Өзбекстанның Министрлер кабинеті тиісті қаулы шығарды. Оған сәйкес, әзербайжандық бай Эмин Агаларовтың компаниясына аталған мега-жобасын жүзеге асыруға қазірден кірісуіне енді жол ашық.
Өзбекстан бұл туристік қаланы тұрғызу үшін Agalarov Development компаниясымен арада "Sea Breeze Uzbekistan" бірлескен кәсіпорнын құрған болатын. Қаулы осы ұйымға 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеумен бір мезгілде құрылыс-монтаждау жұмыстарын қатар жүргізуге рұқсат етті.
Осы арқылы ӨР Үкіметі жалпы құны 5-тен 10 миллиард долларға баратын Өзбекстанның, тіпті бүкіл Орталық Азияның тарихындағы ең ірі туристік инвестжобаның іске асырылуын жеделдетуге нық қадам жасады. Сондықтан мемлекет әзербайжандық инвесторға бұрын ешқашан болмаған өкілеттік беріп, теңдессіз жағдай жасап отыр.
Министрлер кабинеті Ташкент облысының әкімдігіне (хокимият), Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігіне және "Шарбақ" туристік-рекреациялық аймағы дирекциясына сергелдеңге салмай, 2 ай ішінде инвестормен барлық қажетті келісімді бекітуді жүктеді.
Қазіргі кезде курорт-қалаға Бостандық ауданында 577 гектар жер бөлініп отыр, бұл 13 Ватикан мемлекеті сиып кететін аумақ. "Sea Breeze Uzbekistan" БК бұл жерді басымдықты түрде ұзарту құқығымен 25 жылға тікелей арендаға алады.
Келісім аясында инвестор ешкімде болмаған құқықтарды иеленеді: ол мысалы, жаңа шаһардың Бас жоспарын өз бетінше дайындайды, салалық бағдарламаларын өзі бекітеді, тіпті курорт территориясындағы коммуналдық қызметтердің тарифтерін де өз қалауынша белгілейді. Бірақ бұл істе ӨР Министрлер кабинетінің келісімін алуы қажет.
Сондай-ақ, компания өзіне берілген жер телімдерін өз білгенінше ұсақ лоттарға бөліп, үшінші тұлғаларға, мысалы, өзге инвесторларға субарендаға бере алады.
Қаулыда экологиялық кепілдіктерге жеке мән берілген. Онда қатаң тәртіп бар: Шарбақ су қоймасына және Шыршық (Чирчик) өзеніне курорт-қаланың ағын-суларын, кәріз суларын, қалдықтарын ағызуға толық тыйым салынды. Осы және басқа лас судың бәрі Шыршық қаласындағы тазалау құрылғыларына бағытталады. Құжатта қадап көрсетілгендей, егер инвестор осы талапты сақтамаса, онда бұл жобаны шұғыл тоқтатуға және жерді арендаға беру құқығын доғаруға негіз болады.
Экологиялық және қала салу нормаларының сақталуын бақылау ӨР Бас прокуратурасына жүктелді. Барлық маусымда ашық болатын "Теңіз самалы" курортын салу үшін қазіргі иелерінен жерді сатып алу мақсатында арнайы компенсациялық қор құрылып, барлық дау-шарлар соның есебінен реттеледі.
Бұған қоса, әзербайжандық инвестор Шарбақ су қоймасы орналасқан Ташкент облысының жергілікті бюджетіне 5 миллион доллар (шамамен 2,8 млрд теңгедей) жәрдем қаржы аударады. Өйткені алып қойылатын жерлерде мал бағып, егін өсіріп, бау-бақша салатын фермерлер жергілікті бюджетке түрлі алым-салық төлеп, толтыратын.
Енді облыстың Бостандық ауданының әкімдігіне сол жер телімдерінің бәріне құқықты тоқтату рәсімін өткізіп, оның бәрін бос жерлер ретінде есепке қою және кейіннен "Sea Breeze Uzbekistan" бірлескен кәсіпорнына жалға беру тапсырылды.
Құжаттары дайын емес жоба құрылысының басталуына рұқсат етуге қатысты ӨР экология министрлігі түсініктеме берді. Ведомство Sea Breeze жобасын жүзеге асыру барысында экологиялық нормалардың және қоршаған ортаны қорғау заңнамасындағы талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстауға уәде етті.
Сондай-ақ, ауаны ластауға, табиғи ресурстарды ұтымсыз пайдалануға, адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруге соқтыруы мүмкін факторларды әшкерелеумен айналысатынын нықтады.
ӨР бас прокуратурасы да мәлімдеме жасады: ол жобаға қадағалау жүргізуге кіріскенін және оның заңнамаға сәйкестігін тексеріп жатқанын жеткізді. Бұзушылықтар табылса, қатаң шаралар қабылдауға дайын.
Бұл ретте өзбектің "Nova24" порталы Чарвак жағалауында құрылысы басталған Sea Breeze Uzbekistan жобасы әлі күнге экологиялық сараптамадан өтпегенін және қоғамдық тыңдауда жұртшылықтың қолдауын алмағанын еске салды.
Оның үстіне ӨР экология министрі Азиз Абдухакимов жобаның ресми құжаттары министрлікке түспегенін мәлімдеді. Егер түсіп жатса, қоғамдық талқылауға шығаруға ниетті.
Жағдайға байланысты Ташкент облыстық әкімдігі (Toshkent viloyati hokimligi) де ресми түсініктеме берді. Оның мәлімдемесі қоғамдық қызу пікірталас туғызды, себебі, "өңір туристерге шектен тыс толды, сондықтан... жаңа туристерді молынан тарту қажет" дегенге сайды. Жоба арқасында шетелдік туристердің санын қазіргі 300 мыңнан болашақта 5 миллионға дейін, яғни, 16 еседей (!) көбейту көзделген.
"Бостанлық ауданы Өзбекстандағы ең әлеуетті туристік аймақтардың бірі. 2024 жылы ауданға 12 миллионнан астам турист келсе, оның 300 мыңға жуығы шетелдіктер болды. Бұл көрсеткіш облыстың қазіргі қабылдау мүмкіндігінен 4 есе көп! Туристер ағынының артуы және жұмыс істеп тұрған қонақүйлер мен демалыс орындарының жоқтығы бірқатар қолайсыздық туғызуда", – деді әкімдік.
Ал, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ауданға 230 мың шетелдік турист келіпті. Яғни, былтырғыдан екі еседей артқалы тұр. Өткен жылы аудан туризмнен 325 миллион доллар (179 миллиард теңгедей) табыс тапқан екен. Жергілікті билік ол кіріс те артады деген үмітте.
"Туризмді дамыту арқылы табысты ұлғайту Ташкент облысының өсу нүктелерінің бірі. Осыған орай "Sea Breeze" курорттық кешені жобасы аясында Шарбақ су қоймасының жағасындағы 577 гектар аумақта және оған жапсарлас орналасқан 3 мың гектар аумақта ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Ол аумақта демалыс орындары, бассейндер, спорт алаңдары, сауда, қызмет көрсету орталықтары және басқасы бой көтереді. Халықаралық фестивальдер, концерттер мен конференциялар өткізуге арналған кешендер, екі жағалауды байланыстыратын үлкен көпір салынады", – деп мәлім етті облыс әкімдігі.
Оның дерегінше, жобаны іске асыру нәтижесінде 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, туризм экспорты жарты миллиард доллардан асады, өңірге келетін шетелдік туристер ағыны жылына 5 миллион адамға дейін жетеді деп күтілуде.
"Жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңі экология, құрылыс, кадастр және санитария салаларындағы құрылымдардың жүйелі бақылауында болады. Жер телімдерін беру мен қайта ресімдеудің барлық процесі экологиялық талаптарға сай және ашық мониторинг жағдайында бақыланады. Жерді пайдалану құқығы бар азаматтың бәріне Министрлер кабинетi белгiлеген тәртiппен өтемақы төленедi", – делінген Ташкент облысы әкімдігінің мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі бұл саладағы заң бұзушылықтарға, табиғатқа нұқсан келтіруге немесе қоғам мүддесіне қайшы келетін әрекеттерге қатаң шара қолдануға міндеттенді.
"Ташкент облысының билігі туристердің алапат ағынын өңірдің еңсере алмай жатқанын мәлімдеді. Сондықтан алып Sea Breeze курортын құрып, бұдан да көп турист тартуға шешім қабылданған. Былтыр облыстың турист сиымдылығынан 4 есе көп саяхатшы келген. Демалушылардың шамадан асып кетуі проблемасымен күресу үшін... қазіргіден бірнеше есе көп турист тартуға ұйғарылды. Логика тоқырағанға ұқсайды. Инфрақұрылымның тапшылығы туындаған жағдайда шенеуніктер ауданға түсетін жүктемені азайту орнына туристерді миллиондап көбейткісі келеді", – деп жазды Vaib.uz порталы.
Портал сарапшылардың астаналық өңірге іргелес жатқан облыстарда басқа туристік локацияларды қарқынды дамытуды, сол арқылы ауыртпалықты ауыстыруды ұсынғанына назар аудартты.
Әлеужеліде айтыс өрттей қаулаған соң, ӨР Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі Sea Breeze Uzbekistan курортының құрылысына қатысты өткір сұрақтарға жауап беруге ұйғарды. Өзекті сұрақтардың бірі: "Неге осынша алып жобаны, қала салу ісін бірнеше инвесторға бөліп бермей, бір инвесторға ұстата салды?"
"Бірыңғай салушы – тәртіптің кілті. Бұл бірыңғай архитектураны, кешенді көлік жүйесін, орталықтандырылған абаттандыру мен жасылдандыруды, нақты жауапкершілікті білдіреді. Бірнеше девелопер болса, кейбірі ісіне салғырт қарап, заң бұзып, хаос орнауы, мега-жоба дағдаруы, бақылау қиындауы әрі күрделенуі мүмкін", – деді министрлік шенеуніктері.
"Жоба толығымен жекеменшік. Инвестор барлық тәуекелді өз мойнына алады, кредиттерді өз бетінше тартып, өзі қаржыландырады. Мемлекеттік бюджет қатыспайды. Тиісінше, мемлекет қарызы өспейді. Сонымен бірге, мемлекет бәрібір процесті – экологиялық нормалардың сақталуын да, қаржы жұмсаудың мөлдірлігін де бақылауға алады", – деп сендірді министрлік.
Неге осы ауқымды жердің жалпы арендалық төлемі тым аз – небәрі 17 млрд сум (шамамен 731 млн теңге)? Шенеуніктердің түсіндіруінше, төмен ставка инвестицияларды ынталандыру үшін қажет. Есесіне, инвестор инфрақұрылымдық алым ретінде мемлекетке 240 млн доллар (шамамен 132 млрд теңге) аударады. Бұл сома ол жердің нарықтық құнынан артық. Осы ақша кәріз жүйесін, жолдарды, көпірді, тазарту құрылғыларын салуға бағытталады.
Өз кезегінде өзбек экономисті Отабек Бакиров Шарбақтағы Sea Breeze Uzbekistan жобасы айналасындағы даулар негізінен экологиялық мәселелер айналасында өрбіп жатқанын, ал, экономикалық және қаржылық қыры қараусыз қалғанын қаперге салды.
Ол премиальды курорт кепілімен алынатын мол қарыз, жобалық-сметалық құжаттаманың жоқтығынан құрылыстың қымбаттауы, аяқталмаған проблемалы объектілердің пайда болуы және басқа да түйткілді мәселелер, экономикалық және қаржылық тәуекелдер түптің түбінде инвесторға емес, Өзбекстанға артылуы мүмкін екенін ескертті.
Қалай болғанда, өзбек сарапшылары мен ақпарат құралдары мега-жоба айналасында сұрақтар көп екенін нұсқады. Оның бәріне жауап беру, қоғаммен ашық диалог жүргізу, қоршаған ортаға мықты қорған болу, жобаның нысандарын уақытында іске қосу – халықтың алаң көңіліне басу болып, сабыр мен сенім үстемдігін нығайтары сөзсіз.