"Өткенге топырақ шашпа" деген бар, алайда бұрынғы заман кейінгіге қол сұғып, тұтас мемлекеттің шалғайынан шап бере алады екен. 2026 жылдың қаңтарында америкалық Noble Capital инвестициялық қоры Ресейден сонау Ресей империясының қарызы үшін 225,8 миллиард доллар өтемақы беруді талап етіп, сотқа жүгінді. Қордың иелігінде 1916 жылы Ресей империясы шығарған, номиналы 25 млн доллар болатын мемлекеттік облигациялар бар.
Талап арыз АҚШ-тың Колумбия округінің федералдық сотына берілді. Жауапкерлер қатарында Ресей Федерациясы, оның Қаржы министрлігі, Орталық банкі және Ұлттық әл-ауқат қоры көрсетілген. Талапкердің түсіндіруінше, бұл бағалы қағаздар доллармен төлеуді қарастырады, "алтын ескертпесіне" телінген (яғни, төлемдер алтын стандартына байланған) және жылдық 5,5% ставкамен купондық сыйақыны қоса өтеуді көздейді.
Инвесторлар алдындағы міндеттемелері ресми түрде тоқтатылмаған. Оның үстіне алтын бағасы бүгінде рекордтық қарқынмен қымбаттап жатыр. Бір ғасыр ішіндегі пайыздар мен инфляцияны есепке алғанда, талап етіліп отырған сома ғарышқа шыққандай.
Осыған байланысты талапкер Ресейден 225 млрд доллар сұрап отыр. Америкалық инвестқор соттан бұл соманы 2014 және 2022 жылдардан кейін бұғатталған ресейлік егемен активтер – "қатырылған" мемактивтер есебінен өтеуге рұқсат беруді сұрады.
ХХ ғасырдың облигациялары бойынша жүздеген миллиард долларлық бұл талап – заңдық экзотикадан гөрі, ресейлік мемлекеттік жүйенің созылмалы дертіне ұқсайды. Держава ғасырлар бойы қарыз жинады, алайда оның жауапкершілігін бір режимнен екіншісіне ысыра салды да, мұндай "авантюраның" қаржылық салдары болмайтындай кейіп танытты.
Қаржылық жауапсыздық – империялық норма
Ресей империясы ХХ ғасырға Еуропадағы ең ірі қарыз алушы, әбден несиеленген мемлекет ретінде кірді. 1916 жылғы облигациялар – Бірінші дүниежүзілік соғыстан титықтаған, өзі үшін тұрақты табысты да, саяси тұрақтылықты да қамтамасыз ете алмаған басқару жүйесінің "жемісі".
Шын мәнінде, борыштану есебінен империя өз күйреуін өзі қаржыландырды. Бұл ретте патшалық институттарының сапасына емес, мемлекеттің "мәңгілік" тұрарына сенім артты. Сондықтан да төңкеріске дейінгі қарыздар ауқымды әрі нашар құрылымдалған күйінде қалды. Finam.ru порталы кеңестік биліктің бұл ауыр мұрадан қалай құтылғанын еске салды.
"Большевиктер Ресейде билікке келген соң 1918 жылдың басында декрет шығарып, патшалықтың және Уақытша үкіметтің барлық шетелдік қарыздарын төлемейтінін жариялады. Әңгіме ғаламат 18,5 млрд алтын рубль жайында болатын. Қарыздан бас тарту шетелдік меншікті национализациялаумен қатар жүрді және кез келген сәтте өз міндеттемелерінен бас тарта салатын мемлекет ретіндегі Ресейдің жаман атағын бекітті. Бұл қадам ақыры Батыс елдерінің Азамат соғысы кезінде ақтар қозғалысын қолдауына соқтырды және кеңестік Ресей мен әлемдік державалар арасындағы экономикалық байланыстардың үзілуіне себеп болды", – деп жазды ресейлік портал.
Тараптар 1922 жылғы Генуя конференциясында мәселені реттеуге талаптанды. Алайда 39 млрд рубль көлемінде қарсы талап қойған кеңестік тараптың принципті ұстанымы кесірінен тараптар ымыраға келе алмады. Осы кезден бастап патшалық қарыздар мәселесі шешілмей, "қатырылды".
Нәтижесінде, КСРО жеке-жеке келісу тактикасына көшті. 1922 жылы Германиямен өзара талаптардан бас тарту туралы келісім жасалды. Басқа елдермен патшалық қарыздар жөніндегі келіссөздер ондаған жылдарға созылып кетті. 1920 жылдары Батыс елдері жаңа құрылған КСРО-ны дипломатиялық тұрғыда мойындады, әйтсе де экономикалық байланыстарда сол бұрынғыдай ызғар сақталды, кеңестік империяға несие берушілер көп табылмады. Содан индустрияландыру бесжылдықтары қаржылық оқшаулану жағдайында жүрді – бұл қарыздық жауапкершіліктен бас тартудың салдары еді.
Кейбір елдермен арада патшалық қарыз мәселесіне қатысты тек ғасыр соңында ғана ымыраға келді. Мәселен, Ұлыбританиямен бірге 1939 жылға дейінгі қарыздар бойынша өзара талаптардан бас тарту туралы келісімге 1986 жылы қол қойылды. Ал Франциямен уағдаластық 1996 жылы ғана жасалды. Нәтижесінде, Ресей француздарға төңкеріске дейінгі міндеттемелер мен кәмпескелеу үшін өтемақы ретінде 400 млн доллар төледі.
Алайда бұдан кейін де облигация иелерінің бір бөлігі соттасуын тоқтатпады және жаппай жеңілді, себебі бұл келісімдер нысаналы, шектеулі сипатта болды әрі талаптарды қанағаттандыратын әмбебап механизм қалыптастырмады.
КСРО ыдырағаннан кейін оның орнын басқан Ресей Федерациясы 96,6 млрд доллар көлеміндегі тек кеңестік сыртқы қарызды ғана мойындады. Алғашында Кеңес одағының борышын бұрынғы одақтас республикалар арасында пропорционалды түрде бөлу жоспарланған еді. Алайда 1993 жылы Ресей бүкіл қарызды өз мойнына алды. Есесіне басқа республикалар, соның ішінде Қазақстан да КСРО-ның шетелдегі активтерінде өз үлестерінен бас тартты.
2006 жылға қарай кеңестік қарыздың негізгі бөлігі өтелді. 2017 жылы РФ Қаржы министрлігі кеңестік кезеңге қатысты соңғы қарыз – Босния мен Герцеговинаға шамамен 125 млн доллар төленгенін хабарлады. Осылайша, Ресей өзіне халықаралық легитимділік пен капитал нарықтарына қолжетімділік қажет болған кезде, құқықтық мұрагерлікті мойындай алатынын аңғартты. Онымен соттасушы америкалықтар да осыған сүйенеді: кеңестік берешекті мойындап, толық төлеген екенсің, патшаның қарызын да өте!
Заңдық тұрғыда әлсіз – саяси тұрғыда қауіпті
Құқық тұрғысынан алғанда, Noble Capital-дың бұл талап арызы бойынша қаражат өндіріп алу мүмкіндігі әзірге төмен. "Финамның" стратегия жөніндегі директоры Ярослав Кабаковтың байламынша, революцияға дейінгі міндеттемелер мойындалмады, империяның қарызы үшін халықаралық құқықтық мұрагерлік бекітілмеді, ал қазіргі егемен иммунитет тетігі тәуелсіз елдердің мемлекеттік алтын-валюталық резервтерін қорғайды, ешкімге қол сұқтырмайды.
"Америкалық соттың талап арызды қарауға қабылдауы – оның орындалатын шешім шығару үшін жеткілікті юрисдикциясы бар дегенді білдірмейді. Американың әмірі бізге жүрмейді. Әңгіме 100 жыл бұрынғы облигациялар туралы: бұл міндеттемелер 1917 жылдан кейін жойылған, әрі қазіргі Ресейдің Ресей империясының қарыздары бойынша мұрагерлігі ешқандай халықаралық келісіммен бекітілмеген. Бұған қоса, орталық банк пен мемлекеттік қорлардың резервтеріне қатысты егемен иммунитет қағидаты әрекет етеді, бұл өндіріп алу мүмкіндігін едәуір шектейді", – деп түсіндірді Кабаков.
Freedom Finance Global жетекші аналитигі Наталья Мильчакова санкциялар әлі күшінде тұрғанда бұғатталған резервтерді олжалап кетуге америкалық қордың күш салатынына сенімді. Әйтпесе, кеше АҚШ Президенті Трамп Ресей де, Украина да бітімге келуге жақын тұрғанын жариялады.
Бейбітшілік орнаса, Мәскеу санкция қыспағынан құтылуы мүмкін. Соған дейін үлгере ме? Неғайбыл. Мұндай соттар жылдарға ұзайды.
"Талап қойған тарап ресейлік бизнеске салынған санкциялар ерте ме, кеш пе, жойылатынын жақсы түсінеді. Сондықтан қазіргі жағдайды пайдаланып үлгеруге асығады. Сонымен қатар, сотқа шағымдану Президент Трампқа қарсы демарш болуы мүмкін, себебі ол ресейлік активтер бұғаттан шығарылғаннан кейін олардың есебінен ресейлік-америкалық қор құру идеясын бірнеше рет ұсынған", – деді Мильчакова.
Оның пікірінше, Ресейге қарсы процесте Noble Capital-дың жеңіске жетуі екіталай, өйткені АҚШ-та бұған дейін Қытайдан бұрынғы қарыздарын өндіріп алуға қатысты ұқсас талпыныстар болған, бірақ нәтиже әпермеді.
Дегенмен, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мүмкіндік мүлдем жоқ деуге де болмайды. Нарықтардың сенімін қайта қалпына келтіру үшін Германия 1920 жылдардағы Веймар республикасының облигациялары бойынша қарызды 1953 жылғы Лондон келісімі негізінде өтеді.
Өз кезегінде РФ Қаржы министрлігі Ресейдің 1916 жылы шығарылған қағаздар бойынша қарыздарды төлеуге міндетті емес екенін мәлімдейді. Сонымен бірге, егер ақпанда АҚШ-та бұл талап арыз бойынша сот процесі басталса, Ресей оған қатысуға дайын екенін қаржы министрінің орынбасары Владимир Колычев хабарлады. Сотта РФ мүддесін РФ Бас прокуратурасы қорғайды. Бұл "ғасыр процесіне" айналуы да мүмкін.