Көршіде халықтың ең сүйікті тағамы жойылып кеткелі тұр

636

Ресейде "парадоксты дағдарыс" басталды.

Көршіде халықтың ең сүйікті тағамы жойылып кеткелі тұр Фото: dzen.ru

Орыс классиктері "ұлттық болмыстың символы" атаған нан түрі жоғала бастады.

Соңғы 35 жылда қарабидай өндірісі 15 есеге (!) құлдыраған. Ал, оның биылғы астығы тарихи антирекорд орнатты – небәрі 1,1 млн тоннасы ғана жиналды. Мұндай мардымсыз көрсеткіш Ресей тарихында бұрын-соңды болмапты. Салыстырсақ, тіпті одақ күйреп, РФ-ті терең дағдарыс жайлаған 1990 жылдың өзінде ресейлік өндірушілер 16,4 млн тонна қарабидай жинап алған болатын.

"Ресей өзі үшін байырғыдан дәстүрлі болған қарабидайлық наннан қарқынды айрылуда. "Ржаной хлебушко – калачу дедушка" (қара бидай – нан атасы) деген орыс мәтелі бар. Менің ойымша, осы атай "инфаркт алдындағы" халде. Жағдайы одан да жаман болуы ғажап емес", – деп сөзін көркем теңеумен түйді "Современное хлебопечение – 2025" халықаралық конференциясында Ресей ұн тартушылары мен жарма кәсіпорындары одағының президенті Игорь Свириденко.

"Интерфакстің" мәліметінше, бұл ауыр жағдайдың себебі қарапайым: аграршылар үшін табысының төмендеуі бұл "дәстүрдің" тарих қойнауына кетуіне ықпал етіп отыр. Өйткені қарабидай – шығымдылығы аз, нарықтағы парқы арзан, төмен рентабельді дәнді дақыл. Бидайдан пісірілген ақ нанға қарағанда, қарабидайдан пісірілген қара-қоңыр нанның сақталу мерзімі де қысқа көрінеді.

Оның үстіне солтүстік көршіде бұл дәнді дақылдың нарықтағы сатып алу құны символдық мәнге дейін құлады. Сарапшы "шок" қылатын дерек келтірді: Омбы облысында 1 келі қарабидайдың бағасы 10 рубльге түсті. Ал, бұл – бар-жоғы 2 қорап сіріңкенің құны!

Свириденко мемлекет шұғыл араласып, қуатты қолдау көрсетпесе, ресейлік қарабидай наны (ржаной хлеб) жойылатынын болжады. РФ-тің өз астығынан өндірілген нан бірнеше айдан соң бітеді.

"Қазіргі күйзелісті жағдайда ашық мойындауымыз керек: шамалы уақыттан соң, қарабидайлық ұн бізде енді болмайды. Нарықта шетелдік ұннан жасалған бірлі-жарым қарабидайлық нан сөрелерге тасталуы мүмкін. Беларусь ағайындар өз өнімімен шамалы бөліседі. Сонымен бітті", – деді ресейлік сарапшы.

Профессор Александр Сафонов салада қалыптасқан апаттық жағдайды былай түсіндіреді: әлемде халықтар қарабидайлық нанды көп жемейді. Бұрынғы замандардан оны мол тұтынып келген Ресейдің өзінде бұл саланың нарығы қушиып, шағын болып қалды. Өнімге сұраныс шектеулі. Оның өзіндік құны бидайға қарағанда жоғары.

Міне, сондықтан көптеген аграршы қарабидай егуді доғарып, егістігіне мол табыс әкелетін өзге дақылдарды себуде. Яғни, таразы басының бір жағына қарабидай нанының денсаулыққа пайдалылығы, сапасы, екінші жағына экономикалық тұрғыдан тиімсіздігі тартылғанда, соңғысы басып кетті. Диқандар "табысы аз" деп жаппай теріс айналуда екен.

Кеңес заманында қарабидай егуге жоғарыдан тапсырыс берілетін, жеке бағдарлама жүзеге асырылатын, субсидия құйылатын.

Наубайшылар мен кондитерлердің ресейлік гильдиясының президенті Юрий Кацнельсонның пікірінше, қанша жерден пайдалы болса да, қазіргі кезде қарабидай егістігін арттыру – мүлдем тиімсіз, экономикалық жағынан орынсыз.

"Ресейліктер нанды аз жей бастаған жоқ. Бұл көрсеткіш шамамен 11 миллион тонна болып қала береді. Денсаулық сақтау министрлігі жылына 93 килограммнан артық нан жемеу туралы кеңес таратты, алайда Ресейде нан жеудің орташа көрсеткіші 113-116 келіден асады! Көптеген ресейлік үшін нан – тамағының ұстыны, тіпті негізгі элементі: борщ ішсе, онымен бірге міндетті түрде бірнеше тілім нан жейміз. Аш қарынды толтыру мәселесі туындаса, Ресейде нан – әмбебап тағам", – деді Наубайшылар мен кондитерлердің ресейлік гильдиясының президенті.

"Москва 24" арнасының түсіндіруінше, қарабидай наны өндірісінің төмендеуіне аграршылардың кең сұранысқа ие және өнімділігі анағұрлым жоғары дәнді дақылдарға шетінен ауысып алуы ықпал етті. Мысалы, бидай ұны тек нан пісіруде ғана емес, сонымен қатар макарон, кондитерлік өнімдер, консерві және басқа өндірістерде де қолданылады, бұл бидайды "әмбебап шикізатқа" айналдырады. Қарабидай ұнынан тек нан пісіріледі.

"Новые Известия" газеті бір кездері барлығына қолжетімді болған қарабидай нанына "ел басына күн туған заманындағы ресейлік деликатес" ("российский деликатес черного дня") деген атау берді және оның Ресейде қат тауарға айналып бара жатқанын растады.

"Соңғы 30 жылда Ресейде қарабидай өндірісі 15 есеге азайды. Соның ішінде 2025 жылы қарабидай жинау бұрынғы барлық антирекордтарды бұзды. Небәрі бір жылда қарабидайдың егістік алқабы үштен бір бөлігінен астамға қысқарды: өткен жылғы 680 000 гектардан биыл 450 000 гектарға дейін кеміген. 2025 жылы фермерлер тек 1,1 миллион тонна өнім жинады. Оның наны бұқараға қолжетімді тауар болудан қалды. Қарабидаймен қатар, еліміз өзінің байырғыдан қалыптасқан ұлттық болмысының, ұлттық құндылығының бір бөлігін жоғалтуда", – деп жазды "Новые Известия".

Ең үлкен құлдырау Ресейдің осы дәнді дақылдың негізгі "ордасы" саналатын Еділ (Поволжье) бойында тіркелді.

"Бір ғана жылда 200 мыңнан аса гектары жоқ болды. Шамамен 40% егістігінен айрылды! Жалпы, бүкіл Ресейде шамамен 1 миллион тоннадай ғана қарабидай жиналды. Оның тек бір бөлігі азық-түлікке жарамды. Бұл көрсеткіш – өткен жылға қарағанда ғана емес, сондай-ақ бұған дейінгі барлық жылдармен салыстырғанда да аз", – деді агроөнеркәсіптік кешен саласының тәуелсіз сарапшысы Александр Корбут.

Назар аударатын жайт, қарабидай туралы дабыл қағып жатқандар – фермерлер емес. Олар онсыз да босаған егістігін көбірек табыс әкелетін дақылдарға үлестіріп, пайдаға шықты. Ұлардай шулап жатқаны – диірменшілер, наубайшылар: қарабидай нанына арналған сөрелердің бос қалғанын бақылап, түңіліп отыр.

Корбуттың байламынша, қарабидай астығынан ең үлкен пайданы (30-40%) өндіруші мен өңдеуші арасындағы тізбектегі делдалдар олжалап, қанжығасын майлап отыр. Диірменшілер мен наубайшылар қарабидай нанын көбірек пісіргісі келеді. Бірақ олар делдалдар жолға қойған абсурдтық баға ойынын қаржыландыруға дайын емес.

Әлгінде қарабидайдың бір келісі екі қорап шырпыға тең екені келтірілді. Қазіргі уақытта қара бидайдың орташа сатып алу бағасы келісі үшін 13 рубльден аспайды. Әйтсе де, сол қап-қап қарабидай диқандардан шығып, диірмендерге жеткенше құны "тылсым трансформациядан" өтеді және жолай удай қымбат болып шыға келеді.

"Таяуда өндірушілердің қарабидайды сату бағалары мен өңдеушілердің оны сатып алуы туралы деректерін қарап, салыстырдым. Баға жолай 30-40%-ға өзгереді! Өндіруші мен өңдеуші арасындағы осы айырма, тиісінше, ең үлкен пайда делдалдар қалтасына түседі", – деді Корбут.

Салдарынан, абсурдтық жағдай қалыптасты: шикізат, яғни, қарабидай тым арзан, бірақ делдалдар кесірінен сөредегі қарабидай наны қымбат және қарапайым халыққа қолжетімсіз.

Ұн тартушылар мен нан пісірушілер тұйықтан шығарар жолды нұсқады: бұл дәнді дақылдан түпкілікті айрылып қалмау үшін Үкімет оған арналған бөлек мемлекеттік бағдарламаны қабылдап, Кеңес одағы сияқты қарабидайдың егістік алқабын мемлекет есебінен арттыруы керек.

Егер мемлекет араласпаса, таяу арада РФ-та қарабидай өсетін жер қалмайды және Ресей осы дәнді дақылдың Беларусь пен Қазақстаннан келетін жеткізіліміне толығымен тәуелді болып қалады, дейді ресейлік эксперттер. Бірақ бұл өнім Қазақстанда да тапшы: ҚР Ұлттық статистика бюросының қазан соңындағы дерегінше, елде 24 мың тонна ғана қарабидай қоры болған.

Сонымен бірге, ресейлік ауыл шаруашылығы өндірушілері шенеуніктердің мембағдарлама қабылдап, араласуына қарсылық білдіруде. Олардың пайымдауынша, мемлекеттік бағдарлама арқылы қарабидай өндірісі көлемін күрт арттыру ақыр соңында онсыз да төмен бағаны бірден құрдымға құлатады, деп ескертті ресейлік экономикалық шолушы Елена Петрова.

Мемлекет есебінен егістікті арттыру тек фермерлерге жойқын соққы болуы ықтимал. Бұдан басқа тәсілдер қажет: мысалы, сарапшылар диірменшілер мен қарабидай өндірушілер арасында тікелей, тұрақты келіссөздер жүргізу, тікелей мәмілелесу арқылы бағалар бойынша ортақ консенсусқа қол жеткізу қажеттігін нықтады.

Ондай тура диалог болмағандықтан, Ресей "былай тартса, арба сынатын, былай тартса, өгіз өлетін", шешуі қиын шытырман тығырыққа тіреліп тұрған жағдайы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу