Коронавирус: елімізде медициналық көмек қалай ұйымдастырылуда?

5164

 Алдағы күндері жаңа коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны өседі.

Коронавирус: елімізде медициналық көмек қалай ұйымдастырылуда?

 

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаева Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен онлайн брифингте мәлім етті.

"Эпидемиялық ахуалға келер болсақ, індеттің таралуының шарықтау шегіне өтіп жатырмыз. Ауруға шалдығу көрсеткіші: 100 мың адамның 7-еуі вирусты жұқтыруда. Осы орайда карантиннен бөлек індетпен күресіп жатқандарды скринингтен өткізу басталды. Вирусты анықтайтын тест сәуірдің 10-ынан 20-ына дейін жалғасады", – деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, 13 наурыздан бері 1290 науқас тіркелген. Оның 67 пайызы вирусты науқастардан жұқтырған. Соңғы тәулікте вирусты жұқтырудың 141 фактісі тіркелді. Бүгінгі таңда аурудан 240 адам жазылған. Олардың барлығы да үй карантиніне жатқызылды. Қайтыс болған 16 кісінің 13-і ер адамдар. Олардың созылмалы аурулары болды. Инфекциялық стационарда қазір 1304 адам ем қабылдап жатыр. 21-і ауыр халде. 169-ының жағдай орташа ауыр. 1 науқас оттегімен қамтамасыз ететін аппаратқа қосылған. 9 науқас жасанды желдету аппаратына қосылған. Емдеу шараларының арқасында 5 науқас жасанды желдету аппаратынан ажыратылды. 18 адам реанимациядан профильді бөлімге ауысты.

Оның айтуынша, реанимацияда жатқандардың арасында медициналық қызметкерлер жоқ. Осы күнге дейін 370 медициналық қызметкер коронавирус жұқтырған. Медициналық қызметкерлердің вирусты жұқтыру фактісі 13 өңірде тіркелген. Алматыдағы науқастардың саны 109, Нұр-Сұлтандағы науқастардың 92-ге жеткен. Солтүстік Қазақстан облысында 15, Атырауда 17  медициналық қызметкер ауруға шалдыққан. Вирус жұқтырған қызметкерлердің 29 пайызы – дәрігерлер. 48 пайызы – медбикелік бөлімнің мамандары. 23 пайызы – басқа медициналық қызметкерлер.

Вице-министрі медициналық қызметкерлерге арналған төлемдер жайын назардан тыс қалдырмады. Оның сөзінше, төлемдер 17 өңірде жүргізілген. 16500 медициналық қызметкерге 3,2 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар вице-министр Қытайдан келген дәрігерлердің жұмысына да тоқтала кетті.

"9 сәуірде Қытайдан 10 адамнан тұратын дәрігерлер делегациясы келді. Олар интенсивті терапия, инфекциялық бақылау, пульмонология, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау, нефрология мамандары. Бұл мамандардың коронавирус инфекциясымен күресте үлкен тәжірибесі бар. Олар 5 күн бойы Нұ-Сұлтан қаласында болды. Қазір олар Қарағанды қаласында. Жақында Алматыға барады. Қытайлық әріптестеріміз Нұр-Сұлтан қаласында онлайн форматта тренингтер өткізді. Бұл семинарлар мен тренингтерде 5 мыңнан астам қазақстандық дәрігерлер қатысты", –  деді Ақтаева.

Coronavirus.kz сайтының соңғы мәліметі бойынша, Қазақстанда ауруға шалдыққандардың саны 1290-ға жетіп, оның 240 ем-дом қабылдап жазылып шықты. 16 кісі қайтыс болды.

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу