Көршінің қару келісімін бұзуының арты неге соқтырады?

2822

Батыс Ресейде танк өндірісін шектеу тетігінен айрылды.

Көршінің қару келісімін бұзуының арты неге соқтырады? Фото: yandex.kz

РФ МемДумасы "ДОВСЕ" (Договор об обычных вооруженных силах в Европе) атауымен белгілі, яғни Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы шартты денонсациялау туралы заңды қабылдады. Осылайша, Ресей Еуропамен арадағы бұл келісімнен толық шықты.  

Айта кету керек, бұл шарт Қазақстанда сол бойы күшінде: республикамыздың Парламенті – Жоғарғы кеңес оны 1992 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен ратификациялады. 

Бастапқы осы шартқа бұрынғы кеңестік республикалар арасынан Қазақстан, Ресей, Украина, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Молдова қол қойды.

Батыс пен НАТО тарапынан келісімге – АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германии, Бельгия, Болгария, Венгрия, Грекия, Дания, Исландия, Испания, Италия, Люксембург, Нидерланды, Норвегия, Польша, Португалия, Румыния, Түркия, Франция, Чехия мен Словакия басшылары қол қойды. Бұл елдер келісім аясында қалды.

Ал РФ МемДумасының хабарлауынша, шарттан шығу ұсынысын ресейлік депутаттар бірауыздан қолдады.

Фото: yandex.kz

"90-шы жылдардың басынан бері аталған шарт кең ауқымды әскери-саяси өзгерістердің ықпалымен негізінен ескіріп қалды және өмір шындығымен байланысын жоғалтты. Бұл бірінші кезекте НАТО-ның кеңеюімен байланысты", — делінген денонсация туралы заң жобасына түсініктеме жазбада.

Бұдан бөлек, ол шарттың 2007 жылдан бері практикада жүзеге асырылмағаны атап өтіледі.

Сондай-ақ түсініктемеде жазылғандай, өткен кезеңде "Еуропадағы қарапайым, кәдуілгі қару-жарақтар саласындағы ахуал айтарлықтай нашарлады, АҚШ пен оның одақтастары Ресейге қарсы апаттық салдарларға соқтыратын әскери шиеленіс-конфронтацияға бағытталған саясат жүргізуде" екен.

Шарттың денонсациялануына орай сонымен байланысты барлық халықаралық келісімдердің күші де Ресейде автоматты түрде жойылады. 

ДОВСЕ шартынан шығу туралы тапсырманы РФ басшысы Владимир Путин биылғы 10 мамырда берген болатын.

Сарапшылардың түсіндіруінше, 1990 жылы Парижде бекітілген бұл шарт оған қатысушылардың қарапайым қару-жарақ пен әскери техникалардың 5 санатын – танктерді, бронды машиналарды, 100 миллиметрден үлкен калибрлы артиллерияны, соғыс ұшақтарын, соққы беруші тікұшақтарды қаптатып шығаруына жол бермей, шектейді.

Фото: yandex.kz

Бұған қоса, келісім аясында қатысушы мемлекеттер өзіндегі осы қаруларға қатысты ақпарат алмасады. Өзара инспекторлар жолдап, уағдаластықтың орындалу барысын қадағалайды.

Бірақ ел тізгінін В.Путин ұстағалы Мәскеу 2007 жылдан бері мұның бәрін шектеп тастады.  

Жалпы, бұл келісім одан көп бұрын күйрей бастаған. 1999 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Ыстамбұлда өткен саммитінде шарттың жаңартылған нұсқасы қабылданды. Алайда оны ТМД тарапынан тек Қазақстан, РФ, Беларусь және Украина ғана мақұлдады. Сонда Грузия мен Молдова ратификациялаудан бас тартып, Ыстамбұлдағы уағдаластықтарға сай, өз территорияларынан Ресей әскерінің әкетілуін талап етті.

Дегенмен, ол кезде Батыс посткеңестік кеңістіктегі Мәскеудің ықпалын мойындады және шағын республикалардың үніне құлақ аспады. Батыс 2000 жылы билік басына келген Путинмен ынтымақтастықты арттыруға толық ден қойды. Сол тұста В.Путин тіпті Ресейдің НАТО-ға мүше болуы мүмкіндігін қарастыратынын жариялаған. Солай болғанда, әскерді шығарудың да қажеті болмай қалуы мүмкін еді.

Артынша Кремль жаңа қожайынының империялық амбициясының өсуімен бірге Батыспен татуласуға емес, тіресуге бет бұрды. Алдымен шарттың күшін уақытша тоқтатты. Енді оны мүлдем тәрк етіп отыр.

Ресейлік әскери аналитик Игорь Коротченконың пікірінше, Еуропамен арасындағы аталған шартын денонсациялау арқылы Ресей Батыспен әскери саладағы қарым-қатынасын түбегейлі бұзды.

Фото: yandex.kz

Техникалық тұрғыдан алғанда, келісімнен шығу рәсімі шамамен жарты жылға ұзайды. Осы кезде РФ басшылығы ауысып жатса, ол шартты қалпына келтіре алуы ықтимал.

"Ресей 2007 жылы шартқа қатысуын уақытша доғарғанда, бұл символдық қадам болатын. Ендігісі – басқа, практикалық қадам: келісімнен толық шығып отыр. Мәскеудің қолы толығымен бос, ештеңе тоқтатпайды. Бізге, Ресейге ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін НАТО-мен ортақ шекарамыздың өне бойында әскерді қажетті көлемде қордалап, өрістетуге ешкім кедергі бола алмайды", – деді Коротченко.

Ал украиналық әскери сарапшы, запастағы полковник Роман Свитанның пікірінше, бұл шарттан шығу Ресейге ештеңе де бермейді.

Фото: yandex.kz

"ДОВСЕ жаңарған келісімі аясында Батыс пен бұрынғы Кеңес одағы елдері өз қарулы күштеріндегі танктерді 20 мыңнан, артиллериялық бірлікті де 20 мыңнан, бронды машиналарды 30 мыңнан асырмау жөнінде міндеттеме алды. Тиісті шектеуді қабылдады. Қатысушылар өз армиясында 6 800-ден көп әскери ұшақ және 2 мыңнан артық соққы беруші тікұшақ ұстамауға тиіс болды. Еуропадағы бірде бір елде сол кезде де, қазіргі уақытта да дәл осынша қару болған емес. Бірақ сонша арсенал Ресейде бар еді: оған Кеңес одағынан қалған. Ельцин тұсында Батыспен жақындасқан Ресей қаптаған 20 мың танкті және басқасын не қыларын білмеді. Оларды күтіп-ұстау және қызмет көрсетудің өзі қып-қызыл шығын еді. Содан шетелге белсенді сатып, экспорттады. Бүгінде Ресейде қанша танк пен өзге қару қалғанын, ең бастысы, оның қаншасы соғысқа жарамды екенін тіпті РФ Қорғаныс министрлігі де білмейді", – деді әскери маман.

Украина Қарулы күштерінің Бас штабының видео, фотоайғақтар негізінде жүргізетін есебі бойынша 2023 жылғы 17 мамырдағы жағдай бойынша, Ресей 2022 жылғы 24 ақпаннан, яғни кең ауқымды соғысты бастағалы бері 3 771 танкінен, 7 365 бронды машинасынан, 3 166 артиллериялық жүйесінен, 308 әскери ұшағынан, 294 тікұшағынан айрылды.

"Біздің бағалауымызша, Ресейде әскери ұшақтардың шамамен 1,5 мыңы ғана қалды. Яғни, қандай қару түрін алсаң да, оның Ресейдегі көлемі сөз болып отырған шарттағы көлемдерге көп жетпейді. Демек, ол шарт талаптары өзекті болмай қалды. Себебі, келісім Ресейге 6 800 әскери ұшақты ұстап тұруға рұқсат етеді, бірақ Мәскеу сонша ұшақты ешқайдан ала алмайды. Тікұшақтарды, танктерді және басқасын да сонша мол көлемде жасап шығуға ресейлік өндірістің қуаты жетпейді. Ендеше Ресейдің шарттан шығуы – еш мәні жоқ қадам. Бүгінде Украина армиясы онсыз да РФ қорғаныс министрі Шойгуға ресейлік арсеналды қарқынды азайтуға "көмектесуде". Міне, сондықтан Кремльдің бұл қадамына Батыста ешкім үн қатпады. Шошынып, кері оралуға қиыла шақырмады", ‒ деді Р.Свитан.

Оның орнына бүгінде қарқынды қарулана бастаған Украина болашақта Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы шартта бекітілген ең жоғарғы шекке жетуі ғажап емес. Бірақ бұл шарттан Мәскеу шығып кеткен соң, Батысқа өзге елдердің қаруын шектеу еш қызық емес болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу