Көршінің Белгород өңірін кім басып алды?

5797

Соғыс басталғалы, Украинамен шектесетін Ресейдің Белгород облысының тынышы кетті. Бірақ кешеден бері тіптен құты қашып тұр.

Көршінің Белгород өңірін кім басып алды? Фото: yandex.kz

Алдымен 22 мамырға қараған түні Белгород өңіріндегі Головчино селосының әкімшілігіне шабуыл ұйымдастырылған: беспилотник оның төбесіне қуатты жарылғыш зат тастады. Бомбалау салдарынан ғимараттың шатыры лаулап, өртеніп жатқаны бейнеленген видеолар ресейлік әлеуметтік желілерді аралап кетті. 

Белгород облысының губернатор Вячеслав Гладков мұны тез мойындады.

"Бірнеше минут бұрын, түн ішінде квадрокоптер арқылы Головчино селосы әкімшілігінің ғимаратына жарылғыш зат тасталды. Шатыры отқа оранды", – деп қысқаша хабарлады Гладков. Алдын ала дерек бойынша зардап шеккендер жоқ. Бірақ елді мекен басшысыз қалғанға ұқсайды: ол тайып тұрған.

Бұған қоса, Новая Таволжанканы да дрон шабуылдапты. Губернатордың мәлімдеуінше, пилотсыз ұшатын аппарат тұрғын үйлерден аулақта, 100 метр жерде құлаған. Зардап шеккендер және қираған нысандар жоқ көрінеді.

Облыс губернаторы Вячеслав Гладков өңір халқына үндеу жолдап, дүрбелеңге салынбауға шақырды.

Билік не айтса, өмір шындығы соған тура қарама-қарсы болатынын ресейліктер кеңес кезінен жақсы біледі. Оның үстіне РФ жаңарған Конституциясында Ресей территориясы деп бекітілген Украинаның Херсон облысының орталығы – Херсон қаласын былтыр тастап қашатын кезде де билік жұртшылықты "паникаға бой алдыруға еш негіз жоқтығына" сендіріп баққан.

Нәтижесінде, кешелі бері облыс орталығы Белгород қаласынан Ресейдің өзге өңірлеріне шұғыл бет қойған тұрғындардың түрлі көліктері бірнеше шақырылымға созылған "керуен", кептеліс түзді. Олар Мәскеудің өздерін құтқаруға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқары жететініне сенбейтін болса керек.

Себебі, РФ билігі "Украина Қарулы күштерінің диверсиялық-барлау тобы" еніп кеткенін мойындады. Бірақ Украина тарапы мұны жоққа шығарды және Белгород аумағында қимылдап жатқан күштердің тек Ресей азаматтарынан тұратынын нұсқады.

Бұл үшін жауапкершілікті өздерін РДК (Русский добровольческий корпус) және Легион "Свобода России" атайтын қарулы топтар мойнына алды.

Фото: yandex.kz

Белгородтықтардың үрейі ұшатын жөні бардай. Ресейлік телеграм-каналдарда "қорқынышты" бейнежазбалар тоқтаусыз тарауда. Пропаганда оның бәрін фэйк деп атауға асықты. Оның бірінде Украина-РФ шекарасын кесіп өтіп жатқан танктер колоннасы бейнелеген. Сауытты техниканың бүйірлеріне "Z" емес, крест сұлбасы түсірілген. Тағы бірінде қала шетіндегі РФ әскері орналасқан базаға соққы беріліп, оның жаппай өртеніп жатқаны түсірілген. Қаланың ішінде дүркін-дүркін ұлыған дабылдатқыш та жұрттың зәресін ұшырды. Бірқатар белгородтықтар қарсыластың әскери тікұшағының авиасоққы беріп жатқан сәтін смартфонының камерасына жазып алған.

Өңірде болып жатқан оқиға туралы Мәскеу қожайыны В.Путинге баяндалғаны анықталды. Онда Белгород облысының  Грайворон округінің аумағына "УҚК диверсиялық-барлау тобы" (ДБТ) кіргені айтылыпты. Ресей жағының дерегінше, кем дегенде сегіз бейбіт тұрғын жараланған. Қанша әскеридің мерт болғаны немесе жарақат алғаны жария етілмеді.

Бірінші болып, кеше облыстың шекарасында, Дроновка деревнясы жанында "украиналық ДБТ жауынгерлерімен қиян-кескі шайқас болып жатқаны туралы" суыт хабарды телеграм-арналар таратты.  

"Сұрапыл соғыс дәл қазір жүріп жатыр. Екі жақтан да әскери техника жұмылдырылған. Аспанда бірнеше дрон байқалады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жұмыс істеп жатыр", – деп нақтылады Shot телеграм-каналы түскі сағат 14:57-де, сол жақтағы өз дереккөзіне сілтеме жасап.

Өз кезегінде украиналық "Скринька-Пандори" паблигі сауытты техникалардың қозғалысы бейнеленген видеоны жариялады. Оның сендіруінше, бейнежазбада Украина жақтан Белгород облысындағы "Грайворон" бақылау өткізу бекетінің аумағына танктердің кіріп жатқан мезеті көрсетілген. Видео әскери дроннан түсірілген.

 

Фото: youtvnews.com

Бастапқыда облыс губернаторы В.Гладков Грайворон ауданындағы үстемелеткен атыс аясында өңірге қарсы "үстемелеткен ақпараттық шабуыл" да жасалып жатқанын мәлімдеді. Бірақ Украина жағынан танктің шекараны бұзып өткеніне қатысты түсініктеме бермеді.

Дегенмен, ол Белгород облысының Глотово селосының маңында да атыс болып жатқанын жеткізді. Онда екі бейбіт тұрғын – еркек пен әйел жанына жарылған минадан жараланыпты.

Кейінірек облыс басшысы Вячеслав Гладков Грайворон округіне қарсыластың диверсанттары мен барлаушыларының тобы кіргенін растады. 

"РФ қарулы күштері, шекарашылармен, Росгвардиямен және ФСБ қызметкерлерімен бірге қарсыласты жою үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр. Егжей-тегжейін соңыра хабарлаймын", – деп мәлімдеді ол.

Қарсылас бұған қатысын жоққа шығарды: Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының өкілі Андрей Юсов Ресейдің Белгород облысының территориясында "Свобода России" легионы және "Русский добровольческий корпус" "қауіпсіздік жолағын құруға бағытталған операция" жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Ол аталған операцияны "тек қана Ресей азаматтары" өткізіп жатқанын атап өтті.

РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путинге "украиналық диверсанттар Белгород облысында шекараны бұзып кіруге талпыныс жасағаны" баяндалғанын хабарлады. Бұл ретте "диверсиялық топты Ресей территориясынан ығыстырып шығаруға және жоюға бағытталған жұмыс жүргізілуде". Д.Песковтың айтуынша, қосымша күштер бағытталмайды, "жергілікті жерде күш пен құралдар жеткілікті".

Бірақ бұл жалған болса керек. Mash және Baza телеграм-арналарының дерегінше, Белгород облысының бүкіл аумағы қамтитын "Перехват" жоспары енгізілді. Оның аясында өңір полициясының барлық қызметкерлерін, соның ішінде демалыстағыларын да жаппай жинау жарияланды.

Губернатор Вячеслав Гладков 16:50-де ерсілі-қарсылы жауған снарядтар үш тұрғын үйге тиіп, зақымдағанын мәлім етті: ғимараттар жанып кеткен. Бұдан бөлек әкімшілік ғимаратқа да соққы жасалыпты. Замостье селосында снаряд балабақшаға түсіп, оны отқа ораған. Гладковтың айтуынша, онда бір әйелдің қолы жарақаттанды, оған сол жерде көмек көрсетілген.

Губернатор жалпы саны сегіз адам жараланғанын, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар жоғын, Грайворон қаласы және округі тұрғындарының басым көпшілігі қоныстарын тастап кеткендерін жеткізді.

Бұған қоса, Ресейдің Белгород облысында "контртеррористік операция" режимі енгізілді. Бұл режим тұрғындарға қатысты шектеулерді іске қосты. Мысалы, карантин, коменданттық сағат енгізіліп, көшеде бостекі жүруге тыйым салынды. Өндіріс орындары тоқтатылды. Өңірдегі интернет пен байланыс ағытылды. Азаматтардың көлігін қорғаныс қажеттілігі үшін тартып алуға рұқсат етілген.

РФ Төтенше жағдайлар министрлігі облыста эвакуация жүргізіліп жатқаны туралы ақпаратты "фейк" деп атады. Халық ұйымдаспаған түрде, облыстан өз бетінше босып жатыр. Белгород облысындағы барлық мектепте соңғы қоңырауға, мектеппен қоштасу рәсімдеріне және алдағы басқа да мәдени шараларға тыйым салынды.  

"Жұртшылықтың үлкен бөлігі территорияны тастап шықты. Кімнің көлігі, мүмкіндігі жоқ, оларға қолда бар көлікпен көмек көрсетуге тырысып жатырмыз. Жеке автомобилі барлар өз бетінше кетуде", – деді губернатор В.Гладков.

Әрине, Украина Ресей сияқты көршісінің қалаларын тып-типыл етіп қиратпас. Оған барса, дамыған елдерден құралған батыстық коалициясы теріс айналуы мүмкін. Бірақ соғыс өртінің жалыны шарпыған сайын орыс қалалары өздігінен босап қалатын түрі бар. 

"РДК" аталатын қарулы топ төл телеграм-арнасында Ресей шекарасын өз жауынгерлерінің кесіп өткенін жария етті. Шын әлде өтірігі белгісіз, олар тіпті өз қолына көшірген ресейлік елді мекендерді паш етті. Мысалы, бір қысқа видеода олар Белгород облысының Безлюдовка ауылының нұсқағышы аясында тұр. Ал "Свобода России" легионы Ресей тұрғындарына бейнеүндеу орналастырды. Артынша оның телеграм-арнасында диверсанттардың Козинка кентін азат еткені туралы хабарлама пайда болды.

Кеше кешке ресейлік жергілікті ақпарат құралдары Шебекинский қаласының округіне де диверсанттардың кіргенін жазды. Бүгін түнде Валуйский қалалық округі де шабуылға ұшырағаны анықталды. Қақтығыс жалғасып жатқан көрінеді.

Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк бұл диверсиялық топтарға Украинаның тікелей қатысы жоқтығына сендірді.

"Украина Ресейдің Белгород облысындағы оқиғаларды қызыға қадағалап, жағдайды зерделеп отыр. Бірақ онда болып жатқанға ешқандай қатысы жоқ", – деп қадап айтқан М.Подоляк "тоталитарлық елде әрдайым партизандық қозғалыс жалғыз саяси қозғаушы күшке айналатынын" алға тартты.

Соған қарағанда енді Киев те Мәскеудің "ихтамнет" тәсілін соның өзіне қарсы қолданудың шеберіне айнала бастағанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу