11 қазанға қараған түні қарсыластың ұшқышсыз аппараттары Ресейдің Владимир қаласындағы "Яндекстің" үшінші деректер орталығына сұрапыл шабуыл жасады. Бүгін таңертең компания өз нысанында электрмен жабдықтау жүйесі істен шығып, ауқымды ақау туындағанын хабарлады.
Ресейдің әртүрлі өңірлеріндегі пайдаланушылар компания сервистерінің, соның ішінде "Яндекс Таксидің" де жұмысы тоқырағанын мәлімдеді. Такси қосымшасындағы ақаулар Беларусь, Қазақстан, Армения және Сербияда да тіркелді.
"Такси жүргізушілерінің қосымшасы жұмыс істемейді. Олар тіпті аккаунттарына кіре алмай, клиенттерінің тапсырысын қабылдай алмай тұр. Қосымшадағы көше навигациясы істен шыққан. Такси шақыра алған жолаушылар тек қолма-қол ақшамен ғана төлеген. "Яндекстің" жүргізушілерге арналған қолдау қызметі қолжетімсіз. Таксопарктер де ақаудың баршаға әсер еткенін жасырмады", – деді жүргізушілердің бірі ресейлік ASTRA арнасына.
Желіде өрттен кейін Владимир қаласын қою түтін жапқанын көрсететін фото және бейнежазбалар да таралып жатыр. Шабуылдың салдары Өзбекстанға да жетті. Басқасының сыртында Uzum Market маркетплейсі мен Yandex Delivery платформасының жұмысында іркілістер болды.
Бұл жағдай қазіргі цифрлық экономиканың осал тұсын паш етті: жергілікті сервистер шетелдегі бұлтты инфрақұрылымның есептеу қуаттарына аса тәуелді болып шықты. Ресейдегі инфрақұрылым істен шыға салысымен, оның салдары ел шекарасынан тысқары жерлердегі пайдаланушыларға да лезде таралды.
"Яндекс" дата-орталықтарындағы апат бүкіл Рунетке әсер етті
Бірінші шабуыл 8 қазанда Рязань облысындағы Сасово қаласынан басталды. Украинаның ұшқышсыз аппараттарының соққысынан кейін өрт шығып, Data-center жұмысы толық тоқтады. Зардап шеккендердің жоқтығы хабарланғанымен, нысанның жұмысын қалпына келтіру қиын екені аңғарылды.
Компания тиісті қызметтердің апат салдарын жоюға кіріскенін сол күні-ақ мәлімдеді. Алайда кешке қарай "Яндекс" дрон соққысынан зақымданған деректер орталығын қайта іске қосу мүлде мүмкін болмай қалуы ықтимал екенін мойындады. Бұл туралы Forbes хабарлады.
"Яндекстің" инфрақұрылымын өзге де ұйымдар пайдаланатындықтан, ақау бір компанияның сервистерімен шектелген жоқ. Бұзылыстар РФ мемлекеттік қызметтердің "Госуслуги" порталына, ЦИАН, "Авито", "ВКонтакте", Ресей темір жолдарына (РЖД), "Астрал" жүйесіне, Twinby және басқа да платформаларға кері әсер етті.
Сондай-ақ "Яндекс Почта", "Яндекс Диск", "Яндекс Документы", "Яндекс Маркет", "Яндекс Пэй", "Яндекс ID", "Яндекс 360" және Yandex Cloud бұлтты платформасының жұмысында ақаулар тіркелді. Пайдаланушылар "Алиса AI" виртуалды көмекшісінің тіл қатуды қойғанын, "Станция" ақылды колонкаларының жұмысында ақаулар туындағанын және "Ақылды үй" жүйесінің жұмысы тұрақсызданғанын мәлім етті.
Банктердің клиенттерінен де шағым қаптаған. Онлайн-кинотеатрлар, "Дневник.ру" білім беру платформасы мен бұлтты "1С" жүйесін пайдаланушылар да қиындыққа тап болды. Бұған қоса, "Пятерочка", "Лента", "Магнит", DNS сияқты дүкендер желісінің қосымшалары дағдарды.
Сасоводағы деректер орталығы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. салыстырмалы түрде алғанда жаңа саналады. Оның қуаты шамамен 12 МВт деп бағаланады. Әртүрлі бағалау бойынша нысан 30–40 мың серверді орналастыруға есептелген.
Сасово орталығының стратегиялық маңызы тек серверлер санымен ғана өлшенбейді. Мұнда "Яндекстің" үш суперкомпьютерінің екеуі – "Червоненкис" пен "Ляпунов" орналасқан. Бұл жүйелер нейрондық желілерді, соның ішінде YandexGPT моделін оқытуға пайдаланылған.
Екі суперкомпьютер де америкалық NVIDIA компаниясының A100 үдеткіштеріне негізделіп жасалған. Бұған дейін "Червоненкис" әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің TOP-500 рейтингінде 19-орынға көтерілген еді.
Ресейлік Mobile Research Group жетекші сарапшысы Эльдар Мұртазиннің пікірінше, шабуылдың салдары "Яндекстің" өзіне әлдеқайда ауыр тиіп, оның зардабы ұзақ уақыт сезілуі мүмкін.
"Егер Рязань облысындағы деректерді өңдеу орталығында жұмыс істеген екі суперкомпьютер қатты зақымданса, оның орнын басатын балама жабдық табу оңай болмайды. Санкция жағдайында мұндай жүйелерді қайта қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін емес. Нақты жағдайын жасырып айтпайды, бірақ егер нысандар түгелге жуық жанып кетсе, шығын 30 млрд рублге дейін жетуі мүмкін. Оның үстіне, бұлар Ресейдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің қатарында еді. Ал, жаңа қуаттар салу қажет болса, оған бірнеше жыл кетеді", – деп түсіндірді сарапшы Мұртазин Ресейдің "Фонтанка" басылымына.
Ресейлік мамандардың болжамынша, зақымданған деректер орталығындағы суперкомпьютерлерден айырылу "Яндекстің" жаңа өнімдерін дамыту мүмкіндігін шектейді. Бұл, әсіресе, ЖИ, нейрондық желілерге, алгоритмдерге және өзге цифрлық сервистерге қатысты.
Көрші елде тағы бір үлкен проблема әшкереленді: Ресейдегі деректер орталықтары географиялық тұрғыдан шоғырлана орналасқан екен. IPG Estate компаниясының зерттеуіне сәйкес, серверлік тірек орындарының басым көпшілігі немесе 76%-ы бір ғана Мәскеуде тұр. Тағы 9,3%-ы Петерборға тиесілі. Сонда қалған барлық өңірлердің үлесі небәрі 14,8%-ды құрайды.
Мұндай шоғырлануға мамандардың, клиенттердің және байланыс арналарының елдің қос бас қаласында орналасуы ықпал еткен еді. Енді бұл инфрақұрылымның осалдығын арттырды.
РФ үшін стратегиялық сын-қатер, Қазақстан үшін мүмкіндік
Ресейде "Рунеттің егемендігі туралы" заң және ресейлік пайдаланушылардың деректерін ел аумағында сақтауға міндеттейтін "Деректерді ел ішінде орналастыру туралы" заң әрекет етеді.
Осы қатаң талаптардың салдарынан ресейлік компаниялар сенімді сыртқы резервтік инфрақұрылымды, мысалы, қазақстандық дата-орталықтарын пайдалануда шектеулерге тап болды. Тек ресейлік жүйелерге тәуелді болып қалды. Одан айырмашылығы: өзіндегі деректер орталықтарын Ресей бомбалап тастаған соң Украина көрші еуропалық елдердің Data-орталықтарына ауысып алды.
Егер украиналық ұшқышсыз аппараттардың ресейлік деректер орталықтарына шабуылы жалғаса берсе, Мәскеу цифрлық сервистерін сақтап қалу үшін осы шектеулерінен бас тартуға мәжбүр болуы мүмкін.
Сарапшылардың болжауынша, мұндай жағдайда бизнес тыныш тыл, қауіпсіз инфрақұрылым іздеп, жаппай шетелге көшуі ғажап емес. Ал, осы үдерістен іргедегі Қазақстан ұтымды жағдайға ие болып, басты бенефициарлардың біріне айналуы мүмкін.
Бұған Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан ауқымды "Деректер орталықтары алқабы" ("Долина ЦОДов") жобасы да қолайлы жағдай туғызады. Аумағы 1 300 гектарға дейін жететін алып алаңда келесі 2027 жылы қуаты 1 ГВт-қа дейінгі энергетикалық инфрақұрылым құру жоспарланған. Ал, әлемдік технологиялық алпауыт NVIDIA-мен серіктестігі арқасында бұл хаб жасанды интеллект саласындағы жобаларды тартатын маңызды орталыққа айнала алады.
Калугадағы ірі деректер орталығы да зақымданды
9 қазанда "Яндекстің" Калугадағы екінші деректер орталығының да өртке оранғаны белгілі болды. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, нысандағы бірнеше модуль толық істен шыққан. Зардап шеккен адамдар жоқ. Дегенмен бірқатар сервистің жұмысы қайтадан тоқырады.
"Деректер орталығының бірнеше модулі толық істен шықты. Соның салдарынан "Яндекстің" кейбір сервистері үзіліспен жұмыс істеуі мүмкін. Келтірілген залалдың толық көлемі бағаланып жатыр", – деп мәлімдеді компания өкілдері.
"Яндекс" сонымен бірге зақымданған жабдықты қалпына келтіру мүмкіндігіне әзірге кепілдік бере алмайтынын ескертті. Істен шыққан нысандардың қашан толыққанды жұмысқа оралатыны да белгісіз.
Қаржылық шығынның нақты көлемі қандай жабдықты сақтап қалуға болатынына байланысты. Салалық бағалаулар бойынша, заманауи деректер орталығын жаңадан салу үшін әрбір мегаватт қуатқа 0,8–1,5 млрд рубль жұмсалады.
Сасоводағы алып нысанмен шамалас инфрақұрылымды тұрғызуға шамамен 18–30 млрд рубль қажет болуы мүмкін. Бұл сомаға серверлер мен арнайы есептеу үдеткіштерін толық ауыстыру шығыны кірмейді.
Ресейлік интернетті не күтіп тұр?
Деректер орталықтарына шабуылдар жалғасса, инфрақұрылымды қалпына келтіру үлкен проблемаға айналуы мүмкін. eQualitie жобаларының үйлестірушісі Леонид Юлдашев "Настоящее Время" телеарнасына сұхбатында Украина Қарулы күштерінің соққылары көптеген ресейлік мемлекеттік ұйымдар пайдаланатын Yandex Cloud виртуалды серверлер жүйесіне де кері әсер еткенін мәлім етті.
"Деректер орталықтарын салу ұзаққа созылады әрі қымбатқа түседі. "Яндекстің" Ресейде небары 6 деректер орталығы бар. Ол Финляндиядағы дата-орталығынан өзі кетіп қалды. Қарсыласы жалпы саны осындай алты шабуыл жасаса, "Яндекс" инфрақұрылымсыз қалуы мүмкін. Бұл – өте күрделі жағдай", – деді Леонид Юлдашев. Алтаудың үшеуі жасалды.
Эксперттің бағалауынша, Ресейдегі ең ірі деректер орталықтарының зақымдануы жекелеген сервистерді қолжетімсіз етіп қана қоймай, кейбір деректердің біржола жоғалуына соқтырады.
Алайда бұл Ресейде интернет түгел өшеді деген сөз емес. Мысалы, YouTube секілді сыртқы ресурстарға қосылудың базалық мүмкіндігі бәрібір сақталады. Шетелдік интернет талшықты-оптикалық желімен немесе спутникпен келеді. Ал Ресейдің өз ішіндегі сайттар мен қосымшалар жұмыс істемей қалуы ықтимал.
Яғни, интернеттің техникалық тұрғыдан қолжетімді болуы мен цифрлық сервистердің толыққанды жұмыс істеуі – екі бөлек мәселе. Желіге қосылу мүмкіндігі сақталғанымен, күнделікті өмірге қажетті қызметтер істен шықса, Ресейдің ТМД-дағы ең озық саналатын, гүлденген "цифрлық тіршілігі" кері кетеді.
Тәуекелдердің күшеюі нарық қатысушыларын шұғыл шара қабылдауға мәжбүр етті. "Яндекс" шабуылдардан зардап шеккен клиенттердің деректері мен сервистерін жедел орналастыру үшін VK Cloud, Selectel және K2Cloud компанияларымен келісімге келді. Олардың дата-орталықтарын жалдауда.
Серіктестер оған қосымша мамандар тобын бөлді, қаржылық жағынан икемді шарттар ұсынды және жаңа жүйелерге қосылу рәсімдерін жеңілдетті. Бұл бірқатар компанияға өз инфрақұрылымын басқа алаңдарға көшіруге әрі жұмыстың тоқтап қалу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Алайда мұндай шаралар барлық мәселені түпкілікті шеше алмайды. Егер деректердің резервтік көшірмелері болмаса, жоғалған ақпаратты қалпына келтіруге ешқандай кепілдік жоқ.
Мысалы, ресейліктер телефонының немесе компьютерінің жады толып қала берген соң, толығымен "Яндексте" сақтап келген, саяхатта түсірген, отбасылық фото-видеоларының архивінен айрылып қалғанын әлеуметтік желіде торыға жазуда. Корпоративтік клиенттердің, компаниялардың бір бөлігі де деректер базаларын жоғалтқанына алаңдаулы.
Бұған қоса енді цифрлық сервистердің бағасы да өсуі ықтимал. Деректер орталықтарының иелері физикалық қауіпсіздікті күшейтуге, резервтік алаңдар құруға, сақтандыруға және тәуелсіз байланыс арналарына қосымша қаражат жұмсауға мәжбүр болады.
Мұндай шығындар бұлтты сервистер мен хостинг қызметтерінің құнын арттырады. Сарапшылар ҚҚС салығының өсуінен Ресейдегі хостинг қызметтері онсыз да 30%-дан астам қымбаттағанын еске салды.
Ресейге енді Украина сияқты зымыран немесе дрон жете алмайтын елдің қиыр шетінде және көрші елде орналасқан, бір-біріне тәуелсіз деректер орталықтары қажет. Сонымен бірге деректердің автономды резервтік көшірмелерін жасау, апаттан кейін қалпына келтіру жүйелерін тұрақты түрде сынақтан өткізу де маңызды.
Мұндай қауіпсіздік шаралары қолға алынбаса, кезекті соққы жекелеген нысандағы апатты бүкіл жүйені жайрататын зұлматқа айналдыруы мүмкін. Салдарынан Ресейдегі төлем жүйелері, сауда, көлік және мемлекеттік қызметтер жаппай тоқтап қалу қаупіне ұшырайды.
Цифрлық дәуірде дата-орталықтар сияқты инфрақұрылымның сенімділігі – экономикалық тұрақтылық пен стратегиялық дербестіктің кепілі. Ал, Қазақстан үшін бұл – өңірлік цифрлық хабқа айналу жолындағы мүмкіндікті пайдаланып қалудың маңызды сәті.