Көршіміз "беруге уәде еткен" жолбарыстар Қазақстанға 4 жылдан бері жетер емес

2012

Амур жолбарысы Алатауға ауады деп ел күткеніне 4 жылдан асып барады.

Көршіміз "беруге уәде еткен" жолбарыстар Қазақстанға 4 жылдан бері жетер емес Фото: canva

Күні кеше ресейлік және қазақстандық ақпарат құралдары кезекті рет сүйіншілей жариялады. Ресей Қазақстанға Қызыл кітапқа енген 4 амур жолбарысын береді. Бірақ нақты қашан беретінін ресейлік сарапшылар білмейді. Қиыр Шығыс мамандары әлі күнге "қоныс аударуға лайықты" кандидаттарды іздеп жүрген көрінеді.

"Ресей жануарлардың осы түрін реинтродукциялау (бұрын мекендеген жеріне қайтару) туралы келісімге сәйкес Қызыл кітапқа енген 4 амур жолбарысын Қазақстанға береді. Қиыр Шығыстағы мамандар Қазақстанда осы түрдің популяциясын қалпына келтіру үшін қоныс аударуға кандидаттарды іріктеп жатыр. Бұл туралы "Амур жолбарысы" орталығының бас директоры Сергей Арамилев хабарлады", – деп жазды "РИА Новости".

Агенттік Қазақстан мен РФ 2022 жылы Шығыс экономикалық форумында (ВЭФ) жолбарысты реинтродукциялау туралы келісімге қол қойғанын еске салды. Сондай-ақ, 2025 жылдың қарашасында екі ел президенттерінің қатысуымен Қазақстанға Ресейден амур жолбарыстарын әкелуге дайындық және олардың алғашқы бейімделуі бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойғанына да назар аудартты. Сонда жолбарыстар қайда? Қағаз бетіндегі хаттамалар тасқа басылғандай көрінгенімен, тірі жолбарыстар сұлбасы әлі көрінер емес.

"Жоспарлар әлі күшінде. Тапсыру процедурасы қажетті жануарларды іріктеуді қамтиды, олар әртүрлі жынысты болуға тиіс. Басқа маңызды жайттар: физикалық денсаулығы, қандай да бір жарақаттардың немесе олардың салдарының болмауы. Адамға деген реакциясы қалыпты, ал, тұяқты жануарларды аулауға қабілетті болуы керек. Осы өлшемшарттар негізінде іріктелген бойда олар Қазақстанға жеткізіліп, оңалту орталығына орналастырылады", – деді Арамилев.

Оның түсіндіруінше, оңалту орталығында жолбарыстардың Қазақстанда мекендейтін жануарларды қалай аулайтыны тағы тексеріледі. Сондай-ақ, жыртқыштардың адамға реакциясы сыналады. Нәтижелер оң болса ғана жануарлар табиғи ортаға жіберіледі.

"Кандидаттар бар: төртеуін де бірден аттандыру үшін іріктеу жүріп жатыр", – деген Арамилев қазақстандық мамандар ресейлік қадағалау тәжірибесін үйрену үшін Қиыр Шығысқа келгенін қосты.

Ресей жолбарыстарды берген соң алғашқы уақытта қазақстандық әріптестері үшін оқыту семинарларын өткізеді, елде бақылау жүргізеді екен.

"Ресейлік мамандар Қазақстанда қалып, жануарларды жіберу кезінде де, кейінгі бақылау мен жағдайды мониторингілеу кезінде де қатысады, процеске араласады", – деп толықтырды орталықтың бас директоры.

Ресейлік өзге сарапшылар бұл мәселеге басқа қырынан қарайды: осы тізілгеннің бәріне тіреліп тұрған проблема немесе ешқандай техникалық кедергі жоқ. Олардың болжауынша, Ресей жолбарыстарды беруге айырбас ретінде Қазақстаннан бірдеңе дәмететінге ұқсайды.

Мысалы, Қытайдың пандаларды "жұмсақ күш" ретінде пайдаланып, дипломатиялық қысым факторына айналдырғаны секілді, Мәскеу де Амур жолбарыстарынан максималды саяси пайда көргісі келетіндей.

Бір қызығы, ресейлік шенеуніктердің бұл шегіншектігі қазақстандық ведомство басшыларын ыңғайсыз жағдайға қалдырды.

Мәселен, 2022 жылы сол кездегі экология вице-министрі Әлия Шалабекова ведомствоның алқа отырысында: "Жолбарысты жерсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүруде! 2022 жылы Ресей экология министрлігімен жолбарысты жерсіндіру бойынша меморандумға қол қойдық. Алғашқы жыртқыш елімізге 2025 жылы әкелінеді!" – деп нық жария еткен еді.

Ол межелі кезең де артта қалды. Өткен жылдың соңында, 19 желтоқсанда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жылдық қорытындыларын шығарған ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев әлгі жоспардың 2026 жылға қалғанын мойындауға мәжбүр болды.

"Биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Қазіргі уақытта ең ауқымды экологиялық бастамалардың бірі – жолбарысты Қазақстан табиғатына қайтару жобасы болып табылады. Оның аясында Бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, 2026 жылы Қазақстанға Ресейден 3-4 жолбарыс әкелінеді деп күтілуде", – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Нысанбаев.

Бірақ бұл мерзім де сақталмай, әрі ысырылуы ғажап емес. Бұл ретте тараптар тек жиналып, сөз сөйлеумен тарасады екен. Амур жолбарысын реинтродукциялау бойынша Қазақстан Республикасы мен РФ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру мақсатында 2025 жылы екіжақты жұмыс тобының 2 отырысы ғана өткен.

Салыстырсақ, ресейлік тарап "жұмыс тобының отырысын" өткізумен шектеліп жүргенде, алыстағы Еуропа ешқандай астарсыз-ақ көмек қолын созды. Осы сирек жануарын қазақ еліне ың-шыңсыз жеткізді.

Экология министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Нидерландыдан Іле-Балқаш резеваратының аумағына 2 Амур жолбарысы әкелінді. Олар күшіктеп те үлгерген. Бұл – Қазақстанның жыртқыштарды қабылдауға әлдеқашан дайын екенінің бұлжытпас дәлелі.

Іле-Балқаш тынысы: Тұранның рухы орала ма?

Кезінде Ресейге ауып кеткен жолбарыстар популяциясын өз территориясында қалпына келтіру Қазақстан үшін – имидждік жоба. Бағдарлама табысты іске асса, еліміз "жолбарысы жойылып кеткен өңірге қайта оралта алған алғашқы елдің біріне" айналады.

Астана сонау 2022 жылғы қыркүйекте, осы аң түрін сақтап қалуға арналған халықаралық форумда жолбарысты қалпына келтіру бағдарламасын жариялап қойды. Қазақстандық делегацияның қатысушылары жолбарысты сақтау бағдарламасының жүзеге асыру кезеңдері, резерват құрылған сәттен бергі атқарылған жұмыстар мен жыртқыштың келуіне дайындық жоспарлары туралы баяндады.

Сонымен қатар, форум қонақтары үшін оңтүстік Балқаш маңы аумағының бір бөлігінің егжей-тегжейлі экспозициясы паш етілді. Көрме қатысушылары – мамандар жолбарыстың болашақ "мекен-үйімен" толығырақ танысуға мүмкіндік алды. Сонда халықаралық мінберден еліміздің осыған дайын екені мәлімделді.

"12 жыл бұрын, 2010 жылы жер бетінде жолбарысты сақтауға байланысты мәселелер бойынша бірінші халықаралық форум өткен, онда Қазақстан жабайы мысықты табиғат аясына қайтаруға дайын екенін жариялады. Нәтижесінде, 7 жылдан кейін, Қазақстан және басқа да елдер ғалымдарының күш-жігерінің нәтижесінде халықаралық табиғатты қорғау одағының жабайы мысықтар жөніндегі сарапшылар тобының қолдауымен елде жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы әзірленді", – делінген сондағы презентацияда.

Министрліктің мәліметінше, 2018 жылы "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты құрылғалы бері экожүйені қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасының бірінші кезеңі аяқталған.  

"Жалпы, жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы кемінде 35 жылға есептелген және 3 негізгі кезеңнен тұрады: аумақты дайындау, жыртқышты еркіндікке шығару және популяция өсуінің мониторингі. Бағдарламаның бірінші кезеңі барысында экожүйені қалпына келтіру, аумақты қорғау және жолбарыстарға жем болар тұяқты жануарлар санын арттыру жұмыстары табысты жүргізілді", – дейді ведомство.

"Іле-Балқаш" резерватында осы уақыт ішінде біраз жұмыс атқарылыпты: кордондар салынды, байланыс қамтамасыз етілді және аумақты толыққанды қорғау ұйымдастырылды. Іле өзені мен Балқаш көлінде өрт салдарынан зардап шеккен тоғайлы ормандарды қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізілген.

"Резерват аумағы – шөлейт, жайылма және сексеуіл ормандарынан сулы-батпақты алқаптарға дейінгі алуан түрлі табиғи экожүйелерді қамтитын табиғи кешен. Мұндай қолайлы географиялық орналасуы және тағамға бай жерлер жабайы аңдар мен көптеген құстардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Резерваттың биоалуантүрлілігі сүтқоректілердің 40-тан, құстардың 280-нен және өсімдіктердің 420-дан астам түрін қамтиды, олардың көпшілігі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген", – дейді министрлік мамандары.

Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап Қызыл кітапқа енген Бұхара бұғысын реинтродукциялау жүзеге асырылуда және осы уақытқа дейін жүздеген бұғы ғасырдан аса уақыт бұрын жоғалып кеткен өздерінің тарихи отанына оралды.

Сонымен қатар, жабайы қабандар мен қарақұйрықтардың саны едәуір өсті. Яғни, Амур жолбарыстарының болашақ "шаңырағы" дайын, "дастарханы" жаюлы. Нидерланды жолбарыстарының қазақ топырағында жерсініп, өсіп-өнуі – біздің мамандардың кәсібилігін паш етеді.

Жолбарысты Қазақстанға қайта енгізу идеясының ғылыми және тарихи негізі бар. 2009 жылы халықаралық биологтар тобы жүргізген генетикалық зерттеулер нәтижесінде жойылып кеткен Тұран жолбарысы мен қазіргі Амур жолбарысының ДНҚ-сының ұқсастығы дәлелденді. Яғни, ол жолбарыстар қазіргі РФ аумағына Ұлы даладан ауған. Бұл жаңалық жоғалған популяцияны қалпына келтіру жұмыстарын бастауға мүмкіндік берді.

Қазақстанның экология министрлігі Ресей тарапының ветеринариялық дайындық пен тасымалдауды қамтамасыз етуін күтіп жүргенін жеткізді. Ал, Қазақстан қарсы алу, орналастыру және мониторинг жүргізу жұмыстарына дайын. Жоба БҰҰ қолдауымен жүзеге асырылады.

"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватында Нидерландыдан әкелінген амур жолбарыстары "жарты әлемді жалпағынан басып", емен-жарқын өмір сүруде. Оларға ресейлік тұқымдастары биыл қосыла ма, жұмбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу