Коронавирус құрсауындағы үшінші күн: Мәскеу мен Миланға Сеул қосылды

9 науқас және визасыз режим.

Коронавирус құрсауындағы үшінші күн: Мәскеу мен Миланға Сеул қосылды

Елімізде коронавирустың алғашқы дерегі тіркелгеніне үш күн болғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында республика бойынша төтенше жағдай енгізілді. Оған Алматы қаласында індет жұқтырғандардың саны 5-тен асуы себеп болған.

Түс ауа Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "Хабар-24" телеарнасы арқылы тікелей эфирге шығып, коронавирус жұқтырған тағы екі адамның тіркелгенін хабарлады. Оның бірі емдеуде жатқан жұбайынан ауру жұқтырса, екіншісі коронавирусты Кореяда жұқтырғаны белгілі болды.

Бүгінгі таңда провизорлық карантин мен үйде оқшаулауға алынған адамдар саны 2000-ға жуықтады

Төтенше жағдай жариялануы жұрт ішінде түрлі сұрақ туғызып жатты. Әсіресе сауда орындарының жұмысына шектеу қойылатыны азық-түлік алып, қамданып үлгермеген халықты алаңдатып тастаған. Көп кешікпей Сауда және интеграция министрлігі төтенше жағдай кезінде азық-түлік маркеттері жабылмайтынын мәлімдеді. 

Сонымен, төтенше жағдай кезеңінде өміріміз қалай өзгереді?

Күзет күшейтіледі

Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және  ерекше қорғалатын онысандардың,  халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нысандардың күзетілуі күшейтіледі.

Сауда, ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді

Ірі сауда нысандарының жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Яғни, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатылды.

Карантин енгізілді

Ел аумағында карантин енгізілуіне байланысты Қорғаныс министрлігі мен ішкі істер органдарының қатысуымен санитариялық-эпидемиологияға қарсы ауқымды шаралар ұйымдастырылады.

Той-томалақ, науқан өткізуге жол жоқ

Президенттің Жарлығында бұл турасында: "Ойын-сауық,  спорттық  және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ  отбасылық,  салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын", – делінген.

Елге кіру және шығу шектелді

Дипломатиялық қызмет персоналын, ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленді.

Сақтық шараларына министрлер мен облыс әкімдері жауапты

Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамына енген  ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, ДСМ, ИИМ, Қаржы министрлігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жауапты болып айқындалды.

Барлық шара мен шектеулер Бас Прокурордың бақылауында болады.

Үкімет резервінен қажетті қаражат бөлінеді.

Режимді сақтаудан бас тартқан адамдарды не күтеді?

"Медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарға бақылау, сондай-ақ аталған адамдардың жауаптылығының шаралары күшейтілсін", – деп жазылған Жарлықта

Ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдайға байланысты көгілдір экран арқылы ел алдына шығып, үндеу жасайтыны белгілі болды. 

Қытай туристеріне берілген жеңілдік жойылды

Корнавирус Қазақстан билігіне кейбір елдермен туристік қатынасты абайлап жасауға мәжбүрлеп отыр. Мысалы, Қытай азаматтарына берілген 72 сағаттық визасыз режимнің күші жойылды. Ол тек 1 шілдеде қайта жандануы мүмкін. Үндістанда да індеттің ірге жаюы екі арадағы визасыз келісімді уақытша тоқтатты. 

Кешке қарай елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 9-ға жетті. Германиядан келген атышулы ұшақта болған 12 жастағы қыз бала қазір Алматыда емделуде. Осылайша Алматы қаласында 7 науқас, елордада 2 науқас дәрігерлердің бақылауында ем алып жатыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу