Көрінген жерге қоқыс лақтыратындардың көліктерін тәркілеу жазасы қарастырылуда

5343

Жеріміз неге қоқысқа толып барады.

Көрінген жерге қоқыс лақтыратындардың көліктерін тәркілеу жазасы қарастырылуда Фото: canva.com

Оның үстіне күн сайын жаңадан 15-тен астам бейберекет қоқыс полигондары пайда болады. Бұл – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми мәліметі және анықталғаны ғана. Анықталмағаны қанша: орман, тоғай, тау-тас, жолдардың бойы тұнған қоқыс.

"Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес, 2023 жылғы қарашадағы жағдай бойынша республикада 5 552 санкцияланбаған ірі қоқыс үйінділері анықталды. Қабылданған шаралар арқасында оның тек 70%-ы немесе 3 831-і жойылған.

Экологияға қамқор болуды адамдардың санасына сіңіруге, Қазақстанды қоқыспен ластауға болмайтынын түсіндіруге экобелсенділер жауапты органдармен бірге күш салып-ақ келеді. Жай сөзден нәтиже шыққаны шамалы. Содан мемлекет жазаны күшейтуге көшпек.

Ішкен-жегенінің қалдығын, пластик құтыларды, баланың жаялығын, басқа да былықтарын көлігінің терезесінен жол жиегіне лақтырып жүре беретіндер жетерлік. Сорақысы сол, тау ғып тиелген қоқысты полигонына апармай, қалқалау бір жерге аудара салатын жүк көліктері де көбейген.  

Экология министрлігінің дерегінше, кейінгі 4 жылда рұқсат етілмеген полигондар санының төмендеу үрдісі байқалуда. Мәселен, 2020 жылы – 8 884-і үйінді табылып, 5 823-і жойылды. 2021 жылы – 7 328-і анықталып, 6 740-ынан арыла алды. 2022 жылы – 5 683 санкцияланбаған қоқыс полигондары әшкереленіп, 4 331-інен қоқыстар рұқсат етілген полигондарға тасылыпты. Былтырғы он айда жаңадан 5 552 қоқыс үйіндісі пайда болғаны айтылды.

Бірақ осының өзі тым көп, мемлекет бұрынғы үйінділерінің былығынан толық адаланып болмай жатып, мыңдаған жаңасы "бой көтереді".

Министрліктің хабарлауынша, соңғы жылдары елімізде күрес шаралары күшейтілді. Экология мен полиция департаменттерін және жергілікті әкімдіктерді жұмылдыру үшін "Қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың жолын кесу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары" бекітіліп, жүзеге асырылуда. Қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілмеген орындарын анықтау мақсатында бұл құрылымдар бірлескен рейдтік іс-шараларын енді апта сайын жүргізеді.

Нәтижесінде, өткен жылы жалпы саны 4 632 рейд өткізілді. Мыңдаған стихиялы жаңа қоқыс орындарының бір бөлігі де солардың барысында әшкереленді. Көбі ғарыштан шолу арқылы табылған. Бейберекет қоқыс үйінділері туралы ақпаратты экобелсенділер, табиғатқа көзі түзу қарапайым тұрғындар хабарлайды. Әлеуметтік желілерге үнемі мониторинг жүргізілетін көрінеді.

Бүгінде қоқыстарды жою бойынша ең жоғары көрсеткіштерге Қызылорда, Абай облыстары және Шымкент, Алматы қалалары қол жеткізді. Экология министрлігі тауып, картада нұқып көрсетіп берген үйінділерді жоюға жүрдім-бардым қарайтын, қоқыс ортасында отырудан арланбайтын аутсайдер өңірлерді де атады. Қазақ үшін киелі жер саналатын Маңғыстау, Ұлытау облыстары және ел орталығы – Астана стихиялы қоқыстардан құтылуда төмен көрсеткіштер көрсетіпті.

Мұндай сорақы салғырттық заңмен жазаланады. Былтыр қалдықтарды жинау, қордалау, тасымалдау, есепке алу және залалсыздандыру бойынша экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 149 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 16,4 млн теңге айыппұл салынды.

Ұлттық заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай, қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға айыппұлдар – 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке (2024 жылы бұл 184 600 теңгеге тең), заңды тұлға мәртебесіндегі шағын кәсіпкерлік нысандарына – 100 АЕК-ке (369 200 теңгеге) дейін көтерілді. Орта кәсіпкерлік субъектілері экономикалық пайдасының – 100%-ы, ірі кәсіпорындар – 200%-ы көлемінде айыппұл төлейді.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, мемлекет бұл күресте бүгінде тағы бір инновациялық тетікті іске қосты: қалалардан, ауылдардан қоқысты шығарумен айналысатын барлық көліктерге бейнебақылау орнатылуда. GPS датчиктердің көмегімен қоқысты шығарушы арнайы техниканың қозғалысы бақыланады.

Экология министрлігі өткен аптадан бастап, қоқыс шығаратын ұйымдарды GPS ақпараттық жүйесіне қосуға кіріскендерін жариялады.

"Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуының алдын алу мен экологияның жағдайын жақсарту мәселелерін шешудің маңызды бір шарасы – қатты тұрмыстық қалдықтарды таситын көлік қозғалысын қадағалау. Экология кодексінің 368-бабына сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері көліктің қозғалысы туралы толық навигациялық ақпаратты Экология министрлігінің "ҚР қоршаған ортасының және табиғи ресурстарының жай-күйі туралы ұлттық дерекқор банкі" ақпараттық жүйесіне беруге міндетті. Министрлік осы мақсатта "Қазақстан Гарыш Сапары" АҚ-мен бірлесіп, tabigat.gov.kz платформасын әзірлеп шықты", – деп түсіндірді ведомство.

Экология кодексіне (368-бабы) сәйкес, қоқыс шығаратын кәсіпорындар мен құрылыс компаниялары қалдық тасуға тартылған көліктерін аталған ақпараттық жүйеге қосылған спутниктік навигациялық жүйелермен жабдықтауға және осы жүйелерді тұрақты жұмыс жағдайында ұстауға міндеттелді.

"Осыған байланысты аталған кәсіпкерлік субъектілері енді ақпараттық жүйеге қосылуға және тиісті көліктің қозғалысы бойынша деректердің берілуін қамтамасыз етуге тиіс. Ақпараттық жүйеге тіркелу және басқа техникалық мәселелер бойынша "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ Кеңістіктік деректер департаментінің 8 701 700 03 89 ұялы байланыс нөміріне хабарласуға болады. Басқа мәселелер бойынша министрліктің Цифрлық трансформация департаментіне 8 (7172) 74-14-10, Қалдықтарды басқару департаментіне 8 (7172) 74-08-31 нөмірлерімен қоңырау шалуға болады", – деп мәлім етті министрлік.

Мұны жасамағандар заң аясында қудалануы мүмкін.

Қоқыс үйінділерімен күрес әрі қарай өрістетіледі. Оның аясында айыппұлдан әлдеқайда қатаң шаралар қабылдануы мүмкін.

Атап айтқанда, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексіне ұсынылған жаңа заңнамалық түзетулер топтамасы назар аудартады.

Кодекстің 344-бабының екінші бөліміне енгізілетін өзгерістер әкімшілік жазаны қатайтпақ. Оған сәйкес, заң бұзушылықты жасау құралы болып табылатын көлік құралдары мен өзге де заттар тәркіленеді.

Заң жобасын Парламентке енгізуге жауапты Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, әңгіме қоқыс-қалдықтарды арнайы белгіленген орындардан тыс төгуге, жеткізуге, сол сияқты экологиялық рұқсатсыз немесе қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияда мәлімделмеген қалдықтарды көмуге пайдаланылған көліктер туралы болып отыр.

Заң жобасында айыппұлдар мөлшерін ұлғайту көзделген.

Мына бір сан назар аудартады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тек бір ғана жыл ішінде аумақтық полиция департаменттерінің қызметкерлері қоқысты заңсыз лақтыру, қоқыс тастайтын жерлерді заңсыз құру және арнайы белгіленген орындардан тыс лас заттарды төгу фактілері бойынша 135 мың (!) іс қозғап, құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Жыл сайын жергілікті әкімдіктер рұқсат етілмеген, стихиялы қоқыс орындарын жою үшін қомақты қаржы шығындайды. Соған қарамастан, бейберекет қоқыс үйінділерінің саны азаятын емес.

Осыған байланысты Үкімет ұсынып отырған заң жобасы қабылданса, онда біріншіден, машинасымен заңсыз қоқысты әкеліп тастаған адамның автокөлігі тәркіленеді. Екіншіден, оның өзіне салынатын айыппұл көлемін қазіргі 50 АЕК-тен 200 АЕК-ке немесе биыл 738 400 теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды.

Егер бір жыл ішінде ең құрығанда, бір пакет қоқысты рұқсат етілмеген орынға тағы да тастап жатқан үстінде ұсталса, яғни қылмысын қайталаса, айыппұл көлемі 2 есе артады.

Талап жеке тұлғаларға, кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға қатысты енгізіледі.

Жаңа жазалау шарасын талқылау барысында "Атамекен" палатасынан тәркілеу кезінде көліктің кімге тиесілі екенін нақтылау туралы ұсыныс түсті. Себебі, қоқысты лақтырып кеткен адамның астындағы көлік басқа тұлғаның меншігінде болуы және оның иесі жүргізушінің сондай құқық бұзушылық жасайтынын білмеуі мүмкін. Жүргізуші "темір тұлпар" қожайынын арандату, жазалау үшін солай жасауы ғажап емес.

Палатаның ескертпесіне орай, заң жобасындағы аталған бап толықтырылды. Соның негізінде көліктің заңды иесі көлігінің қатысуымен жасалған, өзі хабардар болмаған құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылықтан босатылады. Ал егер машина елімізді қоқыстандырушы адамның өз меншігі болса, онда кәмпескеленеді

Үкімет сарапшыларының байламынша, мұндай ауыр жаза қоқысты кез келген жерге тастай салуды қолайлы деп санайтындар үшін ең пәрменді тежеуші факторға айналады. Олар Жапонияның үлгісін алға тартты: "Күншығыс елінде" тиісті емес жерге қоқыс тастаған жеке тұлғалар 5 жылға дейін түрмеге қамалады және 10 миллион иена (30 млн теңгедей) көлемде айыппұл арқалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу