Көрші елден тағы тыныштық кетті

161

Сібірдің соңғы тұяғы: қорада – қырғын, далада – блок-бекет.

Көрші елден тағы тыныштық кетті Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

"Сібірді қорқыныш жайлауда" ("Сибирь охватил животный страх") – ресейлік "Коммерсантъ" газетінің соңғы нөмірі осындай үрейлі тақырыппен жарық көрді.

Бұл ақпарат құралдарының әсірелеуі емес, еліміздің дәл іргесінде болып жатқан оқиғалардың шынайы көрінісі. Әлеуметтік желіде ресейліктер оны "Сібірдегі "санитарлық" соғыс" деп те айтып салды. Қорқыныш кез келген вирустен де тез тарайды. Өйткені бұл нәубет қарапайым халықтың соңғы үмітін үзіп, жалғыз күнкөріс көзі – төрт түлігін пышаққа байлап берді.

Оның үстіне ресейлік ақпарат құралдары қарсылықты басу үшін деревняларды арнайы жасақтар қоршауға (оцепление) алғанын, айнала блок-бекеттер қойғанын, ұялы және телефондық байланысты бұғаттап, электрмен жабдықтау өшірілгенін жазуда. Мәселе тек індетте емес, сол індетпен күресудің құпиялылығында болып отыр.

"Новосібірде фермерлер және село тұрғындары төрт түлік малды күштеп тартып алуға қатысты жаппай наразылық білдіруде. Билік болса, мұны құтыру және пастереллез індетінің таралуына тосқауыл қою қажеттілігімен түсіндіреді. Алайда ауыл тұрғындары ешқандай вирус жоқ екенін дәлелдеп, трассаларды жауып, Путинге үндеу жолдап жатыр. Олар малдың бірде бірін қалдырмай қыруды талап ететін ресми құжаттардың жоқтығына және өлтірілген мал үшін өтемақының тым аздығына шағымдануда", – деп хабарлайды Настоящее Время

Жойылған жануарлардың әр келісі үшін мемлекет 170 рубль (шамамен 1 мың теңгедей) өтемақы төлейді. Бұл ретте сиыр етінің бір келісі базарда 1 300 рубльге (шамамен 7,8 мың теңгеге) дейін барады. Экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтамайтын өтемақы халықты кедейліктің шегіне итермелейді.

Нәубет символы: "Ботаны өлтіріп кетті"

РФ-тің Қазақстанмен шектес облысындағы деревнялар тұрғындардың мәліметінше, елді мекендерде карантин енгізуге негіз болды делінген құжаттар жұртшылыққа жарияланбаған. Себебі, "тек қызметтік пайдалану үшін" деген белгі соғылыпты. Жергілікті шенеуніктер малдарды өлтіруге негіз болған нақты диагнозды атаудан да бас тартып, "ерекше қауіпті ауру" деген жалпы тұжырыммен шектелуде.

Әдетте жануарлардың індеттерімен күресудің тәртібі белгілі және бұрыннан қалыптасқан: талдама алу және диагностикалау, зертханалық растау, карантин, емдеу немесе ең шетін шара ретінде санитарлық сою. Бірақ сарапшылар мұның бірі де жасалмағанына аң-таң.

Тағы бір түсініксізі сол, "ауру" малды жоюға келетін мамандар және олардың полиция түріндегі көмекшілері кейде тіпті қорғаныштық костюм де кимейтін көрінеді.

Осыдан кейін мәпелеп өсірген малының дертті екеніне деревнялықтардың күмәні қалыңдай түседі. Мәселен, ақпарат құралдары жергілікті тұрғындар үшін бұл трагедияның символына айналған бір оқиғаны сипаттады: ауыл балаларының ермегі болған ботаны атып тастаған.

"Новоключи селосында ірі фермада ветеринарлар қораға рұқсатсыз басып кіріп, кішкентай ботаны өлтіріп тастады. Ол жергілікті балалардың сүйікті жануары еді. Өткен жазда ғана туған, қыршын кетті", – деп жазады NewsMedia медиахолдингіне кіретін Mash интернет-басылымы.

Telegram-арналардың мәліметінше, тек Купино ауданындағы бір үлкен фермада 3 түйе, 40-тан астам сиыр және шамамен 150 қой жойылды. "Утилизация" операциясы ол кезде қожайынының үйде болмағанына қарамастан жүргізілген. Тіпті жануарлардан талдау алып, зертханалық зерттеу де жүргізілмепті, деп хабарлады "Инцидент Новосибирск" паблигі.

Сибирский Экспресс басылымының жазуынша, наразылықтардың өршуіне байланысты полиция Новосібір облысының бірнеше елді мекенін қоршауға алды.

Індет ошағындағы "саламатты арал" жұмбағы

Mash Siberia дерегіне сәйкес, 12 наурызда Купино ауданына ондаған полиция қызметкері мен СОБР жасағы сау ете қалған. Жергілікті тұрғындар олардың техникасы колоннасының қозғалысын видеоға түсіріп, "Сибирский Экспреске" жіберіпті. Сол тұрғындардың куәландыруынша, операция барысында деревня-селоларда байланыс та, электр қуаты да уақытша өшірілген.

"Малымызды тегіс өлтіріп кетті. Араша бола алмадық, бізді жақындатпады. Аумақты қоршауға алды. Болып жатқанды видеоға түсіруге тырысқандарға күш құрылымдары тап беріп, смартфонын алып қойды. Кейбір тұрғынды қарсылық танытты деп, кісендеп, алып кетті", – деп әңгімеледі тұрғындар Mash Siberia-ға.

Нәубетке тап болған ресейлік деревнялардың тұрғындары бұған дейін армияға өздері көмектесіп келгендерін алға тартты: Украинаға қарсы соғысып жатқан туыстарын қолдау үшін ақша және ет жіберіп тұрған. Бірақ енді өздеріне көмек қажет болғанда, мемлекеттен ешқандай қолдау көріп отырмағанына назаланады.

Олардың малын егуге вакцина бермей қойыпты: тек Верх-Ирменьдегі мал бордақылаушы ірі шаруашылық үшін ғана 40 мың ампула екпе сатып алынған.

Жергілікті тұрғындар ветеринардың сөзіне сілтеме жасап, облыстық заң шығару жиналысының (бізше – мәслихат) депутатына тиесілі "Ирмень" асыл тұқымды зауытының бұл зұлматтан оңай құтылғанына, мұртын балта шаппағанына назар аудартты. Новосібірдің кейбір ақпарат құралдары жұрттың малы жаппай өлтіріліп жатқанда, облыстағы дүкендерінің сөрелерінде "Ирмень" зауытының сүт өнімдері самсап тұрғанын, еркін сатылып жатқанын байқаған.

Sib.fm басылымының мәліметінше, карантинге байланысты бұдан бұрын, 6 наурызда дәл осы зауыттың өнімдеріне де шектеу енгізілген. Алайда кәсіпорын басшылығы мұны растамады және "штаттық режимде жұмыс істеп" жатқандарын мәлімдеді. Заң мен санитарлық талаптардың тек "әлсіздерге" ғана қолданылуы – қоғамдағы әділетсіздік дертінің індеттен де қауіпті екенін ұқтырады.

Дәл осы кезде оның дәл іргесіндегі Новопичугово поселкесінің малдарын індеттен қорғауға қаржы бөлінбеген, өйткені шенеуніктер бұл елді мекенді "ауру ошағы" деп танып қойыпты. Бірақ оның қандай ауру екенін тағы айтпайды, қолында мал ұстайтын деревнялықтардың сиырларының ешқайсысынан талдау-анализ алынбаған. Тұрғындар төрт түлігінің бәрі сырттай сау, тіпті семіз көрінгенін, дерттен ыңыршағы айналып, құлап жатпағанын қаперге салады.

Малды қасапшы, жанды жасақшы баққан заман

Sib.fm бас редакторы Виктор Бобровников алдындағы жалғыз малынан айрылған аймақ жұртының күн көретін жалғыз табыс пен тіршілік қайнарынан айрылғанын қынжыла жеткізді. 

"Новосібір облысында ауыл фермерлері өз малын мәжбүрлі жоюдан қорғауға тырысты. Сол үшін қатаң жаза тартатын түрі бар: олардың үстінен іс қозғалуда. Малды жаппай қыруға өңірде енгізілген карантин негіз болды. Енді фермерлердің өздерін рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуда. Жергілікті фермер Александрдың мәліметінше, селолар айналасында кенеттен блок-бекеттер қойылып, барлық кіріп-шығу жолдары жабылған", – деді Виктор Бобровников.

Оның дерегінше, село тұрғындары аудан басшысы мен прокурорға ұжымдық түрде шағымдануға тырысқаннан кейін ахуал тіпті шиеленісе түскен. Шенеуніктер қатаң әрі үзілді-кесілді жауабымен фермерлердің және деревнядағы мал иелерінің жігерін құм етті: барлық мал – бірі қалдырылмай, жойылуға жатады.

Мәселені шешудің орнына құқық қорғау органдары тұрғындарға санкцияланбаған шеру өткізді деген айыппен әкімшілік хаттамалар толтырыпты. "Рұқсат етілмеген" наразылықты тіркейді, рұқсатсыз қасапшылықта шаруасы жоқ.

Ордын ауданындағы Новопичугово және Лукошино елді мекендерінде наразы тұрғындар құқық қорғау органдары мен олардың техникасының жолын кесіп, кері қууға тырысқан. "Сибирский Экспресс" акцияға қатысушылардың белсенділерін полицияның ұстап әкеткенін хабарлады. Күш құрылымдары село тұрғындары "рұқсат етілмеген шараға қатысуда" деп мәлімдеді.

Новосібір облысының Карасук ауданында да билік малды "жаппай жою" үшін тартып алып кетуде. Куәгерлердің мәліметінше, полиция видео-фото түсірілім жасауға қатаң тыйым салған. Аймақтық ІІМ "қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайлары анықталғанын" және "полиция тексеру жүргізіп жатқанын" хабарлады.

Бұған дейін Euronews те Ресейдің Новосібір облысының бірнеше ауылында құтыру және пастереллез індетіне байланысты карантин енгізіліп, үй малы тегіс жойылып жатқанын жаһанға жария етті.

"Новосібір облысында фермерлер биліктің үй малын жаппай жою туралы шешіміне қарсы наразылыққа шықты. Баган, Купино, Черепаново, Ордын және Карасук аудандарында карантин енгізілді. Тұрғындар сап-сау жануарлар фермерлік шаруашылықтарда ғана емес, жеке аулаларда да жаппай өлтіріліп жатқанын жариялады. Мал сою ветеринарлық талдаусыз және рұқсатсыз жүргізілуде", – деп мәлім етті Euronews.

Ордын ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары президент Путинге видеоүндеу жасап, малдарын "ұйымдастырылған диверсиядан" қорғауды және оларды "жалғыз тіршілік көзінен айырмауды" сұрады. Олар мұндай сорақылыққа тоқтау болмаса, өңірде ашаршылық бастала ма деп қорқады.

"Малымызды тартып алып кетуді тоқтатуды қиыла сұраймыз! Малымыз сау, сыртқы кейпінде ешқандай індет нышандары жоқ, ешқандай талдау жасалған жоқ, вакцинациялау жүргізілмеді. Бізге өңірде нақты қандай аурудың тарағаны, не болып жатқаны туралы түсіндірмеді. Біз мұны білуге құқылымыз", – деді тұрғындар үндеуінде.

"Қауіпті ауру" туралы село тұрғындарын Ордын ауданының басшысы Олег Орел мен ауданның бас ветеринарлық дәрігері Светлана Алдохина құлақтандырған. Олар "малды тәркілеу туралы қаулы бар" дегенімен, ол құжатты көрсетпепті.

Індеттің таралу себебі: биліктің нұсқасы

Жыл басынан бері облыстың 42 елді мекенінде белгісіз ауру ошақтары тіркелген. Аймақтық ауыл шаруашылығы министрлігі мұны ерекше ауа райымен, яғни, осы қыста қардың рекордтық көлемде жаууымен байланыстырды. Ведомствоның мәліметінше, жабайы жануарлар аштықтан елді мекендерге кіріп, үй малына дерт жұқтырған.

Облыс билігі өңірде пастереллез бен құтырудың таралуы туралы мәлімдеді. Байламынша, қардың қалыңдығы жабайы жануарлардың аш қалуына әкеліп, олар адамдардың аймағына енген-мыс. Бірақ ақпарат құралдарында ондай мәлімет болмаған еді.

"Даладағы температура бір суып, бір жылып, үнемі құбылып тұр, жабайы аңдар да есінен адасып жатыр", – деп қысқа қайырды Новосібір облыстық ветеринарлық-санитарлық қамтамасыз ету орталығының басшысы Юрий Шмидт.

Сібірде пастереллез індеті тарағаны туралы 2025 жылдың соңында белгілі болған. Ауру ошақтары Алтайда, Бурятияда және Забайкальеде анықталған. Осыған байланысты Қазақстан Ресейдің кейбір аймақтарынан ет, сүт және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін импорттауға шектеу енгізді. Ұқсас шараларды Қытай билігі де қарастырып жатыр.

Ресейлік "Коммерсантъ" газетінің мәліметінше, бүгінде жалғыз Новосібір облысының өзінде 42 инфекция ошағы әшкереленген. Алайда газеттің аграрлық нарықтағы төрт дереккөзі бизнес қауымдастықта үлкен бір қорқыныш барын жеткізді: шенеуніктердің аса қатал шараларын жүргізіп жатқанына қарағанда сөз пастереллез емес, одан әлдеқайда қауіпті ауру – аусыл туралы болып отыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Бұлардың айырмашылығы айтарлықтай: пастереллез әдетте емделеді және барлық жануарларды жаппай жоюды талап етпейді. Аусыл кезінде керісінше, өте қатаң санитарлық шаралар талап етіледі, дейді газет дереккөздерінің бірі.

Егер бұл күдік расталса, оның салдары ауыр болары даусыз: әлем елдері қандай да бір мемлекеттің аумағында аусылдың анықталғаны жайында естісе дереу ол мемлекеттен ет пен сүт өнімдерінің импортына қатаң тыйым салады. Аусыл табылса, бұл енді жай ғана деревня трагедиясы емес, мемлекеттік, тұтас салалық деңгейдегі елеулі экономикалық проблемаға айналуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу