Көрші ел тарихында болмаған жаңа тұйыққа тірелді

613

Ресей экономикасы стагнация кезеңіне кірді. ​

Көрші ел тарихында болмаған жаңа тұйыққа тірелді Фото: canva

Бұл туралы алғаш болып, РФ-тегі жүйе құраушы банктің – Сбербанктің басшысы, белгілі қаржыгер Герман Греф жариялады.

Оның байламынша, ресейлік экономика қазірден "техникалық стагнация" сатысында тұр. Солтүстік көршіде сарапшылар "дағдарыс" деген сөзді қолданбай, оны "салқындау" (охлаждение) деген бейтарап сөзбен ауыстырады.

"Ресей экономикасының салқындауы жалғасуда. Біз мұны өсімін жоғалта бастаған ЖІӨ-ден байқап отырмыз. 2025 жылдың ІІ-тоқсанында Ресейде іс жүзінде техникалық стагнация басталды деп қарастыра беруімізге болады. Шілде және тамыз айлары РФ-тің "нөлдік белгіге" жақындап келе жатқанының айқын симптом-нышандарын паш етті", – деді Греф Владивостокта ұйымдастырылған, бүгін аяқталған Шығыс экономикалық форумындағы сөзінде.

Ол осы орайда РФ орталық банкінің шешуші ставканы (бізше – базалық ставка) төмендетуін қоштады. Өйткені бұл бизнес пен халыққа берілетін несиенің арзандауына ықпал етеді, ал, кредит неғұрлым көп алынса, экономикаға да жан кіреді деп есептеледі.

Алайда банкирдің мәлімдеуінше, ар жағында рецессия қаупі төніп тұр.

"Біздің банктің ішінде пайдаланылатын бағалауларымыз бойынша жыл соңына қарай ставка шамамен 14%-ға дейін түседі. Экономика қайта жандануы үшін бұл жеткілікті ме? Жоқ! Біздің байламымызша, жеткіліксіз. Себебі елде инфляция өсіп барады. Ағымдағы инфляция деңгейінің өзінде ставка 12% және одан төмен болуы керек еді. Тек сонда ғана экономиканың "тірілуінен" үміттенуге болатын еді", – деп үрейлі болжам жасады Герман Греф.

Бүгінде, қыркүйектің басында РФ-тағы шешуші ставка 18%-ды құрайды. Орталық банк оны 12 пайызға дейін күрт түсіруді тіпті қарастырып отырған жоқ.

Келесі апта соңында, 2025 жылғы 12 қыркүйекте "Ресей Банкі" ставкаға қатысты кезекті шешімін қабылдайды. Экономистер ставканың әрі кетсе, 100-200 базистік пунктке – 16⁠-17%-ға дейін ғана түсетінін тұспалдап отыр.

"Сбербанк" басшысы РФ орталық банкінің "ел экономикасында рецессияның басталуына жол бермейтінінен" үміттенетінін қосты. Алайда елдегі ахуал орталық банктің төрайымы Эльвира Набиуллинаға байланысты емес: Euronews кремльдегілердің 2026 жылы да мемлекеттік бюджеттің жартысын соғысқа жұмсауды жоспарлап отырғанына назар аудартты.

Мұндай тіпті әскери-өнеркәсіптік кешенді, соның ішінде ядролық, сутегі және басқа қаруларды дамытып, өрістетуге барын салған Кеңес одағында да болмапты. Ресейлік дереккөздердің мәліметінше, әртүрлі бағалаулар (одақ нақты мәліметтерді құпияландырды) бойынша КСРО-ның әскери шығыстары одақ бюджетінің орта есеппен 25%-ын құраған.

Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті Александр Шохин ресейлік нарықтың барлық сегментінде "несие тапшылығы" күшейгенін айтып, дабыл қақты.

"Сондықтан шешуші ставканы ең құрыса 16%-ға дейін төмендету керек. Негізі, экономика 10-12%-дық ставканы қажетсінеді. Бірақ бұл мүмкіндік тек келесі жылы ғана ықтимал болатын түрі бар", – деді Шохин. Яғни, ол да биліктің экономикаға қысымының биыл жұмсарарына сенбейді.

РФ экономикалық даму министрі Максим Решетниковтің көңілі де пессимизмге толы. Ол "экономиканың ары қарай салқындауы кәсіпорындардың шығындарының қарқынды қордалануына соқтырғанын" мәлімдеді.

Соның кесірінен, оның байламынша, бизнес пен инвесторлар жаңа инвестициялық жобалардан ары қарай да бас тартады. РФ бас экономисі бизнестің "ресейлік экономикаға инвестиция құю сатысына оралу кезеңі тағы да әрі шегерілгенін" күрсіне мойындады.

"Еуроньюс" сарапшылары әскери салаларға астатөк, триллиондаған қаржы құю 2022 жылдан бері РФ экономикасына серпін бергенін ескертті. Алайда бұл уақытша ғана тиімділік әкелді. Өйткені әскери-өнеркәсіптік кешен өндірген өнім экономикада айналымда болмайды, жаңа қосылған құн – тың өнімдер мен қызметтер туындатпайды.

"Сондықтан эксперттердің бағалауынша, ресейлік экономика шектен тыс қыздырылудың шырқау шегінен былтыр асып түсті. Нәтижесінде, егер Росстат дерегінше, РФ ЖІӨ-сі 2024 жылы 4,3%-ға өссе, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында екі еседен көпке, 2%-ға дейін құлады. Кейінгі айларда нөлге таяды. 2025 жылдың өзінде Ресей көршісіне қарсы әскери агрессиясына мембюджетінің жартысын шығындауға кірісті. Бұл тек ашық бөлігі ғана", – деп хабарлады Euronews.

Ал, германиялық Халықаралық қауіпсіздік мәселелері институтының аға қызметкері Янис Клюгенің есептеуінше, РФ-тің әскери бюджетінің 62%-ы бүгінде құпиялдандырылған. Кең ауқымды қарулы қақтығысты бастағалы, Ресейдің армияға шығыны екі есеге артып шыға келді.

Экономистер халықаралық санкциялар, қарсыласының мұнай өңдеу зауыттарына және басқа маңызды объектілерге соққыны үдетуі, әскери өнеркәсіпте де дағдарыс белгілерінің бой көрсетуі РФ экономикасына теріс ықпал ете бастағанына сенімді.

Мұны "Ресей Банкі" (орталық банк) та жоққа шығармады. Оның тұжырымдауынша, РФ бүкіл дерлік әлеуетін шегіне жеткізе қолдануда. Ахуал ары қарай нашарласа, жағдайы қиын болмақ.

"Ресей экономикасы қолында бар барлық өндірістік қуаттылықтарды, логистиканы және инфрақұрылымды, ең бастысы – кадрлық ресурстарын тегіс іске жаратуда. Экономика өсім траекториясында қалу үшін үзіліс (передышка) қажет, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыруға жаңа тәсілдемелер талап етіледі", – делінген орталық банктің талдауында.

Қазірдің өзінде РФ бюджетінің тапшылығы алапат 4,9 триллион рубльге жетті.

Reuters агенттігінің Ресей үкіметіндегі лауазымды дереккөздері салықты арттырудан елдің қашып құтыла алмайтынын мәлімдеді.

"Онсыз біз күнді күнге жалғай алмай қалуымыз мүмкін. Енді әскери шығыстар күрт қысқартылса да, бұл жағдайды жақсарта алмайды. Мұнай мен газдан түсетін түсімдер барған сайын төмендеуде. Олардың жоғын өтейтін басқа қайнарлар экономикада жоқ", – деген ресейлік анонимді ірі шенеуніктің пікірін келтірді агенттік.

Қытайдан қайтқан Кремльдің қожайыны Владимир Путин бірден Шығыс экономикалық форумына қатысқан болатын. Ол "салық көтеруден қашып құтылуға болмайды" деген тұжырыммен келіспейтінін мәлімдеді.

Бюджет ары қарай да дефицитті болып қала береді. Мемлекеттің орындай алмаған міндеттемелері қарыз болып келесі жылдарға көшіріледі немесе даму бюджеті, әлеуметтік шығыстар есебінен өтеледі.

РФ басшысы ресейлік экономикада стагнация басталғанын мәлімдеген Герман Грефпен келіспейтінін де жеткізді.

Мемлекет басшысы олигархтардың сөзін жеткізген Шохиннің де жарқ етіп жанған үміт отын жалп етіп сөндіріп тастады. Өйткені ол шешуші ставканы күрт төмендетудің болмайтынын мәлімдеді.

Егер ставканы айтарлықтай кемітсе, онда елдегі бағалар тез өсе бастайтынын нұсқады. РФ орталық банкі инфляциямен арпалысып, оны 4-5%-дық дәлізге оралтуға тырысып жатыр.

Сондай-ақ, РФ басшысы ресейлік бюджетті қалыптастыруға жасанды интеллект ендірілетінін жариялады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу