banner

Коронавирустың Оңтүстік Африкадан табылған жаңа түрі несімен қауіпті?

3651

"Омикрон" атанған және қайта жұғатын штамм бүгінде барлық континентке жеткен бұрынғы COVID-19 түрлерінен қауіптірек болуы мүмкін. 

Коронавирустың Оңтүстік Африкадан табылған жаңа түрі несімен қауіпті?

Африканың оңтүстігінде анықталған жаңа штамға жауап ретінде АҚШ, Канада, Ресей, Еуропа одағы және Азия елдері "Қара құрлықпен" әуе қатынастарын шектеп жатыр. Әлем экономикасына да кері әсер етіп үлгерген таңсық нұсқаның қысқаша сипатына тоқталсақ.

COVID-19-дың жаңа нұсқасы дегеніміз не?

Оңтүстікафрикалық ғалымдар осы аптада коронавирустың жаңа нұсқасын анықтады. Олардың айтуынша, елдің халық ең тығыз қоныстанған провинциясы – Гаутенгте COVID-19 инфекциясының өршуіне осы штамм себепкер. Бірақ бұл варианттың бірінші рет нақты қай жерде пайда болғаны белгісіз.

Оңтүстік Африка зерттеушілері ол жайында алдымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДДСҰ) ескерткен. Дегенмен енді айқындалған инфекция Бельгия, Ботсвана, Гонконг және Израильге саяхаттаушылардан байқалып үлгерді.

Оңтүстік Африкада соңғы апталарда күніне шамамен 200-ден астам адамнан коронавирус анықталатын. Алайда бейсенбі күні мұндай науқастардың тәуліктік саны күрт өсіп, 2 465-ке жетті. Сондықтан жергілікті дәрігер-ғалымдар бұның себебін түсіну мақсатында зерттеу жүргізіп, бұрын кездеспеген нұсқасын тауып отыр.

ДДСҰ жұма күнгі мәлімдемесінде "Қара құрлықта" анықталған жаңа нұсқаны грек алфавитінің құрметіне "омикрон" деп атап, оны "алаңдаушылық туындататын вариант" деп белгіледі.

БҰҰ-ның денсаулық сақтау агенттігі деректерді талдау үшін сарапшылар тобын шақырғаннан кейін басқа нұсқалармен салыстырғанда "бұл штамды қайта жұқтыру қаупі жоғары екенін" атап өтті.

ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, "Оңтүстік Африканың барлық провинцияларында бұл ауруды жұқтыру жағдайлары көбейіп келе жатқан сияқты".

Ғалымдар жаңа нұсқаға неге алаңдаулы?

Бұл нұсқаның коронавирустық тікенегінің ақуызында 30-ға жуық мутация бар тәрізді. Сондықтан ол адамдар арасында тез тарауы мүмкін.

Кембридж университетінің ғалымы Шэрон Пикок осы уақытқа дейін жиналған деректерге сүйене отырып, жаңа нұсқада "өзгеге берілу қабілеті жоғары" мутациялар бар екенін айтып, бірақ "көптеген мутациялардың маңызы әлі белгісіз" екенін мәлімдеп отыр.

Уорвик университетінің вирусологы Лоуренс Янг болса, омикронды "өзі білетін вирустардың ішіндегі ең көп мутацияланғаны" деп сипаттап берді. Ал АҚШ-тың жұқпалы аурулар бойынша бас дәрігері Энтони Фаучидің айтуынша, америкалық ресми өкілдер жұма күні оңтүстікафрикалық әріптестеріне хабарласып, құрама штаттарға әзірге жете қоймаған вирус жайлы егжей-тегжейлі ақпарат алуға ниетті.

Бұл варианттың белгілі және белгісіз тұстары

Ғалымдар омикронның генетикалық тұрғыдан алдыңғы нұсқалардан, соның ішінде бета мен дельтадан, ерекше екенін біледі. Бірақ бұл генетикалық өзгерістер жаңа штамды мейлінше жұқпалы немесе қауіпті ете ме деген сауалдың жауабын ешкім білмейді және осы варианттан қатты науқастануға болатынына да ешқандай дәлел жоқ.

Омикронның неғұрлым жұқпалы екенін және вакциналардың онымен күресте әлі де тиімді екенін анықтау үшін бірнеше апта қажет болуы мүмкін.

Лондон Империялық колледжінің тәжірибелік медицина профессоры Питер Опеншоу қазіргі вакциналардың көмегі "екіталай" екенін айтып, олардың көптеген нұсқаларға қарсы тұра алатынын атап өтті.

Омикрондағы кейбір генетикалық өзгерістер алаңдатып отырса да, олардың денсаулыққа қауіп төндіретіні әлі белгісіз. Бұрынғы кейбір нұсқалар, мысалы, бета-вариант, бастапқыда ғалымдарды қатты алаңдатқанымен, кейін соншалықты кең жайылған жоқ.

"Біз жаңа нұсқаның дельта тараған аймақтарда қаншалықты тұрақтай алатынын білмейміз. Оның басқа варианттар бар жерде қалай жұмыс істейтіні енді анықталуы керек. Бүгінгі таңда дельта штамм COVID-19-дың ең көп тараған түрі", – дейді Кембридж университетінің зерттеушісі Пикок.

Жаңа вариант қалай пайда болды?

Коронавирус тараған сайын мутацияға ұшырайды. Дегенмен оның көптеген жаңа нұсқалары, соның ішінде, үрей тудыратын генетикалық өзгерістерге ұшырағандары, жиі жойылып кетеді. Айта кетсек, ғалымдар қазір COVID-19-дың аса жұқпалы және өлімге әкелетін жағдайға дейін мутациялану үрдісін жіті бақылап отыр.

Пикок сөзінше, жаңа вариант "инфекцияға шалдыққан бір адамның бойында вирустың жойылмай, әрі қарай генетикалық дамуынан" пайда болса керек. Мәселен, коронавирустың альфа-варианты да Англияның иммунитеті әлсіреген бір тұрғынының организмінде қалып қойып, әрі қарай мутацияланған вирустан туындаған. 

Кейбір елдердің саяхатқа шектеу қоюы дұрыс па?

Мүмкін. Жұма күні түстен кейін Ұлыбританияға Оңтүстік Африка, Намибия, Ботсвана, Лесото, Эсватини және Зимбабведен барған саяхатшылар 10 күн бойы өздерін оқшаулауға міндеттелді. Еуропа одағы елдері де сол күні Африканың оңтүстігімен арадағы әуе қатынастарына тоқтату туралы дереу шешім қабылдады. Ал АҚШ дүйсенбіден бастап Оңтүстік Африкадан және Африканың өзге жеті елінен құрама штаттар азаматы емес жолаушыларды қабылдамайтынын жариялап отыр.

Лондон Империялық колледжінің жұқпалы аурулар жөніндегі сарапшысы Нил Фергюсонның сөзінше, Оңтүстік Африкада COVID-19-дың жақында тез өршуін ескерсек, бұл аймақпен арадағы сапарларды шектеу "дұрыс шешім". Өйткені осылайша ертерек қимылдамаса, омикрон да дельта тәрізді әлемге тез тарап кетуі мүмкін.

Әлем экономикасының жауабы

Пандемия қайта өршіп, әлем экономикасын тағы да теңселтуі мүмкін деген қауіп Азия, Еуропа, Америкада акциялар нарығын айтарлықтай құлдыратты. Соңғы мәліметке қарағанда, Dow Jones 1 000 пунктке, S&P 500 2,3 пайызға, ал мұнай бағасы бірден 12 пайызға немесе 72 долларға дейін түскен.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу