2026 жылғы 8 қазаннан бастап Ресейдің Забайкалье өлкесінде малдың аса қауіпті вирустық инфекциясы – аусылдың таралу қаупіне байланысты жоғары дайындық режимі күшіне енді.
Жануарлар денсаулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым көршілес Қытай мен Моңғолияда осы аурудың өршу жағдайлары тіркелгенін жариялады.
Өлке губернаторы Александр Осипов қосымша шаралардың енгізілуін өңірді қауіпті инфекциядан қорғау қажеттілігімен ғана түсіндірді. Бір қарағанда, қисынды уәж сияқты. Бірақ көңілге күдік ұялататын бір жайт бар: Қытаймен және Моңғолиямен шектесетін өзге мемлекеттер сонша сүрлігіске түсіп, төтенше режим енгізуге асықпауда.
Бұдан да таңғаларлығы сол, Ресейдің Қытаймен және Моңғолиямен шекаралас өзге өңірлері де мұндай шетін қадамға бармады. Мәселен, Приморье және Хабаровск өлкелері, Амур облысы, сондай-ақ Алтай, Тыва және Бурятия республикалары ерекше режим енгізуді қажет деп таппаған.
ChitaMedia ақпарат агенттігі губернатор Александр Осиповтың MAX арнасындағы мәліметіне сілтеме жасап хабарлағандай, тек Забайкалье өлкесінің ветеринарлық қызметтеріне ғана шекара маңындағы 12 ауданында малға жаппай бустерлік вакцинация егу тапсырылған.
"Мамандар ықтимал індет ошақтары пайда болған жағдайда оларды жедел оқшаулап, жою үшін қажетті күш пен құралды әзір ұстап, сақадай-сай отыр", – деп мәлім етті "Комсомольская правда-Иркутск" газеті.
РФ-тің осы өлкесінің Қаржы министрлігі резервтік қордан вакцина сатып алуға шұғыл қаражат бөлу міндеттелген. Шекаралас аудандардың басшыларына мемлекеттік шекарадан 10 шақырымға дейінгі аумақта мал жаюды шектеу, қалған жерлерде тек бақылаудағы жайылымға рұқсат беру тапсырылды.
Бұдан бөлек, билік шаруашылық кітаптарындағы мәліметтерді жаңартуды талап етуде. Яғни, кімнің қолында қанша және қандай мал барын түгендеу жүруі мүмкін.
"Аусыл жоқ" деген шенеуніктер тұрғындарды аусылдың алдын алу, профилактикалық шараларын сақтауға міндеттеуді де көздеп отыр. Мал иелері жануарларын жүйелі түрде ветеринарларға көрсетіп, тексеру мен вакцинациядан өткізуге, мал шығыны немесе жануарлардың жаппай ауруға шалдығуы байқалған жағдайда тиісті қызметтерге дереу хабарлауға тиіс. Енді ет пен сүтті сатуға ветеринариялық құжаттар болғанда ғана рұқсат етіледі.
Соған қарамастан, әзірге Забайкалье өлкесінде аусыл анықталғаны туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Бірақ билікке жақын Babr Mash Telegram-арнасы мемлекеттік ветеринариялық қызметтің жауабына сілтеме жасап, инфекция Забайкальенің жергілікті елді мекендерінен анықталғанын мәлімдеді.
Алайда ведомство бұл жарияланымды жалған ақпарат деп атап, түсініктеме беру жөнінде өздеріне ешкімнің жүгінбегенін мәлімдеді. Ветеринариялық қызметтің түсіндіруінше, жоғары дайындық режимінің енгізілуіне Ресейдегі емес, көршілес мемлекеттердегі індет ошақтары және қосымша эпизоотияға қарсы шараларды қажет ететін қарақұйрықтардың алдағы көші-қоны себеп болған.
Дегенмен Babr Mash редакциясы бұған дейін жариялаған ақпаратынан бас тартпады.
"Аусыл Забайкалье елді мекендерінің өзінен анықталды. Губернатор бұған дейін індеттің көрші елдерде өршігенін айтқан болатын. Babr Mash аурудың нақты қай елді мекеннен анықталғанын білуге тырысты, бірақ Осиповтың баспасөз қызметі бізді Денсаулық сақтау министрлігіне бағыттады. Ақырында ақпаратты мемлекеттік ветеринариялық қызметтен нақтыладық. Онда сөз көршілес мемлекеттер туралы емес, Забайкалье өлкесінің өзіндегі елді мекендер туралы болып отырғаны түсіндірілді. Алайда телефон арқылы нақты елді мекендердің атауларын атаудан бас тартып, ресми сауал жолдауды сұрады", – деп жазды ресейлік басылым.
Қатер тек Ресейдің шығыс шекарасымен шектелмейді
Аусыл қаупі Ресейдің шығысындағы өңірлермен ғана шектеліп отырған жоқ. Осы аптада РФ Ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Россельхознадзор) Эфиопияда аусылдың таралуына байланысты індетті елге жеткізуі мүмкін өнімдерді әкелуге уақытша шектеу енгізді.
Бұған Африка еліндегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауы себеп болған. Тиісті шешім ведомствоның 2026 жылғы 1 қазандағы № ФС-АРэ-7/7515-3 ресми хатында бекітілген.
Тыйым ірі және ұсақ қара малға, шошқаға, солтүстік бұғыларына, ауруға бейім жабайы жануарларға, түйелерге, ламаларға, альпакаларға, викуньяларға, сондай-ақ хайуанаттар бағы мен цирктердегі инфекцияға бейім жануарларға қатысты енгізілді.
Бұдан бөлек, Африкадан бұқа, қошқар, қабан және теке өндірушілерінің салқындатылған шәуетін, ірі және ұсақ қара малдың, сондай-ақ шошқаның эмбриондарын әкелуге шектеу қойылды.
Тыйымға ірі және ұсақ қара малдың сүті мен сүт өнімдері, ет, ет өнімдері және ауруға бейім жануарлардан алынатын өзге де шикізат түрлері кірді. Сондай-ақ аңшылық олжалар, терілер, мүйіз-тұяқ және ішек-қарын шикізаты, қой терісі, аң терісінен жасалатын бұйымдарға арналған шикізат, жүн, ешкі түбіті мен қылшық та шектеуге ілікті.
Ресейде биыл мал жаппай қырылды
Аусыл қаупі күшейген тұста ақпарат құралдары соңғы айларда Ресейдің бірнеше өңірінде болған оқиғаларға назар аудартты. 2026 жылғы қыркүйекте Забайкальенің Чита және Тунгокочен аудандарында эмфизематозды карбункулға байланысты карантин енгізілді. Бұл ауру "эмкар" деген атаумен де белгілі.
Бұдан бөлек, Иркутск облысының бірқатар елді мекенінде жұқпалы түйінді дерматитке байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Тұрғындардың малын тартып алып, жою жағдайлары тіркелді.
Ветеринария және эпизоотология маманы Светлана Щепеткина байқалған белгілердің аусылға сәйкес келетінін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін Бурятияда да жоғары дайындық режимі енгізілді.
Мұнда бір маңызды жайт бар: түйінді дерматит өлімге әкелетін ауруларға жатпайды және көп жағдайда оны емдеуге болады. Сондықтан егер өңірде дәл осы дерт таралса, төтенше жағдай жариялаудың қажеті шамалы болса керек.
Биылғы тамыз бен қыркүйек айларында "талпақтанауларға" жұт келді: Түмен облысының бірнеше ауданында шошқалар жаппай сойылды. Билік бұл әрекеттерін әлдебір атын атауға болмайтын "аса қауіпті аурудың" өршуімен түсіндірді.
Ресей Коммунистік партиясының жергілікті бөлімшесінің өкілдері, кейбір тұрғындар мен ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандар шошқалардың жаппай жойылуына "африкалық шошқа обасы" себеп болғанын мәлімдеді. Қыркүйек айының басында бұл ақпаратты өңірлік Төтенше жағдайлар министрлігінің басқармасы растады. Ресейдің бірнеше округінде тіпті төтенше жағдай режимі енгізілді.
Жануарларды жою науқаны бұдан да ауқымды көлемде 2026 жылғы ақпан-наурыз айларында Новосібір облысында жүргізілді, деп еске салды The Moscow Times. Сонда ресми органдар ресми түсіндірмеде малдың қырылуына пастереллез себеп болды деп табандаған еді. Алайда бірқатар сарапшы өңірде аусыл таралуы ықтимал екенін ескерткен еді. Новосібірде төтенше жағдай режимі мен қатаң карантин енгізіліп, бақылау бекеттері орнатылды, адамдар мен көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.
Ақыры арада біраз уақыт өткен соң, 7 мамырда, "осы науқан басталған тұста жергілікті шаруашылықтардың біріндегі сиырдан шынымен де аусыл анықталғаны" белгілі болды.
Бұған дейін АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі де Ресейде осы аса қауіпті инфекцияның өршуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Мұндай ақпаратты ресейлік ірі агрохолдингтің өкілі де таратты.
Шетелден келетін өнімдерге шектеу қойылды
Дегенмен Ресейдегі ветеринариялық қауіп-қатер мұнымен бітпейді. Кеше Россельхознадзор Эфиопияда "ірі қара малдың жұқпалы плевропневмониясының таралуына" байланысты Ресейге бірқатар өнімді әкелуге шектеу енгізілгенін хабарлады. Бұл ауруды Mycoplasma mycoides subsp. mycoides SC бактериясы қоздырады.
Осыған байланысты Ресей енгізген қатаң шаралар ауруға бейім жануарларды, генетикалық материалды, ет шикізатын, сүтті және жануарлардан алынатын басқа да бірқатар өнімді елге импорттауға тыйымды қамтиды.
Бұл – аусылдан бөлек, тағы бір инфекциялық қауіп. Ендігі басты мәселе: Ресейдің ветеринариялық қызметтері шаруашылықтарды қаншалықты тиімді қорғай алады? Ауруларды дер кезінде анықтап, тегеурінді тосқауыл қоя ала ма?
Өйткені мәселе тек карантин енгізіп, малды жоюмен шектелмейді. Ең маңыздысы – аурудың алдын алу, оның таралу жолдарын уақытында анықтау, шаруашылықтарды қорғау және тұрғындардың сенімін сақтау. Алайда нақты диагноз бен ашық ақпарат болмаған жерде күдік күшейіп, қоғамның алаңдаушылығы үдей береді.