Көрші елде аяқ асты сұмдық өзгеріс басталды

17219

Қыспақтан қашқан ресейліктер Беларусь астанасы Минскіні өзгертіп жібергені сонша, ол "жаңа Майамиге" айналып барады.

Көрші елде аяқ асты сұмдық өзгеріс басталды Фото: ЖИ

Салтанатты қызыл кілем орнына "Кілем" жоспары

Мәскеу төбесі "жабық аспан" аймағына айналды: кешегі бір күннің ішінде ғана екі жүзге жуық рейс кейінге қалдырылған, бүкіл ел бойынша бұл көрсеткіш мыңдап саналады. Ресми себеп – қарсыластың ұшқышсыз ұшу аппараттарының қаптаған шабуылы және оны тойтару үшін "Кілем" жоспарының (план "Ковер") енгізілуі.

Бірақ мұндағы ең қорқыныштысы – қауіптің туындауы емес: Екінші Дүниежүзілік соғыс көрсеткендей, қанды қырғын ақыры "Отанына" оралады. Ең сорақысы сол, әрбір дрон ұшып келген сайын басқару жүйесі сұрапыл қимылға көшу орнына бәрін тосқауылдап, қаққан қазықтай қалшиып, "комаға" түседі, деп жазды inbusiness.kz.

"Дрондар шабуылы кесірінен Шереметьево әуежайының жұмысы тоқтап тұр. Әуежайда адам айтқысыз кезек! Кейбір адам үйіне кеткісі келсе де, оларды ғимараттан сыртқа шығармай жатыр. Есік-тесік тегіс тығындалған. Жолаушылардың жүгін қайта-қайта тексеріп, тінти беретініне де халық наразы", – деп хабарлады "banki oil" телеграм-арнасы.

ProfiTravel порталының мәліметінше, Внуково әуежайы да 90-шы жылдардағы тоқырау кезіндегі күлімсі иісі танауды жаратын вокзалдарды еске түсіреді: Түркия мен Мысырдың жәннаттай жағажайларын аңсаған ресейлік туристер тәулік бойы еденде ұйықтауға мәжбүр.

"Барлық бағыттар бойынша рейстер кешіктіріліп жатыр. Кейбір рейстің ұшу кестесі тіпті бір тәулікке, яғни, 8 мамырға ауыстырылды. Кеше кешке Внуковоға келген туристер әлі күнге әуежайда отыр. Түнде мұнда "Кілем" жоспары жарияланып, ұшақтар не ұша алмады, не қона алмады. Туристік рейстердің ішінде ең көп кешігу Turkish Airlines бағдарламасына тиесілі. Мысалы, Даламанға ұшатын рейс 7 мамыр күні сағат 01:45-те аттануға тиіс еді. Туристердің әңгімелеуінше, олар ұшаққа мініп қойған, бірақ бірнеше сағат күтуден соң оларды түсіріп, әуежайға қайтарды", – деп жазды туристік портал.

"Победа", Red Sea Airlines, Nesma Airlines және басқа тасымалдаушылардың рейстері де ұшпай қалды. Турпортал шектеулер Мәскеудің барлық әуежайларын қамтығанына, бәрінде ұшақтарды қабылдау мен жөнелту уақытша тоқтатылғанына назар аудартты.

"Адамдар ас-сусыз, еденде ұйықтауға мәжбүр. Әуежайлар ұшуға да, қонуға да жабық. Украиндық дрондар дәл қазір Мәскеуге жаппай шабуыл жасауда", – деп хабарлады кеше кешке "Москва сейчас" порталы.

"7 мамырға қараған түні әуежайлар штаттық режимде жұмыс істеп тұр деп жарияланғанына қарамастан, жолаушылар көп сағат бойы күтуге, қайта-қайта тексерулерге және кедендік бақылауға дейін жібермей жатқанына шағымдануын жалғастырды. Бұл оқиғалардың салдары ресейлік миллиондаған саяхатшының жоспарына кері әсер етіп, қосымша қолайсыздықтар тудырады. Жағдай әуежайлардың ТЖ-ға дайын болуының маңыздылығын және қауіпсіздік шаралары күшейтілген жағдайда жолаушылар ағынын тиімді басқару қажеттілігін паш етті", – деп мәлім етті Tek.fm порталы.

"Қоршаудағы қамал" ішіндегі көңілсіз мереке

Бүгінде Мәскеу ел тарихында бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шаралары режимінде өмір сүруде. Мұнда мобильді интернет жұмыс істемейді, қарапайым байланыстың өзі бірде істеп, бірде істемейді, ал, кәдімгі SMS жіберу талабы лотереяда ұтумен бірдей болып қалды.

Кейбір сарапшылар бұл жағдайды 9 мамырдағы парадқа жоғары лауазымды шетелдік қонақтардың келуіне деген дайындықпен байланыстырады. Алайда "Коммерсантъ" газеті шетелдік қонақтардың тізімін жариялай отырып, бір жайтқа назар аударды: шақырылғандардың арасында әлемдік саяси элитаның көшбасшылары жоқ.

Кремлдің өзі ресми жариялаған тізімге сәйкес, Мәскеудегі Жеңіс күнін мерекелеуге Беларусь президенті Александр Лукашенко, Лаос Халық Демократиялық Республикасының президенті Тхонглун Сисулит, Малайзияның Жоғарғы билеушісі сұлтан Ибрагим, Словакия премьер-министрі Роберт Фицо, сондай-ақ Босния мен Сербия саяси құрылымдарының өкілдері ғана келеді. Тізім Ресейдің халықаралық биік беделін көрсетуден гөрі, оның қазіргі сыртқы саяси оқшаулануының көрінісі іспетті. Әлемдік саяси Олимп элитасы Мәскеуге асығар емес.

Бірақ хаос тек РФ астанасымен шектелмейді. Жергілікті ақпарат құралдарының дерегінше, Татарстан астанасы Қазанда да туристер дрондардың шабуылдары мен шектеулерге байланысты 20 сағаттан астам ұшуды күтуге мәжбүр. Кейбір рейстер келесі түнге ауыстырылды, бір бөлігінен мүлдем бас тартылған. Клиенттері әуежайда қалып қойған турфирмалар жолаушыларға тіпті тамақтандыру сияқты қарапайым қызметтерді ұсынуда көптеген бұзушылықтар тіркелгеніне шағымданды.

"Баррель черной икры" телеграм-арнасы Санкт-Петербургте 8 және 9 мамырда тіпті сауда орталықтарының есігі жаппай тарс жабылатынын жария етті. Билік дәстүрлі түрде қысқа түсініктеме берді: "Бұл қаладағы қауіпсіздікті сақтау үшін қажет". Оның үстіне қала орталығында – Адмиралтейский, Василеостровский, Московский, Петроградский және Орталық аудандарында электросамокатпен, сегвеймен және велосипедпен жүруге тыйым салынды. Сонымен қатар, Петерборда да интернет пен мобильді байланыс бұғатталған.

"Москва сейчас" порталы РФ Цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап, 8 және 9 мамырда Мәскеуде мобильді интернет, SMS-хабарламалар, тіпті "ақ тізімдердегі" (белые списки) мемлекеттік порталдарға қолжетімділік шектелетінін жазды. Tek.fm порталы шектеулердің 5 мамырдан басталғанын, "телекоммуникациялық компаниялардағы дереккөздердің түсіндіруінше, шектеулер бұрын болжанғаннан әлдеқайда ауқымды болып шыққанын" нақтылады.

Шарасыздық географиясы: Минск – жаңа Майами

Осындай жағдайда ресейліктердің үлкен бөлігі теңдессіз қыспақтан көрші елдерге, ең алдымен Қазақстан мен Беларуске қашып құтылуды жөн көрді. Ресейлік журналист және әскери сарапшы Валерий Ширяев бүгінде көптеген ресейліктер үшін Беларусь тосыннан "қалыпты өмірдің" және бостандық кеңістігінің символына айналғанын қаперге салды.

"Ресейліктер мамыр каникулдарында "қарапайым өмірге" оралу үшін жаппай Беларуске ағылуда. Әлеужелілерде РФ-тан келген туристердің Минск көшелерінде шат-шадыман серуендеп жүрген видеолары трендке айналды. Олар ұмыт бола бастаған үйреншікті дүкендерге бас сұғып, интернетке VPN-сіз және еш бұғаттаусыз кіргенін, сондай-ақ шетелдік жазылымдар ақысын төлеу үшін жергілікті банктерден карта аштырып жатқандарын айтып мақтанды", – деп мәлім етті "Rostov unusual".

"Мен Брянскіденмін, бізде әуежай жабық тұр. Сондықтан құрбыларыммен бірге Минскіге дейін пойызбен 10 сағатта жеттік. Жол ақысы екі бағытта 8 250 рублге түсті. Жақсы жөндеуден өткен, бірақ бір адамға ғана арналған жалдамалы пәтерде үш түн түнедік. Қалған шығындар негізінен тамаққа, таксиге және экскурсияларға кетті. Барлығы шамамен 30 мың рубль жұмсадық, бірақ бұл соған тұрарлық дүние екен!" – деп таңданысын жасырмады 23 жастағы Виктория.

"Минскіде отбасыммен екі күн бойы машинада ұйықтадық, өйткені арзан қонақүйлерде орын мүлдем жоқ! Қонақүйлердің маңындағы тұрақтардың бәрі Ресей нөмірлі көліктерге лық толы. Міне, осындай жағдай!" – деп таңғалады Сергей.

Осылайша, Беларусь әлемде жоқ "жаңа кен орнын" ашты және туризмнің мүлдем жаңа түрін тудырды: РФ халқы үшін Минскіге сапар өзіндік бір "цифрлық туризм" сипатына ие бола бастады. Бұл туризмде саяхатшының аңсаған басты құмарлығы – құмы мақпалдай жұмсақ жағажай, ғасырлар тұңғиығынан аман жеткен сәулет туындылары, әр жәдігері тарихтан сыр шертетін мұражайлар емес, ХХІ ғасырдың цифрлық сервистерін емін-еркін пайдалану мүмкіндігі.

Ресейліктердің аңсарлы арманы: қалыпты өмірге саяхат

2026 жылдың мамыр айындаға каникулда Беларуске ағылған ресейліктердің саны миллиондап саналады. Тосын танымалдықтың себебі кеше ғана бүкіл Еуразияның технологиялық және саяси серкесі болудан дәмеленген державада қорлық сезімін тудырса керек.

Мамыр айында ресейліктерге Беларусті тартымды еткен негізгі себептер:

• Батыстың брендтеріне еркін қолжетімділік;

• Банктік карталар: ресейліктер шетелдік жазылымдарды, маркетплейстардағы тапсырыстар мен сатып алуларды төлеу үшін жергілікті банктерден жаппай карта аштыруда;

• Еркін интернет: VPN-сіз, шексіз бұғаттауларсыз және "мемлекет кез келген қадамыңды режимге төнген қауіп ретінде қабылдайды-ау" деген үрейсіз цифрлық өмір;

• Жақындық және логистика: Ресейден пойызбен (Мәскеуден 7 сағат), автобуспен немесе ұшақпен (1,5 сағат) жетуге болады;

• Мәдени бағдарлама: тарихи орындарды аралау.

Ресейліктер батыстық брендтер мен сервистерді қатты сағынды. Осы аптада "BrandLab" консалтингтік компаниясы зерттеуінің қорытындысын жариялады. Онда РФ тұрғындары қайта оралуын асыға күтіп отырған брендтер аталды. Сауалнамаға қатысқан ресейліктердің 62,4%-ы Ресей нарығын тәрк етіп кеткен шетелдік брендтерді аңсайтынын айтқан. Олардың 12,1%-ы IKEA-ның, 8,3%-ы – McDonald’s, 7,3%-ы – Zara, 7,1%-ы – Coca-Cola, 6,9%-ы – Adidas-тың оралуын күтіп жүр. Ең қалаулы 45 брендтің ішінде YouTube, Samsung және Google да бар.

2022 жылдан кейін Ресей нарығынан кеткен көптеген брендтер Минскіде жұмысын жалғастыруда. Атап айтқанда, Inditex сауда тобы Беларусте Zara, Bershka және Massimo Dutti дүкендерін сақтап қалды. H&M дүкендері жоқ, бірақ Беларусте қалғандарының өзі ресейліктерді "қалыпты өмірге шоппинг-тур" жасау үшін Минскіге ағылуға жеткілікті.

Сондай-ақ Apple Pay, тіпті криптобанктер де жұмыс істейді. Нағыз Коланы ішуге және нағыз Marriott қонақүйіне түнеуге болады.

Ресейліктер тарапынан сұраныстың күрт артуы Беларустің жылжымайтын мүлік нарығын шегіне жеткізе қыздырып жіберді. Ресейліктер Минскіден пәтерлерді биылғы жыл басынан бері белсенді сатып алып жатыр. Жергілікті шағын нарық мұндай алапат "шапқыншылыққа" бағаның шарықтауымен жауап берді. Бүгінде Минскінің элиталық тұрғын үй кешендеріндегі пәтердің құны Майамидегі шағын вилланың бағасымен теңесіп қалды.

Realt.by сервисінің дерегінше, 2026 жылдың басындағы ең қымбат мәмілелердің бірі – Киселев көшесіндегі "DEPO" тұрғын үй кешеніндегі ауданы 122 шаршы метрлік төрт бөлмелі пәтердің 470 мың долларға сатылуы болды. Оған дейін Цвирко көшесіндегі "Lake Views" тұрғын үй кешеніндегі бір бөлмелі пәтер 425,8 мың долларға сатылып, рекорд орнатқан еді.

Енді қараңыз: "Tranio" халықаралық сервисінің мәліметінше, АҚШ-тағы Майамиде дәл қазір 495 мың долларға ауданы 154 м² болатын, үлкен жер телімі бар вилланы сатып алуға болады. Оның буклетінде жазылғандай, сарай құрамына жайқалған тропикалық бақ, пальмалары мен жеміс ағаштары, бассейні, үш жатын бөлмесі, панорамалық терезелер, терраса, жеке асханасы мен қонақ бөлмесі кіреді. Ал, ол орналасқан жабық қоғамдастық инфрақұрылымында – клуб үйі, теннис корттары, тәулік бойғы күзет, бассейіндер және балалар аймақтары бар.

Көршісінен лап қойған аласапыран сұраныс аясында Минскідегі баспананы жалға алу да қиындады: енді алдын ала брондау талап етіледі. Үш түнге тұру құны 2025 жылғы 3 мың рублден биылғы жылы 15 мың рублге дейін шығандаған. Нәтижесінде, Беларусь халқы біртіндеп ресейліктердің "қалыпты өмірге" деген сағынышын монетизациялай бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу