Мұны Қытай қоғамындағы үлкен әлеуметтік өзгеріс және "жұмыс дағдарысы" деуге болады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Шынын айту керек, қазіргі уақытта іргелес мемлекеттегі жағдай мәз емес. Жас ер балалардың көбі мопедпен тамақ не әртүрлі заттарды тасып жүр. Ал қыздары тікелей эфирде косметика сатады. Бір қарағанда, бұл жай ғана цифрлық дәуірдің жаңа тренді немесе жемісі секілді көрінеді. Дей тұрғанымен, мұның астарында көп шиеленіс бар.
Бір ғана мысал, 2026 жылы Қытайдағы жастар жұмыссыздығы қайта өсіп, 16-24 жас аралығындағы азаматтар арасында 16,9 пайызға жеткен. Бұл – ресми статистика. Яғни, шын мәнінде бұл сан одан да көп болуы ықтимал.
Соңғы бірнеше жылда Қытай экономикасындағы баяулау, жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс және технологиялық компаниялардағы қысқарту жастарды дәстүрлі еңбек нарығынан ығыстырып шығарды. Соның салдарынан елде жаңа буын қалыптасты. Олар тұрақты кеңсе жұмысын емес, платформалық экономиканы таңдауға мәжбүр.
Бүгінде Қытай қалаларында ең көп көзге түсетін екі кәсіп бар. Бірі – танымал платформаларында жұмыс істейтін жеткізу қызметкерлері. Екіншісі – әлеуметтік желілердің тікелей эфирде тауар сататын стримерлер.
Бұрын Қытай әлемнің фабрикасы саналса, қазір ол алгоритмдердің фабрикасына айналып барады. Мысалы, Meituan платформасының өзінде ғана миллиондаған жеткізуші жұмыс істейді. 2024 жылғы компания дерегіне сәйкес, 7,45 миллион курьер платформа арқылы табыс тапқан. Арада бірнеше жыл өткенін ескерсек, бұл статистиканың едәуір ұлғайғаны анық.
Сол секілді, livestreaming индустриясы Қытайдағы ең жылдам өсіп жатқан нарықтардың бірі саналады. Әсіресе, Douyin платформасында тікелей эфир арқылы сауда жасау жастар арасында негізгі табыс көзіне болып отыр.
Қызығы, бұл екі орта бір-бірімен тығыз байланысып кеткен. Схема өте қарапайым. Ең біріншіден, жігіттер жеткізу қызметіне орналасады. Қыздар тікелей эфирде косметика мен киім сатады. Ер адамдар стример қыздарға донат жіберсе, стримерлер оған жаңа тауар, косметика сатып алады. Ал сол тауарды тағы бір жеткізуші жеткізеді. Яғни, жұмыссыздықтан қысылған және шаршаған жастар өзара тәуелді цифрлық экономика құрған.
Қытайлық әлеуметтік зерттеуші Ли Цзянь мұны "жабық платформалық айналым" деп сипаттайды.
– Бұл классикалық еңбек нарығы емес. Жастар бір-бірінің тұтынуы арқылы бір-бірін асырап отыр, – дейді ол.
Қытай қоғамында бұрын мемлекеттік қызметке орналасу немесе ірі компанияда жұмыс істеу мәртебе саналатын. Қазір жағдай мүлдем өзгерген. Әлеуметтік желілерде университет бітірген жастардың "күндіз – диплом иесі, кешке – курьер" болып жүргені қалыпты құбылыс болды. Тіпті, кей мәліметтер бойынша, Meituan мен Ele.me платформаларындағы жеткізушілердің едәуір бөлігінің жоғары білімі бар болып шықты.
26 жастағы қытайлық курьер Чэнь Сы жайлы оқиға ел ішінде қызу талқыланды. Ол Douyin желісінде 3 жылда жеткізу қызметі арқылы 1 миллион юань тапқанын айтқан. Бірақ оның сөзіне қарағанда, бұл үшін күніне 18 сағат жұмыс істеуге тура келген. Бұл оқиға Қытай қоғамын қақ жарды. Бірі оны "еңбекқорлықтың символы" деп бағаласа, екіншілері мұны "қалыпты өмірдің күйреуі" деп қабылдаған. Өйткені, платформалық экономикада тұрақтылық жоқ екені баршаға аян. Бүгін алға шығарған алгоритм ертең тасада қалдыруы да мүмкін.
The Economist басылымы соңғы жылдары курьерлердің әр тапсырыстан алатын табысы азайып, жұмыс уақыты ұзарғанын жазады. Ал Human Rights ұйымдарының зерттеулерінде курьерлердің жол ережесін жиі бұзатыны жайлы дерек бар. Себебі, кешіккен әр минут айыппұлға айналады.
Қытайлық зерттеуші Чжан Юй мұны "цифрлық феодализм" деп атайды.
– Бұрын жұмысшыны басшы қадағаласа, қазір алгоритм басқарады, – дейді ол.
Негізінен, стримерлердің де жағдайы тұрақты емес. Бүгін трендте жүрген эфир иесі ертең аудиториясыз қалуы мүмкін. Сондықтан, олар күн сайын эфирге шығып, өз өмірін контентке айналдыруға мәжбүр. Бір қызығы, Қытай жастары бұл жағдайға бейімделіп үлгерген. Олар тұрақты мансап туралы арманнан алыстап, "осы күнмен өмір сүру" психологиясына көшкен. Ел ішінде бұған қатысты түрлі терминдер мен ұғымдар таралып жатыр.
Жасыратыны жоқ, бұл құбылыс Қазақстанға да жат емес. Соңғы жылдары бізде де курьерлік қызмет күрт өсті, TikTok пен Instagram арқылы сауда жасау көбейді. Ең өкініштісі, жастардың тұрақты жұмысқа қызығушылығы азайған. Әсіресе, ірі қалаларда дипломы бола тұра жеткізу қызметінде жүрген жастар артып келеді. Экономистер мұны "еңбек нарығының трансформациясы" деп бағалайды. Басты мәселе, мұндай жұмыстың көпшілігі әлеуметтік кепілдік бермейді. Егер мемлекет жаңа цифрлық еңбек нарығын реттемесе, ертең Қазақстанда да "алгоритмге тәуелді буын" қалыптасуы мүмкін. Қазір көрші ел Қытай соның айқын мысалына айналып отыр.