Ол туралы тәжікстандық "Азия-Плюс" басылымы кеңінен жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Transfermarkt порталының соңғы мәліметінше, Сәтпаевтың трансферлік құны 1,8 миллион еуроға жеткен. Бұл еліміз ғана емес, жалпы Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Түрікменстан секілді барлық Орталық Азия мемлекеттері үшін рекордтық көрсеткіш саналады.
– Орталық Азияда жаңа трансферлік көшбасшы пайда болды. Ол – Қазақстан жастар құрамасының және алматылық "Қайраттың" 16 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев, – деп мысал келтіреді тәжікстандық басылым.
Қазіргі уақытта Дастан Сәтпаев Тәжікстан құрамасының қақпашысы Рустам Ятимов ("Ростов") пен өзбекстандық Абдувохид Нематовты ("Насаф") артқа қалдырды. Қос футболшы да 1,5 миллион еуроға бағаланады.
– Дастан Сәтпаев Орталық Азиядағы ең қымбат футболшылар рейтингінде көш бастап ғана қоймай, өңірдегі футбол символына айналды. Бұл – жасы небәрі 16-дағы таланттың жұлдызды футболшыларды басып озғанына жарқын мысал, – деп жер-көкке сыйғызбай мақтайды мақала авторы.