ҚР 2020-2024 жылдарға әлеуметтік-экономикалық даму болжамы

17214

Сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасының дамуының ықтимал үш сценарий қарастырылып, базалық сценарий негізге алынды. 

ҚР 2020-2024 жылдарға әлеуметтік-экономикалық даму болжамы

Экономика министрінің айтуынша, болжам қалыптастырудың негізгі үш факторы бар. Оның біріншісі, жалпы ішкі өнім бойынша (ЖІӨ) 2018 жылғы есептік-статистикалық деректер және биылғы жылдың 7 айындағы экономика дамуының қорытындылары. ЖІӨ өсуі 4,2% құрады, инфляция деңгейі нысаналы дәлізде – 5,4%, инвестициялар 11,3% деңгейінде өсуде.

Екінші, әлемдік экономиканың өсуі бойынша өзектендірілген болжамдар : халықаралық валюта қоры болжамы бойынша 2019-2020 жылдары әлемдік экономика өсімі 3,2-3,5% деңгейінде болады.

Үшінші, әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер:  халықаралық қаржы ұйымдарының деректері бойынша 2019 жылы мұнай бағасының консенсус-болжамы 65,1 АҚШ доллары, ал 2020 жылы баға 63 долларға дейін төмендейді.

Сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасының дамуының ықтимал үш сценарий қарастырылып, базалық сценарий негізге алынды, осы болжам бойынша мұнай бағасы 55 АҚШ доллары болады деп көзделуде.

ЖІӨ өсуі 2020 жылы 4,1 % деңгейінде болжанып отыр, ал 2024 жылы ол 4,7% жетеді. Орташа өсу қарқыны 5 жылда 4,4 % құрайды.

Экономиканың серпіні жалпы жинақтың ішкі тұтыну және экспорттың өсуімен қамтамасыз етіледі. Инвестициялар – экономикалық өсуді талдаудың маңызды факторы. Салық бөлінісінде негізгі өсім шикізаттық емес секторға тиесілі болады. Бұл – өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және құрылыс. Бұл салалардың орташа өсім қарқыны 4,7 % деңгейінде болады. ЖІӨ өсуіндегі салым – 3,5%-ды құрайды.

Мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 млн тоннаға, 2024 жылы 100 млн тоннаға дейін өседі. Өндірістің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ Теңіздегі кен орындарын пайдалануға беру есебінен болады. Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 трлн теңгені, ал 2024 жылы 106 трлн теңгені құрайды.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2020 жылы 10,5 мың долларды құраса, 2024 жылы ол 14,3 мың долларға дейін ұлғаяды.

2020-2021 жылдары инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 % деңгейде сақталады. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3-5 % шамасында болады. Жұмыссыздық 2024 жылы 4,7%-ға  дейін төмендейді.

Макроэканомикалық болжам негізінде 2020-2022 жылдарға арналған бюджет параметрлері мен Ұлттық қордың болжамы әзірленді. Республикалық бюджеттің кірістері 2020 жылы 8 трлн сомасында, 2021 жылы 8,6 трлн теңге, 2022 жылы 9,4 трлн теңге сомасында болады деп болжанып отыр.

Бюджет тапшылығын 2020 жылы ЖІӨ 2,1%-і, 2021 жылы 1,5% дейін және 2022 жылы 1% дейін төмендетілген мөлшерде белгілеу көзделеді.

Мұнайлық емес тапшылық 2020 жылы ЖІӨ 7%-ға  дейін, 2022 жылы 5,1%-ға дейін төмендейді. Осы параметрлерді есепке ала отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,7 трлн теңге, 2021 жылы 13,2 трлн теңге және 2022 жылы 13,6 трлн теңге көлемінде белгіленді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу