Кредиті кешірілетіндерге қатысты жадынама

23657

Редакциямыздың сұрақтарына ҚР Ұлттық банкінің қаржылық қызметтi тұтынушылар құқығын қорғау жөнiндегi департаментінің директоры Александр Терентьев жауап берді. 

Кредиті кешірілетіндерге қатысты жадынама

Сайтымызда кредиттің кешірілуіне қатысты мақалалар жарияланғаннан кейін, редакциямызға салықсыз тұтынушы кредиті бойынша борыштық жүктемелерді азайту туралы сұрақтар көптеп келуде. Халықты мазалайтын сол сұрақтардың бірсыпырасын қаржылық реттеушіге қойған едік:  

Сұрақ: Салықсыз тұтынушы кредиті бойынша кімдердің қарызы өтеледі?

Жауап: Жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспаған азаматтардың 300 мың теңге көлеміндегі қарызы кешіріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен тізімге сәйкес, төмендегі аталған азаматтардың борышы өтеледі: 

• Көпбалалы отбасылар;
• Асыраушысынан айырылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар;
• Мүгедек-балалары бар, 18 жастан жоғары жастағы мүгедектерді асырап отырған отбасылар;
• Атаулы әлеуметтік көмекті алушылар;
• Жетім-балалар;
• Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа дейінгі азаматтар.

Бүгінгі күнге дейін қарызды өтеуге байланысты негізгі жұмыс аяқталып, 507 363 адамның 105 174,8 млн теңге көлеміндегі борышы кешірілді. 

Қарыз алушылар кредитті өтеуге қатысты барлық ақпаратты мемлекеттік "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясынан немесе www.egov.kz электронды үкімет веб-порталынан ала алады. 

Сұрақ: Тұтынушы кредиті бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдар кімдерге кешіріледі? Бұл шара қазір жүргізіліп жатыр ма?

Жауап: 30  шілдеде банктер мен микроқаржылық ұйымдар 11 миллионнан астам қарыз алушының тұтынушы кредиті бойынша 33 млрд теңге көлеміндегі өсімпұлдары мен айыппұлдарын өтеп берді. 

Сұрақ: Борыштық жүктемені азайтуға қатысты бағдарламадағы статусты қалай білуге болады?

Жауап: Қазақстандықтар өз статустарын www.egov.kz  пен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сайттарынан, QR-код арқылы немесе 111 нөміріне хабарласып біле алады. 

Сонымен қатар ХҚКО, "Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры" мен оның филиалдарына да жүгінсе болады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің аумақтық департаменттері және әлеуметтік бағдарламалар Басқармасына барып керекті ақпараты ала алады. 

Сұрақ: Кредиті кешірілгеннен кейін қарыз алушылар банктің "қара тізіміне" енгізілмей ме?

Жауап: Қиын жағдайға тап болған азаматтар кредит төлеуді мерзімінен өткізіп алса да, қарызы кешіріледі. Олардың келешекте кредит алуына ешқандай қиындық туындамайды. 

Қарыз алушының несиелік қабілетін бағалауды банктер өздерінің ішкі ережелеріне сәйкес жүргізеді. Олар бұрынғы төлемдердің уақтылы жүргізілгеніне және тағы да басқа факторларға назар аударады. 

Сұрақ: Кредиттің кешірілуінен бас тартуға бол ма?

Жауап: Ия. Егер де қарыз алушы мемлекеттің қолдауынан бас тартқысы келсе, банк немесе микроқаржылық ұйымдарға өтініш жазуы керек. 

Сұрақ: Мемлекет бұл шараны арқылы жүргізу арқылы қандай пайда табады?

Жауап: Біріншіден, халықтың белгілі бір бөлігіне көрсетілген мемлекеттің алғашқы қолдауы. Оның арқасында жүздеген мың отбасы борышын азайтып, әл-ауқаттарын жақсартып алды. 

Екіншіден, борышы өтелгеннен кейін, олар кредит төлеуге арналған ақшаны басқа салаларға жұмсайды. Бұның экономикаға оң әсер беретіні сөзсіз. Осылайша, халықтың тұрмысы дұрысталып, экономика өсімі де артады. 

Сұрақ: Ал бұл шарадан банк және микроқаржылық ұйымдар не ұтады?

Жауап: Біріншіден, банктер мен микроқаржылық ұйымдар өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп, халыққа көмек қолын созды. Екіншіден, бұл шарадан кейін банктер кредит беру  процесіне бұдан да үлкен жауапкершілікпен қарайтын болады. 

Сұрақ: Алдағы уақытты кредитті кешіру жиі жүргізіліп тұра ма?

Жауап: Кез келген кредит – қайтарылатын қаражат, сондықтан борышты өтей алатын-алмайтыныңызға дұрыстап мән беріңіз. Бұл азаматтардың жағдайын жақсартуға арналған бір реттік шара екенін түсіну керек.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу