Коронавирус кесірінен шегерілген туристік пакет шығыны қалай өтеледі?

Турагенттіктер мен операторларға "Қамқор" қоры көмектеседі.

Коронавирус кесірінен шегерілген туристік пакет шығыны қалай өтеледі?

Мәдениет, спорт және туризм министрі Ақтоты Райымқұлова коронавирустық шектеулермен байланысты орын алған туристік шығындардың өтелуі қалай жүзеге асатынын айтты. Ведомство басшысының айтуынша, туристік авиабилеттер билет алынған орындардан еш кедергісіз қайтарылуы керек. Ал туристік пакеттердің өтелуі екі арадағы келісімшарттың мазмұнына байланысты болмақ.

"Біздің билет алған азаматтардың бүгінгі күнде өздерінің билеттерін кассаларға, алған жерлеріне өткізуіне мүмкіндік бар. Олардың қаржылары қайтарылып береді. Туристер мәселесі де күрделі сұрақ. Біздің азаматтырмыз шетелге шығатындай алдын ала билеттерін алып алады. Авиабилеттер мен өздерінің туристік жолдамаларын да алдын ала алады. Бүгінде бұл мәселені бірнеше сатыға бөліп отырмыз. Бірінші саты – туристердің авиабилеттері. Азаматтық авиация комитетінен ұсыныс түсті. Біздің туристердің алған авиабилеттерінің бәрін қаржыларын ұстамай, айыппұлдар алмай 100 пайыз қайтаруға мүмкіндік беріледі", – деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, туристік агенттіктер мен операторларға коронавирустық шектеулермен байланысты шығындарын "Қамқор" қоры арқылы өтеуге мүмкіндік бар.

"Туристік пакеттер жайлы, өздеріңіз білесіздер, бізде "Қамқор" атты қор бар. Сол қордың өзінің жиналған қаржысына орай осы турпакеттерге қатысты  агенттіктермен, операторлармен жұмыс жасалуда. Ең алдымен, туристік агенттіктер мен операторлар осы қордың мүшелігінде болуы керек. Екінші жағдай, бүгінгі күнде "Атамекен" ҰКП-мен ақылдасып жатырмыз.  Осы туристік агенттіктер мен операторлардың қаржылық шығындарын орнына келтіру үшін қандай да бір шаралар қарастырылып жатыр.  Сонымен қатар, туристік пакеттерді алғанда оның екі бөлігі бар. Оның біреуі авиабилет, екіншісі қонақүйде жату. Ол, әрине, ең алдымен турпакетті алып жатқан азамат пен оператордың арасындағы қарым-қатынас шарттарына байланысты болып отыр. Сондықтан, әрбір азамат осы қарым-қатынас шарттарына қол қойғанда ішін қарап оқып, өз қаржыларын алады деп ойлаймыз", – деді Ақтоты Райымқұлова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу