Коронавирусты емдейтін дәрі-дәрмектер белгілі болды

7433

Вирусты жұқтырмаудың тек бір ғана жолы бар, ол – үйде отыру.  

Коронавирусты емдейтін дәрі-дәрмектер белгілі болды

Ел ішін жайлаған індетке қарсы күреске ең алғашқылардың бірі болып кіріскен, балалар инфекциясы жөнінен еліміздегі бас маман, медицина ғылымдарының докторы, профессор Динагүл Баяшева коронавирус инфекциясынан (КВИ) жазылып шыққан адамдарға қандай ем-дом жасалғаны, қандай дәрі-дәрмекпен емделгені жайлы айтты.

"Басқа елдердегі жағдайды саралай отырып, коронавирусты емдейтін дәрі-дәрмектердің ең тиімділерін таңдап алдық. Италия, Франция елдерінің медицина мамандарының пікіріне де құлақ асамыз. Біздің денсаулық сақтау министрлігінде комиссия кеңесі қызмет етеді. Комиссия сараптама жасап, қандай дәрі-дәрмектің көмегі бар екені анықтайды. Біз пайдаланатын дәрі-дәрмектердің ішінде антиретровирусты дәрі-дәрмектер, нуклеозидтің аналогтары және хинолин препараттары бар", – деді ол.

Сонымен қатар, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баяшева КВИ жұқтырған науқастарды емдеуде шешім қалай қабылданатынына тоқталды.

"Негізінен ем-дом мен дәрі-дәрмек науқастың жеңіл, орта және ауыр болып бөлінетін сырқаттану деңгейіне байланысты тағайындалады. Содан кейін пациенттің "субклиникалық" деген түрі болады. Ол – дені сау, бірақ вирус тасымалдаушы адам. Сау тасымалдаушыларға, ауру симптомсыз өтетіндерге ешқандай ем-дом шараларын қолданбаймыз. Алайда олар медициналық бақылауға алынады. Кейде ауру жеңіл түрде басталғандай көрінеді де, үшінші күні асқынып кетеді. Сондықтан емдеу шараларын кешенді түрде жүргіземіз. Қан анализі де қаралады. Онда белгілі бір көрсеткіштер болса, сырқат ауыр дәрежеге өтеді. Сол себепті әр жағдайды жеке талдап, дұрыс шешім қабылдау маңызды", – деді профессор. 

Динагүл Баяшева елімізде коронавирус індетінен қайтыс болған адамдарға тоқталып өтті.

"Қазіргі кезде осы аурудан көп адам қайтыс болып жатыр. Емделуге науқастың қай кезде келгені де маңызды. Мысалы, қайтыс болғандардың арасында қарттар үйінен жеткізілген 72 жастағы бір азамат өз алдына өте нашар халде түскен болатын. Бүгін-ертең қайтыс болып кете ме деп отырған адам еді. Сонымен қатар, қант диабеті, қан қысымы, артық салмағы бар төрт адам да өте кеш келді. Сырқаттанғанына он күн өткеннен кейін ғана дәрігер көмегіне жүгінген. Оған дейін құдалыққа, той-домалаққа барған. Осылай ел аралап, қыдырудың салдарынан індет өңірлерге, ауыл-аймаққа тарап кетті. Ең бастысы, індеттің ары қарай тарауына жол бермеу керек", – деп ерекше айтты бас инфекционист.

Инфекцияны терең зерттеген маман індет тарағалы зімбірдің бағасы шарықтап, дүкен сөрелерінде сарымсақтың тұрақтамауына қатысты пікірін білдірді.

"Сарымсақ та, зімбір де коронавирустен қорғамайды. Бұл – жаңсақ пікір. Вирус ағзаға түскеннен кейін емделуге қажетті уақытты өткізіп алған адам, жан тапсырады. Вирусты жұқтырмаудың тек бір ғана жолы бар, ол – үйде отыру. Бұл күндері Алматы мен Нұр-Сұлтанда жаңадан аурғандардың сиреуі ертең ешкім ауырмайды деген сөз емес. Вирустің инкубациялық кезеңі бар. Осы инкубациялық кезеңде вирус жұқтырғандардың барлығы анықталған соң, мәселе шешіледі. Тек бір-бірімізге жұқтырмасақ болғаны. Қызылорда ма, Шымкент пе немесе басқа өңір ме, тығылып туған күн жасап, думандатқанды тоқтату керек. Қайтыс болған адамдардың төртеуі құдалыққа барып келген. Карантин кезінде той тойлатқандарға қатаң шара қолданып, милиондаған теңге айыппұл салу қажет", – дей отырып, елімізде жасырын той өткізіп, сырға салып жатқан адамдар да бар екеніне қынжылды.

Ғалымның айтуынша, ел болып он күндей үйде отырсақ, вирус жұқтырғандар белгілі болып, проблеманы мамандар өз қолына алады.

"Егер үйде отырмасақ, бізде де өлім-жітім көбейіп кетеді. Мысалы, мықты деген АҚШ, Италия, Испания сияқты елдер "бізге жұқпайды" деген бос сөзбен уақытын өткізіп алды. Ал біз індет әлі қауламай тұрып студенттерді үйлеріне қайтарып, оқушыларды каникулға жібердік. Қазір 2-3 күнге болса да жұқпалы дерттің алдын орап келе жатырмыз. Соның арқасында елімізде ауру қатты өршіген жоқ. Егер сол 2-3 күнімізді жоғалтып алғанымызда, бізде де адам шығыны айтарлықтай көп болар еді. Конронавирустен қайтыс болғандардың өкпелері қанталап кеткен. Емдейтін ештеңе қалмаған. Тек өкпені ауыстыру керек болды. Ал ауыстыратын өкпе жоқ. Инфекцияны жұқтырғаннан кейін науқас 7-8 күн ішінде емделуге келмесе, вирус өкпеге кіріп кетеді де, альвеоласын бүлдіріп, қанталатып жібереді. Науқастың қан қысымы, гипертониясы болса, жағдай тіптен мүшкіл болуы мүмкін. Карантиндік шаралар бүкіл Қазақстан індеттен тазарған кезде тоқтатылады. Әйтпесе, өңірдегі науқас Нұр-Сұлтан мен Алматыға келіп басқа адамдарға инфекция жұқтырады да, осы қалаларда коронавируспен күрескен еңбек зая кетеді. Қазір ел болып он күндей үйде отырсақ, вирус жұқтырғандар белгілі болып, проблеманы қолымызға аламыз. Бұны "басқарылатын үдеріс" деп атайды. Бүгінгі күні науқастар қандай дәрімен емделсе де, жазылып шығып жатыр", – деп сөзін түйіндеді инфекция саласының маманы.

Айта кетсек, науқастар қандай дәрімен және қалай емделетіні құпия емес. COVID-2019 коронавирусты инфекцияның диагностикасы және оны емдеудің клиникалық хаттамасымен Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан танысуға болады. Жақында ғана жаңартылған осы құжатта коронавирус жұқтырған науқастарға берілетін дәрі-дәрмектің барлығы көрсетілген.

Осы құжат материалдарында пневмониясыз жеңіл және орташа жағдайларда пациенттерге 14 күн бойы күніне екі рет лопинавир/ритонавир берілетіні жазылған. Балама емдеу ретінде науқас бес күн бойы хлорохин фосфатын немесе гидроксихлорохин қабылдайды. Пневмониясы бар немесе ауыр жағдайдағы науқастар үшін емделудің үш схемасы қарастырылған. Бірінші – бес күн ішінде пациенттерге хлорохин немесе гидроксихлорохин тағайындалады. Екінші схема бойынша пациенттерге екі апта лопинавир/ритонавир және 10 күн бойы рибавирин беріледі. Үшінші схемада хлорохин фосфаты немесе гидроксихлорохин және азитромицин бес күнге тағайындалады. Ремдесивир – балама ретінде көрсетілген.

Вирус жұқтырған адамдармен қарым-қатынасқа түсетін барлық дәрігерлер алдын алу шарасы ретінде күніне екі рет гидроксихлорохин қабылдайды. Олар 21 күнге созылатын осындай үш курстан өтеді.

COVID-19 расталған балаларды емдеу үшін екі апта бойы күніне екі рет лопинавир/ритонавир тағайындалады. Сондай-ақ, балама ретінде гидроксилохин және азитромицин көрсетілген. Балаларға ем қолдану үшін дәрігерлер кеңесінің шешімі және ата-аналарының ақпарат алып, келісуі міндетті.

COVID-19 жұқтырған жүкті және бала емізетін  әйелдерді емдеу жолдары қазіргі кезде әзірленген жоқ. Лопинавир мен ритонавир ананың денсаулығына келетін пайда іштегі нәрестеге төнетін қауіптен жоғары болған кезде тағайындалуы мүмкін.

Айта кетсек, клиникалық хаттамада негізгі дәрі-дәрмектер тізімі жоқ. Қосымша препараттар ретінде жиырмашақты дәрі-дәрмек тізімге енген. Кейбір дәрі-дәрмектердің елеулі жанама әсері бар, сондықтан дәрілер ауруханада дәрігердің қатаң бақылауымен ғана тағайындалады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу