Көрші ел мүлдем интернетсіз өмір сүруге көшуі мүмкін

878

Келесі аптада ресейлік алғашқы өңір сынақ ретінде интернеттен уақытша ағытылады.

Көрші ел мүлдем интернетсіз өмір сүруге көшуі мүмкін Фото: canva

Камчатка билігі бүкіл өңірдің интернеттен ажыратылатынын жария етті. Бұл "бетбұрыс" 25 қыркүйекте басталып, 29 қыркүйекке дейін жалғасады. Себеп – "Ростелеком" әлдебір "кең ауқымды жұмыстарды жүргізеді".

Басты интернет оператор бұрындары да инфрақұрылымды жөндеу, желілерді жаңарту, жабдықтарды жаңғырту, жүйені қайта жүктеу және басқа кең ауқымды жұмыстарды жүргізетін, бірақ ол үшін өңірді ғаламторсыз қалдырмайтын еді. Қосарлама және авариялық желілері іске қосылатын. Сондықтан сарапшылар өңірді тұтас ажыратуға әлгі жұмыстардың еш қатысы жоқтығы туралы байламға келді. Биліктің әрине, өз "күн тәртібі" бар.

"Провайдер Усть-Большерецкий округындағы "Сахалин–Камчатка" су асты талшықты-оптикалық байланыс желісінің (ТОБЖ) жағалаулық инфрақұрылымын жаңартуға ниетті. Негізгі жұмыстар 48 сағатқа созылады", – деп хабарлады өңір үкіметінің баспасөз қызметі.

Алайда жұмыстардың басталуы мен аяқталуының мерзімі теңіз айдынындағы гидрологиялық және метеорологиялық жағдайларға байланысты болатынына, яғни, ұзаққа созылуы мүмкін екеніне назар аудартылды.

"Ресейліктерді интернеттен адалау" күндері тек басты объектілер – банктер, дүкендер, шұғыл қызметтер, меммекемелер байланыста болады. Олар ресейлік спутниктік интернетке көшіріледі. Мәселен, ақшасын шешіп алғысы келетіндерге сондай мүмкіндік беріледі.

"Ірі "Шамсаны" қоса алғанда, сауда желілері интернеттің жоқтығына алдын ала дайындалады. Тұрғындардың қажетті азық-түліксіз қалмайтынын нақты айта аламын. Тіпті егер олар алдын ала қолма-қол ақша шешіп алуды ұмытып кетсе де, бұл қиындық тудырмайды", – деп сендірді Камчатка өлкесі үкіметінің өкілі Юлия Морозова.

The Moscow Times мәліметінше, сонымен Камчатка – уақытша болса да, толығымен интернетсіз қалдырылатын Ресейдің алғашқы өңіріне айналады. Жауапты құрылымдар бұл күндерді жергілікті жұртшылықтың қалай өткізгенін, наразылықтың, қиындықтардың болған-болмағанын талдайды, тиісті қорытынды жасайды.

"Ресей билігі алдымен бұл істі биылғы мамырда, Мәскеуде Жеңіс парады өткенде мобильді интернетті дүркін-дүркін ажыратудан бастады. Содан бері украиналық дрондардың ұшып келуін алға тартып, түрлі өңірде байланысты "өшіре тұруға" көшті. "На связи" жобасының дерегінше, 2025 жылғы мамырда ғана РФ-та 69 интернет-шатдаун тіркелген. Мамырда ағытулар саны бірден 10 есеге артып, 662-ге жетті. Шілдеде бұдан тағы 3,5 есеге ұлғайып, 2099 интернет-шатдаун жүзеге асырылған. Ал, өткен тамызда тарихта болмаған жаңа рекорд орнатылды: 2129!", – деп мәлім етті Москоу-таймс.

Осы қыркүйек айында РФ өңірлерін ғаламтордан айыру жалғасуда: 1-15 қыркүйек аралығында мамандар ресейлік 60-70 субъектіде күн сайын интернет шектелгенін байқапты. Кейбір өңірлерінде жаһандық желі белгілі бір сағаттарда немесе күндерде жоғалып кетеді.

Ал, Би-Би-Си хабарлауынша, Краснояр өлкесінде, Нижегород, Омбы облыстарында тұрақты мобильді интернет бір айдан бері жоқ. "На Связи" дерегінше, Волгоград, Воронеж, Краснодар қалаларында және Кострома облысында мобильді интернет толығымен "сөндірілген".

Тула облысының тұрғыны, фрилансер Марина өңірде мобильді интернет мамыр айынан бері нашарлап кеткеніне шағымданады. Тек сымды интернет қана істейді, жұрт Wi-Fi бар жерге үймелейді.

"Бұрын материалдарды жолшыбай смартфонымнан оқып, редакциялап, келісімнен өткізетінмін. Енді бұл мүмкін болмай қалды. Үйден шығып кету керек болса, барлық жұмыс чаттарына кіріп, қанша сағат желіде болмайтынымды алдын ала ескертуіме тура келеді. Үйге қайта оралғанда поштада, мессенджерлерде оқылмаған, жауап берілмеген ондаған, жүздеген хат-хабарлама жиналып қалады. Тұрғындар роутерден роутерге жүгіріп, өмір сүруде", – дейді Марина.

Интернеттің жоқтығы тұрғындар үшін өзге де қиындықтар әкелген. Мысалы, сүт, темекі, спиртті ішімдіктер, дәрі-дәрмек, кейбір киім-кешек түрлерін және таңбаланатын өзге де өнімдерді сатып алу күрделенген. Өйткені олардың акциз-маркасы жүйеде жүктелмей қалады екен.

Поштамен келген тапсырысты, сәлем-сауқатты алу ауырлаған. Тулалықтар ол үшін енді "Ресей Поштасына" жүгінеді. Пошта болса, тауар не сәлемдемені беру үшін ұялы телефоннан арнайы QR-кодты көрсетуді талап етеді. Бұл тұрғыда Маринаның жолы болыпты: ол пошта бөлімшесінен 5 минуттік жерде тұрады. Алуға арналған QR-код жүктелген соң 10 минут бойы жарамды: Марина үйіне барып, оны жүктеп алғаннан кейін дереу поштаға жүгіреді.

Бұл ажыратулардың Ресейде де уақытша қиындық, немесе әлдебір кездейсоқтық еместігі аңғарыла бастады. РФ цифрлық даму министрлігі интернет-шатдаундар кезінде ғаламторсыз-ақ қолжетімді болатын және деректер бере алатын сайттардың "Ақ тізімін" түзді.

"Коммерсантъ" газетінің жазуынша, ол тізбеге ресейлік 57 ресурс пен сервис кірді. Арасында тек ірі банктердің ұялы қосымшалары, "Яндекс" сервистері, Ozon, Wildberries маркетплейстері және ресейлік "Дзен", "ВКонтакте", "Одноклассники" төл әлеуметтік желілері бар.

Сондай-ақ интернет ажыратылған кезде "Ростелекомның", "Мегафонның", "Вымпелкомның", МТС пен Т2 (бұрынғы Tele2) сервистері, 2GIS, Gismeteo, "Ресей Поштасы", "Ресей темір жолдары", Tutu.ru, HH.ru сайттары, DNS, X5 Retail Group, "Магнит" ритейлерінің, "Аптека.ру" және "Леман ПРО" ресурстары істейді.

Бұдан бөлек, интернетсіз кіруге болатын ресурстар қатарына ресейлік Rutube видеосервисі, "Кинопоиск" пен "Иви" кинотеатрлары, Pikabu, Макс, көңіл көтеру ресурстары енді.

Жаңалықтардан қалыс қалғысы келмейтіндерге ақпаратты тек "РИА Новости", "Лента.ру", "Комсомольская правда" және РБК сияқты кремлшіл ақпарат құралдарынан ғана алуға тура келеді. "Госуслуги" мемлекеттік қызметтер порталы, Үкіметтің, Кремлдің, Бас прокуратураның, федералдық салық қызметінің сайттары, қашықтан электронды дауыс беру ресурсы да ашылатын болады.

Алайда РФ цифрлық даму министрлігі "Ақ тізімдегілердің" "қара тізімнен" бір-ақ шықпайтынына кепілдік берілмейтінін, оған кірген сайттар тез шығып та қалуы мүмкін екенін ескертті. Мысалы, онлайн кинотеатр Ресейде тыйым салынған фильмді немесе телебағдарламаны көрсетсе, құзырлы органдардың қырына ілігеді.

Ресейлік мамандандырылған CNews порталы да "ақ тізімнің" тұрақсыз екенін, сондықтан ресейліктерге рұқсат етілген сайттардың тізімін жаттап, бой үйретпеуіне болатынын, өзгерістер апта сайын жүргізілетінін ескертті.

"Сайттардың Ресейдегі "Ақ тізімі" апта сайынғы негізде ауысып тұрады. Басты өлшемшарт – қандай да бір ресурстың РФ тұрғындары арасындағы танымалдылығы немесе танымал еместігі. Тізім жаңа сайттармен толығуы, ал, бұрынғылары керісінше, одан шығарып тасталуы мүмкін", – деді РФ цифрлық даму министрі Максут Шадаев.

"Интернетке тұрақты және еркін қосылусыз Ресейде смартфондар батырмалы "көне" телефондармен теңесті. Шын қажетті сервистерді мобильді интернет көмегімен пайдалану мүмкіндігінен айрылған ресейліктер басқа жолды іздей бастады. Нәтижесінде, Ресейде үйіне және жұмыс орнына сымды интернет тартуға тапсырыс бергендер саны күрт өсті. Салдарынан, провейдерлердің тапсырысты орындауын күту уақыты енді бірнеше күнге емес, апталарға созылады", – деп хабарлады CNews.ru.

Бағасы да шарықтап кеткен. Мысалы, енді сымды интернетті қосқызу үшін 80-100 мың рубль (шамамен 700 мың теңгедей) талап етіледі. Спутниктік интернетті қосу одан да қымбат. Сонымен қатар, жауапты органдар мобильді интернетті бұғаттағанда, провайдерлердің сымды интернеттің жылдамдығын да минимумге дейін құлату қаупі бар.

"На связи" сарапшылары РФ билігі интернеттен жаппай ағытудың себебі ретінде "қауіпсіздікті қамтамасыз етуді", "ұшқышсыз ұшатын аппараттардан төнген қатерді", "күшейтілген қолдау режимін" атағанына нұсқады.

"Федералдық заңнамада мұндай негіздер қарастырылмаған. Заң тек ТЖ енгізілгенде, мемлекеттегі жағдай күрт нашарлағанда, төтенше оқиға мемлекеттік режимі іске қосылғанда ғана интернетті шектеуге рұқсат етеді. Бірақ бұлардың бірде бірі ресми түрде жарияланған жоқ. Әрі қарай не болады? Билік қолма-қол ақшадан қор жасап, байланыстың ұзақ мерзімге жоғалуына дайындалу керектігін ескертті. Сондай-ақ, алаңдамауға және интернетті ағытуды "цифрлық детокс" ретінде қабылдауға шақырды", – деп мәлім етті "На связи" жобасы.

Осы орайда Мемдума бүкіл Ресейді тұрақты түрде сенбі-жексенбіде интернеттен жаппай ажыратып тастау бастамасын көтерді. Идея авторы – Мемдума депутаты Николай Арефьевтің түсіндіруінше, бұл халықтың денсаулығын сақтауға және азаматтар арасындағы лудомандар, ойынқұмарлар санын азайтуға көмектеседі.

"Ресейліктер үшін белгілі бір мерзімге, ең кемі демалыс күндерінде, дұрысы – бір айдың тұтас бір аптасында интернетті қолжетімсіз ету қажет. РФ тұрғындары желідегі уақытының шамамен 70%-ын зиянды пайдаланады: адамдар сағаттар бойы онлайнда отырады, көру қабілетін нашарлатады, жүйкесін құртады. Құмар ойындарға тәуелділікке түсіп қалады", – деді депутат Арефьев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу