Кореяға экспортталатын мұнайдың нақты көлемі белгісіз болып тұр

Энергетика министрлігі мұнай экспортының жекелеген елдер бойынша есебін жүргізбейтінін алға тартты.  

Кореяға экспортталатын мұнайдың нақты көлемі белгісіз болып тұр Фото: ЖИ

Сол себепті, биыл Корея Республикасына мұнайдың нақты қанша көлемі жеткізілетіні анықталмаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мұнайын аталған бағытта жеткізу шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы коммерциялық келісімшарттар аясында жүзеге асырылды. Бұл ретте министрлік мұнай экспортының жекелеген елдер бойынша есебін жүргізбейді. Аталған ақпарат Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің құзыретіне жатады. Министрлік өз кезегінде экспорттық бағыттарды үйлестіруді жүзеге асырады және өндіру мен жеткізудің жалпы теңгерімін қамтамасыз етеді, – деп атап өтті министрлік. 

Ведомство жақында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чон Кванмен кездесуі барысында энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылағанын еске салды. Тараптар өзара іс-қимылды кеңейтуге және энергия ресурстарын жеткізу бағыттарын әртараптандыруға өзара мүдделілік танытатынын растады. 

– 2026 жылға арналған жоспарларға қатысты айтар болсақ, қазіргі уақытта Корея Республикасына мұнай экспортының нақты көлемі айқындалмаған және олар нарық қатысушылары арасындағы коммерциялық келісімдерге, сондай-ақ экономикалық орындылық пен логистикалық мүмкіндіктерді ескере отырып қалыптастырылатын болады. Жалпы, министрлік мұнай экспортын жеткізу географиясын кеңейтуді және шетелдік әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуды жүйелі түрде қолдайды. Бұл ретте шаруашылық жүргізуші субъектілердің операциялық қызметіне араласпайды, – деп хабарлады Энергетика министрлігі. 

Жалпы, шикі мұнайды сатып алып, оны әрі қарай экспортқа және ішкі нарыққа жеткізу, дайын мұнай өнімдерін сатып алу мәселелері өзара тиімді шарттар негізінде шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы келіссөздер үдерісіне жатады. "Кәсіпкерлік кодексінің" 18-бабына сәйкес, мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың бірлестіктерінің қызметіне заңсыз араласуына, сондай-ақ аталған бірлестіктердің мемлекет ісіне араласуына және оларға мемлекеттік органдардың функцияларын жүктеуге жол берілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу