БҰҰ дерегінше, туыс-туған арасындағы некелер, жақын-жуықтың қан араластыруы, инцест проблемасы бойынша әлемде азаю үрдісі байқалғанына қарамастан, бұл кесірлі құбылыс жер шары тұрғындарының кемінде 20 пайызын қамтиды.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, бұл мәселе Каспий бойынша көршіміз Әзірбайжанда да өткір тұр. Сондықтан мемлекет онымен күреске баса мән беруде. Содан 2025 жылғы статистика демографиялық есеңгіреуге ұқсап кеткен.
ӘР Әділет министрлігінің дерегінше, өткен жыл қорытындысында некелесу саны тарихи ең төменгі көрсеткішке – 48 477 жағдайға дейін құлдырады. Салыстырғанда, бір жыл бұрын некеге тұрғандар саны мың жағдайға көп еді. 2024 жылы 49 498 неке тіркелген, деп хабарлады Report.
Сарапшылардың айтуынша, бұрынғы жылдары неке статистикасының өсуіне "туыстар арасындағы отау құрулар" да ықпал етуші еді. Енді оған мемлекет тыйым салғалы сала бұл бөлігінен айрылды. Ол бөлігі қомақты болатын: 2023 жылғы 23 шілде мен 2024 жылғы 1 шілде аралығында мұндай 2 599 "ұятты" неке тіркеліпті.
Xəzər TV хабарлауынша, жақын туыстар арасындағы некеге тыйым енгізілген соң Әзірбайжанда той саны да күрт азайған. Мәселен, 2025 жылдың қаңтарында 4 717 той ұйымдастырылса, ақпанда – 3 024, наурызда – 3 465, сәуірде – 3 747, мамырда – 4 830, маусымда – 5 032, ал, тыйым күшіне мінген шілдеде бұл көрсеткіш 2 694-ке дейін құлады.
Ұлт саулығын бірінші орынға қойған Президент Ильхам Әлиев 2024 жылғы 23 шілдеде Отбасы кодексіне туыстар арасындағы некеге тыйым салатын түзетулерді бекітті. Бірақ заң қолданысқа тек 2025 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілді. Осы арқылы жаңа тарихи тыйымға қоғам "бейімделуі" үшін бір жыл уақыт берді.
Алайда "қырық бір жақ, қыңыр бір жақ" деген, қырсыққандарды жаңа талапқа бейімдеу драмаға айналды. Қоғамға мыңжылдықтар бойы терең тамыр жайып, берік бекінген әлеуметтік тәжірибені өзгертуге деген мемлекеттің кез келген әрекеті қарсылыққа ұшырады. Бірақ алған бетінен қайтпаған билік жақсы сөзден нақты іске көшіп, қатаң шаралар мен жедел рейдтерге қызу кірісті.
Мысалы, құзырлы органдар Сабырабад ауданының Еникенд (Жаңакент) ауылына түн ішінде сау ете қалып, 16 жастағы қызды 33 жастағы немере ағасына тұрмысқа шығарту тойын тойтарды. Дәстүрлі жоралғы туралы ақпаратты әлдекім түнде Xəzər TV арнасында шығатын "Təsir dairəsi" бағдарламасының редакциясына хабарлапты. Бағдарлама дереу құзырлы құрылымдарды құлағдар еткен, әрі жүргізушісі операторын ертіп, оқиға орнына шұғыл жеткен. Той тоқтатылды, думанға дайындыққа жұмсалған 20 000 манат (шамамен 6 млн теңге) желге ұшты.
Жергілікті басылымдардың жазуынша, жақын адамдарды үйленту үшін кейбір ата-аналар сорақы схемаларға бой ұрған. Мысалы, туыстық байланысын заң жүзінде "үзіп тастау" үшін ата-аналар өз балаларынан ресми түрде бас тартуға дейін барады. Бұл туралы жуырда халықаралық ақпарат агенттіктері де хабарлаған еді.
Заң бұзар жанкешті тірліктердің себебі қарапайым: дүние-мүлікті, активтерді ешкімге бермей, әулет, ру, тұқым ішінде сақтау, отбасының әлеуметтік капиталын нығайту, қыздың балалары үшін де әкесінің танымал, әрі беделді фамилиясын қалдыру. Қысқасы, мұндай отбасылар – жабық акционерлік құрылым ретінде әрекет ететін квазикорпоративтік модель. Мұнда некелесу – ресурстардың сыртқа кетуіне жол бермейтін активтерді басқару құралындай.
"Бүгінде туыстық некені қызғыштай қорғап жүрген отбасылар түрлі уәж келтіреді: қыздың ұрпақтары үшін текті шежіре мен фамилияны сақтау, мүліктің, ауқаттың бөтен қолдарға кетуіне жол бермеу немесе бірін-бірі жақсы танитын әулеттің кедей тармағының белгілі де беделді бұтағымен құдандалы болуы. Ең радикалды жағдайларда кейбір ата-ана шектеуді айналып өтіп, балаларының жақын туыстарымен некеге тұруына мүмкіндік беру үшін ата-аналық құқықтарынан бас тартуға дейін барады", – деп түсіндірді Media.az порталы.
Мемлекеттің ұстанымы айқын: туыстар арасындағы неке ресми тіркелмейді. Үйленгендердің туыс екені анықталса, неке жарамсыз деп танылады.
Сарапшылардың түсіндіруінше, ата-аналар нотариус арқылы туыстықтан бас тартқанның өзінде биологиялық жақындығы табиғи түрде қалады және некеге тұру мүмкіндігін бәрібір жоққа шығарады. Өйткені туу туралы куәлікте жас отау құрушылардың ата-анасының кім екені жазулы.
Әзербайжандық адвокат Миргусейн Хабибли мәселенің құқықтық қырын дәйектеді: заңнама тек ата-ана құқығын шектеу немесе одан мүлдем айыру рәсімдерін ғана қарастырады. Ата-ана құқығынан өз еркімен бас тарту деген жоқ. Бұл атааналық жауапкершілік пен міндеттерден босатпайды.
"Сондықтан атааналық құқықтан бас тарту арқылы заңды айналып өтіп, қандас некені жүзеге асыру мүмкін емес. Азаматтардың өз балаларынан немесе ата-анасынан бас тартуы олардың некеге тұруына негіз бола алмайды. Себебі заңнамадағы өзгерістер адамдардың биологиялық туыстығына сүйенеді. Яғни, құжат жүзінде туыстығы дәлелденбегеннің өзінде, адамдар биологиялық тұрғыдан туыс болса, олардың некесіне заңмен тыйым салынған", – деді заңгер.
Мұндағы медициналық уәж де заңгерлік дәлелден кем түспейді. Қаны бір туыстар арасындағы неке генетикалық аурулардың қаупін едәуір арттырады. Ғылыми зерттеулер туыстық "одақтан" туған балалардың тұқым қуалайтын сырқаттарға жиі шалдығатынын, есту және көру қабілетінде ақаулар болатынын, ақыл-ой кемістігіне бейім келетінін сенімді түрде дәлелдеді.
Бристоль университетінің зерттеулеріне сәйкес, 2019–2023 жылдары Англияда тіркелген әрбір 14-ші бала өлімі жақын туыстар некесінен туған балаларға тиесілі болған, деп хабарлады Oxu.Az. Жалпы саны 13 045 өлім-жітім жағдайы талданған, 7%-ында ата-аналар қан жағынан туыс болып шыққан. Мұндай отбасылардағы өлім-жітімнің 59%-дайы хромосомалық бұзылыстармен, туа бітті даму ақауларымен байланысты.
Қандас некелердің (мамандар оны "инбридинг" атайды) денсаулыққа төндіретін қауіп-қатері туралы жергілікті Каспий газетіне сұхбатында Әзірбайжан педиатриялық қауымдастығының төрайымы, Әзірбайжан медициналық университетінің балалар аурулары кафедрасының доценті, медицина философиясының докторы Тарана Таги-заде баяндап берді.
"Америкалық ғалымдар жалпы некелермен салыстырғанда немере ағайындар арасындағы некеден туған ұрпақта шизофренияның даму қаупі екі есе жоғары болатынын, сондай-ақ мұндай балаларда депрессияның даму ықтималдығы 3 есе артатынын анықтады. Бұл – медицинаның тек бір саласы, психиатрияда ғана! Денсаулық сақтаудың өзге бағыттарына келсек, жиі қан араластырған туыстық некелерде дүниеге келген балаларда генетикалық аурулар қаупі жоғары", – деді Таги-заде ханым.
Ол ӘР Парламентіндегі қоғамдық тыңдауларда сөйлеген сөзінде туа бітті ақаулардың және патологиялардың көптігі, аутосомды-рецессивті аурулар қаупінің артуы жөнінде баяндағанын еске салды.
"Қандас адамдар арасындағы туыстық некелердің салдарынан туындайтын аурулар туралы сөз қозғағанда, тек физикалық кемістіктердің ғана емес, өмірге қауіп төндіретін фенилкетонурия секілді дерттердің де бой көрсететінін ескерген жөн. Бұл патология ақыл-ой кемістігін, даму бұзылыстарын, муковисцидозды, офтальмологиялық, бұлшықет, жүйке, жүрек-қантамыр, эндокриндік, генетикалық және ЛОР-жүйе ауруларын туындатады", – деп түсіндірді қауымдастық төрайымы.
Әзірбайжанда жақын туыстар арасындағы некеге тыйым салынғанына жарты жылдан асса да, бүгінде қоғамда үшінші ұрпақтағы туыстар – мысалы, бір ата мен әженің немерелері, яғни немере ағайындардың балалары арасындағы некелерге қаншалықты рұқсат етілетіні туралы әңгіме жиі талқылануда, деп жазды Bizim.Media.
Сондықтан 2026 жылдың басында Әзірбайжанның Әділет министрлігі ресми тізімді жариялады. Ведомство Отбасы кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, енді Әзірбайжанда төмендегі тұлғалар арасында неке қиюға тыйым салынатынын еске салды:
• ата-аналар мен балалар арасында;
• әжелер, аталар мен немерелер арасында;
• туған және өгей ағайындар мен апалы-сіңлілер арасында;
• асырап алушылар мен асырап алынғандар арасында;
• ортақ биологиялық ата-әжесі бар аға-інілер мен апа-сіңлілердің балалары арасында;
• нағашы-жиен, аға-қарындас, сондай-ақ тікелей биологиялық туыстығы бар өзге де тұлғалар арасында.
Тізімге енбеген басқа туыстармен некеге тұруға тыйым жоқ көрінеді.
Әзербайжандық жазушы Джавид Османов туған немесе немере әпке-қарындасқа үйленуге заңмен тыйым салудың қажет екеніне сенудің өзі қиын екенін жазды. Оның "қарындасыңа қалайша қарындас ретінде емес, басқаша қарауға болады?" деген жанайқайы кез келген статистикадан да әсерлі естіледі.
"Тіпті немере қарындас дегенің – күні кеше ғана сенімен бірге өскен, әжеңнің үйінде жазды бірге өткізген, көршінің бағына бірге түсіп, алма терген, сырыңды бөліскен, бір табақтан ас ішкен туысқан жан емес пе. Сен оған қалайша нәпсіқұмар көзбен қарай аласың? Бала кезден қалыптасқан бауырмалдық байланысты елемей, оны қалайша құмарлық нысаны ретінде көресің? Бұдан кейін сені қалай атауға болады? Дәстүрдің соқырлығына ғылымның өзі сүрінген надан әлемде біз ескі трагедияның куәсіміз. Өткеннің қателіктерін тізіп, деректер мен статистиканы келтіруге болады, бірақ біз бір шындықты түсінбейінше, мұның бәрі бос сөз: мұндай отбасында дүниеге келген әрбір бала – құрбан. Өткенді өзгерте алмаймыз, бірақ болашақ үшін жауапкершілік арқалауға міндеттіміз", – деп қорытындылады Османов.
Этнографтардың байламынша, Қазақстан – Еуразия кеңістігінде жақын туыстар арасындағы некеге ежелден қатаң тыйым салған санаулы елдің бірі. Бұл тыйым "Жеті ата" деп аталады. Көне дәстүр қазақтарға ер адам жағынан жеті атаға дейінгі ата-бабасын білуге міндеттеп, осы аталастарға некеге тұруға тыйым салады. Мұның мақсаты – ұрпақты генетикалық аурулардан сақтау. Бүгінде халықаралық құқықтың айыппұл және жаза арқылы енгізуге тырысып жатқан қағидасын ата-бабамыз ежелде Әділет не Денсаулық сақтау министрліктерінің көмегінсіз-ақ біліп, берік ұстанып келгені тәнті етуге тиіс.