Корея көлік өндірісі жөнінен Жапония мен Германияға мықты бәсекелес болып отыр

Артур Мискарян Артур Мискарян
19725

Қазақстанда құрастырылған Кореяның кроссовері Atameken Business-дің тест-драйвінде.

Корея көлік өндірісі жөнінен Жапония мен Германияға мықты бәсекелес болып отыр Фото: Мария Матвиенко

2010 жылы Лас-Вегастағы бодибилдинг бойынша Musclemania World Championship Bodybuilding біріншілігінде Корея спортшысы Чул Сунның жеңіске жетуі ерекше құбылыс болды. Сол кезде де, одан кейінгі біріншіліктерде де кореялық спортшы атақты америкалық спортшылармен олардың алаңында бәсекеге түсті. Бүкіл әлемді мойындатып, атақты болғанға дейін Чул Сун Кореяның БАҚ-тарына берген сұхбатында өзін-өзі төмен бағалайтынын және жанындағылардың құрметтемейтініне қиналатынын айтқан. Біріншіліктегі жеңісінен кейін оның өмірі күрт өзгерді: бірінің артынан бірі жарнамалық келісімшарт туралы ұсыныс түсе бастады, ол телебағдарламалардың жиі шақыратын қонағына айналды, кейде тіпті оны шоу-бағдарлама ретінде тойларға шақыра бастады. Бір сөзбен айтқанда, Чул Сун бір сәтте елге танымал жұлдызға айналды.

Кореялық спортшы айналысатын спорт түрі АҚШ, Батыс Еуропа және Ресейдегідей Азияда керемет дамымаған. Оның үстіне спорттың бұл түрінде халықаралық деңгейде жетістікке жеткен танымал азиялық спортшылар жоқтың қасы. Автокөлік әлемінде де солай, еуропалық компаниялар көпшіліктің ықыласына ие болып жатса, Азия өндірушілерінің автокөліктері олардың ықпалында жүр деп есептеледі. Сол себепті жаңа Sorento-ның қалай шыққаны таңғаларлық.

Оның кескіні бұрын Audi-де жұмыс істеген неміс Петер Шрайердің басшылығымен жасалды. Нәтижесінде басты нарығы Солтүстік Америка саналатын кореялық кроссовер еуропалық пішінге ие болды. Көліктің салонына сапалы жұмсақ пластик қолданылған, пластик тақтайлар арасындағы саңылаулар тегіс. Отыратын орын ағылшын автокөлігі секілді қызыл терімен көмкеріліп тігілген. Климаттық жүйенің ауа өткізгіштері Porsche-ні еске түсіреді. Салонда стақан қоятын орындардың көп болуы Америка нарығына арналған автокөліктерге тән.

Рөл терімен қапталған және кез келген баптауға қарамастан рөл жеңіл. Автоматтандырылған жүйедегі әрекеттерді рөлдегі тетіктер арқылы ауыстыруға болады – бұл мүмкіндік қала сыртындағы тас жол қозғалысында ыңғайлы болуы мүмкін. Алдыңғы және артқы орындыұтар жылытылады, оның үстіне алдыңғылардың желдету жүйесі де бар, ал арттағы жолаушылар үшін жеке климат-бақылауды реттеу көзделген. Екінші және үшінші қатардың орындары жиналса, тегіс еден қалады.

Көліктің аспасынан жолдың кедір-бұдыры қатты білінеді, бірақ егер жылдамдықты арттырмай, үлкен ойдың қасынан өтсе, бұл кемшілік байқалмайды. Инженерлер ұзындығы 5 метрге жақын автокөліктің аспасын бұрылыста аз қисайсын деп жасаған сыңайлы. Көлік шынымен де бұрылыста орнын нық ұстайды, ал бұрылысқа жақындағанда жылдамдық жоғары болса, алдыңғы дөңгелектің жылжуы байқалады да жүргізуші электронды жүйелердің араласуын сезеді.

2,4 литр мотормен Sorento қалада қалыпты сезінеді, бірақ екпіндеп жылдамдықты арттырғанда жүйкеге тиетін мотордың дыбысы шығады, десе де, жалпы алғанда дыбыс өткізбеу жүйесі жақсы деп бағалауға болады. Жоғары жылдамдықты ұнататындар мен қала сыртына отбасымен жиі шығатын адамдарға мықты V6 моторлы Sorento-ға назар салғаны жөн.

Автокөліктің тежегіш жүйесін ерекше атап өту керек. Басқыш педальдердің күші мен тежегіштің дәлдігі кореялық немесе жапондық автокөліктерге емес, неміс көліктеріне тән.

Аbctv.kz-тің байқауынан өткен автокөлік 2,4 қозғалтқышпен және толық жетекпен жабдықталған. Жол құрғақ және тегіс болса, автокөліктің алдыңғы жетегі жұмыс істейді. Ал дөңгелектері қолайсыз жерден шыға алмай тұрып қалса, артқы дөңгелектер 0,15 секундта іске қосылады дейді өндіруші.

Сонымен қатар сауда делдалдары 2015 және 2016 жылдары шыққан қозғалтқышы 2,4, көлемі 3,3, моторы V6 Sorento автокөлігін ұсына алады, оны тапсырыспен алдыруға болады.

Базалық комплектациялы автокөліктің бағасы 8 699 000 теңгеден басталады. Толық комплектациялы моторы 2,4, күрең қызыл терімен қапталған орындары бар, бұлтқа қарсы жарықпен жабдықталған Sorento12 860 000 теңге тұрады. KIA өз автокөліктеріне 5 жыл немесе 150 мың км жүру кепілдігін береді.

Біз тестілеуден өткізген автокөліктен байқағанымыз, уақыт өте келе, Корея өндірушілерінің автокөліктеріне деген көзқарас өзгереді. Атлет Чул Сунды жетістікке жетер жолының басында ешкім менсінбегені сияқты, KIA көліктері де өндіріс басында керемет ықыласқа ие болмаған еді. Ал бүгін кореялық автоөндірушілер шығаратын кроссоверлер мен седандар бұл саланың көшбасшылары Жапония мен Германияға мықты бәсекелес болып отыр.

2014 жылы Musclemania Universe бодибилдинг біріншілігінде Чул Сун бұрынғы жеңімпаздар Улиссес Вильямс пен Симеон Панданы артта қалдырып, 1-орынды иеленген. Ал 2016 жылы тағы да Miami fitness Universe-те көш бастап, өз жеңісін жаңартты. Кезінде өз-өзін төмен бағалаған кореялық спортшы қазір төрткүл әлемді мойындатты және жылдан-жылға қуатын арттырып келеді. Сол сияқты Кореяның автокөліктері де жылдан-жылға жетіліп, алға жылжыды. Мүмкін автосалонда көлік сатып аларда осы мәліметті еске алып, үйіңізге жаңа Sorento-мен ораларсыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу