РФ ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы күзгі жиын-терім қорытындысында бункерлік салмақта 135 миллион тоннадан аса егін бастырылды. Бұл 2024 жылғыдан 9 миллион тоннаға жуық көп.
Соның ішінде 94 млн тоннасы – бидай: бұл былтырғыдан +7,8%-ға артық. Тағы 20,5 млн тоннасын – арпа құрады, +15,4% жоғары. Астықтың орташа шығымдылығы бидай бойынша 14%-ға, арпа бойынша – 22%-ға артты.
Бірақ бұл рекорд емес: 2022 жылы 152 млн тонна астық, соның ішінде 105 млн тонна бидай орып еді.
Биыл шығымдылық жөнінен Орталық Ресей алда: Курск облысында әр гектардан 52 центнерден, Липецк облысында – 50 центнерден айналған.
Өзге өңірлермен салыстырғанда көбірек өнім құнарлы қара топырақты Оңтүстік федералдық округтен жиналды: Краснодар өлкесі – 11,3 млн тонна, Ростов облысы – 8,5 млн тонна астық бастырып, ең жоғарғы көрсеткіштерге жетті.
Бір қарағанда, қуанатын-ақ жағдайда сияқты. Шынында, ресейлік егіншілердің көңілі пәс, жігері құм болды. РФ Ауыл шаруашылығы министрлігі қар түскенше, 133 миллион тоннаның ғана қамбаға құйылғанын жеткізді. Қалғаны қар астында қалған. Қоймаларға тек 88 миллион тонна бидай тасымалданған.
Биыл Ресейдің көптеген өңірінде төгіп-төгіп жауған нөсер жаңбырдың әсерінен біріншіден, техника батпаққа батып, егінді дер кезінде жинай алмады. Екіншіден, бидайдың үлкен бөлігі бойына ылғал жиып, көктеп, қызып кетті. Салдарынан, биыл РФ жинаған астықтың 69%-дан астамы өте төмен сапалы болып шықты, негізінен жемазық етсе жарамды.
"РФ АӨК өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бағалау федералдық орталығы" директорының бірінші орынбасары Инна Зайченконың мәлімдеуінше, мемлекеттік мониторинг қорытындысы көрсеткендей, 2025 жылғы астықтың арасында І және ІІ сұрыптағы барынша сапалы бидай өте мардымсыз.
"Зерттеулер нәтижесінде ІІІ сыныпты бидайдың үлесі 30,5%-ға жеткені анықталды. Былтыр 29% ғана болып еді. ІV және V сұрыпты бидайдың үлесі шамалы азайды. Төртінші сыныптағы бидайдың үлесі биыл 47,3% болды, 2024 жылы 48%-ға жетіп еді. Бесінші сыныптағы бидайдың үлесі былтырғы 23%-дан биыл 22%-ға шамалы кеміді. Бірінші және екінші кластағы бидайдың үлесі өте аз – жалпы жиынтығында бар-жоғы 0,2%", – деді Инна Зайченко.
Дегенмен, ел мақтынышына айналған Ростовта да жағдайдың ауыр екені анықталды. Бұл туралы өңірдің 161.RU жетекші порталы хабарлады. Оның мәліметінше, Дон өңірінде күзде орылған бидайдың миллион тоннадан астамы жаппай дерт жұқтыруына байланысты тұтынуға жарамсыз болып шыққан.
"Ростов облысында биыл бидай екі есе аз өндірілді. Өйткені біраз жерде астық өнбей қалды. Енді міне, дондық 103 ауыл шаруашылығы өндірушісінің декларациялары жарамсыз деп танылып отыр. "Россельхознадзордың" аумақтық басқармасы хабарлағандай, дондық астықтың 1,1 миллион тоннадан астамы техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні әшкереленді. Мемлекеттік мекеме редакциямыздың сұрауына қайырған жауабында осынша өнімнің зиянкестермен зақымданғанын мәлім етті", – деп ақпараттандырды 161.RU.
Бұған қоса, ресейлік диқандар зиянды пестицид түрлерін шектен тыс қолданған көрінеді.
"Бақылаудағы субъектілер өз өнімін декларациялау кезінде пестицидтердің қолданыстағы заттарының бидай партияларындағы қалдықтық көлемін анықтау үшін бидай үлгілеріне сынақ жүргізбеген. Ұйымдардың өтініші бойынша лабораториялық зерттеулер жүргізу барысында көптеген бидай партияларының зиянкестермен зақымдалғаны әшкереленді", – деп мәлімдеді "Россельхознадзор" жергілікті ақпарат құралдарына.
2025 жылы Ростов облысының аграршылары тек 8 миллион 505 мың тонна бидай жинапты. Шығымдылығы орта есеппен әр гектардан 25,9 центнерден келді.
"Салыстырсақ, 2 жыл бұрын ростовтық фермерлер бұдан екі еседей көп, 16 миллион тонна астық жинаған еді. Сол 2023 жылы әр гектардан 44,2 центнерден айналды. 2025 жылы қуаңшылық дондық аграршылардың 4 миллиард рубль шығынға отырғызды. Егіні түгі қалмай қурап қалған. Бізбен әңгімесінде фермерлер техника үшін алған кредитті төлей алмайтындарын және болашақ егінге қаражат жоқтығын мойындады", – дейді ресейлік журналист Ирина Бабичева.
Осы жылы ауа райы да Ресейге сұрапыл соққы берді. Сол себепті мысалы, Орлов облысы бүкіл территориясында ТЖ режимін енгізуге мәжбүр болды. Облыстық ауыл шаруашылығы департаменті түсіндіргендей, қазан және қараша айларында үздіксіз, ұзақ жауған жауын-шашын күзгі орақ науқанын дағдартты.
Сондай-ақ, дәл ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқанында шектен тыс мол ылғал жиған егістіктер батпаққа айналды. Бұл бір жағынан, техниканың егін даласына шыға алмауына, тез сынуына соқтырды, екінші жағынан, астықтың бір бөлігінің құруына ықпал еткен.
Нөсерді тоқтатуға биліктің қауқары жетпейді. Ведомство ТЖ режимін енгізу тек аграршыларға сақтандыру төлемдері мен қолдау шаралары үшін қажетті құжаттарды жедел рәсімдеу үшін енгізілгенін нақтылады. Режим әлі күнге жойылмаған.
Ал, Омбы облысы 2025 жылғы 23 қазанда енгізген төтенше жағдай режимінен бас тарту туралы шешімді таяуда, 21 қарашада ғана қабылдады. Өңір ТЖ-ны "жиын-терімді қиындатқан аномальды ауа райына байланысты" енгізген болатын.
Ол қандай "аномалия"? Омбыда қазан айында қалың, оппа қар жауды. Облыста мерзімінен бұрын ызғар түсті. Аграршылар егінін жинай алмай қалды. Ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, егіннің жалпы көлемінің шамамен 14%-ы қар астында қалды.
"Алтоур" агрохолдингінің директоры Андрей Березин климаттық ахуалға байланысты ресейлік аграршылардың егінді ерте қамбаға құйып ала алмағанына назар аудартты. Алдымен көп өңірде нөсерлетіп ақжауын жауды. Салдарынан егістіктер көлге айналды, оларға ауыл шаруашылығы техникасы жақындай да алмады.
Артынша жағдай тіпті ушықты: тосынаннан қар түсіп, аяз қысқан. Нәтижесінде, егіс алқаптарын мұз жапты, өсімдіктер солып қалды, ары қарай шіріп жатыр.
Березин бидай мен арпа сияқты дәнді дақылдар сыртында, өз агрохолдингінің майлы дақылдарының 50%-ы қар астында қалғанын жасырмады. Мұндай жағдай басқа шаруашылықтарда байқалады.
Бұдан бұрын Новосібір облысында да қалың жауған қарға байланысты орақ науқаны тоқтатылғаны белгілі болды.
Башқұртстан да астықты 11 өңірінде ТЖ режимін енгізді. Бұл туралы ақпарат құралдарын республиканың ауыл шаруашылығы министрлігі хабардар етті. Төтенше жағдай республиканың орталық, солтүстік-батыс, солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктерін қамтыды.
Башқұртстанның ауыл шаруашылығы министрі Ильшат Фазрахманов жалпы егістің 67%-ы жиналып болғанын хабарлаған еді. Тамыз бен қыркүйек елде қалпымен жауын-шашынды болды. Бүгінде ызғар есіп, қар жауа бастады.