Көршіде енді сиыр мен құс өсіруге тыйым салынады

533

Бұл тыйым мал басының шектен тыс өсіп кетпеуі үшін енгізіліп отыр.

Көршіде енді сиыр мен құс өсіруге тыйым салынады Фото: canva

Ресейде қалалар мен деревняларда жеке қолда ұсталатын төрт түлік пен ауыл шаруашылығы құстарының басын реттеу туралы шешім қабылданды. Тиісті бастама заң жобасына айналды және Мемдуманың қарауына енгізілді. Бұл туралы "Парламентская газета" хабарлады.

Басылымның дерегінше, заң жобасы мысалы, сиырлар мен тауықтардың санын шектен тыс арттыруға тыйым салады, бірақ әрбір елді мекендегі нақты шекті – үй жануарларының ең жоғарғы санын анықтауды заң жергілікті биліктердің құзырына береді. Егер өңірдегі, айталық, Зеңгі баба түліктерінің саны лимитке жетсе, онда өзгелердің сиыр мен бұқа өсіруіне жол берілмейді.

Ресейлік журналист Элеонора Рылова бұл заң жобасы РФ Парламентіне өңірден келіп түскенін жеткізді. Құжат авторы – Краснояр өлкесінің заңнамалық жиынының (Заксобрание) депутаттары.

"Заң жобасына бастамашылардың пікірінше, ол барлығына бірдей тиімді: көршілер мал мен құстың шуына шағымданбайды, күлімсі иіс те азаяды. Бұдан бөлек, мал басы азайтылса, "Сібір жарасы" (күйдіргі) сияқты жануарлардың қауіпті аурулары індетінің тарауы да сирейді", – деп мәлім етті журналист.

Ал, көңнен, иіс-қоңыстан арылып, саф ауаны сіміре кең тыныстаған қалалықтар және деревнялықтар содан кейін ішегі шұрқыраса, не жейтінін депутаттар нақтыламапты.

Өз кезегінде, сарапшылар 90-шы жылдармен салыстырғанда, Ресейде енді қолында мал ұстайтын адам қалмай бара жатқанына назар аудартты. 2021 жылғы соңғы ауыл шаруашылығы санағы көрсеткендей, 146 миллиондай тұрғыны бар РФ-тың селолары мен деревняларында тек 16,2 миллион жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) қана қалған.

Ресми мәлімет бойынша 1913 жылғы санаққа сәйкес, Ресейде 20 миллион шаруа қожалығы болыпты және онда ел халқының 75%-дан астамы жұмыс істеді.

Кеңес кезінде колхоз-совхоздар сыртында 30 миллионнан астам ауыл тұрғындары мал ұстады. Одақ кемеліне келген 1975 жылдары бүкіл еттің 69%-ын, сүттің 69%-ын, жұмыртқаның 61%-ын солар өндірген.

Мемдума қарап жатқан заң жобасына түсініктемеде қазіргі кезде Ресейде жеке қосалқы шаруашылықтардың қанша мал мен құс ұстай алатыны заң жүзінде еш реттелмегеніне, шектеу жоқтығына назар аудартылады.

Қолданыста тек ветеринарлық ережелер бар. Олар әрбір мал басына қорада қанша шаршы метр орын бөлінуге тиістігін белгілейді. Мал иелері бұл талаптарды жиі сақтамайтыны, ірі қара және ұсақ мал қыста қорада қысылып, сығылысып тұратыны көрсетілген.

"Жекелеген азаматтар ветеринарлық ережелер мен алаңның жалпы ауданына сәйкес келетін шекті саннан әлдеқайда асып түсетін көлемде ауыл шаруашылығы малдары мен құстарын қорада ұстайды. Бұдан бірінші кезекте көршілері зардап шегеді, оларға маңыраған, мөңіреген және басқа да дыбыстарды тұрақты шығаратын үй жануарларының шуылына және күлімсі иісіне төзуге тура келеді", – деп реттелуге тиіс проблемалар терілген заң жобасының түсініктеме жазбасында.

Депутаттар кейінгі жылдары мемлекеттік органдарға осыған қатысты арыз-шағымдар санының күрт артқанын алға тартты. Заң бойынша антисанитария және тыныштық уақытын бұзу үшін РФ-та да айыппұлдар қарастырылған. Оның көлемі 100-ден 500 рубльге (шамамен 3,5 мың теңгеге) дейін барады. Бірақ айыппұл көлемі 2007 жылдан бері көтерілмепті.

"Оның үстіне айыппұлдар көлемі қоғамдық қауіп дәрежесі бойынша сайма-сай жазалауға да, ауыл шаруашылығы малдары мен құстарын ұстайтын азаматтардың табатын табысының деңгейіне де сәйкес келмейді. Сондықтан ЖҚШ-лар тек отбасының өз мұқтаждығын өтеуге ғана жететін көлемде мал ұстауы үшін жергілікті атқарушы органдарға тыйым салу және шектеу шараларын қолдануға өкілеттік берілуге тиіс", – делінген түсініктемеде.

Осыған байланысты заң жобасы жеке қосалқы шаруашылық туралы федералдық заңға түзетулер енгізіп, әрбір адамның өз қорасында өсіре алатын мал басын қатаң шектеуді енгізеді. Соның негізінде әрі қарай өңірлік билік нақты сандарды белгілеп, тиісті нормаларды бекітеді. Бұл ретте бұрынғыдай тек ветеринарлық қана емес, сондай-ақ санитарлық, географиялық, табиғи-климаттық шарттар, жергілікті дәстүрлер мен ерекшеліктер де ескерілетін болады.

Бұл "оғаш" жаңашылдыққа кейбір депутат табанды қарсылық танытпағанымен, таңданысын жасырмады.

"Әрине, Мәскеу, Петербор сияқты ірі қалалар мен жайылымы шектеулі өңірлерде жеке қосалқы шаруашылық қолындағы мал санын мәжбүрлеп азайтуға, қатаң реттеуге болар. Алайда Краснояр өлкесі, Якутия, Сібір өңірлерінде, жайлауы мен шабындығы көп жерлерде мал санын мүлдем шектемеу керек. Шаруалар онсыз да аз қалды, олар еріккеннен мал бақпайды, отбасын, көршілерін және өзгелерді асырайды", – деді Мемдуманың аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Олег Нилов.

The Moscow Times "Б1" аудиторлық компаниясының деректеріне сілтеме жасап, Ресейдің жалпы агроөндірісіндегі жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесі небәрі 25%-ды ғана құрайтынын хабарлады. ЖШҚ-лардың үлесі 2002 жылдан бері екі есеге құлапты.

Бұл дегеніміз, Ресейдің деревняларындағы жұртшылық мал бағуды қойып барады деген сөз. Оның орнын жұмыссыздық, маскүнемдік, нашақорлық, қылмыс басады. Сарапшылардың мәліметінше, РФ аймақтары тұрғындарының 15 миллион рубльге дейін табыс табу үшін соғысқа белсене аттанып жатуының бір себебі де осында.

Pro-Vision Communications бас директоры Владимир Виноградов ұсынылған жаңа заң жобасындағы шектеулер бір жағынан, табиғи өнімдер өндірісінің құлдырауына, екінші жағынан – олардың бағасының кем дегенде 10-15% қымбаттауына соқтыратынын ескертті.

"Сондай-ақ бұл Ресейдің азық-түлік бойынша өзге елдерге тәуелділігін одан сайын арттырады. Бұдан бөлек, Ресейде азаматтар үшін сапалы тағам қолжетімсіз бола түседі", – деді Виноградов.

Елді асырап отырған деревнялықтардың мал мен құс өсіруіне тыйым салу, бұрыннан бар малдың санын азайтуға мәжбүрлеу бір қарағанда, ақылға сыйымсыз іс, абсурд көрінеді. Бірақ бұл тек үстірт қарағанда.

Мұның астарында шынында, ауылдықтардан қосымша салық жинау мақсаты тұрғаны анықталды. Егер өсіретін малының басын шектегісі келмесе, шектеуден құтылуды қаласа, деревня тұрғыны дара кәсіпкер ретінде тіркелуге және тиісті салықтарды төлеуге кірісуге тиіс. Сонда ЖШҚ-ларға арналған тыйым-шектер оған таралмайды.

"Бұл заң жобасымен ұсынылып отырған шектеулер ауыл шаруашылығы бизнесін дамытуға, азаматтардың кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелуден жалтаруының алдын алуға бағытталған. Егер ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының басы отбасының мал шаруашылығы өнімдеріне деген қажеттілігінен асып түссе, кәсіпкерлік қызметін заңдастыруға міндетті", – деп түсініктеме берді Мемдума.

Егер тіркелсе, көрші-қолаңның шуылдағанына әрі қарай еш көңіл бөлмей, малын көбейте беруіне болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу