Көрші "1 сәуір – Күлкі күнінің" мәртебесін өзгертіп жатыр

1031

Себебі, Ресей тұрғындарының бұл күні әзілдейтін жағдайы қалмай барады. 

Көрші "1 сәуір – Күлкі күнінің" мәртебесін өзгертіп жатыр Фото: canva

Бүгінгі таңда Ресейде көптеген, тіпті айту түгіл, естуге оғаш жаңа ережелер күшіне енді. Қарапайым халық әдеттегідей бұл күні зиянсыз қалжыңдар күтіп жүргенде, Кремль комедияның бір тамшы нышаны да жоқ, керісінше, трагедиялық драманың ауыр ызғары сезілетін қатаң талаптардың және шектеулердің кезекті конвейерін іске қосты.

"Ресейдегі жаңа ережелер тек сол елдің ішкі шаруасы!" деп қоя салуға болар еді. Алайда іргелес отырып, қоян-қолтық алыс-беріс жасағандықтан, әрі бір одаққа байланғандықтан, оның талаптары біздің елдің де тыныс-тіршілігіне, халықтың қалтасы мен қадамына тікелей әсер етеді.

Шабаданмен тасылған капиталдың тоқырауы

Еуразиялық экономикалық одақтың іргелі "төрт еркіндігі" туралы әдемі ертегі, соның ішінде тауар, қызмет, жұмыс күшімен бірге капиталдың кедергісіз қозғалысы туралы қағидалар бүгінде Ресей Президентінің 25.03.2026 жылғы №193 жарлығының тасасында қалды. Оған сәйкес, 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап, Ресейден ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге, соның ішінде Қазақстанға қолма-қол валюта шығаруға қатаң тыйым енгізілді:

• Жеке тұлғалар үшін – 100 мың АҚШ доллары баламасынан асатын сомада;

• Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін бұл есік тарс жабылды: сомасына қарамастан, толығымен тыйым салынған, деп хабарлады consultant.ru.

Бұған дейін "алыс шет елдерге" валюта шығаруға толық тыйым салынған болатын. Алайда бұл тізімде Қазақстан немесе Қырғызстан сияқты шартты түрде "дос" юрисдикциялардың болмауы, іс жүзінде айналма маршруттың негізін қалапты. Ресейлік релоканттар мен бизнесмендер қаражатты Астана мен Бішкекке шабаданмен әкетіп, оны жергілікті бизнеске инвестициялайтын, оның "түсімін" мысалы, Түркия немесе Дубайдан жылжымайтын мүлік сатып алуға аударатын.

Өйткені Ресейден айырмашылығы, қазақстандық банктерге санкцияның салқыны тимеген, сондықтан трансшекаралық аударымдарды еш қиындықсыз қамтамасыз етеді. Транзиттік "шабадан маршруты" енді заңсыздықпен күрес деген желеумен тыйылды. Экономист Алексей Зубецтің түсіндіруінше, РФ осы арқылы заңсыз табыстарды жылыстатумен күресуге тырысуда.

"Рубль мен жергілікті валюта қатар, еркін айналатын елдерге қолма-қол ақша шығару – қаражатты заңдастырудың және капиталды шетелге шығарып әкетудің кең таралған тәсілдерінің бірі. Мысалы, Қазақстанда бұл ақшаның көмегімен қандай да бір бизнес ашады, нәтижесінде одан түскен түсім заңды саналады. Оны Ресейдегі немесе басқа елдердегі шоттарға "ЕАЭО еліндегі қызметтен түскен табыс" ретінде көрсетіп, қолма-қолсыз нысанда аудару қиындық тудырмайтын еді", – деді Зубец.

Одақтас елдер арасындағы "еркіндік" түсінігі егеменді қажеттілік туғанда қағаз жүзіндегі жай жазуға айналатыны тағы бір мәрте дәлелденді.

Қазақстандықтар "Госуслуги" бақылауында

Ресейге "ағылатын" турист санының азаюы Мәскеуді еш алаңдатпайтын секілді. Керісінше, қалған-құтқан келушілердің әрбір жүріс-тұрысын қатаң бақылауға алу үрдісі басым. 2025 жылы бүкіл Ресейге барған шетел азаматтарының – туристер мен мигранттардың көші-қон ағыны 15,6 млн адамды ғана құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 7%-ға аз. Салыстырсақ, тек бір жылда тек бір Париж қаласына 50 миллион шетелдік келеді.

Оның өзінде Ресейге кірушілердің көбін қазақстандықтар құрайды: 2025 жыл қорытындысында Қазақстан РФ-ға келу бойынша көшбасшы болып қалды. Біздің жұрт көрші елдегі туыстарына, таныс-достарына қыдырып барады, турист ретінде демалады, клиникаларында емделеді, жоғарғы оқу орындарында оқиды (шетелдік студенттердегі үлесі жөнінен де ҚР – бірінші орында). Екінші орында – Өзбекстан.

Жаңа ережелерге сәйкес, 1 сәуірден бастап қонақүйге орналасу кезінде қазақстандықтардан ресейлік "Госуслуги" мобильді қосымшасы арқылы жеке басын куәландыруы талап етілуі мүмкін. Жаңа талаптар сонымен қатар санаторийлерде, кемпингтерде, демалыс үйлерінде, пансионаттарда, турбазаларда немесе басқа да осыған ұқсас мекемелерде тіркелу үшін қолданылады.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың жазынан бастап қазақстандықтар үшін Ресейге кіру қиындай түседі: миграция саласындағы "эксперимент" ұзартылды. Енді оның екінші кезеңі жүріп жатыр. Шетелдіктер Ресейге келу жоспары туралы RuID мобильді қосымшасы арқылы 72 сағат бұрын электронды өтініш беруге міндетті.

Егер құзырлы органдар кіруіне рұқсат етсе, тиісті QR-код сондағы жеке кабинетіне түседі. Биылғы басты жаңалығы – 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс немесе оқу мақсатында РФ-қа визасыз кіретін қазақстандықтар мұндай электронды өтінішті алдын ала толтырып, жіберуге міндетті (!) болады. Бұған дейін бұл ерікті түрде еді.

Кешегі сынақ осылай нормаға айналуда. РФ-та жұмыс істейтін не оқитын қазақстандықтар үшін жаңа ережелер алдын ала жасау талап етілетін әрекеттер мен цифрлық рәсімдерді көбейтеді, деп жазды finratings.kz. Екі ел арасындағы визасыз режим біртіндеп, құзырлы органдар арқылы басқарылатын, алдын ала мақұлданатын көші-қонға айналуда.

Бұған қоса, 15 сәуірден бастап солтүстік көрші қазақстандықтар мен азаматтығы жоқ тұлғаларға "РФ үшін қызығушылық тудыратын тұлға" ("лицо представляющее интерес для РФ") мәртебесін тарата бастайды. Бұл мәртебені алғаннан кейін олар Ресей аумағында тұруға рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен рәсімдей алады, деп мәлім етті mr-info.ru.

Демографиялық "қармақ" және жас ұрпақ

Өзге елдің жас ұрпағы – әлеуетті Ресей азаматы ретінде қарастырылады. Демографиялық шұңқырының тереңдігі сонша, көрші ел өзге елдің азаматтары, әсіресе жас ұрпақ есебінен жан сақтауға көшті. Биылғы сәуірден бастап балалардың "туу бойынша азаматтығын" рәсімдеу жеңілдейді. Егер шетелдік, соның ішінде қазақстандық әйел РФ аумағында босанса, баласына туу бойынша Ресей азаматтығын алғысы келетіні туралы өтінішті Ресей ІІМ-інің аумақтық органына жолдайды.

Бұл бұрыннан бар рәсім еді, бірақ оған қол жеткізу үшін түсі суық мекемелердің түрлі кеңселерінің табалдырығын тоздыруға тура келетін. Бұл қызығушылардың қатарын сиреткен қосымша кедергі еді.

Енді бұл өтінішті қашықтан, электронды нысанда, тіпті Қазақстанда отырып жолдауға және баласы үшін РФ азаматтығын алыстан алуға болады. Сонымен қатар, мұндай өтініш беруге құқылы тұлғалардың тізімі кеңейтілді: бұл санатқа асырап алушы, сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық органының уәкілетті өкілі жатқызылды. Өз азаматтарын сақтай алмаған мемлекет бөгде елдердің азаматына құшақ жаю арқылы демографиялық құрдымнан шыға алар ма?

СПОТ дегені STOP дегендей естіледі

Интеграцияның "игілігін" автомобильмен тауар таситын кәсіпкерлер де сезіне бастады. Одақ аясындағы экономикалық ықпалдастық та Мәскеудің кезекті соққысын бастан өткергелі тұр. 1 сәуірден бастап ЕАЭО елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан автомобиль көлігімен тауар әкелу үшін "тауарды күтуді растаудың ұлттық жүйесі" (СПОТ) енгізіледі.

Сонымен қатар, біздің тауарларды көршіге әкететін импорттаушылар биылғы 1 шілдеден бастап қазақстандық тауарлардың жеткізілімі туралы Федералдық салық қызметіне хабарлауға және "қамтамасыз ету төлемін" ("обеспечительный платеж") дегенді төлеуге міндетті. Тіпті ресейлік сарапшылардың өзі мұны еркін сауда емес, керісінше, ішкі нарықты қорғаудың агрессивті түрі деп санайды.

Бөліп төлеу – ірі ойыншылар игілігі

Бүгіннен бастап РФ-та бөліп төлеу (рассрочка) жаңа ережелер бойынша беріледі. Бөліп төлеу сервистерінің қызметі туралы заң операторларға қойылатын талаптарды қатайтты. Нақтылағанда, осы қызметті көрсететін компаниялардың кемінде 5 млн рубль меншікті капиталы болуы және ең бастысы – Ресей Банкінің арнайы тізілімінде тұруы шарт. Әйтпесе, "рассрочка" сөзін ұмытуы қажет.

Бұл онлайн-платформаларға соққы: бөліп төлеу әсіресе маркетплейстерде кең сұранысқа ие, дейді заңгер Татьяна Лахтина. Әдетте әрбір оператор өз ережесімен жұмыс істейді. Жаңа нормалар оларды бұл икемділіктен айырады: төлем түріне байланысты бір тауарға немесе қызметке әртүрлі баға белгілеуге тыйым салынады.

Сондай-ақ, тауар не қызметті алудың бұл схемасы көптеген азаматтар үшін қолжетімсіз болып қалғалы тұр: бүгіннен бастап Ресейде бөліп төлеу мерзімі 6 аймен, ал, 2028 жылдың сәуірінен бастап – небары 4 аймен шектеледі. Мерзімі неғұрлым ұзақ болса, ай сайынғы төлемі соғұрлым аз болатыны белгілі. Демек, жаңа өзгерістер бір, екі жылға бөліп төлеп, шығынын оңтайландыратын қалтасы тесік тұрғындарға залал келтіруі мүмкін.

Сома 50 мың рубльден асқан жағдайда ақпарат Кредиттік тарихтар бюросына (БКИ) беріледі және мұндай міндеттемелер бойынша кез келген "мерзімін өткізіп алу" кредиттік тарихқа кері әсер етіп, болашақта кредит пен ипотека алуға тосқауыл болады. Жалпы, экономикалық икемділіктің жойылуы – нарықтық еркіндіктен гөрі, мемлекеттік бақылаудың абсолютті үстемдігіне басымдық берілгенін көрсетеді.

Америкаға қарсы "ашық майдан"?

iPhone иелері – жаңа тыйым астында: Ресейде Apple ID балансын толықтыру қиындай түсті. 1 сәуірден бастап ресейлік iPhone пайдаланушыларына Apple ID теңгерімін ұялы телефон шотынан толтыруға тыйым салынды. БАҚ-тың мәліметінше, бұл шектеулерді РФ Цифрлық даму министрлігі 28 наурызда мобильді операторлардың "Үлкен төрттігімен" өткен жиында пысықтаған.

Мәскеу осы америкалық корпорацияға баяғыдан бері тісін қайрап жүр. РИА Новости агенттігінің Үкіметтегі дереккөзі "мол пайда уысынан шығып кеткелі тұрғанын түсінген Apple РФ заңдарын сақтауға мәжбүр болады" деп мәлімдеді. Бұл – тек технологиялық шектеу емес, Батыстың ықпалын түбегейлі жоюға бағытталған кезекті қадам.

Агенттік "Эйплдің" RuStore-ды құрылғыларына алдын ала орнату туралы ресейлік биліктің талабына пысқырмайтынын, сондай-ақ Роскомнадзордың дүкеннен VPN-сервистерді алып тастау туралы нұсқауларын орындамайтынын еске салды. Оның дерегінше, ресейлік "Айфоншылардың" барлық сатып алуларының 80%-дан астамы ресейлік тыйымдар мен шектеулерді айналып өтуге көмектесетін дәл осы сервистерге тиесілі.

Технологиялық алпауыттарды заңмен ықтыруға, тізе бүктіруге тырысқан Мәскеу айналып келгенде, өз азаматтарының заманауи мүмкіндіктерін шектеп, оларды "цифрлық оқшаулауға" итермелеп отырғандай.

1 сәуір – күлкі күні десек те, көрші елдегі бұл өзгерістерден езу тартарлық ештеңе таба алмадық. Қисын мен қатаң бақылау арасындағы арпалыста әзірге екіншісі басым түсіп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу