Көрші елдің халқы жаппай көшеге шықты, АҚШ араласуға дайын

741

Иранның соңғы шахының шетелдегі ханзадасы Реза Пехлеви "революция жеңіске жеткен соң елге оралуға" уәде етті.

Көрші елдің халқы жаппай көшеге шықты, АҚШ араласуға дайын Фото: newyorker.com

Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) Иранның қазіргі билігін қасық қаны қалғанша қорғауға дайын көрінеді. Ол осы арқылы Иран Ислам Республикасының мүдделерін қорғауға ниетті. Ал, бас көтерген жұртшылық мемлекеттің қазіргі діни сипатын зайырлы немесе монархиялық нысанға ауыстыруды талап ете бастады.

Ақпарат құралдары Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) – Иранның элиталы әскери-саяси құрылымы екенін еске салды. Ол бір өзі армияның, полицияның, мемлекеттік қауіпсіздік органдарының функцияларын қатар орындайды. Иранның жоғарғы басшысы – Аятолла Хаменейге бағынады ИРСК құрылымына төл әскери әуе күштері, әскери теңіз күштері, зымыран күштері, Құдс арнайы жасақтары, сондай-ақ Басидж әскерилендірілген ұйымы кіреді.

Ирандық саяси шолушы Роман Сулиманың хабарлауынша, ирандық әскерилер қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ИРСК үшін "қызыл сызық" екенін мәлімдеді. Яғни, бұл сызықтан аттағандар аяусыз жазаланады.

"Ислам революциясының сақшылар корпусы стратегиялық объектілер мен мемлекеттік меншікті наразылардан қорғауда күш қолдануға бекінді. ИРСК Иранның басшылығына қарсы өрістеген шерулерді басып-жаншитынын жариялады. Осыған қатысты мәлімдеме 10 қаңтарда, сенбі күні мемлекеттік телеарна арқылы жасалды", – деп жазды германиялық Deutsche Welle.

"Жоғарғы Бас қолбасшының және қарулы күштердің қолбасшылығымен армия бір жағынан, аймақтағы дұшпанның іс-әрекетін бақылайды, екінші жағынан, ұлттық мүдделерді, елдің стратегиялық инфрақұрылымын және қоғамдық мүлікті қорғау үшін күш қолданады", – делінген корпустың мәлімдемесінде.

Бұл тек мәлімдеме күйінде қалған жоқ, күшпен басып-жаншу басталып кетіпті. Жергілікті ақпарат құралдары Тегеранның шығысында және батысында атыс болғанын мәлім етті. Иранның Tasnim агенттігі кеше мемлекеттің астанасы Тегеранның маңындағы Бахарестан қаласында тағы 100 "қарулы бүлікші" тұтқындалғанын жариялады.

Reuters агенттігі куәгерге сілтеме жасап, Иран армиясының өзге қалалардағы, мысалы, елдің батысындағы наразылық білдірушілерге оқ жаудырғанын хабарлады. Reuters дерегінше, Иранның қалаларындағы ауруханалар жаралыларға тез толуда. Бір өңірде кем дегенде 20-сы оқ жарақатын алған, бесеуі кейін қайтыс болды.

HRANA адам құқықтары агенттігінің мәліметінше, 9 қаңтардағы жағдай бойынша Ирандағы наразылық акцияларында кем дегенде 65 адам қаза тапты. Соның ішінде 15-і қауіпсіздік күштерінің қызметкері және 50-і – наразылық білдірушілер. 2 300-ден аса шеруші тұтқындалды.

DW бас көтерулер шарықтау шегіне жеткенін жазды: 8 қаңтарда кем дегенде 11 бейбіт тұрғын, оның ішінде 1 бала, сондай-ақ Эсфарайен қаласының прокуроры қаза тапты. Ызалы жүрек, долы қол жағдайға жеткен шерушілер ішінара болса да, өз қолына көшірген қалаларда билік өкілдерін іздеп тауып, сотсыз жазалауға көшкен.

2025 жылғы 28 желтоқсанда басталған қарсылық шаралары 15-ші күнге ұзады. Халықаралық сарапшылардың байламынша, халық толқулары енді жаңа сатыға шықты. Біріншіден, оның кең ауқым алғанын түсінген билік бүкіл ел бойынша интернетті және халықаралық телефон байланысын бұғаттап тастады.

Бұған жауап ретінде Илон Маск Иран халқына үндеу тастап, Starlink жаһандық интернетіне қосылу арқылы әлеужелілерге шығуға шақырды. Ғаламторда тараған видеолардың бірінде белсенділердің Масктың үндеуін парсы тіліне аударып, шерушілерге оқып беріп жатқан мезеті бейнеленген. Кейбір деректер бойынша қазіргі кезде Иранға контрабандамен жеткізіліп, орнатылған Starlink тәрелкелерінің жалпы саны жүз мыңнан асып жығылған.

Екіншіден, бұл жолғы халық толқуларының көшбасшысы сомдала бастады. 1979 жылғы Ислам революциясы кезінде тақтан тайдырылған зайырлы Иранның соңғы шахының Батыста жан сауғалаған ұлы, ханзада Реза Пехлеви бір жағынан, шерушілерге қайрылып, қалалардың орталықтарын өз қолына көшіруге шақырды. Ол "осы революция жеңіске жетсе, елге қайтатынын" мәлімдеді. Екінші жағынан, Пехлеви АҚШ Президенті Дональд Трампқа жүгініп, одан "ирандықтарды азат етуге көмек" сұрады.

"Иранның қауіпсіздік күштерінің демонстранттарды қатыгездікпен қудалауына және интернетті өшіруіне қарамастан, наразылық білдірушілер Тегеран мен басқа да ірі қалалардың көшелерін толтыруда. AFP агенттігі шынайылығын растаған бейнежазбаларда Иран астанасының солтүстігіндегі Саадатабад ауданында шерушілер бос қазандарды қаңғырлатып, Иранның жоғарғы көсемі Аятолла Әли Хаменейден кетуін талап етіп жатыр. Оларды қолдаған көліктер де сигналдарын басып, у-шудың деңгейін арттыруда", – деп мәлім етті "Дойче Велле" басылымы.

Бұған жауап ретінде билік ең алдымен Тегеран көшелеріндегі қауіпсіздікті күрт күшейтті. "Әмірқабыр" студенттер бюллетенінің хабарлауынша, арнайы қауіпсіздік күштері астананың негізгі даңғылдарында әрбір 10 метр сайын бақылау бекеттерін (блокпост) орнатқан, оларды Калашников автоматтарымен қаруланған күш құрылымдарының өкілдері жайлауда.  

Иран көшбасшысы Әли Хаменей наразылық білдірушілерді "арандатушылар" және "елге зиян келтірушілер" деп атады.

"Қиратуды жұмысына айналдырған адамдар бар! Олар АҚШ Президентін қуанту үшін айналасын күйретіп жатыр", – деді Аятолла 9 қаңтардағы үндеуінде.

Тегеран әмірі Әлиреза Заканидің мәліметінше, бір ғана астанадағы наразылық акциялары кезінде кем дегенде 50-ден астам банк, бірнеше мемлекеттік мекеме өртелген, 30-дан астам мешіт қиратылған.

Иранның БҰҰ-дағы елшісі Әмір Саид Иравани де Вашингтон мен Израиль билігін "тұрақсыздандыратын әрекеттері" және "бейбіт наразылық акцияларын зорлық-зомбылыққа толы вандализм актілеріне айналдырғаны" үшін айыптады.

Өкінішке қарай, тұрақтылығынан айрылған көрші ел (Каспий бойынша) қанға бөкті: шерушілер де, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қаза тауып жатыр. Қос тараптан да қатыгез сипат алған қантөгістің қашан тоқтайтыны белгісіз.

"Иранның іс басындағы билігіне қарсы 3 жылдағы ең ірі жаппай наразылықтар екі аптадан астам мерзім бойы жалғасуда. Интернеттің бұғатталуына, қауіпсіздік шараларының күрт қатайтылғанына қарамастан, сенбі күні кешке Тегеранда және басқа қалаларда адамдар қайтадан көшеге шықты. Кешке Starlink спутниктік интернеті арқылы BBC-ге хабарласқан дәрігер Тегеранның негізгі офтальмология орталығы – Фараби ауруханасының жедел жәрдем қызметтері шамадан тыс жүктелгенін, дағдарыс режиміне көшірілгенін жеткізді. Жаралыларда қисап жоқ. Демалыстағы аурухана қызметкерлері де жұмысқа қайта шақырылды, үзіліссіз жұмыс істеуде. Астананың өзінде барлық шұғыл емес операциялар тоқтатылды, жоспарлы сырқаттарды қабылдамайды", – деп жазды Би-Би-Си.

Сондай-ақ, британдық BBC елдің оңтүстік-батысындағы Шираз қаласының ауруханасының дәрігерінен де бейне және аудио хабарлама алды. Ақ халатты маман ауруханаға жаралылар үздіксіз жеткізіліп жатқанын және науқастардың ағынын еңсеруге хирургтар тапшы екенін мәлімдеді. Дәрігердің сендіруінше, зардап шеккендердің көбісі басынан және көзінен атылған.

Жалпы, бейнежазбаларда көптеген шерушілердің Реза Пехлевидің есімін ұранға айналдырғаны байқалады. АҚШ-та тұратын шах мұрагері Пехлеви ирандықтарды наразылық акцияларын тағы екі түн бойы жалғастыруға және қала орталықтарында берік бекінуге шақырды.

"Біздің ұлттық революциямыз жеңіске жеткен кезде сіздермен, Иранның ұлы халқымен бірге болу үшін Отанға оралуға дайындалып жатырмын. Мен бұл күн өте жақын деп санаймын!", – деді Пехлеви Х желісінде жарияланған бейнеүндеуде.  

Тегеран мұны сыртқы күштердің, соның ішінде Американың Иранның ішкі ісіне қол сұғуы және халықты бейберекетсіздіктерді өршітуге арандатуы деп бағалады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Американың Иранның ішкі ісіне араласуы туралы мәлімдемені "сандырақ" деп атады.

"Иран режимі кең ауқымды ішкі проблемаларға маңдай соқты. Бұл мәлімдеме – ел назарын алапат ішкі қиындықтардан басқа жаққа аударуға бағытталған, ақиқаттан ірге ажыратқан, ойдан шығарылған талабы", – деп мәлімдеді Ақ үй өкілі.

2025 жылғы маусым айында Иранның ядролық нысандарын үстемелете бомбалауға бұйрық берген АҚШ Президенті Дональд Трамп осы жұмада Тегеранға тағы да доқ көрсетті. Трамп: "егер Иран билігі наразылық білдірушілерді өлтіруін жалғастырса, жаңадан шабуыл жасауға бұйрық беретінін" айтып, қорқытты.

Ол АҚШ-тың араласуы "жер үстінде әскер енгізуді" білдірмейтінін қосты. Яғни, құрлықтан шапқыншылық жасау ойы жоқ-мыс.

"Менің әкімшілігім Ирандағы жағдайды мұқият бақылап отыр. Менің ойымша, халық кейбір қалаларды өз бақылауына көшіріп жатыр. Бірнеше апта бұрын осылай болады деп ешкім ойламаған", – деді Америка лидері.

Сондай-ақ, сенбі күні қайта үндеу жасаған АҚШ Президенті Дональд Трамп ирандықтардың бостандыққа жетуіне Вашингтонның көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

Осыдан кейін бірнеше сағат өткенде, кеше Трамптың жақын одақтасы, республикашыл сенатор Линдси Грэм Ирандағы наразылық білдірушілерге көмек бара жатқанын жариялады. Бірақ оның не көмек екенін нақтыламады. Өз кезегінде кеше АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да X желісінде: "Америка Құрама Штаттары Иранның батыл халқын қолдайды" деп жазды.

Австралия, Канада және Еуропалық Одақтың сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдемеде Иран халқының батылдығын жоғары бағалап, олардың адами қадір-қасиет пен бейбіт наразылық білдіру құқығын қорғауға деген ұмтылысын атап өтті. Германия, Швеция, Ұлыбритания және басқа елдерде Иран халқына қолдау көрсеткен шерулер ұйымдастырылуда. Бұл тұрғыда Қытай тарапы да өз пікірін жанама түрде білдіріп қалды.

"Иран әлеуметтік революция қарсаңында. Иран Ислам Республикасындағы басшылықтың ауысуына деген үміттер өмір сүру құнының күрт қымбаттауына қарсы бүкіл ел бойынша наразылық акциялары аясында артып келеді. Қарсылық қоғамның ерекше кең ауқымын біріктірді", – деп жазды танымал South China Morning Post басылымы.

Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик "Біріккен ұлттар ұйымы адамдардың қаза табуына терең алаңдаушылық білдіретінін" мәлімдеді.

"Әлемнің кез келген бұрышында адамдар бейбіт шерулерге шығуға құқылы. Ал, үкіметтер бұл құқықты қорғауға және оның сақталуын қамтамасыз етуге міндетті және сол үшін жауапкершілік арқалайды", – деп ескерту жасады БҰҰ Бас хатшысының өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу