Криптоиндустрияны қырсық шалды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3890

Биткоин криптовалютасының құлдырауына қаржы көпіршігіндегі жарылыс себеп болды.

Криптоиндустрияны қырсық шалды

Дүниежүзіне биткоин деген атпен танылған криптовалютаның құны 2017 жылдың желтоқсанында 20 мың АҚШ долларына жетіп жығылған кезде оның болашағы жайлы сөз сан-саққа жүгірді.

Біреулер биткоинды жер-көкке сыйғызбай мақтап, теңдессіз төлем құралына баласа, ендібіреулер цифрлы ақшаны қаржы көпіршігіне теңеп, күндердің күнінде бұл көпіршік жарылатынын айтты. Соңғы пікірді ұстанғандардың бірі экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Шиллер болды.

"Ерте ме, кеш пе, биткоин біржола күйрейді. Биткоинның нақты құны жоқ және оны белгілеуде адамдар бір мәмілеге келе алмайды. Биткоинды барлығы ұмытады", – деді ол.

Роберт Шиллер қателеспепті. Бұған осыдан 4 күн бұрынғы оқиға дәлел болды. Апта басында биткоин негізгі құнынан 2 мың доллар жоғалтып, 6 276 долларға түсті. Бұған 2 ақпанда Bank of America, Citigroup, JPMorgan Chase, 4 ақпанда Lloyds Banking Group сынды әлемдегі ірі банктердің кредиттік карта арқылы криптовалюта сатып алуға тыйым салуы және Қытайдың өз аумағында биткоин майнингін шектеуі себеп болды.

Криптоиндустрияны күйрету үшін ҚХР-дың халық банкі халықаралық қаржы реттеушілерімен бірлесіп, блокчейн жүйесіне монета орналастыруды тоқтатты. Бұл үшін Бейжің сауда алаңдарын жауып, биткоинның майнингтеріне тосқауыл қойды.

Бүгінгі таңда биткоинның бәсекелесі саналатын Ethereum мен Bitcoin Cash криптовалюталарының да жағдайы мәз емес. Мысалы Ethereum 916 доллардан 600 долларға, Bitcoin Cash 1161 доллардан 800 долларға төмендеді. Естеріңізде болар, өткен жылы биткоинның бағасы ғарыштық жылдамдықпен өсіп, капиталдандырылуы 330 млрд доллардан асып кетті. Алайда 2018 жылдың алғашқы айында бағасы бірден 11 мың долларға түсті.

Бұған бірнеше сыртқы фактор ықпал етті. Биткоинның бағындырған биігінен құлауына хаккерлік шабуылдар, майнерлердің Bitcoin Cash криптавалютасына бет бұруы, Аltkoinov пен Etherium-ның биткоинға қысым көрсетуі, транзакция  жылдамдығының шектелуі, комиссияның өсуі сияқты жағдайлар түрткі болды.

Бұдан бөлек Facebook әлеуметтік желісі криптовалюта және бинарлық опциялардың жарнамасын жариялауға тыйым салды. Осы турасында әлеуметтік желінің баспасөз қызметі: "Біз пайдаланушыларды жаңылыстыратын қаржылық өнімдер мен сервистердің, бинарлық опциондар мен криптовалюта секілді алдамшы технологиялардың жарнамасына тыйым салатын жаңа қызмет саясатын енгізіп жатырмыз", – деген хабарлама таратты.

Бүгінгі таңда Франция мен Германия наурыз айында Аргентинада өтетін үлкен жиырмалықтың саммитіне криптавалютаны қолданудың жаңа ережесін ұсынуға дайындалып жатса, Ресей қаржы министрлігі әзірлеген криптавлютаға қатысты заң жобасын ой елегінен өткізуде.

Федерация үкіметі майнингті кәсіпкерліктің бір түріне жатқызып, майнерлерге салық салуды, ал электронды биржалар арқылы жасалатын криптавалюта саудасын шектеуді көздеп отыр.

Оңтүстік Корея заң арқылы елдегі криптавалюта айналымын тоқтатуға бел буса, Мысыр мүфтиі шейх Шавки Аллам қаңтардан бастап цифрлық валютаның қолданылуына  тыйым салды. Үндістан да осы тәсілді құп көрді.

Еуропа орталық банкінің төрағасы Марио Драги криптовалюта алыпсатарлар активі, оны қолдану тәуекелге көзсіз қойып кетумен бірдей дегенді айтса, экономикалық шолушы Борис Чесноков кез келген криптавалютаға сабынды көпіршік ретінде қарау және көпіршіктің жарылатынын білу керек екенін алға тартты.

"Криптовалютаның құны биржадағы сұраныс пен ұсынысқа ғана байланысты. Сондықтан оның бағасына бұдан басқа ешнәрсе кепіл бола алмайды. Блокчейн дегеніміз – жұмыс технологиясы. Осы технология арқылы танымал криптовалюталар әзірленген. Олар сабынды көпіршік деңгейіне дейін ұлғайған. Қазір біз 1990 жылдардың ортасында болған "МММ" мен  "Хопер-инвестке" қатысты жағдайды көріп отырмыз. Сол кезде адамдар  "Газпром" мен "ЮКОС" -тың  акцияларын ысырып қойып,  "МММ"-ның акцияларын сатып ала бастады. Артынан осы әрекеттері үшін барлығы опық жеді. Ақша жоғалтқың келмесе, биткоин сатып алмау керек. Себебі биткоин сатып алу казиноға барып, бәс тіккенмен бірдей. Қаржы нарығында табыс табудың бұдан басқа тәсілдері бар. Олар қауіпсіз әрі тәуекелсіз", – деді экономикалық шолушы.

Криптовалютаға қатысты Қазақстанның, оның ішінде Ұлттық банктің өз ұстанымы бар. Нақтылайтын болсақ,Ұлттық банк криптовалютаға сақтықпен қарайды және бұл туралы жасырмай, бүкпесіз айтады.

Бұрнағы күні мәжілісте "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" заң жобасы таныстырылғанда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков қаржылық реттеуші криптовалюта нарығын реттеу мәселесін күн тәртібіне қойғанын тілге тиек етіп: "Негізі, криптовалюта мәселесін кеңінен қарастыру қажет. Себебі әлем бойынша нақты ұстаным жоқ. Біреулер қолдап жатыр, енді біреулер тыйым салып отыр. Алайда бір нәрсе анық, криптовалютаны ақша ретінде қарастыруға болмайды. Бұл - қаржылық өнім, теxнология. Бірақ төлем мен айырбас құралы емес. Біз осыны зерделеп жатырмыз. Криптовалютаны ақшаның баламасы ретінде емес, қаржылық теxнология ретінде қарастыруға болады деп санаймыз. Осы балансты сақтауға тырысамыз", – деді.

Бір қызығы, жоғарыдағы құжатта криптовалюта жайлы ешнәрсе жазылмаған.

Естеріңізге салайық, бұдан бұрын Ұлттық банк криптовалюталарға қатысты тәуекелдер туралы ескерту жасап, халықты сақ болуға шақырған.

"Соңғы уақытта Қазақстанда халықты криптовалюталарға инвестиция жасауға шақыратын жарнама жасау компаниялары белсенді жұмыс істей бастады. Барынша аз шығынмен жоғары табысқа кенелтуге уәде беретін сайттар құрылып, жеке тұлғалардың қатысуымен Қазақстан криптовалютасын жасау туралы ақпарат пайда болуда. Сонымен қатар  криптовалюталарды пайдаланудың артықшылығы туралы ақпарат таратылуда. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық банкі азаматтар мен заңды тұлғаларға криптовалюта сатып алу және олармен операциялар жүргізу кезіндегі жоғары тәуекелдер туралы қайта ескерту жасап және төмендегілерге көңіл бөлуді сұрайды", – деген хабарлама таратқан. 

Ұлттық банктің атап өтуінше, тұлғалардың криптовалюталарды, оның ішінде токендерді/монеталарды (ICO немесе Initial Coin Offering)  бастапқы орналастыру арқылы тарату жөніндегі қызметін мемлекет реттемейді және бақыламайды, бұл криптовалюталармен мәмілелерге қатысатын азаматтардың құқықтық тұрғыдан қорғалмауына әкеп соғады. Сондай-ақ салынған инвестициялардың сақталуына кепілдік жоқ, себебі криптовалюталар/токендер нақты активтермен қамтамасыз етілмеген, олардың нақты құны және қандай да бір тұлғалардың ақшаны қайтару жөніндегі міндеттемесі жоқ.

"Криптовалюталардың жасырын сипатта болуы оларды қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатудың және терроризмді қаржыландырудың қылмыстық схемаларын пайдалану үшін мүмкіндік жасайды. Криптовалюталар қаржы құралы, валюталық құндылық және төлем құралы, оның ішінде электрондық ақша ретінде қарастырылмайды және пайдаланылмайды. Ұлттық банк осындай схемаларға қатысатын немесе криптовалюталармен операциялар жүргізуді жоспарлайтын тұлғаларға өз әрекеттері үшін тәуекелді және жауапкершілікті өздері көтеретінін тағы да еске салады", – деп мәлімдеді қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі.

Ал Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев криптовалюта 2018 жылды құлдыраумен бастағанын негізге ала отырып: "Криптовалютаның қатысы бар операциялардың қауіпті екенін қазірден бастап ескертемін. Сарапшылар 2018 жылы олардың құны туралы болжам жасаудан бас тартып отыр. Қазір криптоқаржы орталық банктермен немесе заңмен қадағаланбайды. Сондықтан оларды шығаратын компанияларды шектемесек, қарапайым халық зардап шегеді", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу