Кремльдің жоспарын күйреткен көктем

4030

Ресейде Путиннің билігін 2036 жылға дейін созуы тиіс референдум доғарылып, Жеңіс парады 9 мамырда өтпейтін болды. 

Кремльдің жоспарын күйреткен көктем

Бұл көктем президент Владимир Путиннің жоспарлары үшін оңынан тумады. 22 сәуірде Ресейде Конституцияны өзгертіп, Кремль басшысын билікте 2036 жылға дейін қалдыруға тиіс жалпыхалықтық референдум өтуі керек еді. Бірақ коронавирус бүкіл Федерация аумағын шарпып жатқандықтан, сол плебицитті кейінге қалдыруға тура келіп отыр.  

Айта кетсек, негізгі заңға өзгеріс енгізуді Госдума депутаттарының басым бөлігі қолдады.  Алайда бұл реформаға саяси рең беру үшін үкімет оны референдумға салуды ұсынып, Ресей аймақтарының ондаған қаласында тіпті үгіт-насихат науқанын бастап кеткен еді.

Бейсенбі күні РФ лидері 9 мамыр мерекесі мен Қызыл алаңда Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад өткізбейтінін мәлімдеді. Себебі Еуропадағыдай, Ресейде де "COVID" дағдарысы өршіп барады.

Кремль Жеңіс шеруін жыл сайын Ресейдің қорғаныс әлеуетін жер-жаһанға паш етуге және Мәскеуде алып державалар жетекшілерінің басын қосуға пайдаланды. Дегенмен, президент телевизиялық үндеуінде аңғартқандай, бұл парад жыл соңында бәрібір өтуге тиіс. Ал, жергілікті ақпарат құралдарының болжамынша, әскери шеру маусымда немесе қыркүйекте ұйымдастырылуы мүмкін. Айта кетсек, 1945 жылдың маусымында Кеңес одағы Қызыл алаңда Жеңіс парадын өткізсе, сол жылы 2 қыркүйекте немесе империалистік Жапония тізе бүккені туралы құжатқа қол қойғаны белгілі.

9 мамыр Ресей күнтізбесінде маңызды күн. Оның қарсаңында әскери бөлімшелер Қызыл алаңда түрлі репетициялар өткізіп, парадқа Франция президенті Эммануэль Макрон мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди баруға уәде беріп қойған. Бірақ  Ресей мен әлемнің басым бөлігі вирусты тоқтату үшін карантинде отырғанда, мұндай ауқымды шеруді ұйымдастыру мүмкін емес.  

"9 мамыр – біз үшін қасиетті күн. Алайда әр адамның өмірі де бағалы", – дейді Путин.

16 сәуірдегі мәлімет бойынша, Ресейде 27938 адам коронавирус жұқтырып, 232-сі жұмбақ инфекциядан қайтыс болған. Эпидемия өршігендіктен, үкімет ауруханаларды дем беретін машиналармен және өзге де маңызды медициналық құрал-жабдықтармен барынша қамтамасыз етуге күш салып жатыр.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, алғашқы кезде Ресей басшылығы да пандемиядан төнген қауіпті соншалықты зор деп ойламаған. Дүниені шарпыған індет қазір Путинді күтпеген жерден үлкен сынаққа душар етті. Енді оның саяси беделі коронавирус дағдарысын еңсере ала ма деген мәселеге тіреліп тұр.

Референум мен Жеңіс күні қарсаңында ТАСС агенттігі 67 жастағы Путиннің 20 жылда елі үшін атқарған істерін баяндайтын 3 сағаттық сұхбатынан үзінді бере бастаған еді. Бірақ қазір сол сұхбат та тоқтап қалды. Себебі агенттіктің мәлімдеуінше, аудиторияны қазір коронавирустан төнген қауіп көбірек толғандырып отыр.

Chatham House бағдарламасының Ресей мен Еуразия жөніндегі ғылыми қызметкері Николай Петровтың сөзінше, Covid- 19 эпидемиясы Кремльдің саяси жоспарын астан-кестең қылды деуге болады.

"Эпидемияға дейінгінің барлығы негізінен жойылды. Қаңтардың ортасынан бері айтылып келе жатқан конституциялық реформа туралы саяси бағдарлама аяқталды. Меніңше, негізгі заңға өзгеріс енгізу мәселесін ұмытуымыз керек", – дейді Петров Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.

Кейбір сарапшылардың ойынша, коронавирус дағдарысы Путинді көп қиындыққа әкелді. Оның екі жылдан бері төмендеп келе жатқан рейтингі биыл наурызда 63 %-ға дейін түсіп кеткен. Бұл – 2013 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Сонымен қатар, Ресейдің негізгі табыс көзі – мұнай Мәскеу мен Сауд Арабиясы арасындағы баға соғысы кесірінен мейлінше арзандап, рубльді күрт әлсіретіп жіберді.  Сондай-ақ пандемия экономиканы алдағы айларда тіпті теңселтеді деген қауіп бар.

Ресейдің көп бөлігі карантинде. Путин сәуірдің соңына дейінгі уақытты "жұмыс істемейтін күндер" деп жариялағаннан бері бизнес тоқтап, компаниялар жабылып, миллиондаған адам жұмыстан айрылады деген қорқыныш туындап отыр.

РФ Сауда және өнеркәсіп палатасының болжамынша, 3 миллиондай компания қызметін доғаратын болса, 8 миллиондай адам немесе Ресейдегі еңбек етіп жүрген халықтың 11 %-ы жұмыссыз қалуы мүмкін.

Экономиканың әлсіреуі мен тұрмыстың нашарлауы – Путиннің рейтингін түсіретін қозғаушы күштер. "Халық жағдайдың нашарлауынан қорқа бастағанда, рейтинг төмендейді", – дейді "Левада" орталығының социологы Денис Волков

Қазір Путин эпидемияға алғашқы кезде аз көңіл бөлді, карантинге қатысты қиын шешімдерді аймақтық үкіметтер мен министрлер кабинетіне жүктей салып, күрделі проблемадан бойын  аулақ ұстады деп үлкен сынға ұшырап отыр.

Батыс елдері болса, Ресейде коронавирус жұқтырғандардың аздығына күмән келтіріп, Кремльдің Италияға, АҚШ-қа, Сербияға және өзге елдерге ұшақтармен медициналық көмек жіберуін "PR трюк" деп атап отыр. 

8 сәуірде жасаған телевизиялық үндеуінде Путин халықты жұбатуға тырысып, коронавирусты X-XI ғасырлардағы басқыншылармен салыстырып, әлеуметтік желіде күлкіге қалды.

"Біздің еліміз көптеген ауыр проблеманы бастан өткерді. Оны печенегтер мен кумандар азаптады. Бірақ Ресей мұның бәрінен өтті. Коронавирусты да жеңеміз", – деді Владимир Путин.

Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, президент бұл сөздерді 2010 жылы айтып қана қоймай, 19 ғасырдағы бір анекдоттан алса керек.

Путин 2014 жылы Қырымды аннексиялап, одан кейін терррористермен күресті желеу етіп, Сирияға әскер кіргізіп, ішкі проблемалардан халық назарын геосаясатқа аудара білді. Бірақ  қазір Ресей шынында да ғаламдық дағдарыспен бетпе-бет келіп тұрған шақта, мұндай тактика қолдану оңай емес.

"Елді бүгінде өз басына түскен ауыртпашылық пен одан өтудің ұзақ жолы көбірек толғандырады", – дейді Chatham House бағдарламасының ғалымы Петров.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу