Қорғаныс министрлігінің құрылымын коррупцияға айыптап жатыр

3446

Министр "түлектер оқуға түсуі үшін 2 миллион теңге пара беруі керек" деген сөзді жоққа шығарды.

Қорғаныс министрлігінің құрылымын коррупцияға айыптап жатыр

"Әскери оқуға турникке тартыла алмайтын жігіттер де түсіп кетті"

Ешқандай соғысқа қатыспайтын Қазақстанда өкінішке қарай, бейбіт күнде әскерилер қырылуда. Жамбыл облысының 28349 әскери бөліміндегі жарылыс пен өрт салдарынан төрт әскери қаза тапты, тағы бірнешеуі іздестірілуде. Екі жыл бұрын Арыстағы жарылыстар кесірінен үш әскери қызметші опат болған.

Соған қарамастан, бүгінде әскери саланы таңдаған қазақстандықтардың қатары көп. Биыл әскери оқу орындарында конкурс жоғары болды. Сардар атануды аңсаған біраз жас ол арманына жете алмай қалды.  

Ата-аналар бұл салада бармақ басты, көз қысты жайттар болғанына шағымданады. Арманына қол жеткізе алмаған талапкердің анасы Гүлнұр Молданазарова Құрлық әскерлерінің әскери институтында (ВИСВ) оқуға түсу ережелері сақталмады деп наразылығын білдірді.  

Ата-аналардың пікірінше, түсушілердің физикалық мүмкіндіктерін сынайтын жаттығулар және басқа кезеңдерден өту нәтижелері бұрмаланған. Олар оқу орнының сайтында талапкерлердің рейтингтік кестесі жарияланбағанына көңілдері толмады. Ол кестеде әрбір түсушінің дене шынықтыру, психологиялық тест кезеңдерінен, Ұлттық бірыңғай тестілеуінен өтуі нәтижесінде жалпы жинаған балл саны нақты көрсетілуі керек еді.

Сынақтар аяқталған соң талапкерлер мен ата-аналар институттың интернет ресурсын әрлі-берлі ақтарып, әдістемеден басқа ештеңе таппапты, оның өзі тек 2020 жылғы әдістеме көрінеді. Арызданайын десе, институт бастығының блогы да жұмыс істемеген.

"Сайт деген жай ғана көзбояу. Жұмысында ешқандай ашықтық жоқ. Біздің ойымызша, бұл салада тамыр-таныстық пен сыбайлас жемқорлық қанат жайғандықтан ол мәліметтер ашық орналастырылмады. Кейбір абитуриенттер "крышасы" барын жасырмай айтып жатты, оқуға түсу кезінде төленетін пара көлемі 2 миллион теңгені құрайтын көрінеді. Сенбеске лаж жоқ, себебі тіпті ҰБТ-да төмен балл жинаған және турникте бірде бір рет тартыла алмаған жігіттер оқуға түсіп кетті. Әскери қызметкер болуды шын армандаған, соған өзін дайындаған, осы институтқа түсуге құлшынған жастарды аяйсың. Әділетсіздік пен коррупцияға жолығып, көңілдері қалып отыр", – дейді Г.Молданазарова.

Ата-аналар Қорғаныс министрлігіне өтінішпен жүгініп, институтқа түскендердің ҰБТ нәтижелерін тексеруді, сонымен бірге олардың бәрінің болмағанымен, кейбірінің физикалық дайындығын бағамдап, нормативтерді тапсыртуды – турникке тартылуын талап етуді сұрады. 

Физикалық дайындығы нашарлар да қабылданған

Әділін айта кету керек, ата-аналардың наразылығын тудырған рейтингтік кесте кешігіп болса да, жарияланды. Ол Қорғаныс министрлігінің Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтының ресми сайтында орналастырылған.

Мәлім болғанындай, бұл әскери оқу орнына биыл жалпы саны 346 талапкер құжат тапсырды. Әскери институттың қабылдау комиссиясының 10 тамыздағы шешімімен соның ішінен 300-і қабылданды.

Қалған 46-сын оқуға қабылдаудан әртүрлі себеппен бас тартылған. Олардың басым көпшілігінің физикалық дайындығы нашар деп танылды.

Әйткенмен, кестеден байқалғандай, физикалық дайындылығы бойынша төмен балл (22,50, тіпті 15 балл) ғана алған талапкерлер оқуға түскен. Кейбірінің денсаулық жағдайы ішінара ғана жарамды ("кроме ДШВ") деп танылған.

Ал физикалық дайындылығы жөнінен ең жоғарғы 30 балл жиғандар керісінше, құлатылды.

Бірақ қабылдау комиссиясы әскери оқудан үміткер жастардың тек денесінің шымырлығы мен күш-қуаты ғана емес, сонымен бірге психологиялық орнықтылығы мен шыдамдылығы, логикалық ой ойлау қабілеті сынға салынып, нәтижесі назарға алынғанын алға тартады.

Сонымен бірге ҰБТ-дағы Қазақстан тарихы, математика, физика, география, бейінді пәндер бойынша жиған балдары ескерілген екен.  

Құрлық әскерлерінің әскери институтына 2021 жылы курстанттарды қабылдау Қорғаныс министрінің сынақтар басталардан бірнеше күн бұрын, 2021 жылғы 21 шілдеде қол қойылған жаңа бұйрығы негізінде жүріпті.

Бұл бұйрық осы әскери ведомствоны Иманғали Тасмағамбетов басқарып тұрған тұста өмірге жолдама алған "Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан ҚР Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларына" өзгеріс енгізді.

Тексерушілер бұзушылық таппады

Қорғаныс министрлігі жаңа құжаттың "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми орналастырылғанын жеткізді.

"Талапкерлердің ата-аналары және кандидаттардың өздері танысып, хабардар болуы үшін жаңа қағидалар мен әскери жоғарғы оқу орындарына түсу тәртібі туралы ақпарат институттың бақылау-өткізу пунктінің сыртындағы ақпараттық стендте ілінді. 10 тамызда қабылдау комиссиясының шешімі рейтингтік таблица түрінде институттың VISV.kz интернет-ресурсында ресми орналастырылды. Алайда сайтта реконструкция жүргізілуі және оны мобильді нұсқаға ауыстыру салдарынан бірқатар функционалдық мүмкіндіктері, институт бастығының блогы істен шыққан. Қазіргі кезде ЖОО-ның интернет ресурсының кемшіліктері жойылуда", – деп хабарлады Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Айта кету керек, институт сайтының тек орысша нұсқасы ғана бар, мемлекеттік тілдегі сегменті тіпті ашылмайды.

Министрдің мәліметінше, қолданыстағы қағидаларға сәйкес, оқуға түсушілердің физикалық дайындығын тексеру турникке тартылу, 100 метрге жүгіру, 3000 метрге жүгіріс нормативтерінен тұрады. Бұл ретте болашақ әскерилердің турникке тартыла алмайтыны оның оқуға түсуіне кедергі болмайтыны белгілі болды.

"Егер кандидат жаттығулардың бірі бойынша қанағаттанарлықсыз баға алса, онда жаңа қағидаларға сәйкес, ол басқа нормативтерді тапсыруға жіберілді. Барлық жаттығулардың жиынтығында 60-тан кем балл жиған және екі норматив бойынша ең төменгі балды да ала алмаған талапкерлер конкурстық іріктеу кезеңінен өте алмаған деп саналды. Құрлық әскерлерінің әскери институтында жүргізілген тексеру нәтижесінде тәртіптің бұзылғаны анықталмады", – деп мәлім етті министр.

Ведомство басшысы қолында қылмыстық бұзушылықтың болғанын растайтын нақты деректері бар ата-аналарға қылмыстық қудалау органдарына жүгінуге кеңес берді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу