Алматы – Кувейт әуе рейсін ашуға дайынбыз – елші

1298

Кувейттің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Тарек Абдулла Аль-Фарадж елорданың қысына қалай үйренгенін, қос ел арасындағы сауда байланысын нығайту үшін әлі де жұмыс жүргізу керегін, Кувейт кәсіпкерлері қандай салаларға қызығатынын, екі мемлекет арасында тікелей әуе рейсін ашу керегін inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында сөз етті.  

Алматы – Кувейт әуе рейсін ашуға дайынбыз – елші

– Елімізде қызметіңізді қашан бастадыңыз? Елорданың қытымыр қысына үйренген шығарсыз?

– 2015 жылғы 25 қаңтарда Қазақстанға келдім. Кувейт – өте ыстық ел. Мен алғаш келген кезде мұнда - 45 градус суық болды. Осы уақытта Кувейтте плюс 45 градус ыстық еді. Ауа температурасы арасындағы айырмашылық шамамен 100 градус. Жаңа климатқа үйрену үшін біраз уақыт керек болды. Құдайға шүкір, қазір суыққа үйрендім. Алайда сіздер (қазақстандықтар – автор) сияқты суыққа ұзақ шыдай алмаймын. Тек 15-30 минут сыртта жүре аламын. Ал сіздер қыста одан көп жүрулеріңіз мүмкін. Сіздерге ет пен қымыз күш беретін сияқты.

– Ет деп қалдыңыз жылқының етінің дәмін де татқан шығарсыз?  

– Таяу Шығыстағы халықтар үшін жылқы қасиетті жануар. Сондықтан Кувейт тұрғындары жылқының етін жемейді. Алайда Қазақстанға келгесін жылқының етінен жедім, өте дәмді, тез қорытылады екен. Пікірім өзгерді. Мейрамханаға барсам, жылқының етіне тапсырыс беретін болдым. Құдай қаласа, елге оралғасын оны күнделікті рационға қосамын.

– Қазақстан мен Кувейт арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың даму деңгейіне қандай баға бересіз?

– Қос ел арасындағы сауда байланысын әлі де нығайту қажет. Ол үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Тіпті, бірнеше келісімге қол қойдық. Мысалы, инвестицияны ынталандыру және өзара қорғау келісімі, ал қосарланған салықты болдырмау келісімі қаралып жатыр. Коронавирус пандемиясына дейін Қазақстан мен Кувейт арасында сауда-экономикалық комиссияның отырысы жоспарланған еді. Бірақ ол СOVID-19-ға байланысты шегерілді. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметімен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бойынша ынтымақтастық орнаттық.

– Қазақстанда қанша Кувейт компаниясы жұмыс істейді? Кәсіпкерлерді қандай салалар қызықтырады?

– 2006 жылы Кувейт кәсіпкерлері алғашқылардың бірі болып Қазақстанға келді. Мысалы, «Американо» компаниясы осында ұзақ уақыт жұмыс істеді. Оның фаст-фуд мейрамханалар желісі мен кофехана бойынша франшизасы болды. Кейін бұл компания Сауд Арабиясы мен БАЭ кәсіпкерлеріне сатылды. Тағы бір компания – «Ашая». Ол Starbucks франшизасына иелік етеді.

Біздің кәсіпкерлерді Қазақстандағы азық-түлік өнімдері, ауыл шаруашылығы, туризм салалары қызықтырады. Олар қазақ елінің еті мен бидайына қызығады. Қос ел арасында тікелей әуе рейсін ашуға дайынбыз. Басқа да салалар бар. Бірақ олар туралы айту әлі ерте.

– Ет пен бидай экспорты, тікелей әуе рейсіне толығырақ тоқталсаңыз.

– Бүгінде сиыр етін Қазақстаннан Кувейтке жеткізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Қос елдің кәсіпкерлері оның 1 келісі қанша ақша болады, қаншаға жеткізеді деген сұрақты талқылауда. Мәселе логистикаға тіреліп тұр.

Қой еті туралы да айтуға болады. 2 жыл бұрын аталған мәселе бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, барлығын ұйымдастырдық... Осы уақытта мұздатылған қой етін Қазақстаннан Кувейтке жеткізу 1 келісі шамамен 5,5 доллар болған сияқты. Нақты есімде жоқ. Себебі, ет ұшақпен жеткізілетіндіктен баға да жоғары болды.

Әлемде Қазақстан бидайы жоғары бағаланатыны белгілі. Пандемияға дейін Кувейттен осында арнайы делегация келді. Олар Қазақстан бидайының сапалы екенін көріп, оған қызықты. Делегация құрамында «Кувейт диірмендері» компаниясының өкілдері болды. Мұндағы мәселе логистика және оның өзіндік құнына байланысты еді. Олар (делегация – автор) Қазақстанға қайта келіп, (бидайды сатып алу бойынша – автор) келіссөздер жүргізуі керек болған. Бірақ пандемия салдарынан жоғарыда аталған жоспаларымыз жүзеге аспай қалды.

Негізі коронавирус біраз жоспарымызға өзгеріс енгізгенін ашық айтуым керек. Мысалы, Al Jazeera («Аль Джазира») әуе компаниясы Кувейт пен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлаған. Тіпті, пандемия басталғанға дейін Al Jazeera тиісті органға өтініш те жіберген. Біз қос ел арасында тікелей әуе рейсін ашу арқылы туризмді дамытқымыз келеді. Себебі, бүгінде Бішкек – Кувейт, Ош – Кувейт, Ташкент – Кувейт әуе рейстері жұмыс істеп тұр.

– Қазақстан мен Кувейт арасындағы тікелей әуе рейсі нақты қашан ашылады?

– Алматы – Кувейт әуе рейсін ашу бойынша заң аясында рәсімдер аяқталған. Тек COVID-19-ға байланысты жаңа рейсті ашу шегерілді. Осыған ұқсас жағдай Ош пен Кувейт арасында әуе рейсін ашқан кезде болған. Пандемия басталып, рейсті ашу кейінге қалдырылды. Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар саны азайған кезде бірден Ош – Кувейт әуе рейсі жұмыс істей бастады. Менің ойымша, пандемия аяқталғасын аталған әуе рейсі бірден жұмысын бастайды. Алматыда Al Jazeera әуе компаниясының өкілдігі де бар, барлығы дайын.

– Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығып атап өтеді. Осы уақыт аралығында мемлекеттің дамуына қандай баға бересіз?  

– Қазақстан билігі мен халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтағым келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстан айтарлықтай жетістікке жетті. 30 жыл бұрынғы және қазіргі қазақ елін салыстарсақ, көптеген өзгерісті байқаймыз. Әсіресе, бұл сыртқы саясатта, білім, денсаулық, инфрақұрылым салаларында байқалады. Осы уақыт аралығында көптеген университет, аурухана, мектеп салынды. Менің ойымша, Қазақстан халқы осы жетістігімен мақтануы керек. Қазақстанға туризм саласын дамытуға баса мән беруі керек. Себебі бұл салада қазақ елінің әлеуеті жоғары. Мұнда табиғатына көз тоймайтын жерлер мен тарихи ескерткіштер өте көп. Мысалы, діни, мәдени туризмді алсақ та. Тіпті, Түркістан қаласын жеке атап өтуге болады. Сондықтан елдегі туризмді дамыту үшін еңбектену керек. Қазақстанның туризм саласындағы көшбасшы мемлекеттің біріне айналуына тілектеспін.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу