Көрші Қытай әлемдегі ең терең ұңғы қазып, "жер түбіне" жетуге таяды

27184

Бұл туралы ханзу елінің Синьхуа агенттігі хабарлады.

Көрші Қытай әлемдегі ең терең ұңғы қазып, "жер түбіне" жетуге таяды Фото: inbusiness.kz

Қытай ауа-райын басқару технологияларын дамытып жатыр. Соның аясында бұлттарға әсер етіп, жасанды түрде жаңбыр мен қар жауғызу, жауын-шашынның түсуін реттеу және басқа аса ірі жобалары бар. Халықаралық ақпарат құралдары осы мақсатта Қытай аэроғарыш ғылымы мен техникасы корпорациясы әзірлеген әскери технологияларды да қолданылатынын жазды.

2013 жылдан бері бұл ел жыл сайын кем дегенде 55 миллиард тоннадан астам жасанды жаңбыр жауғызады.

Hi-news порталының дерегінше, Қытай Тибет шыңдарында ондаған мың өртеу камераларын орнатуда. Камераларда қатты отын, көмір жағылады екен, бұл атмосфераға күміс йодидінің лақтырылуына соқтырады. Йодид ауадағы су молекулалары үшін конденсат есебінде әрекет етеді және оларды айналасына жинап, әбден ауырлаған соң жаңбыр түрінде жауады.

Ғалымдар мұндай жобалар бұлттар қозғалысын бұзып, атмосферадағы ағындар бағытын өзгертіп, әлемнің өзге өңірлерінде қуаңшылық тудырады деп қауіптенеді.

Осы орайда Қытай Қазақстанның іргесінде, Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданында әлемдегі қазіргі ең терең ұңғыны бұрғылап шықты.

Осы елдің Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, ұңғыға Shenditake-1 атауы берілді.

Енді белгілі болғандай, ШҰАА-дағы ең терең ұңғы биылғы 4 наурызда, сағат 14:48-де 10 мың метр межесіне жетіпті. Мұны Бейжің "отандық тереңдікті геологиялық барлау саласындағы тарихи ірі жетістік" деп таныды.  

Сонымен, Қазақстан тұрғындарын да қызықтыратын атақты Shenditake-1 ұңғысы:

  • Қытайдың солтүстік-батысында, Қазақстанмен шектесетін Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданындағы Такла-Макан шөлінде, Тарим ойпатында орналасқан.
  • Жоба бойынша 10 мың метрмен тоқтамай, кем дегенде 11 мың метрге жеткізу қарастырылған.
  • Бұл ұңғы әлемдегі ең тереңінің біріне айналуға тиіс көрінеді.
  • Оны бұрғылау 2023 жылғы 30 мамырда басталды, содан бері қытай геологтары 13 (!) континенталдық пластты тесіп өткен.
  • Жерді тесуге ҚХР 20-дан астам бұрғылау қондырғысы мен 1 мыңнан астам тескіш құбырларын қолданып жатыр.

Қытай ұлттық мұнай корпорациясының (CNPC) жергілікті Тарим мұнай кен орны бойынша бас сарапшысы, Shenditake-1-ді бұрғылауға жауапты тұлға Ван Чуньшэн Қытай елінің 10 шақырымнан асатын тереңдіктегі тік ұңғыманы өз тарихында тұңғыш рет қазып отырғанын мәлімдеді.  

Оның байламынша, 10 мың метрден әрі қарайғы тұңғиықтарда мамандарды өте салмақты проблемалар күтіп тұр. Мысалы, Жер температурасы 200°C-қа дейін көтеріледі. Қатпар-пласттағы қысым 130 МПа (мегапаскаль) деңгейінен асып кетеді. Мұның қаншалықты алапат қысым екенін мынадан байқауға болады. Уикипедияда баяндалғандай, ядролық жарылыс кезінде 165 МПа ауаның лезде 20 000 °C-қа дейін қызуына әкеледі.

Қытайлық маман он мыңдық межеден кейін бұрғылау әрбір метр сайын күрделенетінін жеткізді.

Бұл жерде "сонша терең қазу Қытайға не үшін қажет болды?" деген сауал туады. Бейжің бұл өңірдің қойнауында, терең шыңырауында қандай-қандай қазыналар тұнып жатқанын білгісі келеді.  

Неге ол үшін Шыңжаң өлкесіндегі Тарим бассейні таңдалды?

Бұл аумақтың асты өзге қазынасын айтпағанда, қара алтын мен көгілдір отынның ұланғайыр қорына толы деп есептеледі және Қытайдың мұнай-газ секторын дамытудың ең перспективті бағыты деп танылған.

Ондағы тұнба жыныстардың қалыңдығы 10 мың метрден асады. Яғни, жер асты дариясына жолықпай, тесе алады.

Өңірдегі жер фундаменті біздің дәуірімізге дейінгі 538,8 миллион жыл бұрынғы Кембрий кезеңінен де көне жыныстардан құралған.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде әлемдегі ең терең, ескі ұңғы – Ресейде орналасқан. Ресейдің Қиыр Шығысындағы Көл (Кольский) түбегінде Кеңес одағы 12 шақырым 262 метр тереңдікке дейін бұрғы салды. "SG-3" Көл ең терең ұңғымасын қазуға шамамен 20 жыл кетті және 1989 жылға дейін жалғасты. Артынша КСРО күйреп, бұл жоба керексіз, адыра қалды, иесіз тасталды.

ҚХР-дың бұл тереңдікті бір жылда еңсеруі ғажап емес.

Әлеуметтік желілерде түрлі елдердің азаматтары "Қытай Жер ғаламшарын тесіп тастайды" деп қауіп білдіруде. Шынында, бұл әзірге бірде бір елдің қолынан келмейді. Ең терең Көл ұңғымасының өзі (12 262 метр) Жердің ортасына дейінгі жолдың шамамен 0,2%-ын ғана еңсерді.

Әлеуметтік желіде "Қытайдың жерді бұрғылап, тесуі Алматыдағы зілзалаға соқтырды" деген "конспирологиялық теориялар" да айтылып жүр. Бұған таяудағы ірі жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан 264 километр қашықта, Қытай жерінде, шекараға жақын орналасуы түрткі болды.

Былтыр бірқатар шетелдік басылымдар "Қытайдағы Тарим ойпатындағы терең ұңғыны бұрғылаудың жер сілкінісіне немесе жанартаулардың атқылауына түрткі болуының тәуекелі бар" деп жазған.

Бұрынғы жылдары "Қазселденқорғау", Сейсмология институты сияқты бірнеше ұйымды басқарған Мұхтар Хайдаров Tengrinews-дің тиісті сауалына жауап берді.

"Адамдар техногенді немесе жасанды жер сілкінісін туғыза алады. Бірақ мен ол туралы айтуға асықпас едім. Себебі, 1970 жылдары Көл ең терең ұңғысын (Кольская сверхглубокая скважина) бұрғылағанда ешқандай жер сілкінісі тіркелмеді. Бұл – бір. Екіншіден, бұрғылау кезінде жер астына көп көлемде су айдалса, бұл жер сілкінісіне түрткі бола алады. Мысалы, АҚШ-тың бір қаласы пайдаланылған кәріз суын қайда жіберерін білмей, оны ұңғымаға айдаған. Бұл қалада шағын зілзалалардың басталуына соқтырды. Сондықтан америкалық қала басшылығы ондай әрекеттен бас тартты", – деді ғалым.

Оның пікірінше, "жер қатпарына қысыммен айдалған су таяудағыдай, үлкен магнитудадағы жер сілкінісіне серпін бере алмауға тиіс".

"Бірақ мен бұлардың арасындағы байланысты жүз пайыз жоққа шығара алмаймын, өйткені қолымда қажетті мәліметтер жоқ. Мен Қытайдың жер астында не істеп жатқанынан хабарсызбын. Тұтастай алғанда, жер сілкінісі адамдардың қолымен жасалып, техногенді сипатта болуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймын", – деді сейсмолог ғалым Мұхтар Хайдаров.

Қалай болғанда, өзіне тікелей қатысты болғандықтан, Қазақстан Үкіметі, жауапты құрылымдары серіктестік аясында көрші елдерден тиісті ақпарат алғызып, салдарын болжамдап отырса, қамсыз қалмаса, жөн болар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу