Көрші бауырлас ел астанасын ауыстыруы мүмкін

1059

Қазіргі Бішкектің даму әлеуеті шектеулі екен, әрі баспана бағасы бірнеше есе қымбаттап, халыққа қолжетімсіз болып кеткен көрінеді.

Көрші бауырлас ел астанасын ауыстыруы мүмкін Фото: Sputnik / Акылбек Батырбеков

Алатаудың арғы баурайындағы мемлекетте қоғамдық пікір гулеп тұр. Ел билігі көз ілеспес жылдамдықпен республикадағы ірі қаланың тарихи атауын лезде ауыстырып тастады.

Өзгеріс қарқыны қайран қалдырады:

3 қыркүйекте Жалал-Абад қаласының әкімі Эрнисбек Ормоков шаһар атауын ауыстыру туралы ұсыныспен шықты. Ақпарат құралдары мен жергілікті сарапшылар бұл бастаманың қаншалықты өміршең болатынын және жұртшылық тарапынан қолдау табатын-таппайтынын талқыға сала бастады. Алайда...

3 қыркүйек күні кезектен тыс сессиясына жиналған Жалал-Абад қалалық кеңешінің депутаттары қала әкімінің ұсынысын бірауыздан қолдай қойды. Жергілікті жұрттың атынан депутаттар мақұлдаған бастама астанаға, Бішкекке жолданды. Бір күн өте сала...

5 қыркүйекте Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоғамдық талқылаудың бірыңғай порталында (НҚА порталында) Жалал-Абад қаласының атауын "Манас" деп ауыстыру туралы тиісті заң жобасы жарияланды. Бірақ бір апта өтпей жатып...

9 қыркүйекте Жоғорку Кеңештің бейінді комитеті аталған заң жобасын кезектен тыс тәртіппен шұғыл қарап, бірден үш оқылымда құптады. Журналистер құжат келесі аптада қабылданады деп тон пішіп, топшылаған, депутаттар болса...

10 қыркүйекте, ертесіне, бір палаталы Парламенттің жиынын өткізіп, заңды әп-сәтте, бірауыздан қабылдады. Мұндай асығыстыққа аң-таң болған сынаушылар Мемлекет басшысына аңтарыла қарады, толыққанды түсініктеме сол жақтан болар деп күткен...

17 қыркүйекте Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров "ҚР Жалал-Абад облысындағы Жалал-Абад қаласын Манас қаласы деп қайта атау туралы" заңға қол қойды.

Жаңа заң "Эркин-Тоо" ресми газетінде ресми жарияланған күннен бастап 10 күн өткенде, яғни 29 қыркүйекте қолданысқа енгізіледі. Биліктің сендіруінше, қала атауын өзгерту бюджетке көп салмақ салмайды, тек ресми құжаттарды, мөрлерді, маңдайшаларды ауыстыру қажет болады. Қала әкімдігі бұл шығынды 15 миллион сомнан (шамамен 105 миллион теңгеден) азға бағалап отыр.

Осылайша, екі ғасырдан артық тұрған Жалал-Абад шаһары қырғыз мемлекетінің картасынан жойылды. Оның орнына Жақып ханның ұлы Манас батырдың және оның тұқымының елдің азаттығы мен бірлігі үшін күресі баяндалған қырғыздың эпикалық дастанына және оның бас қаһарманына арналған қала пайда болды. Жарты миллионнан астам өлең жолынан тұратын "Манас" батырлар жыры ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне кіргізілген және бүкіл Түркі әлемінің мирасы мен мақтанышы саналады.

Жалпы, экономикалық өсім ғажайыбын паш еткен қырғыздардың енді елді рухтандыру мәселесіне мықтап көңіл бөліп жатқаны байқалады. Манас қаласына арналған заңға ресми түсініктемеде де мұның елдің рухын көтеруге арналған бастама екені көрсетілген.

"Бұл заңның мақсаты – ұлттық идеология мен рухты нығайту, Жалал-Абад қаласында халқымыздың қаһарманы, жаугершілік замандардағы қырғыз елінің қорғаны болған ұлы Манас есімін ұлықтау болып табылады", – делінген түсініктемеде.

Бұған дейін Президент жарлығымен барыс – "Қырғызстанның ұлттық символы" деп танылды.

Депутаттар тарихи қадам арқасында туристер Қырғызстанды Ауғанстанмен шатастырмасын алға тартты. Өйткені Джалал-Абад қаласы Ауғанстанда да бар, ол Нангархар провинциясының орталығы.

Қырғыздың Жалал-Абад шаһарының іргесі Ферғана алқабында XIX ғасырда қаланды. Бүгінде ол Қырғыз Республикасының тұрғындарының саны жөнінен үшінші ірі қаласы, 184 мыңнан астам тұрғын өмір сүруде.

"Манас біз үшін – асыл мұра және биік рух. Ұлы баба Манастың аты ұлықталатын қалаға енді орасан зор жауапкершілік жүктеледі. Бұрынғыдан жеті, тіпті он есе үлкен ауқымда! Қала тұрғындары да енді жаңа атау мен биік мәртебеге лайық болуға тиіс. Ертең интернетте – "Манастың жемқорлары", "Манастың зорлықшылары" деген сияқты масқара сөздер болмай ма? Болмауы қажет! Мұндай сөздерге абай болу керек. Қаладағы заң бұзушылықтар, былықтар Манас атымен қабыспауға тиіс! Бұл шаһардың тұрғындары өзгелерге ұлағат-өнеге көрсетуге және сол арқылы Манастың бедел-абыройын да асқақтата беруге тиіс", – деді Жоғорку Кеңештің депутаты Мирлан Самыйкожо.

Дегенмен, Мемлекеттік қызмет істері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Құдайберген Базарбаев қала атауы өзгергенімен, қала тұрғындары "жалалабадтықтар – джалалабадцы" болып әрі қарай да атала беретінін нақтылады.

Kaktus.media жазуынша, редакцияға хабарласқан кейбір жергілікті тұрғын қала атауын өзгерту тосын жаңалық болғанын, бұған олардан ешкім келісім сұрамағанын жеткізіпті. Биліктің тармақтары бұл бастаманы тездетіп жүзеге асырып тастағандықтан, наразы болған бірқатары өз ұстанымын Мемлекет басшысына қалай жеткізерін білмеген.

Жасыратыны жоқ, Павлодар, Петропавл және басқа елді мекен атауын өзгертпеу үшін "қоғамның қарсылығы бар" деп сылтауратқанымен, қажет кезде Қазақстан шенділері атау өзгертуде халықтың пікірін сұрамайды. Мысалы, 2024 жылғы 10 қаңтарда Алматы облысындағы Жетіген елді мекенінің атауы "Алатау қаласы" деп өзгертіле салынды.

Айтқандай, көрші елде Мемлекет басшысынан кейінгі №2 беделді тұлға саналатын, Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев Жалал-Абад қаласының атын өзгерту өзінің идеясы болғанын мойындады.

"Мен бұл турасында өз пікірімді әдейі іркідім. Алдымен Президент заңға қол қойсын, сонда жариялаймын деп ұйғардым. Қала атауын ауыстыру менің идеям болатын. Қалалықтар тарапынан бұған қатысты біраз сұрақ туындады. Олардың көбі бұған өкініш білдірді. Бәріміз де Жалал-Абадта тудық, оқыдық, өсіп-өндік. Онда балаларымыз, туыс-туғанымыз тұрып жатыр. Енді ол атау жойылды. "Жалал-Абад" әрқашан біздің жүрегімізде және жадымызда. Халықтың бұл тарихи атаудан бас тартуға тосырқауы да содан. Алайда "Жалал-Абад" қырғыздардың тек бір бөлігінің ғана жан-жүрегінде, ал Манас – әрбір қырғызстандықтың жүрегінің төрінен орын алған", – деді ол.

Оның ойынша, бүгінде кейбіріне жаттау естілгенімен, уақыт өте келе, қажет болса, бір ұрпақ ауысқаннан кейін Манас – тұрғындар үшін ең ыстық, ең жақын, ең ардақты атауға айналады.

"Манас дегеніміз – ұлы рух, терең тарих және бүкіл қырғыз халқының мақтан тұтар асыл мирасы. Сондықтан мен Жалал-Абадтың Манас деп қайта аталуын мақтан етемін, қуанамын. Кейбірі "Манас баба Таласта тұрған, ендеше неге Талас қаласын Манас деп атамаған?" деп сұрайды. Бірақ Манас – таластық батыр емес. Манас – бүкіл Қырғызстанның қаһарманы. Жалал-Абад атауы жаман емес шығар, бірақ Джалалабад Ауғанстанда, Пәкістанда, Индонезияда, Үндістанда және басқасында бар, бірегей емес атау. Ал Манас – тек қана Қырғызстанға тиесілі! 20-30 жыл, жарты ғасыр өткен соң келер ұрпақ осы шешіміміз үшін бізге алғыс айтатын болады", – деді Қамшыбек Ташиев.

Сонымен, қала атауын өзгерту туралы шешім өмірге жолдама алды және билік кері қайтпайды. Енді жұртшылық Қырғызстан астанасын Манас қаласына көшіру туралы ұсыныстарды талқылай бастады.

Осыған орай Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Манасты жаңа астана ету туралы бастамаларға қатысты Қамшыбек Ташиевтің пікірін видеоролик түрінде таратты. Оның сендіруінше, әзірге астананы Манасқа көшіру туралы ой жоқ.

Сонымен бірге, Жалал-Абадтың тумасы, 56 жастағы Ташиев Манас қаласы қырғыз мемлекетінің жаңа астанасына айналуын құптайтынын мәлімдеді.

"Дәл қазір бұл мәселені ешкім күн тәртібіне қоймайды. Ел басшылығы да, бірде-бір шенеунік те оған бармайды. Егер жоғарыда осындай ой туа қалса, онда астананы ауыстыру туралы шешімді саясаткерлер, әлдебір топтар не көшбасшы емес, халық қабылдауға тиіс! Бұл үшін референдум өткізу қажет. Оған бір сұрақ шығарылғаны жөн: "Манас қаласын Қырғыз Республикасының астанасы етуге келісесіз бе?". Егер халқымыз құптаса, солай болады, қолдамаса, қажет емес", – деді Ташиев.

Негізі, Қырғызстанның астанасын көшіру бастамасы тіпті депутаттар тарапынан бұрыннан көтеріліп келеді және қазіргі кезде өзектілене түсті. Сарапшылардың тұжырымдауынша, осы арқылы бірден бірнеше проблеманы шешуге болады. Басты мәселелер – баспананың қымбаттығы, астананың үнемі көк түтінге бөгіп тұратыны, даму өрісінің шектелуі. Бішкек Алатау бөктерінде, Тянь-Шанның Қырғыз жотасының солтүстік шетінде, теңіз деңгейінен 900 метр биіктікте орналасқан.

Ресейлік және басқа елдердің релоканттарының көптеп көшіп келуі, туристік ағынның артуы, урбанизацияның күшеюі қазіргі астанада баспана тапшылығын туғызды. Баға биік шыңдарға шығандап барады: егер 2010 жылы Бішкекте 1 шаршы метрдің орташа құны 30 752 сом ғана тұрса, 2025 жылдың басында 95,9 мыңға жеткен. Бүгінде 100 мың сомнан (700 мың теңгеден) асып жығылды. Жыл басынан 30,7% қымбаттады. Яғни, қырғыз астанасы Бішкектегі тұрғын үй қазақ елордасы Астанадағыдан (орта есеппен 500 мың теңге) қымбат тұрады.

Энергетика саласының эксперті Эрнест Қарыбеков Vesti.kg-ке сұхбатында Бішкек ЖЭО-сының тозуын және қаланың үнемі "тұмшаға" (смog) қақалуын астананы ауыстыруға лайықты себеп ретінде атады. Проблемалары ондаған жылдар бойы қордалануда. Оны шешуге бағытталған бұрынғы шаралардың бәрі ғылымға сүйенбеген, ақырғы нәтижелері де, салдарлары да толыққанды талданбаған.

"Мұны кешенді шешетін кез жетті. Тек Бішкек қана емес, ол орналасқан бүкіл Шу алқабы халықпен, өндірістік қуаттылықпен, зауыт-кәсіпорынмен, автокөліктермен шектен тыс жүктелген. Өңірлердегі келешегі мол жастар мен мамандар табыс табу үшін астанаға тартылады. Кезінде Бішкек шағын қала болып қалады деген есеппен салынған. Көшелері тар. Көпқабатты ғимараттар мен үйлер иін тіресіп тұр. Қала орталығын күн жылытып үлгермейді", – деп термелеген Қарыбеков шешімді ұсынды: Қырғызстанның астанасы басқа жаққа көшірілуі керек және жаңа жоспармен жаңа қала тұрғызылғаны жөн.

Қырғыз сарапшысы Қазақстанды үлгіге келтірді: қазақтардың батыл қимылдап, алып та әсем Алматыдан лезде шағын Ақмолаға көшіп ала қойғанына назар аудартты. Ол жерде ажарлы Астана бой көтерді. Осындай тегеурін мен қарымды қырғыздардың бір бөлігі өз басшылығынан күтіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу