Қазақстанмен бірге ғарышқа қол созбақ Фото: akorda.kz

Қазақ еліне тұңғыш мемлекеттік сапармен Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин келді.

Мәртебелі мейманмен Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылаған болатын.Бүгін ол оны ақорда да ресми қарсы алды.

Ақорда сарайында сарбаздар сап құрып, шеру тартып, екі елдің әнұраны шырқалған ресми қарсы алу салтанатынан кейін мемлекет басшылары жұрттан оңашаланып, жеке кездесті.    

"Таңғы самал елі" қазақстандықтар үшін де, Қазақстан басшылығы үшін де маңызды бола түсуде. Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы консулдығының дерегінше, бұл елде 19 мың қазақстандық ресми тіркеліп, жұмыс істеуде. Алайда шамамен 12 мыңдай адам саяхатшы ретінде барып, заңсыз қалып қойған. Олардың барлығына Корей үкіметі амнистия жариялап, 2019 жылғы 31 қаңтарға дейін еш жазалаусыз елден кетуге мүмкіндік ұсынды.

Корея біздің үкімет үшін де тартымды болуда. Өйткені кейінгі 10 жылда басты "одақтасымыз" болып есептелетін Ресей Қазақстанға небары 10 млрд доллардай инвестиция салыпты. Ал алыстағы кәріс елінің құйғаны осы сомаға жетіп қалған. Сондықтан бұл мемлекетті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның негізгі серіктестерінің қатарына қосты.

"Корея – сауда-инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан Қазақстан үшін 10 басымдықты елдің бірі болып табылады. Біз осы бағыттарда жаңа мүмкіндіктерді тауып, жүзеге асырудағы өзара іс-қимылды ары қарай ілгерілетуге мүдделіміз. Басқасын айтпағанда, Кореядан Қазақстанға келген тек тікелей инвестициялардың өзі шамамен 7 млрд долларды құрады. Біз осы салада қомақты табыс тарихына иеміз. Мәселен, елдегі аса ірі жобалардың бірі – "Үлкен Алматы айналма жолы" корейлік компаниялардың қатысуымен іске асырылуда. Корей бизнесі тамақ, тау-кен байыту, автокөлік құрастыру және басқа да салаларда елімізде табысты жұмыс жасауда. Осы барлық мысалдар өзге де корейлік компаниялар үшін оң белгі қызметін атқарады және бұл олардың Қазақстанға инвестиция салуға деген ынта-ықыласын тудырады деген сенімдеміз!" – деп үміт ете сөйледі Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Корея да қазақ жеріне қызыға көз тігуде. Себебі, олардың басшысының айтуынша, Сеул еуразиялық жобаларға тартылып, "Жаңа солтүстік саясатын" қолға алыпты.

"Жоба аясында біздің басымдықты серіктесіміз Қазақстан болады. Себебі бұл ел "Нұрлы жол" саясатын ілгерілетіп, еуразиялық континентті өз ішінде байланыстыруға ұмтылуда", – деп түсіндірді Мун Чжэ Ин.

Бұл мемлекет жаңа "Ұлы жібек жолы" атанған, көрші қытайлар мол инвестиция құйып жатқан "Бір жол мен белдеу" жобасының да жемісін теруге ниетті. 

Бұдан бөлек, талай жыл Солтүстік Кореяның атом қаруына құрылған құқайынан зәрезеп болған Оңтүстік Корея Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру туралы идеясының нағыз фанаты болып табылады.

Ақордадағы кездесу кезінде де Корей басшысы осы тақырыпты қайта-қайта айтып, қазақ елін осы саладағы жетістіктері мен қадамдары үшін дәріптеумен болды.

1992 жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағанда өзара сауда-саттық 10 млн долларға әзер жетіпті. Содан бері тауар айналымы 390 есе артқан. Нәтижесінде, 2018 жылы өзара тауар айналым 3,9 млрд долларды  құраған. Оның ішінде Қазақстанның Кореяға өткізген экспорты 2,9 млрд доллар болған. Ал Оңтүстік Кореядан тасыған импортымыз 922 млн долларға жеткен.

Бүгінде Қазақстанда оңтүстіккореялық капиталы бар 500-ге жуық компания жұмыс істейді. Соңғы жылдары Hyundai, LG, Samsung, Lotte Confectionery, SK, Dongil Highvill сияқты компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс атқаруда.

Келіссөз барысында тараптар электронды медицина, роботтталған операциялық жабдықтар және басқа да жоғары технологиялық салалар, дәрігерлерді және өзге де мамандарды оқыту және біліктілігін шыңдау, аэроғарыш саласында ынтымақтасу мәселелерін талқылады.

Корея Қазақстанмен бірлесіп, жер серігін әзірлеуге, 5G байланысын ілгерілетуге, Big Data ауқымды деректер секторында серіктесуге ниетті болып отыр. Қазақстан өз кезегінде мұны елордадағы ІТ халықаралық орталығында жүзеге асыруды ұсынды. Оның үстіне "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында үкімет бұл салаға мол бюджеттік шығын шығарып жатыр. Корейліктер оны да игеруге ынтызар.

Кейінгі 10 жыл ішінде екі мемлекет арасында стратегиялық серіктестік орнағаны мәлім. Корей басшысы алдағы уақытта бұл қатынастардың жайы қалай болатынын білуге құмартты. Корейлік инвесторлар да елдегі ахуалға алаңдаулы көрінеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан алған бағытынан таймайтынына сендірді.

"Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Елбасы саясатының сабақтастығын сақтау және мемлекеттер арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту негізгі мақсат болып табылады. Нұр-Сұлтанда да Корей түбегіндегі ахуалды қадағалап отыр. Бұл мәселе тек құрлығымыздағы ғана емес, бүкіл әлемдегі қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін төтенше маңызды. Біз Оңтүстік Корея лидері Мун Чжэ Иннің берік бейбітшілікке қол жеткізуге және осы тағдыршешті үдеріске қатысушылар арасында келіссөздерді жаңғыртуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз!" – деді Қазақстан Президенті.

Ол Қазақстанда корейлер ірі 10 диаспора қатарына жататынын айтты. Қазір еліміздегі кәрістер саны 100 мың адамнан асады екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу