Кредит нарығын бақылау жаңа агенттікке жүктеледі

6471

Бұдан былай Ұлттық банк бұл қызметті атқармайды.

Кредит нарығын бақылау жаңа агенттікке жүктеледі

Таяуда мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Заңда екі негізгі бағыт қамтылған, олар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Бас банк мәліметінше, аталған заң екі бағытты қамтиды. Бірінші бағыт – қаржы секторын реттеу мен дамытудың тәуелсіз органын құру.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық банкін қайта құрады, оның барысында функциялар, өкілеттіктер жəне штат бірліктері қайта бөлінбек, деп хабарлайды Ұлттық банк. 

Елдің экономикалық өсуіне ықпал ету үшін Ұлттық банк орталық банктің классикалық функцияларына, яғни баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақша-кредит саясатын жүргізу, валюталық реттеу және төлем жүйелерін дамытуға жауап береді.

Ал қаржы нарығын реттеу мен дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау функциялары Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігіне берілетін болады.

Ұлттық банк пен агенттіктің қызметі тығыз үйлестіріледі, оның ішінде басқару органдарында өзара өкілдік ету және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қызметі шеңберінде өзара іс-қимыл арқылы үйлестіріледі.

Екінші бағыт – тұтынушылық кредиттеу нарығында реттеуші төрелікті және жүйелік проблемаларды жою.

Реттелмейтін сектордағы тұтынушылық кредиттеудің бақыланбайтын өсу проблемаларын шешу, реттелмеген кредиторлар тарапынан қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына жол бермеу үшін заң онлайн-кредиттеу компанияларының, кредиттік серіктестіктердің және ломбардтардың қызметіне қадағалау органының реттеу аясын кеңейтеді.

Заң олардың микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар ретінде Агенттікте міндетті түрде есептік тіркелуін енгізеді. Барлық реттелмеген кредиторлар қажет болған жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар ретінде қайта тіркеуден және 2020 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде Агенттікте міндетті түрде есептік тіркеуден өтуге тиіс.

Микроқаржылық қызмет субъектілерін реттеу қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға және олардың шамадан тыс кредиттелуін болдырмауға негізделеді. Атап айтқанда, микрокредиттер беру қағидаларының болуына, кез келген комиссиялар алуға тыйым салуға, шекті сыйақы мөлшерлемесін сақтауға, кредиттік бюроға ақпарат беру қажеттілігіне талаптар белгіленеді, бұл қарыз алушылардың борыштық жүктемесін нақты бағалауға мүмкіндік береді.

Белгіленген шаралар кредиттеу нарығының айқындылығын арттыруға, түрлі сегменттерді реттеуде теңгерімсіздікті жоюға және ең бастысы, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Заңда кейіннен декларациялауға кезең-кезеңімен өте отырып, жалпыға бірдей декларациялауды 2020 жылдан 2021 жылға енгізуді ауыстыру көзделеді.

Бұдан басқа, Заңда 2019 жылдың соңына дейін негізгі борыш өтелген жағдайда 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін салық кезеңдері үшін салық міндеттемелері бойынша өсімпұлды есептен шығару арқылы жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жүргізу көзделген. Бұл ретте мүлікке салық және жер салығы бойынша өсімпұлдарды оларды 2019 жылғы 1 қазанға дейін төлеу мерзімін ескере отырып 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін салықтық кезеңдер үшін міндеттемелер бойынша есептен шығару ұсынылады.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу