Көршіміз ел тарихында болмаған алапат дағдарысқа тап болды

223

Қыс аяқталуға жақын, алайда ресейлік экономистер Ресей экономикасында "Мұз дәуірі" туындауы мүмкіндігін ескертті.

Көршіміз ел тарихында болмаған алапат дағдарысқа тап болды Фото: canva

Ресейдегі "мұз дәуірі": кім аман қалады?

Мұның әрине, жаһандық климаттағы өзгерістерге еш қатысы жоқ. Әңгіме, экономиканың "үсікке" шалынуында болып тұр. Солтүстік көршіде сарапшылар "қараны" қара, "жаманды" жаман деп тікелей айтудан сескенеді. Сондықтан шенеунік немесе ғалым болсын, "экономикалық дағдарысты" "экономиканың салқындауы" деп атайтын болған. Содан мысалы, екатеринбургтік "Е1.ру" порталы: "Как в ледяной ванне. Промышленность России замерла" деген тақырыппен талдау жариялады.

Көрші сарапшыларының бағалауынша, биыл РФ экономикасы "тоң болып қату сатысына" өтуі мүмкін. Мұнысы енді экономика күйреуі ықтимал дегенді меңзегені. Бұл құбылыс экономикалық белсенділіктің бақылаусыз құлдырауымен, есірік инфляциямен және бюджет тапшылығының ауқымды ұлғаюымен қатар жүретініне назар аудартты.

Макроэкономистер 2026 жылдың бойында Ресей экономикасы бетпе-бет келетін басты "тауқыметтерді" тізіп шықты. Мұнда шындық ауылы болжамдардан іргесін аулақ салыпты: күткені – салтанат еді, тапқаны – тақсырет болған.

Forbes.ru сауалнамасына жауап берген сарапшылардың көпшілігі 2026 жылдың басты қаупі ретінде өсім қарқынының шамадан тыс тежелуін атайды. Росстат пен РФ Экономикалық даму министрлігінің дерегінше, 2025 жылы ЖІӨ өсімі 2,5% болады деп жоспарланғанымен, іс жүзінде әрең дегенде 1%-ға жетіп, тоқыраудың табалдырығына келіп тірелді (бұған дейін 2,5% өсім болжанған еді).

РФ экономика министрлігінің болжамына сәйкес, Ресейдің ЖІӨ-сінің биылғы өсімі айтуға ұят 1,3%-дан аспайды. Бұл көрсеткіш 2026 жылғы болжамдарынан едәуір төмен: сол кезде 2026 жылғы өсім қарқыны 2,4% деңгейінде болады деп үміттенген еді. Ресей ЖІӨ өсімінің баяулауы – 2026 жылғы негізгі сын-қатерлердің бірі, дейді Қолданбалы экономикалық зерттеулер институтының Құрылымдық зерттеулер зертханасының аға ғылыми қызметкері Владимир Еремкин.

Оның сөзіне сенсек, биыл Ресейді қиындықтар жан-жақтан қыспаққа алады, сынаққа салады. Біріншіден, инвестициялық белсенділік айтарлықтай "салқындайды" деп күтіледі. Өйткені бизнестің меншікті және қарыз қаражаттары тапшы, несие алуы азапқа айналды және көптеген салалардағы жобалардың болашағы бұлыңғырланып, оларды жүзеге асыру жаппай доғарылып жатыр. Салықтың ауыр жүгі компаниялардың еңсесін езді, сұраныстың азаюынан олар пайдадан қағылды, жоғары пайыздық мөлшерлемелердің кесірінен банктердің есігін аша алмайтын күйге түсті.

Екіншіден, Ресейде үй шаруашылықтарының (отбасылардың) табыстары төмендеді және халықтың кредит алу белсенділігі де бәсеңдеуі. Бұл тұтынушылық сұраныстың әлсіреуіне әкеледі.

Ресей ғылым академиясының Халық шаруашылығын болжау институтының директоры Александр Широв "басқарылмайтын салқындау" (РФ-те экономиканың күйреуін осылай атайды) қаупінің шынымен бар екенін растады. Бұған бұрын экономиканың өзегі болған тұтынушылық сұраныстың әлсіреуі мен бюджет шығындарының шектелуі себеп.

Ал мемлекеттің экономикалық белсенділікті ынталандыру мүмкіндігі де сарқылуға жақын, деп есептейді ММУ Экономикалық факультетінің экономикалық саясатты зерттеу орталығының директоры Олег Буклемишев.

"Фискалдық ресурстар, салықтар күтілгеннен аз болып шықты, демек, экономикалық өсімді "қамшылауға" бюджетте артық тиын жоқ. Ақша-несие саясаты болса, сол қатал қалпында қалып, экономиканың тежелу фазасынан шығуына жол бермейді. Орталық банктің шешуші ставкасы тым үлкен. Салдарынан, Ресей экономикасының терең дағдарысқа ену қаупі жоғары", – деп ескертті Буклемишев.

Биылғы жылдың басты интригасы – салық пен алымдардың өсуі инфляцияға қалай әсер етеді деген сауал. ҚҚС ставкасы 20%-дан 22%-ға дейін өсті. 2026 жылдан бастап алым-салықтың көтерілуі инфляцияға қосымша серпін береді. Рунетте, әлеужеліде шағын және орта бизнес өкілдерінің көптеген бейнеүндеуі пайда болды: кәсіпкерлер "банкрот болдық" деп шағымданады, бизнесті жабуға және қызметкерлерді қысқартуға мәжбүр екенін жариялауда. Салықтың жаңа қамыты олардың мойнына тым ауыр түскен сыңайлы.

Кеңес одағының ыдыраған тұсындағыдай Ресей өнеркәсібі нақты тоқырауға кетті, іс жүзінде стагнацияға кірді. Егер 2024 жылдың 11 айында өңдеуші сектор 9,2%-дық өсім көрсетсе, өткен жылы ол небәрі 2,6%-ды құрады. Оның өзі тек соғысқа қажетті металл бұйымдарын шығарудың арқасында ғана. Қалған салалардың бәрі 2025 жылы "минусқа" кетті. Азық-түлік өндірісі, автоөнеркәсіп, ауыл шаруашылығы машиналары, химия өнеркәсібі — бәрі де зардап шегуде. Росстат бақылайтын 92 өңдеуші саланың 70-інде өндіріс көлемі төмендеген.

Downward trend (құлдырау үрдісі) жалғасады

РҒА жанындағы Халық шаруашылығын болжау институтының сарапшысы Сергей Цухло өз есебінде болжамдар индексі жылдық орташа есеппен 16 жылдағы ең төменгі деңгейге түскенін мәлімдеп, дабыл қақты: бұл өнеркәсіптің аса ауыр жағдайда екенін көрсетеді.

"Инвестициялық жоспарлар балансы 2025 жылы жай ғана "минусқа" кеткен жоқ, олар күйреді: 2022, 2020 және 2015 жылдардағы антирекордтардан да асып түсті!", – дейді сарапшы.

"РФ экономикасында іс жүзінде барлық сектор бойынша фронтальды, жаппай құлдырау байқалады. Өнеркәсіп бұрын-соңды кездеспеген апатты күйді бастан өткеруде. 2025 жыл – 2022 жылдан бергі Ресей үшін ең ауыр кезеңге айналды. Бұрынғы ең бай саналатын мұнай-газ саласының да жеңісті есеп беретін заманы келмеске кетті. Көмір өнеркәсібі 90-жылдарға қайта оралып, терең дағдарысқа түсті. "Газ-батюшка" да позициясын жоғалтты: газ өндіру тоқтаусыз қысқаруда. Мұнай болса, енді Қаржы министрлігі үшін құтқарушы фактор болудан қалды", – деп күйіне жазады ресейлік экономикалық шолушы Екатерина Максимова.

Бос байбалам ба? Олай еместей. Ресми статистика бойынша 2025 жылдың алғашқы 10 айында (ақырғы қорытынды әлі жарияланбады) Ресей көмір өнеркәсібі компанияларының жиынтық шығыны 327,9 миллиард рубльден асты.

2025 жылдың қорытындысында РФ-тің федералдық бюджетіне түскен мұнай-газ кірістері жылдық есеппен бірден 24%-ға құлдырап, небәрі 8,48 трлн рубльді құрады (2024 жылы – 11,131 трлн рубль болған). Көрші алпауытқа мұнай саласынан мұншалықты аз табыс бұрын-соңды түспепті.

"Игілігі" еліне сор болды

"Газпром" кезінде "халық игілігі" деп дәріптелетін, бүгінде ол халықтың сорына айналды: оның шығыны ішкі нарықта қарапайым тұтынушы үшін газ бағасын көтеру арқылы өтелуде.

Росстаттың соңғы дерегінше, 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында Ресейдегі газдың жиынтық өндірісі жылдық салыстыруда 3,3%-ға төмендеп, 599,9 млрд текше метрді құрады. РФ Экономикалық даму министрлігі бұрын өндіріс 680,2 млрд текше метрге дейін ғана төмендейді деп жұбата болжаған еді.

Құбыр арқылы газ экспорттаудың іс жүзіндегі соңғы ірі бағыты – Қытай ғана қалды. Түркия америкалық көгілдір газды сатып алатын болып, АҚШ-пен ұзақ жылғы келісім бекітті. 2025 жылғы қаңтар–қазан айларында ҚХР Ресей газын 7,86 млрд доллар көлемінде ғана сатып алды. Жыл қорытындысында "Газпром" Қытайға 38 млрд текше метр жеткізуді жоспарлады. Бұл бұрынғы ауқымының жұрнағы ғана.

Энергетика және қаржы институтының зерттеулер жөніндегі директоры Алексей Белогорьев "Газпромның" Еуропамен ынтымақтастығы архивке тапсырылғанына, ешқашан қайта қалпына келтірілмейтініне күмәнданбайды. Соғыс басталғанға дейін Еуропа мен Түркияға жеткізілімдер жылына 180 миллиард текше метрге дейін жетуші еді.

Ендігі бар үміт тек шың еліне артылып отыр: ол газды соншалықты "достық" жеңілдікпен сатып алатыны сонша, "Газпром" тек "идея үшін" жұмыс істеп жатқандай әсер қалдырады. "Газпром" мен қытайлық CNPC арасындағы келісімге қол қойылған соң қолданыстағы "Сила Сибири" арқылы жеткізілім 44 млрд текше метрге дейін артады. Бірақ "Сила Сибири–2" құрылысының мәселесі 2026 жылы да түпкілікті шешімін таппайды, деп жазады "Новые Известия".

Кешенді стратегиялық зерттеулер институтының аналитикалық зерттеулер бөлімінің басшысы, э.ғ.к. Сергей Заверский инфляцияны төмендете алар тетіктер де, соған ықпал етер жайттар да жоқ екенін қаперге салды.

"РФ салықтарды жаппай арттырып, кәсіпкер атаулыға қысым жасауда. ТКШ тарифтері тегіс және бірнеше толқынмен өсуде. Украина шабуылдап жарған МӨЗ-дер негізінен қалпына келгенімен, бензиннің бөлшек бағасының қымбаттауы жалғасты. Онда неге бағалардың өсуі тоқтайды? Мұның бәрі инфляцияның өртін үрлеп, үдетіп отыр. Бизнес те, халық та жағдайдың жақсарарына сенбейді", – деді сарапшы.

Корпоративтік сектордағы проблемалық берешек көлемі де өсіп барады. Әсіресе металлургия, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және автокөлік өнеркәсібі қарызға белшеден батты. Ресейдің мақтанышы саналған, атағы кезінде әлемді жарған қаржылық емес ең ірі 89 алпауыт компаниясының 17-сі өз қарыз міндеттемелеріне толыққанды қызмет көрсетуді тоқтатқан. Банкрот қарсаңында болса керек.

Бюджеттік тәуекелдер де "тепсінуде"

2024 жылы РФ Қаржы министрлігі келесі үш жылға федералдық бюджетті жоспарлау барысында 2025 жылы бюджет дефициті 1,17 трлн рубль (ЖІӨ-нің 0,5%-ы) деңгейінде болады, одан кейінгі екі жылда 2,8 трлн рубльден аспайды деп болжаған еді.

Іс жүзінде бұл жоспарлар шектен тыс оптимистік болып шықты – бюджеттегі "тесік" Мариан шұңғымасындай үлкен әрі терең болды. Өткен апта соңында Қаржы министрлігі 2025 жылғы бюджеттің орындалу қорытындыларын шығарды. Оның дерегінше, былтыр федбюджет кірістері 37,28 трлн рубльді, шығыстары 42,93 трлн рубльді құрады. Бюджет тапшылығы 5,65 трлн рубльге жетті!

Негізгі себеп – мұнай-газ кірістерінің күрт құлдырауы. Өткен жылдың басты "сәтсіздігі" мұнай-газ болды, дейді "Қоғамдық бастамалар агенттігінің" қамқоршылық кеңесінің төрағасы Вадим Сушко.

Биылғы 2026 жылы РФ бюджетінің тапшылығы, Қаржы министрлігінің болжамынша, шамамен 3,8 трлн рубльді (ЖІӨ-нің 1,6%-ы) құрайды. Яғни, шенеуніктердің оптимистік болжамының өзі 2025 жыл болжамынан (2,8 трлн рубль) бір триллион рубльге қорқынышты.

Қорытынды қандай?

2026 жылдың басты сын-қатерлерінің бірі – әскери шығыстардың барлық өзге бағыттарды қоса алғаннан да асып түсуі болғалы тұр. "Эксперт РА" бас экономисі Антон Табахтың пікірінше, қатал макроэкономикалық саясат, мемлекеттік қысымның күшеюі және мемлекеттің араласуы экономиканы ескі кеңестік модельге – қатаң фискалдық және ақша-несие саясатына қайта бағыттап жатыр. Айырмашылығы – қазіргі шығындар әлдеқайда жоғары.

Жоғары экономика мектебінің Экономикалық ғылымдар факультетінің доценті Владимир Бессоновтың тұжырымдауынша, РФ экономикасы үшін биылғы басты қауіп – геосаясат және Украинадағы соғыстың жалғасуы.

"Әскери іс-қимылдарға арналған өнімдер өндірісі тұтынушылық тауарлармен қамтамасыз етілмеген табыс тудырады. Мысалы, снаряд немесе дрон экономикада айналмайды, қосылған құн әкелмейді, майдан даласына жетіп, жоқ болады. Бұл теңгерімсіздік инфляцияны өршітіп, "азаматтық" салаларды тұншықтырады. Бұл проблемалар соғыс аяқталғанға дейін сақталады", – деп қорытты экономист.

РФ Экономикалық даму министрлігі 2026 жылы ЖІӨ-де 1,3%-дық өсім болады деп отыр. Бірақ биліктің бұл оптимизміне сенетіндер аз. ХВҚ мен Дүниежүзілік банк Ресейге бар-жоғы 1%-дық өсімді және бірнеше жылдық тоқырауды болжайды. Экономистер кезінде Хрущев басқарған 1953–1964 жылдарды "тоқырау заманы" деп атап кетті. Шынында ол кезде КСРО экономикасы 6%-дан жоғары қарқынмен өскен. Нәтижесінде, одақтың ұлттық табысы 1958 жылмен салыстырғанда, 1965 жылға қарай 53%-ға артты.

Ресей болса, кеңестік тоқырау жылдарындағыдан 6 еседен көп төмен құлдырады. Ресейлік ЦМАКП орталығы аналитиктерінің соңғы шолуына сәйкес, Ресей енді рецессиядан қашып құтыла алмайды. Экономикалық құлдырау, ең ықтимал нұсқа бойынша, 2026 жылдың бірінші жартысында-ақ басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу