Бұл туралы ирандық тәуелсіз "Iran International" агенттігі хабарлады.
"Тегеранда өткен түнде көше шерулеріне адамдардың рекордтық саны жиналды. Теһранның үлкен базарында – астананың тарихи орталығында кең ауқымды наразылық шаралары ары қарай өршіді. Күш құрылымдары үкіметке қарсы демонстранттарды күштеп тарату үшін көзден жас ағызатын газды белсенді түрде қолдануда. Тегерандағы қарсылық акциялары елдің өзге өңірлеріне одан ары таралып жатыр. Бейберекетсіздіктер енді киелі Мешхед қаласында бұрқ етті", – деп хабарлады агенттік.
Уландырушы, уыты қатты газдан уақытша немесе толыққанды көру қабілетінен айрылған азаматтар жан сауғалап, жақын жердегі медициналық ұйымдарға тығылуда. Қауіпсіздік құрылымдары шерушілерді ол жерде де жайына қалдырмай, соңынан індете қуып, сабаған. Iran International өзіне келіп түскен бейнежазбаны жариялап, тегерандық Сина ауруханасының ішінде де жас ағызушы газ қолданылғанын мәлім етті.
Ирандық HRANA агенттігінің мәліметінше, екі аптаға жуықтап қалған жалпыұлттық протесттер барысында Иранда кем дегенде 29 адам қаза тапқан, бірақ бұл тек анықталғандары ғана. Бұдан бөлек 1 200-ден астам шеруші тұтқындалды.
Жергілікті журналистер бұл санның ары қарай өсіп жатқанын ескертті. Өйткені демонстрациялар, наразылық акциялары және ереуілдер жалғасуда. Бұған жауап ретінде өкімет ірі қалалардың көшелеріндегі қауіпсіздік күштері жасақтарының санын еселеп арттырды.
Ирандағы қарсылық шараларына сыртқы күштер де дем беруде. Бұған дейін Америка лидері "Иран билігі шерушілерді қыра берсе, Құрама Штаттарға қатаң жауап беруге тура келетінін" ескертіп, доқ көрсеткен болатын. Кеше АҚШ Президенті Дональд Трамп фото, телекамералар алдына "Иранды қайтадан ұлы қыламыз" деп жазылған баскиім киіп, тылсым жымиып шықты.
Алайда мұндай ым-ишаралар Иран билігін шерушілерге қарсы шараларды қатайтуға, қатыгездене түсуге итермелегендей. Iran International тиісті видеожазбаларды қоса беріп, кеше, сейсенбі күнгі кеште күш құрылымдарының Тегерандағы Монирие алаңында бас көтерушілерді атып тастағанын жариялады. Бұл деректі куәгерлер растапты.
Сондай-ақ, ирандық журналистер өткен түнде Язданшаһрдағы қарсылық акцияларын тойтару үшін атыс қаруы, тіпті әскери техника қолданылғанын жазып жатыр. Исфахан провинциясының орталығы саналатын бұл қаладағы наразылық өрті сейсенбі күні тұтанды.
Әлемге осы шаһардан таралып жатқан видеолардан көрінгендей, алаңға қалыңнөпір халық жиналған соң қауіпсіздік күштері көшелерді әскери үлгідегі ауыр техникалармен толтыра бастады. Куәгерлердің жазуынша, осыдан кейін күш құрылымдары адамдарды соққыға жығып, шетінен тұтқындап әкете бастаған.
Иранның батысындағы Илам провинциясынан, оның басты қаласы Абдананнан ғаламторға халық толқуының күшейгенін көрсететін бейнежазбалар түсуде. Шерушілер Хаменеидің кетуін талап етті.
Iran International көптеген қалада шерушілерді кәсіпкерлер қолдағанына назар аудартады. Тиісінше, базарлар – қарсылық акцияларының ошағына айналуда. Тегеранда мысалы, жиһаз дүкендерінің қожайындары, Делаваран жиһаз базарының саудагерлері баррикада жасау үшін су жаңа тауарларын өз еркімен жеткізіп берген. Өзге базарлар ереуіл жариялап, сауда орындарын жауып тастады.
Кең ауқымдағы халық толқулары Каспий бойынша бұл көршімізде бұрындары да болған. Соңғысы – төрт жылдай бұрын Махсы Аминиді хиджабын дұрыс тақпады деп, мінез-құлық полициясы ұстап әкетіп, өлтіріп тастағаннан кейін туындады.
Би-Би-Си жазуынша, сонда Иранды сонау 1979 жылғы сәуір революциясынан кейінгі ең ірі көтеріліс толқыны жапқан болатын. Сол жолғы халық наразылығы Иран Ислам Республикасының тірек-ұстындарын әлсіретті, алайда ақыры күшпен басып-жаншылды.
Қазіргі толқулардың ерекшелігі сол, ол Тегеранда басталып, лезде өзге қалаларға жайылды және бірнеше күннен бері жалғасуда. Халықаралық сарапшылар қазіргі наразылық акциялардың ауқымы және қызуы бойынша 2022 жылғы демонстрацияларға әзірге жете қоймағанын жеткізді.
"Бірақ бұрынғыдан айырмашылығы – бүгінде Тегеранның әлсіз екені аңғарылады. Шерулердің кең таралуы және Трамптың қоқан-лоққысы Иран билігінің жағдайын ауырлатты. Әрине, көше шерулері – Иран үшін жаңа құбылыс емес. Әйтсе де, қазіргі бейберекетсіздіктерге бірнеше фактор қатар әсер етіп отыр. Тиісінше, жағдай бұрынғыға қарағанда қауіптірек", – деп түсіндірді ВВС-дің Парсы қызметі.
Сәрсенбі күні көршідегі толқулардың басталғанына 10 күн толды. Ал, Америка лидері Дональд Трампқа бұл елдің ішкі ісіне араласып, доқ көрсету үшін төрт-бес күн де жетті. Ол Truth Social әлеужелісінде: "Біз толық әскери дайындықта тұрмыз!", – деп жазды Иранға қарата.
Өз кезегінде америкалық басылымдар елдің көшбасшысы, 87 жасар аятолла Хаменейдің наразылық қатты ушықса, Ресейге қашу жоспары барын жариялады. Ирандықтар Батыстан жеткен мұндай ым-жым, дабыл-сигналды өз тіліне аударып, әлеуметтік желілер арқылы таратып, демонстранттарға дем береді.
"Иран полициясы, басқа арнайы және құқық қорғау органдары күштің кімнің жағында екенін паш етуге тырысып, қатал қимылдап, қарсылықты аяусыз басуға кірісті. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ондаған адам қаза тапқан. Енді бәрі Трамптың Венесуэладан кейінгі келесі жүрісі қандай болатынын күтіп отыр", – дейді ирандық саяси шолушы Әмір Азими.
Наразылық акциялары 2025 жылдың 28 желтоқсанында басталған болатын. Бастапқыда шерулер мен ереуілдер бейбіт сипатта болды. Оларға АҚШ долларына шаққандағы ирандық риал бағамының күрт құлауы және нарықта бағалардың күрт өсуі серпін берді. Өткен бір жыл ішінде доллар бұл елде шамамен 80%-ға қымбаттап шыға келді. Қазіргі кезде 1 доллар 42 мың риал тұрады.
Бүгінде ирандық экономика өте ауыр жағдайда. Халықтың табысы құлдырап, тұрмысы нашарлауда, 2026 жылы да ел ахуалының жақсаратынынан үміт жоқ. Былтыр инфляция 42%-ға жеткен. Бұл ретте азық-түлік бағалары 70%-дан астамға өсіп кетті. Кейбір негізгі тауарлардың құны 110%-дан артыққа шарықтаған.
Былтыр Теһранның Үлкен базарынан экономикалық сипатта басталған наразылықтар биылғы жыл басында астанадан басқа қалаларға қанат жайып, саяси сипат алды. Сарапшылар ирандықтардың биліктегілердің қырсыз тірлігінен әбден шаршағанын қаперге салды. Әмір Азими бұған Америка және басқа елдердің санкцияларынан басқа да себептер, мысалы, коррупция ықпал еткенін ескертті.
"Иран қоғамында резонанс туғызған, жоғары лауазымды шенеуніктер мен олардың туыстары қатысқан сыбайлас жемқорлық жанжалдары көптеген қарапайым ирандықтардың көңілін қалдырды. Ел арасында "билеуші элита керісінше, санкциялардан пайда көріп жатыр" деген сенімді нығайтты. Ешкімде жоқ арнайы құқықтар мен артықшылықтарды иеленген, импорт пен экспортты өз бақылауына алған бай-бағылан отбасылар мұнайдан түскен кірістерді елде қалдырмай, шетелге бағыттайды. Ақшаны жылыстатудан пайда көріп отыр. Тіпті мемлекеттік шенеуніктердің өзі бұдан ығыр болды және "санкциялық спекулянт" аталып кеткендердің елге санкциядан бетер залал келтіргеніне қапаланады", – дейді ирандық сарапшы.
Оның дерегінше, бастапқыда шерушілер – кәсіпкерлер биліктен нарықтарды тұрақтандыруды, ұлттық валютаның бағамын нығайтуды талап етті. Әйтпесе тірнектеп тапқан-таянғанын үлкен инфляция жеп, девальвация тоқтаусыз құнсыздандыруда.
Артынша олардың қатарын қоғамның өзге санаттарының өкілдері толықтырып, экономикалық ұрандар саяси талаптарға ұласты. Енді шерушілер "Иран Ислам Республикасын жойып, орнына зайырлы мемлекет құру" идеясын ілгерілете бастады, деп мәлім етті Би-Би-Си.
Оның сарапшылары халық толқуларының дүмпуі әзірше 2022 жылғы қуатқа жете қоймағанымен, қазіргі қарсылықтың негізі бұрынғыдан әлдеқайда салмақты екенін білдірді. Себебі, бұл жолы бизнес пен бұқара – қаржы мен қажыр бірігіп, бір-біріне сүйеу болуда.
Оның үстіне 2025 жылдың жазындағы Израилмен 12 күндік соғыс және АҚШ әскери әуе күштерінің Иранға соққы беруі де ойын ережелерін өзгерткен факторға айналды. Сол соғыс барысында Израиль мен Америка ирандық ядролық инфрақұрылымды талқандады, бірнеше әскери, өнеркәсіптік объектіні, көптеген зымыран ұшыру алаңдарын жермен-жексен етті, Тегеранның әскери күш-қуатына нұқсан келтірді. Сонда Иран халқы ел билігінің әлсіз, әлжуаз екеніне куә болды.
Иранның өңірлік орта держава ретіндегі рөлі де күйреді. Түркия жетекшілік еткен түркі ұлыстарының Башар Асадты тақтан тайдырып, Сириядағы билік тізгінін өз қолына алуы, он екі күндік соғыста Ресейдің көмекке келмеуі, АҚШ қысымымен Венесуэланың Иранмен ынтымақтастығын доғару мүмкіндігі – Тегеранның басты одақтастарынан айрылып қалғанын паш етті.
Бұған дейін Иран Ресеймен бірігіп, Венесуэладағы мұнай өндірісін белсенді дамытып келді. Енді Ақ үй оның бәрі америкалық өндірушілерге көшетінін мәлімдеді.
Соңғы серіктестерінің бірі – Ливандағы "Хезболла" израилдік соққылардың салдарынан жоғарғы басшыларының басым көпшілігінен айрылып, бассыз қалған мүскін күйде. Одақтастарын жоғалтуы Иранның өңірдегі және әлемдегі жағдайын нашарлатып қана қоймай, сондай-ақ мұнайын және басқа тауарларын жаһандық нарыққа санкциялардан тыс шығару арналарын азайтты, күрделі қаржылық схемаларына соққы берді.
Иранның сыртқы байланыстары бырт-бырт үзіліп, экономикалық тұрғыдан әлсірей бастаған кезде елінің іші бүлініп, билікке саяси қысым күшейе түсуде. Сарапшылардың қазіргі халық толқуларының бұрынғыдан қауіптірек, қуаттырақ дейтіні де сондықтан.
Аятолла Хаменеи және оның үзеңгілестері көп жыл бойы халықты шыдамға, тағат-төзімге шақырып, әскери мақсаттағы үлкен шығыстар, сондай-ақ ядролық бағдарлама мемлекеттің қауіпсіздігі мен технологиялық дамуын қамтамасыз ету үшін керек деп түсіндіретін.
Бүгінде мұндай түсініктеме енді түкке жарамай қалды. АҚШ пен Израилдің әскери ұшақтары Иранға еш қымсынбай үстемелете соққы бере алатынын, оған ирандық жауап жауға салмақты нұқсан келтіре алмайтынын былтыр ел-жұрт көрді.