Көрші ел зейнетақыларды "сата" бастады

1303

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бір ғана зейнетақы балын сатып алу қарттарға 65 600 рубльге түседі. Бұл – 433 мың теңгеге тең.

Көрші ел зейнетақыларды "сата" бастады Фото: canva

Ресейде зейнеткерлікке шығу үшін ел тұрғындары "жеке зейнетақы коэффициенттерін" (ЖЗК), яғни қарапайым тілмен айтқанда, балл жинауға тиіс. Егер 2026 жылы 64 жасқа жеткен ер адам немесе 59 жастағы әйел 30 балл жинап үлгермесе, зейнет жасына жеткеніне қарамастан, оларға зейнетақы тағайындалмайды.

Оның үстіне, 2026 жылы жасына байланысты сақтандыру зейнетақысын алу үшін кемінде 15 жылдық еңбек өтілі болуы шарт. Бұдан бөлек, РФ-та 2028 жылдан бастап ерлер үшін зейнетке шығу жасы 65-ке, әйелдер үшін 60 жасқа дейін ұлғаятын болды.

Қажетті балл жинай алмағандарға немесе еңбек өтілі жетпегендерге мөлшері тым мардымсыз "әлеуметтік зейнетақы" ғана тағайындалады (оның 2026 жылғы сомасы – 9 424 рубль, яғни 62,1 мың теңге). Оның өзі әйелдерге тек 65 жастан, ал ерлерге 70 жастан бастап беріледі.

Осы тұста мемлекет қарияларына "мейірімділік" танытқандай болды. Бірақ онысы тағы да "бай байға құяды" дегенге көбірек келеді. Өйткені Үкімет 1 балды жарты миллион теңгеге барабар сомаға сатуда.

Сонымен, қарт ресейліктер РФ Әлеуметтік қорымен келісімшарт жасасу арқылы жетіспейтін баллдарды одан сатып ала алады. Бұл ретте зейнетақы балдарының бағасы биыл тағы қымбаттады. Бұл туралы РФ Қоғамдық палатасының заң жобалары және өзге нормативтік актілерге қоғамдық сараптама жасау жөніндегі комиссия мүшесі Евгений Машаров мәлімдеді.

Оның дерегінше, бір зейнетақы балының құны биыл 65,6 мың рубльге дейін өскен.

"Қарттық бойынша сақтандыру зейнетақысы тағайындалуы үшін қажетті еңбек өтілі мен зейнетақы балдары жетпейтін Ресей азаматтары оны сатып ала алады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бір зейнетақы балының құны 65 600 рубльді құрайды", – деді Машаров ТАСС агенттігіне сұхбатында.

Қоғамдық палата мүшесі қарттық бойынша сақтандыру зейнетақысына шығу үшін азаматтардың кемінде 30 зейнетақы балы және 15 жылдан кем емес сақтандыру еңбек өтілі болуы тиіс екенін еске салды.

"Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардан басқа азаматтар үшін шектеу енгізілді: тек еңбек өтілінің жартысынан аспайтын көлемді, яғни 7,5 жылдан артық емес мерзімді сатып алынған балл арқылы толтыруға болады. 2026 жылы ең әрі дегенде 8,7 зейнетақы балын сатып алуға рұқсат етіледі", – деді сарапшы.

Бұл үшін қарттардың әрқайсысы Ресейдің Әлеуметтік қорына 570 720 рубль немесе шамамен 3,8 миллион теңге төлеуге тиіс.

Gazeta.ru жазуынша, сақтандыру зейнетақысы – РФ-тағы ең кең таралған зейнетақы түрі. Ол қарттық жасына, мүгедектікке немесе асыраушысынан айырылуына байланысты тағайындалады. Оның мөлшері екі шамадан – бекітілген төлемнен (фиксированная выплата) және жинақталған зейнетақы балдарынан (ЖЗК-дан) құралады.

Балл саны азаматтың еңбек өтілі мен жалақы көлеміне байланысты, ал ЖЗК-ның ақырғы құнын мемлекет айқындайды. Жеке зейнетақы коэффициенттерінің саны міндетті зейнетақы сақтандыру жүйесіне аударылған сақтандыру жарналарына және сақтандыру еңбек өтілінің ұзақтығына тәуелді.

Зейнеткерлікке шыққанға дейін бір адам бір жыл ішінде ең көп дегенде 10 ЖЗК ғана жинай алады. Жұмыс істеуін ары қарай жалғастырған зейнеткерлерге де балл есептеледі, бірақ мөлшері аз – жылына 3 балдан артық емес.

"Биыл зейнетақыны есептеу кезіндегі әрбір балдың төлемі 156,76 рубльді, ал бекітілген төлемнің мөлшері 9,6 мың рубльді құрады. Ендеше ең төменгі сақтандыру зейнетақысының 2026 жылғы мөлшері – 14 287 рубль болып отыр. Еңбек өтілі жоқ немесе ол жеткіліксіз азаматтарға әлеуметтік зейнетақы ғана тағайындалады. Ол қарттық бойынша сақтандыру зейнетақысынан әлдеқайда төмен әрі көп жыл кеш беріледі. Мысалы, ер адам 64 жасқа жеткенде зейнеткерлікке шыға алады, бірақ балы мен стажы жетпесе, тек 70 жаста ғана әлеуметтік зейнетақы ала алады", – деп түсіндірді ТАСС.

2026 жылғы 10 қаңтарда Мемдуманың бюджет және салықтар комитеті төрағасының орынбасары Каплан Панеш мәлімдегендей, РФ-та қарттық бойынша сақтандыру зейнетақысының орташа мөлшері биыл айына 27 мың рубльге (шамамен 178 мың теңге) әрең жетті.

Ресейде 2026 жылы зейнеткерлікке 1967 жылы туған әйелдер және 1962 жылы туған ерлер шыға бастайды.

"Госуслуги" мемпорталының дерегінше, ЖЗК (балдар) – болашақ зейнетақының мөлшерін анықтайтын шешуші көрсеткіш. Балл азаматтың әрбір жұмыс істеген жылы үшін немесе зейнетақыны есептеуде негізге алынуы мүмкін өзге де қызметі үшін есептеледі. Жалақысы неғұрлым жоғары болса, есептелетін ЖЗК соғұрлым көп болады.

Зейнетақы тағайындағанда барлық жиналған балдар қоса есептеледі. Қарттық бойынша сақтандыру зейнетақысы тек қажетті мөлшерде ЖЗК (30 балл) жиналған жағдайда ғана тағайындалады. Бұл ретте көрші елде зейнетақы реформасы жалғасуда, тиісінше шарттар да өзгеріп жатыр.

РФ-та ерлер мен әйелдердің қарттық бойынша сақтандыру зейнетақысына шығу жасы:

  • 2022 жылы – ерлерге 61 жас 6 ай, әйелдерге 56 жас 6 ай;

  • 2024 жылы – тиісінше 63 жас және 58 жас;

  • 2026 жылдан бастап – 64 жас және 59 жас;

  • 2028 жылдан әрі қарай – 65 және 60 жас.

Жиналуға тиіс сақтандыру еңбек өтілі:

  • 2022 жылы – 13 жыл;

  • 2024 жылдан бері – 15 жыл.

Жеке зейнетақы коэффициенттері:

  • 2024 жылы – 28,2;

  • 2025 жылдан бастап – 30 балл.

Ерлер мен әйелдердің әлеуметтік зейнетақыға шығу жасы:

  • 2022 жылы – ерлерге 66 жас 6 ай, әйелдерге 61 жас 6 ай;

  • 2024 жылы – тиісінше 68 жас және 63 жас;

  • 2026 жылдан бастап – 69 жас және 64 жас;

  • 2028 жылдан әрі қарай – 70 және 65 жас.

Өз кезегінде, Ресей Парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация кеңесі қартайғанда ең жоғары зейнетақыны – 67 585 рубльді (шамамен 446 мың теңге) алу үшін адам қандай жалақы алуы керектігін есептеді.

Рецепті "қарапайым" көрінеді: осы максималды зейнетақыдан үміттену үшін ресейлік бүкіл еңбек ғұмыры бойы ай сайын 248 мың рубльден (1,6 млн теңгеден) жоғары жалақы алып отыруы тиіс.

Неге көрші елде зейнетақы бойынша асқар шың 67,5 мың рубль ғана? Сарапшылардың түсіндіруінше, оны қатты шектейтін басты фактор – азаматтың жұмыс істейтін әрбір жылына есептелетін зейнетақы балдарының мөлшерінің шектелуі.

Салдарынан, мысалы, азамат өмір бойы миллиондаған рубль жалақы алса да, оған әрбір жұмыс жылы үшін ең көп дегенде 10 коэффициент қана жазылады. 37 жыл еңбек етсе, аталған 67,5 мың рубль сома қалыптасады.

Сондықтан мамандар жоғары жалақы алған ресейліктердің өзі қартайған шақта тауқыметке тап болуы мүмкін екенін ескертті. Ресейде "жоғалған табысты алмастыру коэффициенті" небәрі 25% шамасында ғана.

Басқаша айтқанда, азамат зейнеткерлікке шыққанда бұрын алып келген жалақысының төрттен бір бөлігінен аспайтын зейнетақыны қанағат тұтуына тура келеді. Бұл Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) ұсынған 40%-дан екі есеге жуық төмен.

Салыстырсақ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда жоғалған табысты зейнетақымен алмастыру коэффициенті 44,2%-ға жеткенін мәлімдеген. Алайда кейінгі жылдары зейнетке шығатындар үшін бұл көрсеткіш 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің профессоры Александр Сафонов қартайғанда мемлекеттің қайыршыға тастаған садақадай тиын-тебеніне қарап қалмау үшін жас кезден қарттықты ойлап, жинақ жинауға кеңес берді.

Оның түсіндіруінше, жоғары жалақы – бұл салық салынғанға дейінгі есептелген сома. Одан өзге алым-салықтардан бөлек, "салтанат салығы" да ұсталады.

"Мысалы, 250 мың рубльден жоғары жалақы алса, одан 15% мөлшерінде НДФЛ – жеке табыс салығы ұсталады. Бұдан бөлек, жалақы әдетте отбасыны асырауға жұмсалып кетеді де, қомақты қаржылық қор жинауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан мүмкіндігінше кәрілікке алдын ала дайындалу қажет", – деді сарапшы.

Кейбір бағалауларға сәйкес, 2026 жылы Ресейде ай сайынғы табысы 248 мың рубльден асатын жұмысшылардың үлесі барлық жұмыскерлердің шамамен 9,2%-ын ғана құрайды. Ал елдегі сақтандыру зейнетақысының орташа мөлшері, жоғарыда айтылғандай, небәрі 27 мың рубль.

Профессордың айтуынша, Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымын орындап, зейнетақыны жалақы деңгейіне жақындату үшін: біріншіден, сақтандыру жарналары бойынша бірқатар жеңілдіктерді алып тастау;
екіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жүйеге қосу; үшіншіден, төлемдерді инфляцияға емес, орташа жалақының өсуіне қарай индекстеу қажет.

Алайда бүгінде РФ үкіметінің зейнетақыны едәуір көтеруге де, ХЕҰ ұсынымдарына бет бұруға да шамасы жетпей отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу