Өзбекстан тұт плантацияларын ауқымды түрде күрт кеңейтуге кірісті. Ал, мемлекет бұл саланы қаржылай қуатты қолдауды жүйелі түрде күшейтуде. Алдағы сәуір айының соңында республикада аппақ әрі сопақ жұмыртқаға ұқсас жібек құртының пілләларын (кокон) өсірудің жаңа маусымы басталады.
Бұл ауыл шаруашылығы маусымы таңғаларлықтай өте қысқа циклге – 30-40 күнге созылады. Осы уақыт ішінде ауылдағы көптеген үйдің жанында, кейде тіпті тұт ағаштары егілген егістіктегі арнайы жабдықталған бөлмелерде лезде отбасылық типтегі микроэкономика қалыптасады, деп жазды inbusiness.kz сайты.
Мұндағы өндірістік бірлік – зауыт-кәсіпорын, алып ферма, кооператив те емес, қарапайым үй шаруашылығы, әр үйдің ауласы. Пілләлар жібек құртының ұрықтары (грена) арқылы өсіріледі. Отбасының бір-екі мүшесі ресми құжаттарда "үйде жұмыс істейтіндер" ("надомники") немесе "піллә өсірушілер" деп аталады, іс жүзінде биологиялық "станоктың" операторларына айналады.
Олар далада емес, жабық орынжай ішінде жатқан қомағай, жебір жібек құрты үшін сырттан тасып, тұт жапырақтарымен қоректендіреді. Оны өсіру кезеңінде орынжайда тазалықты, температура мен ылғалдылықты сақтауға жауапты. Тұт құрты сәл суық жел соқса, жаңбыр жауса, қырылып қалады. Сондықтан олар жатқан бөлмелерді тұрақты түрде жылыту қажет. Кun.uz дерегінше, ауыл кәсіпкерлері бұл үшін электр жылытқыштарды, газ, тіпті қарапайым ағаш жағылатын пештерге дейін қолданады.
Осы кезде жібек құртының ауызында жабысқақ-желімді зат түзіледі, ол сол арқылы жіп жасап, сол жіптен кіршіксіз аппақ пілләсін тоқиды. Бұл цикл аяқталған соң кәсіпкерлер арнайы сөрелердегі тұт бұтақтары арасынан пілләларды қолмен жинап алады. Қолмен теру ұзаққа созылатындықтан, бұл жұмысқа көбіне көрші-қолаң мен туыс-туған жұмылдырылады. Әрине, ақысы төленеді. Нәтижесінде, бұл процесс ауыл еңбегінің өзіндік маусымдық "краудсорсингіне" айналады. Осылайша, сала тек өндірістік тізбекке ғана емес, ауылдың әлеуметтік құрылымына да дендей еніп, маусымдық жүздеген мың жұмыс орнын қалыптастырады.
Халықаралық жібек шаруашылығы комиссиясының (INSERCO) деректеріне сәйкес, жібек дүниежүзінде 60-тан астам елде (кейбір қазақстандық кәсіпкерлер де байқап көруде) өндіріледі. Алайда нарық екі қолда шоғырланған. Халқы көп, жұмыс қолы арзан Қытай мен Үндістан әлемдік өндірістің 90%-дан астамын бақылауда ұстайды.
Өзбекстанның жаһандық үлесі 2,4% ғана болғанымен, ол осы еншісімен-ақ әлемде 3-орынды иеленіп отыр. Сонымен қатар, өнімділік бойынша да көрші ел көшбасшыларды қуып жетіп қалды. Бір қорап жібек құрты ұрықтарынан шамамен 55 келі піллә алады. Салыстырсақ, Қытай мен Үндістанда бұл көрсеткіш 80-85 келі.
Осы жағдайда қызықты бір парадокс байқалады: әлемдік жібек өндірісі керемет қарқынмен қысқарып келеді: 2015 жылғы 202 мың тоннадан қазіргі шамамен 70 мың тоннаға дейін еселеп кеміді. Дәл осы кезде Өзбекстан, керісінше, өндіріс көлемін арттыруда: 2017 жылғы 12,5 мың тонна пілләнан 2022 жылы 24,3 мың тоннаға дейін ұлғайта алды. Енді 36 мың тонна межесін бағындыруға ниетті. Бұлай бара берсе, өзбек ағайын жаһандық жібек монополисіне айналуы мүмкін.
Салықтық сүйеу және "махалла жетілігі"
Міне, осы тұста өзге елдердің кәсіпкерлері қызыға әрі қызғана қарайтын ғажайып – мемлекеттік инженерия басталады. Жібек шаруашылығын жаңа жүйе бойынша тұрақты дамыту үшін жаңа маусым қарсаңында Өзбекстан Президентінің 2026 жылғы 6 наурыздағы №ПП-87 қаулысымен піллә өсіретін халыққа субсидиялардың, жеңілдіктер мен ынталандырулардың тұтас пакеті енгізілді.
Bss.uz мәліметінше, бұл көмекті бөлу "махалла жетілігіне" – жергілікті өзін-өзі басқару органына тапсырылды: енді кімге пайызсыз несие, кімге тамшылатып суару үшін тегін субсидия қаражат беру керектігін әр махалланың ақсақалдары мен халық таңдаған құрметті тұрғындары шешеді. Осы арқылы мемлекет қолдауды жергілікті басқару элементтерімен үйлестірді: өйткені кімнің шын мәнінде көп піллә өсіріп отырғанын Ташкентте отырған шенеуніктер емес, жергілікті жердегі азаматтар жақсырақ біледі. Биліктің халыққа деген сенімінің бір шыңы.
Қаржылық ынталандырулар да керемет жомарт әрі көп деңгейлі. Піллә өсірушілерге тапсырған тауарының жалпы құнының 35%-ы көлемінде қайтарымсыз демеуқаржы-субсидиялар; әр отбасыға 4 млн сум; үйде жұмыс істейтіндерге 3 жылға пайызсыз несие; маусымдық жұмысшылардың жалақысының 50%-ын бюджеттен өтеу; суару жүйелерін қаржыландыру, тіпті ұңғымалар мен құдықтарды бұрғылау шығындарын 100% бюджеттен өтеу, сорғы станцияларын салу, қайта жаңғырту – мұның бәрі мемлекеттің бұқарасына қамқорлығы.
Бұл көріністі салықтық жеңілдіктер толықтырады: піллә өндіру және сақтау үшін пайдаланылатын ғимараттар мен құрылыстар мүлік салығынан босатылды. Сондай-ақ, жер салығына жеңілдіктер бар. Табыс салығы біздегідей 10 емес, 2%! Әлеуметтік салықтар да он есе аз – 1%. Яғни, формалды түрде салықтар бар, сол арқылы мемлекет өзінің бар екенін сездіреді. Ал, маусымдық піллә өсірумен және жібек құрты ұрықтарын өндірумен айналысатын халықтың табыстары толығымен салықтан босатылып отыр.
Өзбекстанның бұл саладағы 2030 жылға дейінгі даму мақсаттары да өршіл:
- Піллә өндірісін 2026 жылғы 30 мың тоннадан 2030 жылы 36 мың тоннаға дейін арттыру;
- Жаһандық экспорт түсімін 120 млн-нан 300 млн долларға жеткізу;
- Елде жаңадан 200 млн тұт ағашын отырғызу арқылы тұт құртының азықтық базасын 45%-ға кеңейту;
- Жыл сайын жаңадан кемінде 500 мың маусымдық және 50 мың тұрақты жұмыс орнын құру;
- Пілләны терең өңдеп, одан жіп пен жібек алу деңгейін 2030 жылы 75%-ға жеткізу. Әзірге 2026 жылы оның 30%-ы елде өңделеді де, қалғаны шетелге шикізат түрінде экспортталады.
Мемлекет әрбір жібек өсірушіні қанатының астына алды. Облыс және аудан әкімдіктеріне (хокимят) қолданыстағы тұт плантацияларын жоюға, ол жерді тартып алуға немесе олардың жерінің нысаналы мақсатын өзгертуге қатаң тыйым салынды, деп жазады norma.uz.
Пілләні "тесіп" шыққан экспорттық капитал
Шешім қабылдамас бұрын, жыл басында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жібек шаруашылығын кешенді дамыту шаралары туралы презентациямен танысты. Жаңа іс-шаралар аясында азықтық базаны кеңейтуге ерекше назар аударылады. 2026-2030 жылдары 8 мың гектар жаңа тұт плантациялары құрылып, 41,5 мың гектарға бір қатарлы ағаш отырғызу ұйымдастырылады. 15 мың гектар ескі плантация қалпына келтіріледі. 2030 жылға қарай 200 млн тұт көшеті отырғызылып, жібек құртының азықтық базасы күрт ұлғаяды.
Сала жұмысы жаңа жүйе бойынша ұйымдастырылады: оған "Узбекпаксаноат" қауымдастығы, "Агропіллә" құрылымдары және жібек кластерлері қатысады. Олар фермерлер мен үйде жұмыс істейтіндерді барлық кезеңде – плантация егуден бастап піллә сатуға дейін сүйемелдеп, ісін үйлестіреді. Осы салада бизнесін бастаймын дегендерге көмектеседі. Сонымен қатар, арнайы жібек фермаларын құру арқылы өндірістік әдіспен өндіру де кеңейтіледі.
Шикізатпен елікпей, қосылған құнды арттыру да басты назарда. Жалпы құны 200 млн доллар болатын 21 инвестжобаны жүзеге асыру жібек шикізатын өңдеу деңгейін 75%-ға жеткізеді. Нәтижесінде, 18,5 млн бойлық метр жібек мата өндіріледі, деп мәлім етті nuz.uz.
"Ми" және генетика үшін күрес
Дегенмен, Өзбекстанда бұл саланың барлық кезеңдері – азықтық базадан бастап терең өңдеуге дейін жүйелі проблемаларға тап болуда. Негізгі осал буын – жібек құрты ұрықтарының шаруашылығы, яғни, биологиялық "тұқым" өндіру. Қазіргі кезде жібек құрты ұрықтарының едәуір бөлігі Грекиядан, Қытайдан импортталады.
Сондықтан өзбек ағайын "өзбекстандық" жібек құртын өсіруді жолға қойып жатыр. Олар жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға жақсырақ бейімделген, көп ауырмайды, әрі лүп еткен желге жаурап, қырылып қалмайды. 2030 жылға қарай отандық жібек құрты ұрықтарын пайдалану деңгейін 75%-ға жеткізу жоспарланған.
Бұл үшін Ферғана мен Хорезм облыстарында асыл тұқымды құрт өсіру станциялары құрылады. Сондай-ақ, биыл Бұхара мен Наманғанда жаңа кәсіпорындар іске қосылады. Кейінгі жылдары Ташкент, Жизақ, Самарқан және Сұрхандария облыстарында қосымша станциялар пайда болады. Нәтижесінде, ішкі сұранысты қамтамасыз ететін толыққанды жүйе қалыптасады, дейді bugin.info.
Алайда бұл сала тек технология мәселесін ғана емес, басқару сапасына, кадрлармен қамтуға қатысты олқылықтарды жоюды қажет етеді. Сала ардагері, жібек өсіруші Салохиддин Бобомуродовтың түсіндіруінше, жібек шаруашылығындағы тұқым өндірісі басқа ауыл шаруашылығы салаларынан түбегейлі ерекшеленеді.
Мысалы, астық немесе мақта өндірісін толық механикаландыру, автоматтандыру мүмкін болса, жібек құрты ұрықтары өндірісі әлі күнге толықтай дерлік қол еңбегіне тәуелді. Пілләні қолмен тереді. Сондай-ақ, бұрын Өзбекстанда 21 тұқым шаруашылығы кәсіпорны, оның ішінде жаңа сұрыптар шығарылған 3 асыл тұқымды станциясы болған.
"Мұндай станциялар мемлекет меншігінде қалуға тиіс еді. Бірақ олар кезінде жекешелендіріліп кетті. Салдарынан ғылыми-өндірістік база әлсіреді. Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяда болдым. Жапония мен Кореяда піллә өсірілмейді, бірақ асыл тұқымды станцияларын сақтап қалған, олар мемлекеттік бақылауда", – дейді Бобомуродов.
Тағы бір мәселе – өндірістік инфрақұрылымның нашарлығы. Кеңес заманында ірі кәсіпорындар тұрақты түрде сапалы шикізат беретін тұқым шаруашылықтарына сүйенетін. Кейінгі онжылдықтарда олардың саны азайыпты.
"Мысалы, "Самарканд пилла уругчилиги" кәсіпорнының қоластында бұрындары 9 тұқым шаруашылығы болса, бүгінде төртеуі ғана қалды. Бұрын әр шаруашылық үнемі тексеріліп, ауру анықталса, тұқымы өндіріске алынбайтын. Енді мұндай бақылау жоқтың қасы", – дейді маман.
Бұған кадр тапшылығы қосылады. Бұрын бір кәсіпорында 40-тан астам маман – зертханашы, технолог, агроном жұмыс істепті. Кейін төмен жалақы салдарынан олар басқа салаларға кеткен. Жас мамандарды оқу орындары дайындап жатыр, алайда олар салада қалмайды, деп жазады "Самаркандский Вестник". Бәлкім, Президенттің жаңа бағдарламасы салаға дем берер.