Қостанай облысы қайта құрылымданады

3913

Бұл Қостанай өңірінің әкімі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысымен және шешімімен рәсімделуде.

Қостанай облысы қайта құрылымданады

"Қостанай облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы" деп аталатын аталған құжатта кейбір ауылдардың таратылатыны айтылған.

"1993 жылғы 8 желтоқсандағы "Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" заңының 11-бабының 3-ші тармақшасына сәйкес және аудандық өкілді және атқарушы органдарының пікірін ескере отырып, Қостанай облысының әкімдігі қаулы етеді және Қостанай облыстық мәслихаты шешім қабылдады: біріншіден, тұрғындарының саны 50 адамнан кем елді мекендер таратылсын", – делінген онда.

Жабылатын ауылдар бұл жолғы тізіміне Қостанай ауданы Владимиров ауылдық округінің "Янушевка" ауылы; Денисов ауданы Тельман ауылдық округінің "Шыбынды" ауылы; Әулиекөл ауданы Құсмұрын кентінің "Киров" ауылы кіреді.

Екіншіден, тарих тұңғиығына түпкілікті кеткелі тұрған ауылдардың тұрғындары Владимиров ауылдық округінің "Владимировка" ауылына, Тельман ауылдық округінің "Антоновка" аулына және Әулиекөл ауданының "Құсмұрын" кентіне көшіріледі деп күтілуде.

Үшіншіден, бір топ елді мекен қайта құрылады. Атап айтқанда, қазіргі "Целинный" ауылдық округі – Қарасу ауданының "Целинное" ауылы және "Прогресс" ауылы болып жеке-жеке отау құруға тиіс.

"Новоселов" ауылдық округі орнына Қарасу ауданының "Новоселовка" ауылы және "Құндұзда" ауылы пайда болмақ.

"Восток" ауылдық округіне қатысты елең еткізерлік шешім қабылданды: ол Қарасу ауданының "Восток" ауылына, "Жұмағұл" ауылына, "Майское" ауылына және "Тімтуір" ауылына бөлінеді.

"Железнодорожный" ауылдық округінің де тағдыры да соған ұқсас болатынға ұқсайды: ол Қарасу ауданының "Железнодорожное", "Теректі", "Жекекөл", "Братское" және "Күлеңсай" ауылдары болып қайта құрылады.

Төртіншіден, бір топ ауыл басқа әкімдіктердің қарауына ауыстырылып, бағыныстылығы өзгертілмек. Соның ішінде "Целинное" және "Прогресс" ауылы – Қарасу ауданының Шолақашы ауылдық округінің құрамына енгізіледі.

"Новоселовка" ауылы және "Құндұзда" ауылы Қарасу ауданының "Ильичев" ауылдық округінің құрамына кіреді.

"Евгенов" ауылы Бейімбет Майлин ауданының "Павлов" ауылдық округінің құрамына, ал "Мақсұт" ауылы дәл осы ауданның "Белинский" ауылдық округінің құрамына қосылады.

"Қосағал" және "Қ.Тұрғымбаев" ауылдарының тізгіндері Әулиекөл ауданының "Диев" ауылдық округіне беріледі.

Бесіншіден, Қостанай обылысында жаңа ауылдық округтер ашылады деп жоспарлануда. Мәселен, "Жамбыл" және "Павловское" ауылдарынан тұратын "Жамбыл" ауылдық округі түзілуге тиіс.

Құрамында "Қарасу", "Восток", "Жұмағұл", "Майское" және "Тімтуір" ауылдары бар "Қарасу ауылдық округі" рәсімделмек.

Сондай-ақ, "Октябрьское", "Железнодорожное", "Теректі", "Жекекөл", "Братское" және "Күлеңсай" ауылдары кіретін "Октябрь" ауылдық округі құрылады. Бұлардың барлығы Қарасу ауданына қарайды.

Бұдан бөлек, Жангелдин ауданында "Милiсай" және "Шилi" ауылдары бар "Шилi" ауылдық округі қалыптасады.

Қостанай облысының әкімі аппаратының басшысы Арман Әбеновтың мәліметінше, бұл құжаттарға барлық қажетті рұқсаттар алынған. Әкімшілік-аумақтық бірлікті өзгертуге бағытталған жобаның қабылдануы "теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарларға әкеліп соқпайды".

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спановтың мәліметінше, 2019 жыл соңына дейін Қостанай өңірінің өне бойында 54 ауылдық округ оңтайландырылады, тағы 25 шағын ауыл таратылады. Оның түсіндіруінше, елді мекендердің саны бәрібір көп азаймайды, тек әкімдіктер саны кемуі үшін ауылдық округтер қатары сирейді.

Басқаша айтқанда, ауылдықтарға әкімдіктен қажетті қағаздар, рұқсаттар алу үшін басқа ауылдарға баруға тура келмек.

Сарапшылардың айтуынша, осы тәрізді қайта құрылымдау жалғыз Қостанай емес, барлық облыстарды күтіп тұр. Себебі, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстан 4-ші, яғни ауылдық бюджет деңгейіне жаппай көшеді. Нәтижесінде, ауыл әкімдіктері өз беттерінше 5 салық пен 2 төлем түрін жинауға кірісулері тиіс.

Бұл реформа ауыл әкімінің мысалға, жарнама салығын, әкімдік құзырындағы ғимараттар мен орынжайларды жалға беру ақысын жинауын, жиналған ақшаларды ұтымды жұмсауын, бухгалтерлік есепті жүргізуін, тендерлер өткізуін қарастырады. 

Бұл үшін білікті мамандар, компьютерлер, жылдамдығы 514 кбит/секундтан жоғары болатын кеңжолақты интернет керек. Ал бұл шарттар ауылдардың көбінде жоқ. Демек, билік мәселені ауылды жаппай қайта құрылымдау арқылы шешуге ұйғарғанға ұқсайды.

Қазір Қостанай облысында 45 ауылдық округ қана дербес бюджетін іске қоса алған. Бірақ осы пилоттық округтердің өзінде 27 маман жетіспейді.

"Бірінші кезекте сауатты бухгалтерлерді іздеу керек. Оларсыз жаңа бюджет бойынша жұмыс жасау мүлдем мүмкін емес. Жалпы алғанда, Қостанай өңірінде 239 ауылдық әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Әкімдігі бар 38 ауылда 500-ден аз тұрғын тұруда. Яғни, халқы аз болса да, өз әкімі, оның аппараты және сәйкесінше, әкімдіктің ғимараты мен көлігі бар. Біз ауылдарға талдау жүргіздік, оның қорытындысы бойынша 54 ауылдық округті оптимизациялау ұсынылуда. Жыл соңына дейін 50-ден аз тұрғыны бар 27 шағын ауылдың 25-і жойылады. Тек "Тавриченка" және "Күнтимес" ауылдары қалады. Өйткені олардың халқының көбею перспективасы бар", – дейді Ерлан Спанов.

Ол әкімдіктер жабылғанымен, қолданыстағы мектептер, фельдшерлік бекеттер, басқа да әлеуметтік нысандарға тиіспейтіндеріне сендіреді. Бірақ қаншаға дейін қалатыны белгісіз.

Жергілікті билік мұндай "оңтайландырудың" оң үлгісі ретінде тек Қойбағар және Амангелді ауылдарының бір округке бірігуін ғана алға тартады. Өз әкімдігінің жабылуы салдарынан ауыл тұрғындары қазір 7 шақырымға қатынауға мәжбүр болуда. Осы ауылдар орналасқан Қарасу ауданының әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, әлгі оңтайландырудан мемлекет тек 7,3 миллион теңге үнемдепті. Оның ішінде шамамен 5 миллион теңге әкім мен оның аппараты қызметкерлерінің жалақысынан үнемделген. 

Ең белсенді реформа да осы Қарасу ауданын қамтуда: онда азайтулар аяқталған соң, ауылдар саны екі есеге – 12-ден 6-ға дейін кемімек. Жыл соңына дейін "оптимизация" облыстағы барлық аудандарда жүргізілетіні баяндалды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу