Көрші ел тосыннан бір мәселеде Ресейден "алшақтай" түсті

511

Бір үрейлі жайт тікелей Президенттің бақылауында екенін мәлім болды.

Көрші ел тосыннан бір мәселеде Ресейден "алшақтай" түсті Фото: canva

Оңтүстік көршімізде ресейлік "Эконом" компаниясының және украиналық "Новатор" компаниясының шығарған су есептегіштерін сатуға да, орнатуға да қатаң тыйым салынды. Бұл туралы елдегі ауызсу мен канализация объектілерін мемлекеттік реттеуге, басқаруға және пайдалануға жауапты "Узсувтаъминот" мемкомпаниясы жария етті.

Оның түсіндіруінше, ресейлік және украиналық аспаптар өзбектің жаңа сапа стандарттарына сәйкес бағалаудан – сынақтан өте алмады.

Spot.uz жазуынша, "Эко Ном" аспаптарының бұрынғы аккредитациясы 2020 жылғы 10 шілдеде, ал, "Эко Ном СВ" аспаптарынікі – 2024 жылғы 29 қарашада күшін жойған. "Novator LK" есептегіштеріне 2018 жылы берілген ескі сертификаттың қолданыс мерзімі 2023 жылғы 30 тамызда тәмамдалыпты.

Ташкенттің техникалық реттеу инспекциясының тексеруі көрсеткендей, сөз болып отырған су есептегіштер қолданыстағы UzMSt ISO 4064−1:2024 ұлттық стандарттарының талаптарына сәйкес сынақтан өте алмады. Нәтижесінде, бұл аспаптар ағымдағы жоғары сапа стандарттарына сәйкес келмейді және пайдалануға жарамсыз деп танылды.

Дегенмен, мемлекет бұған дейін орнатылып қойылған осы маркалардағы су өлшеуші құрылғылардың пайдалану мерзімі (жалпы алғанда шамамен 5 жыл) аяқталғанға дейін қолдануға рұқсат етті.

"Егер бұған дейін орнатылып қойған және пломбасы салынған болса, онда абоненттер осы аталған типтердегі су өлшегіштерді ауыстыруға міндетті емес. Мұндай жағдайда айыппұлдар және қосымша есептеулер қолданылмайды", – деп түсіндірді "Узсувтаъминот".

Бұдан бұрын Gazeta.uz хабарлағандай, Өзбекстанда әсіресе, фермерлік шаруашылықтар шығындайтын судың нақты есебі әлі күнге жүргізілмейді. Бұл жайт ел Президентінің өзін қатты алаңдататыны белгілі болды: Шавкат Мирзиёев елдегі су пайдаланудың барлық кезеңдерін толығымен цифрландыруды тапсырды.

ӨР Мемлекет басшысының баспасөз қызметі мәлімдегендей, "Озбеккосмос" агенттігінің көмегімен енді ауыл және су шаруашылығында қордаланған проблемаларды, сондай-ақ салалардағы қазіргі шынайы жай-күйді азроғарыш технологиялары көмегімен объективті анықтаудың мүмкіндігі пайда болды.

Соңғы 2 жыл ішінде 4 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабына ғарыштық мониторинг жүзеге асырылған. Климаттық өзгерістер мен барған сайын артқан су тапшылығы жағдайында диқандардың қуаңшылыққа төзімді жаңа сорттар мен агротехнологияларға, соның ішінде тамшылатып суаруға көшкені анықталды.

Алайда суару кезінде қолданылатын су тұтыну нормалары ескірген және уақыт талабына сәйкес келмейді. Оның үстіне гидромодульді аудандастыру әдістемесі көнерген, соның салдарынан каналдардың төменгі жағындағы 3 мыңнан аса фермер жазда сусыз қала бастады.

Сондықтан Шавкат Мирзиёев ауыл және су шаруашылығындағы ғылыми институттарды жұмылдырып, гидромодульді аудандастырудың жүйесі мен суару нормаларын толығымен қайта қарауды жүктеді.

Өзбек ақпарат құралдары 2021-2022 жылдары Өзбекстанның бюджетінен су шаруашылығына 2 миллиард доллардай астатөк ақша жұмсалғанын еске салды. Соған қарамастан, 2023 жылы су жоғалтуға қатысты жағдай және сорғылардың жай-күйі нашарлап кетті.

Бертінде салаға тағы 1,7 триллион сум мен 300 млн доллар кредит бөлу жоспарлануда. Алайда сарапшылардың байламынша, көп жерде су есептегіші жоқ кезде мұнша қаражаттың шығындалуының тиімділігі болмауы мүмкін.

Айта кеткен жөн, бір салада өзбек ағайындар Қазақстанды артқа тастады. Елімізде уәкілетті органдар депутаттарға республика бойынша нақты қанша құдық пен суұңғы (скважина) барын айта алмады. Бұл құрылғылардың есебін жүргізу туралы талап тіпті 2025 жылғы маусымда күшіне енген қазақстандық жаңа Су кодексінде жоқ.

Бұл құжатта елді мекендердегі жер бетінен бірінші су тұтқыш белдеудегі шахта құдықтарынан, құбырлы сүзгіш құдықтардан, шегендеу құрылысжайларынан (қарапайым құдықтардан) су ресурстарын алу "арнаулы су пайдалану" ретінде есепке алынбайтыны жазылған.

Ал, Өзбекстанда 2025 жылғы 30 қарашадан бастап барлық жерасты суұңғыларынан, соның ішінде құдықтан алынатын суға міндетті есеп енгізіледі. Оларға орнатылатын су есептегіштерді тіркеуге өтінішті онлайн беруге болады.

Осылайша, оңтүстік көршіде биылғы 30 қарашадан бастап, есептегіш аспабы жоқ жерасты суын тұтынуға арналған ұңғымаларды және басқа құрылысжайларын пайдалануға тыйым салынады. Бір ғана жеңілдік бар: егер отбасы жеке және шаруашылық мақсаттарында тәулігіне 5 текше метрге дейін ғана су алса, есептегіш орнатпауына рұқсат.

Осы орайда су ресурстарын басқаруды автоматтандыру кезінде ішкі нарықты отандық құрылғылармен қамтамасыз ету, сол арқылы аталған аспаптардың шетелдік жеткізілімдеріне тәуелді болмау мақсатында Өзбекстан қытайлық Inspur Smart Industry Group компаниясымен бірге Ферғанада "ақылды" су есептегіштерінің өндірісін қолға алып жатыр.

Қытай тарапы интеллектуалды су өлшеуші жаңа аспап моделін әзірлеп ұсынды және оны тек Өзбекстанда ғана емес, сондай-ақ көрші елдерде, соның ішінде Қазақстанда да енгізуден дәмелі.

Компанияның мәліметінше, жаңа есептегіш 4G желісі арқылы қашықтан басқарылады және егер абоненттің қарызы туындаса, оған су беруді автоматты түрде бұғаттап тастайды. Су шығыны сумен қамтудың биллингтік жүйесінде көрініс табады, тиісінше, әрбір үй мен шаруашылық тәулігіне қанша су жұмсағанын онлайн бақылап отыра алады.

Бұған қоса, биылғы шілде айында мемлекеттік "Тошкент шахар сув таъминоти" кәсіпорны ел астанасында австриялық Diehl Metering компаниясы дайындаған "ақылды" су есептегіштерді жаппай орната бастады. Бұл аспаптарды және газ есептегіштерін ташкенттік "Технопаркте" өзбектің AKFA BUILD компаниясы еуропалық Diehl Metering-пен бірге өндіріп жатыр.

Osten және Diehl брендтеріндегі бұл құрылғылар су тұтыну көлемі және су қысымы туралы деректерді қашықтан беретін радиомодульмен жабдықталған. Ол сондай-ақ аспапта туындаған ақау немесе оның жұмысына заңсыз қол сұғу (мысалы, аз төлеу үшін сандарын кері айналту талабы) жайында да коммуналдық кәсіпорынды хабардар етеді.

Кәсіпорын 5 жыл ішінде Ташкентте 670 мың үйге жаңа "ақылды" су есептегіштерді орнатып шығуды жоспарлап отыр. Билік мұндай қатаң шараларға амалсыз барып отырғанын мәлім етті.

Өйткені бүгінде Өзбекстан су дағдарысының туындау мүмкіндігі жоғары елдердің жаһандық "отыздығына" кіреді: әлемдегі 164 мемлекет ішінде 25-ші орында тұр.

"Озбеккосмос" агенттігі мамандарының түсіндіруінше, 2030 жылға қарай республикада тұщы судың тапшылығы 7 миллиард текше метрге жетеді. 2050 жылға қарай су тапшылығының көлемі екі еселенуі ықтимал.

Климаттық және антропогендік өзгерістер салдарынан соңғы 50 жылда өзбекстандық басты су қайнарлары – Сырдария мен Әмудария өз көлемінің 20%-ынан айрылыпты.

Бұл қазірден құмды дауылдар мен борандарға, қуаңшылыққа ықпал етіп, су дефициті мәселесін одан сайын ушықтыруда. Сарапшылардың пікірінше, коммуналдық төлемдердің өсуі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің азаюы, астықтың аз шығуы, азық-түлік тауарларының қатты қымбаттауы, түрлі індеттердің таралу қаупі – су тапшылығының таяу жылдардағы алғашқы нышандарына айналуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу