Көрші елге баратындарға жазалану қаупі төнді

879

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан азаматтары Ресейге жиі баратын елдердің ТОП-5-іне кірді.

Көрші елге баратындарға жазалану қаупі төнді Фото: inbusiness ЖИ

Биылғы қаңтар-маусым айларында Ресейге жалпы саны 7 840 046 шетелдік барған екен. Бұл 1 жыл бұрынғыдан 2%-дай аз. Соғыс басталғалы солтүстік көршіге баратын жатжұрттықтар саны тоқтаусыз азайып келеді.

Статистикада Ресей аумағына туризм, жұмыс, бизнес, оқу, жеке мәселе және басқа мақсаттармен кірген шетелдіктердің бәрі есепке алынды.

Соның ішінде барлық мақсаттар бойынша Ресейге барушылар арасында азаматы көп елдердің "ондығында" Өзбекстан (1,8 млн азаматы кірді, 2024 жылғы жартыжылдыққа қарағанда +0,56%), Қазақстан (1,6 млн, +2,19%), Тәжікстан (821 мың, -16,03%), Қытай (767,7 мың, +9,58%), Қырғызстан (515,8 мың, -6,25%), Абхазия (Грузия, 329 мың, -5,76%), Армения (281,2 мың, -6,10%), Әзербайжан (231,7 мың, -9,88%), Беларусь (228,9 мың, +19,77%) және Моңғолия (165,6 мың, -4,44%) бар.

Көршіге сапарлап не қыдырып баратын 2 миллионға дейінгі қазақстандықтар келесіні қаперінде ұстағаны жөн. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап, Ресейде қатардағы азаматтардың өміріне елеулі ықпал ете алатын көптеген жаңа шектеулер, тыйымдар, ережелер мен талаптар қолданысқа енгізілді.

Оның ішінде мысалы, РФ-та "экстремистік" деп танылған видеоларды, киноны, кітаптарды, жазба материалдарды интернеттен іздеу үшін қудалау, SIM-картаны басқа адамға бергені үшін жазалау, смартфонда ресейлік "ұлттық мессенджер" Max-ты орнатуды талап ету, мигранттардан, соның ішінде қазақстандықтардан телефонына қозғалысын қадағалайтын қосымшаны (отслеживающее перемещения приложение) орнату талабы және басқасы бар.

1 қыркүйектен бастап РФ-та неге тыйым салынды?

Жүргізушілерге қатысты

Ресейдің кейбір өңірінде, мысалы, Петербор қаласында шетелдіктерге таксиде, мемлекеттік және жеке күзет қызметтерінде, ветеринарияда жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұл тыйым Еуразиялық одаққа мүше елдердің азаматтарына, соның ішінде қазақстандыққа таралмайды.

Бірақ 1 қыркүйектен көрші елде такси, автобус не өзге автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істегісі келетін Қазақстан азаматтарына қатысты басқа кедергі күшіне енді. РФ Премьер-министрі Мишустин қол қойған қаулыға сәйкес, автомобильді басқаруға медициналық жіберу ережелері жаңартылды. Ол бойынша жаңа тізімге енген ауруы бар адамға машина басқаруға тыйым салынды.

Енді дәрігерлік комиссия жүргізушінің тек физикалық денсаулығын ғана емес, сондай-ақ психологиялық орнықтылығын, түрлі реакцияларға сайма-сай, адекватты үн қатуын және жағдайды дұрыс қабылдау қабілетін тексеретін болады.

"Психологиялық дамудың жалпы бұзылушылықтары анықталады. Бұл  жай диагноз емес, бұл – адамның жай-күйін білдіретін тұтас топ. Онда мысалы, жүргізушінің әлеуметпен өзара іс-қимыл, әрекеттестік жасауда қиналмауы, мүдделері спектрінің шектеулі болмауы (ограниченный спектр интересов), сыртқы тітіркендіргіштерге жоғары сезімталдығы, айналадағы әлемді қалай қабылдайтыны және басқасы тексеріледі. Бұған сондай-ақ аутистикалық спектрдің бұзылушылығы кіреді. Комиссия адамның көлікті қауіпсіз басқара алатын-алмайтынын түсінуі керек", – деп мәлім етті Autonews порталы.

Интернетке қатысты

Көрші елдегі ауыр тыйымдар және жаңашылдықтар интернетпен байланысты болып келеді.

"Адамдарға Ресейде интернеттен "экстремистік материалдарды қасақана іздегені" үшін енді айыппұл салынады. РФ әділет министрлігінің экстремистік материалдар тізімінде келтірілгеннің және "Экстремистік қызметке қарсы тұру туралы" федералдық заң талаптарына қайшы-келетіннің бәрін іздеу үшін жазалайтын болады. Тізім бірнеше жүз беттен (электронды нұсқасы 55 тараудан) тұрады. Оның арасында "Коррупциямен күрес қоры" сияқты экстремистік деп танылған және тыйым салынған ұйымдардың атауы, түрлі кітаптар, мәтіндер, әндер және эстрадалық топтар, сурет-кескіндер, өзге материалдар, сондай-ақ не екенін түсіну қиын "файл devushka" сияқты жазбалар бар", – деп жазды Би-Би-Си.

Басылым аталған федералдық заңның тыйымына не жататынын ұғыну күрделі екенін ескертті. Өйткені заңда "экстремистік материал" ұғымының сипаттамасы жалпылама, бұлыңғыр болып келетін көрінеді: мысалы, оған "ұлттық, нәсілдік артықшылықты негіздейтін немесе ақтайтын жарияланымдар" да жататыны көрсетілген.

Адамның Ресейде тұрып, экстремистік материалдарды интернеттен қасақана іздегенін, әлде байқаусызда кіріп кеткенін сот анықтауға тиіс болады. РФ-қа баратын қазақстандықтар оған дейін смартфонын тазалап, көршіде тыйым салынған деректердің (оның ішінде діни-ағартушылық материалдардың) бар-жоқтығын тексергені, өшіріп тастағаны абзал.

Себебі, ВВС сарапшыларының нұсқауынша, ресейлік шекарашыларға, күш құрылымдарына, тергеушіге күдіктінің ұялы құрылғыларынан тыйым салынған деректерді іздеуге өкілеттік берілді. Тауып алса, 3 мыңнан 5 мың рубльге (35 мың теңгеге) дейін айыппұл салынады және қазақстандық РФ-қа 5 жылға дейін қайта кіре алмайды.

Интернет пайдаланушыларға қатысты тағы бір өзгеріс. Биылғы 1 қыркүйектен бастап, Ресейде сатылатын барлық гаджетке ресейлік "ұлттық мессенджер" Max пен ресейлік қосымшалар дүкені RuStore міндетті түрде орнатылуға тиіс. Ресейлік құқық қорғаушылардың дерегінше, оларды смартфонына орнатқаннан кейін адамның "экстремистік материалдарды" іздегені, "армияны дискредитациялағаны" туралы материалдар жинау оңайлайды.

Мигранттарға қатысты

РФ-та елге келген шетелдіктерді цифрлық бақылау әрі қарай күшейтіліп жатыр. Пилоттық жоба аясында Мәскеуге және Мәскеу облысына келген мигранттар өз телефондарына "Амина" қосымшасын орнатуға міндеттеледі. Қосымша телефон иесінің қозғалысын, қайда барғанын, маршрутын қадағалайды, жазып отырады.

Телефон байланысына қатысты

Жаңа тыйымдар тек интернетті пайдаланушыларды ғана емес, сондай-ақ телефон байланысын қолданушыларды да қамтиды. Бұдан былай өз атына бекітілген SIM-картасын немесе төл телефонын басқа адамға бергендер әкімшілік қудаланады. Мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 50 мың рубльге (350 мың теңгеге) дейін, заңды тұлғаларға – 200 мың рубльге дейін айыппұл салынады.

Бұл ретте картаны ұзақ мерзімге немесе мәңгілікке, түпкілікті беру жазаланады. Туысқа, танысқа не досқа бір рет қоңырау шалу үшін беруге әзірше жаза қарастырылмаған.

Айтқандай, қазіргі кезде Ресейде WhatsApp пен Telegram сияқты шетелдік мессенджерлермен қоңырау шалуға шектеу қойылған.

Instagram-ға қатысты

Ресейде 2022 жылғы наурыздан бастап Instagram бұғатталып тасталды, оның иесі – Meta корпорациясы халықаралық санкцияларды орындағаны және ресейлік бірқатар аккаунты бұғаттағаны үшін РФ-та "экстремистік ұйым" деп танылды.

Соған қарамастан, ресейліктер Инстаграмға VPN арқылы кіруін жалғастырды. Ресейлік блогерлер де одан жаппай кеткен жоқ. Сондықтан 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап, РФ-та "Жарнама туралы" заңға түзетулер күшіне енді. Олар Ресейде экстремистік ұйым деп жарияланған ресурстарда және платформаларда таргеттік және басқа жарнама орналастыруға тыйым салып тастады.

Би-би-си түсіндіруінше, бұл ресейліктердің Инстаграмдағы жарнамасына да нүкте қойылғанын білдіреді. Көптеген ресейлік кәсіпкерлер, инфосығандар, блогерлер, жұлдыздар оны көп жылдан бері онлайн-дүкен және сөре-витрина ретінде пайдаланып келген болатын. Бұл әрекетінен бас тартпаған жеке тұлғалар 2,5 мың рубльдей, компаниялар – 500 мың рубльге дейін айыппұл арқалайды.

Сондықтан Ресейде жүрген қазақстандықтар елге қайтқанша, Инстаграм, Фейсбук әлеуметтік желілерінде жарнама беруден бойын аулақ ұстағаны абзал.

Сонымен қатар, Ресейде енді мемлекеттік тыйымдар мен шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік беретін VPN технологиясын жарнамалауға тыйым салынды. Мұндай сервистерді жарнамалау үшін азаматтар – 80 мың рубль, заңды тұлғалар – 500 мың рубль айыппұлмен жазаланады.

Бұған қоса, егер қандай да бір қылмыспен немесе заң бұзушылықпен ұсталған адамның телефонында VPN орнатылған болса, бұл "айыпты ауырлатушы жағдайға" жатқызылады.

Ғалымдарға қатысты

Күзгі жаңашылдықтар ғалымдар, зерттеушілер сияқты жекелеген кәсіби топтарды қамтыды. Оған сәйкес, ресейлік ғалымдарға шетелдік әріптестерімен Федералдық қауіпсіздік қызметінің рұқсатынсыз ынтымақтасуға тыйым салынды.

"Шетелдік әріптестерімен қарым-қатынас жасауды, ықпалдасуды жоспарлаған РФ ғылыми мекемелеріне бұдан былай ФҚҚ бұған рұқсат ете ме, етпей ме, соны күтуге тура келеді. Өзгерістер күш құрылымдарының ғалымдарға жіті назар аудара бастауы ауанында қолданысқа енгізіліп отыр. Соғыс басталғалы ғалымдарды қылмыстық қудалау өрістеді: 2022 жылдан 2025 жылғы наурыз аралығында 89 ғалым тергеуге алынған. Олардың 41-інің үстінен қылмыстық іс қозғалды. 19-ы жұмыстан шығарылды", – деп хабарлады ВВС.

Денсаулық сақтауға қатысты

Ресейдегі қазақстандықтар міндетті медсақтандыру жарналарын төлегенімен, емханалар мен клиникаларда дәрігерге кіре алмауы мүмкін. РФ-тағы міндетті медсақтандыру жүйесі оған жарна аударушылардың мемлекеттік емханаларда және жүйеге қосылған жекеменшік клиникаларда тегін қызмет алуын кепілдендіреді.

Алайда күзде күшіне енген заңнамалық түзетулерге сәйкес, Ресейде дәрігер орнына орта буындағы медициналық қызметкерлер, соның ішінде мейірбике бастапқы және жедел медкөмекті көрсете алады. Билік бұған медицина кадрларының тапшылығына бола барды.

Сондай-ақ, сырқатпен тілдесіп, анамнезін жинау, науқасты тексеру, электрокардиограмма жасау, қан талдауын жүргізу, басқа зерттеулерді де медбикелер атқаратын болады. Егер салмақты ауруға қатысты күдігі болса ғана орта буын қызметкері азаматты дәрігерге жолдайды. РФ Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашконың дерегінше, бүгінде Ресейде 23,3 мыңнан көп дәрігер және 63,6 мыңдай орта медперсонал тапшылығы туындады.

Қатардағы тауарларды паспортпен алуға қатысты

Күзде өзгеге тосын көрінуі мүмкін ресейлік тыйымдар тобы да қолданысқа енгізілді. Мысалы, 1 қыркүйектен бастап, бала туушылықты, ана мен әке атануды сынауға, жаман қылып көрсетуге тыйым салынды. "Тусаң өзің үшін тудың", "қаптатып туа береді екен осылар" сияқты күңкіл сөздер енді РФ-та экстремизмге теңестірілуі мүмкін. Сондай-ақ, көп балалы аналарды балағаттауға жол берілмейді. Бұл РФ-та белең алған демографиялық дағдарысты еңсеру үшін жасалуда.

Бұған қоса, өмірге келген балаларды қауіпті "ойын-сауықтан" қорғап қалу мақсатында 1 қыркүйектен бастап, Ресейде оттық-зажигалканы, аэрозольдарды, газ балондарын ашық сатуға тыйым салынды. Оны тек паспортты көрсетіп қана алуға болады. Бұл тыйымды бұзған саудагерлерді айыппұлмен жазалайды. Өйткені Мемдума депутаттары осы арқылы сниффингке – сұйытылған газды иіскеуге негізделген токсикомания түріне тоқтау салуға ниетті. 2016-2023 жылдары бұдан РФ-та 817 бала қаза тауыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу