Ресейлік сарапшылар халықтың табысының төмендеуіне, салық ауыртпалығының артуына және азық-түлік бағасының күрт өсуіне байланысты мейрамхана бизнесі соңғы 25 жылдағы ең нашар заманды, ең мүшкіл халді бастан өткеріп жатқанын жариялады.
Кеше ғана талғампаз тағамынан дәм татырып, қонағының әлеуметтік мәртебе-мерейін тасытқан мейрамханалар бүгінде тығырыққа тіреліп, тоқырауға ұшырады. Бұл – тек экономикалық көрсеткіштердің құлдырауы ғана емес, тұтас бір тұтынушылық мәдениеттің күйреуі сияқты.
Тоқсаныншы жылдардың "лебі" есті
Нарық ойыншыларына сілтеме жасап, "Коммерсантъ" басылымының хабарлауынша, 2026 жылдың алғашқы үш айында қоғамдық тамақтану орындарына келушілер саны 40%-ға дейін құлдыраған. Рестораторлар келушілердің ағыны да, олардан түсетін түсім де соңғы ширек ғасырда болмаған деңгейге түскеніне шағымданады. Сала тоқсаныншы жылдардың соңына, яғни, сәнді гастромаркеттер әлі пайда бола қоймаған, ал дәмханаға бару күнделікті әдет емес, айдың басты оқиғасы саналатын кезеңге қайта оралғандай.
"Жылдың басы ресейлік мейрамхана нарығы үшін соңғы 25 жылдағы ең нашар кезең болды. Тұтынушылық белсенділіктің төмендеуі сала кәсіпкерлерінің табысына қатты соққы болып тиді: осы жылдың алғашқы үш айында бірқатар қоғамдық тамақтану орындарында келушілер ағыны 40%-ға қысқарды. Нарық бұған мекемелердің жаппай жабылуымен жауап берді", – деп жазды "Коммерсантъ".
Миллиондық тұрғыны бар қалалардағы жабылу статистикасы майдан даласындағы мәліметтерді еске түсіреді: тек нарыққа жаңа ғана келгендер емес, танымал бренді бар алпауыттар да тарих қойнауына кетіп жатыр. Мәскеулік "Шоколадница" бірден 20 мейрамханасынан айырылды. Ғасыр басынан бері дәуірлеген Rostic’s 25 мейрамханасының жұмысын уақытша тоқтатты. Тұтынушылар арасында аңызға айналған "Хлеб насущный", "Дорогая, я перезвоню" барлары және тағы басқа брендтер күйреді, деп жазды "Новая газета".
"Контур.Фокус" есебі бойынша 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларында қоғамдық тамақтану орындарындағы жойылу саны өткен жылмен салыстырғанда бірден 29%-ға өсіп, 7,3 мың (!) ұйым жабылып тынған. Нарық заңы қатал: сұраныс жоқ жерде салтанат та сарқылады. Кешегі "майшелпек" заманның сарқыты бүгінгінің сағынышына айналды.
"Бұған дейін қымбат несиеге, азық-түлік пен шикізат бағасының тұрақты өсуіне әрең шыдап келген кәсіпкерлердің соңғы үмітін салықтық жүктеме үзді. Биылдан бастап, күрт өскен салықтар олардың омыртқасын "опырып" кетті. Көптеген бизнес пайда әкелуді тоқтатты. Сондықтан мейрамхана-дәмханалар есігін тарс жауып жатыр", – дейді Businessmens.ru франшизалар каталогының өкілі.
Салық – "тосынсый" өнері
T-Data мәліметінше, мейрамханалар мен дәмханаларды ұстайтын ООО-лардың (бізше ЖШС) жабылу саны бір жыл ішінде 24%-ға өсті. Жеке кәсіпкерлер (ИП) арасында жабылу саны 8%-ға артты.
Дағдарыс аспаннан салбырап түскен жоқ: оны шенеуніктер жоспарлы түрде "дайындағандай" көрінеді. Бұл әкімшілік шешімдердің нәтижесі еді. Біріншіден, РФ Үкіметі қосылған құн салығын 20%-дан 22%-ға дейін күрт көтерді. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы ҚҚС (Қазақстанда – 16 пайыз).
Екіншіден, ҚҚС төлеу үшін есепке қоюдың жылдық түсімі деңгейі үш есе – 60 миллионнан 20 млн рубльге дейін төмендетілді. Бұған дейін шағын бизнес ҚҚС төлеуден босатылып келсе, енді соны төлеуге мәжбүр.
Содан қоғамдық тамақтану саласындағы қиындықтар 2026 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Себебі, сегменттің өзіне де, сондай-ақ оған қызмет ететін, азық-түлік, алкоголь және керек-жарақ жеткізушілерінің барлық буындарына да салық ауыртпалығы күрт артты.
Мысалы, акциздердің өсуіне байланысты спиртті ішімдіктер қымбаттады, ал, азық-түлік көптеген жеткізушілердің ҚҚС төлеуге көшуіне байланысты қымбаттады, дейді РФ Мейрамханашылар мен қонақ үй иелері федерациясының вице-президенті Алексей Небольсин. Ол жыл басынан бері бірқатар өнімдердің бағасы тағы 30%-ға қымбаттағанын еске салды.
Мемлекеттік қазынаны толтыруға деген құлшыныс жеке бизнестің тамырына балта шапқанда, оның зардабын бүкіл қоғам тартады.
Мәжбүрлі диета: халық ас үйіне оралды
Тек салықтың өсуі ғана емес, сұраныстың кемуі де сала ойыншыларының қабырғасын қақыратты. Небольсиннің түсіндіруінше, жыл басынан бері мейрамханалардағы трафик пен түсім соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейге құлады. Көптеген мейрамхана желілерінде келушілер ағыны өткен жылмен салыстырғанда 30–40%-ға төмен.
"Теремок" желісінің негізін қалаушы Михаил Гончаров жыл басында өз желісінің мейрамханаларына келушілердің 15–20%-ға азайғанына қапалы. Wokker кеспеханалар желісі мен "Брикет Маркет" гастромаркеттерінің ортақ иесі Никита Рогозный трафиктің 10–20%-ға төмендегенін тіркейді.
"Нашар көрсеткіштердің басты себептерінің бірі – өткен жылдың жазында басталған халықтың нақты табысының төмендеуі. Халықта мейрамхана-дәмхана баруға ақша жоқ. Салдарынан, таяуда ғана отбасымен, жора-жолдаспен мейрамханада немесе дәмханада түстенетін, кешкі асқа еш ойланбастан жиналатын көптеген азамат енді шығындарын оңтайландыра бастады", – дейді Михаил Гончаров.
Көрші экономикасындағы дағдарыс кезінде тек орта сегмент қана емес (бір адамға шаққандағы чегі 1,5–3 мың рублден аспайтындар), сонымен қатар фастфудтан бастап қымбат мейрамханаларға дейінгі барлық санаттар соққыға жығылды, дейді CMWP компаниясының мүлік департаментінің басшысы Зульфия Шиляева. Яғни, "үнем қылған адамдар жай ғана арзанырақ форматтарға ауысады" деген болжам бұл жолы іске аспады. Ресейліктер еш пандемиясыз-ақ жаппай "үйде қалу" форматына көшіп жатқанға ұқсайды.
"Росстат" мәліметінше, қазіргі кезде ресейліктердің 70%-ы үйде тамақ ішуді мейрамхана асынан артық көреді. "Ромир" сауалнамасына қатысқан ресейліктердің 42%-ы 2026 жылы қоғамдық тамақтану орындарына баруды тыйып, үйде тамақтануға басымдық беруге мәжбүр екенін мойындаған. Бүгінде Ресей халқының тек 8,6%-ының ғана дәмханалар мен мейрамханаларға тұрақты баруға мүмкіндігі жетеді.
Бұрын журналистерге сұхбат бергенде рестораторлар өздерінің қай заманда да елге қажеттігін қаперге салып, ерекше мәртебесіне екпін түсіретін: "адамдар тамақ ішуін тоқтатпайды" деуші еді.
Өйткені ковид кезінде де барлар істегені мәлім. Мейрамхананы қалтасы көтермейтіндер той-томалағын, отбасылық жиынын дәмханада өткізеді. Ол қолжетімсіз болса, фаст-фудқа бас сұғады. Дегенмен, Михаил Гончаров енді жағдайдың нашарлауы барлық сегменттерде сезілетінін жасырмады: табыстың төмендеуі қымбат мейрамханаларға да, тез тамақтану орындарына да бірдей әсер етті.
Тіпті дәстүрлі түрде ахуалы орнықты саналатын көше фастфуд сегментінде де тұтынушылар қатары күрт сұйылып, тапсырыстардың сомасы азайған, дейді Strategy Partners компаниясының "Корпоративтік қаржы" практикасының директоры Михаил Жиганов.
Ритейлдің қарымта соққысы
Үрейлі жалпы көрініске қосымша штрихты дүкендер қосты. Мейрамханалар копейкасын копейкаға жалғай алмай жатқанда, дүкендер олардың аудиториясын тып-тыныш әрі тиімді түрде тартып алып кетуде. Тұтынушылар мейрамхана-дәмханаларға барудың орнына енді жолай сауда желілерінен дайын тамақты сатып ала салады немесе жеткізу қызметтеріне соған тапсырыс береді, деді Небольсин.
Кеңсе қызметкерлері Ресейде түсте іргедегі не ғимарат ішіндегі асханаға бас сұқпайды: тамақты пластик контейнермен үйден әкеледі, немесе дүкеннен сатып ала салады. Бұл ұтымды, арзан және... талғамсыз. Бірақ 2026 жылы Ресейде тамақтан ләззат алу тым қымбат тұрады.
"Нильсен" компаниясының дерегінше, 2025 жылы FMCG-желілеріндегі (Fast-Moving Consumer Goods – бұқараға күнделікті қажетті тауарларды сататын дүкендер желісі) дайын тамақ сатылымы 12%-ға ұлғайды. Бұл – талғамның емес, амалсыздықтың жеңісі. Тамақтану мәдениетінен ләззат алу мүмкіндігі жоғалған жерде, ас ішу жай ғана физиологиялық мұқтаждықты өтеуге айналады.
Қалтасы таязданған тұтынушы өзіне тиімді таңдау жасады: тамақтың аты тамақ, сөредегі дайын ас дәмхана дастарханындағы астан көп ерекшеленбейді, тек суық, әрі арзанырақ. Атмосфера, қызмет көрсету мен көркем қала көрінісі үшін төлеудің де қажеті жоқ. Қарынның қамы қадірлі бола бастағанда, эстетика, көңіл-күй мен атмосфера кейінгі орындарға ысырылады. Бұл – кедейліктің психологиялық қорғанысы.
Жабылу – ұжымдық терапия
Ресейлік ақпарат құралдары жаппай жабылып жатқан қоғамдық тамақтану орындарының тізімін жасауда. Мәскеуде 2025 жылдың соңынан бері "Шоколадница" 20-ға жуық мейрамханасын, "Якитория" – 8, Menza – 2, Rostic’s – 25-ке жуық мейрамханасының жұмысын доғарды, деп жазды "Известия".
Нарықтан "Хлеб насущный" мейрамханасы, Fornetto пиццериясы, "Дорогая, я перезвоню" барлар желісі, сондай-ақ "Валенок" және The Toy мейрамханалары толығымен кетті. Сонымен қатар, Мәскеуде Amy, Lou Lou, Focacceria, CuttaCutta, Cape, Aquatica, Champagne Charlie’s Bistro және басқалары, Петерборда – "Магадан", Veter, "Гребешки" жұмысын тоқтатты, деп тізіп шықты "Ведомости".
Блогерлерде жаңа контент бағыты пайда болды: олар Мәскеуден бастап, кез келген миллиондық мегаполистердің орталық көшелерін аралап, бейнежазбаға түсіреді. Онда "Закрыто насовсем!", "Сдаю в аренду", "Продаю!" сияқты жазулар жазылған алып сары плакаттарды паш етеді. Бақуатты күнін сағынған ресейліктер және оларды табалаған шетелдіктер арасында мұндай видеолар көп қаралым жинайды.
2ГИС геосервисінің мәліметінше, наурыз айында ресейлік миллионнан аса тұрғыны бар қалаларда мейрамханалар саны бір жылда бірден 5%-ға қысқарып, 7,2 мың нүкте есігіне қара құлып ілді.
Тез тамақтану орындарының саны 2%-ға азайып, 25 мыңға дейін, асханалар – 3%-ға кеміп, 4,7 мыңға дейін, дәмханалар саны – 6%-ға құлдырап, 12,5 мыңға дейін, барлар сапы – 11%-ға сиреп, 5,9 мыңға дейін азайды. Жабылу тізімі саланың өзіндік "қазанамасындай" көрінеді: тек әлсіз ойыншылар ғана емес, танымал брендтер де кетіп жатыр. Бұл көрші елге келген дағдарыс ішінара емес, жүйелі сипатқа ие деген сөз.
Франшизаларға деген қызығушылықтың төмендеуі де жаңа дәуірдің бір нышаны: Franshiza.ru дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында саладағы сұраныс 38%-ға құлады. Соның ішінде кофеханалар сегментінде – минус 51%, фастфудта – минус 26%. Жалпы, 2025 жылы салалық франшизаларға сұраныс 26,1%-ға төмендеді, деп нақтылайды Businessmens.ru. Яғни, тіпті "дап-дайын бизнес модельдерге" деген сенімге де селкеу түсе бастады.
Шығындарды оңтайландыру ас үйге де жетті. Neo бизнесті дамыту жөніндегі серіктесі Альбина Корягина рестораторлардың мәзірді оңтайландырып жатқанына назар аудартты: келушілер көп тапсырыс бермейтін және табысты аз түсіретін ас түрлерінен арылып, тиімдірек тағамдар мен фастфудқа басымдық беруде. Салдарынан, бұрын грузин, орыс, корей, жапон, итальян, шығыс асүйлерінің тамағын кейде қатар ұсынатын мейрамханаларға оралған клиенттер оның мәзірінде тек бургер, сэндвич, пицца ғана қалғанын біліп, айран-асыр болады.
Өз кезегінде тұтынушылар да қалтасына қарай көсіліп, қатаң үнем жасап, жаңа жағдайға бейімделуде. Neo бизнесті дамыту жөніндегі серіктесі Альбина Корягинаның түсіндіруінше, Ресейде клиенттер мәзірден көбіне арзанырақ тағамдарды таңдайды, десерттер мен сусындардан бас тартады, бұрынғыдай қосымша асқа тапсырыс беруді қойып барады, деп жазды "Коммерсантъ" газеті.
Көршілер қоғамдық тамақтандыру орнына суын, немесе термоспен кофе, шайын алып келуді де ұят санамайтын деңгейге жетті. Мейрамхана чегі мәзірмен бірге "арықтап" барады. Бұл – Ресейдегі экономикалық ахуалдың мүшкіл халінің және тұтас бір дәуірдің аяқталуының диагнозы.