Криптовалюта өндіру жөнінен Қазақстан әлемде 4-орынға шықты

4398

Бюджетті толтыру көзі анықталды: криптовалютаны Қазақстан шығаруы керек.

Криптовалюта өндіру жөнінен Қазақстан әлемде 4-орынға шықты

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек тосын жаңалықты хабарлады. Оның айтуынша, криптовалюта майнингі бойынша Қазақстан әлемдегі екі жүздей елді артта қалдырып, жаһандық лидерлер қатарына кірді.

Ол 2020 жылғы 25 маусымда қабылданған цифрлық технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі жаңа заңға сай, елімізде цифрлық активтер айналымының құқықтық режимі орнатылғанын, яғни бұл сала заңдастырылғанын еске салды. Атап айтқанда, ұлттық заңнамада алғаш рет "цифрлық актив" ұғымы пайда болды. Ондай активтер енді "қамтамасыз етілген" және "қамтамасыз етілмеген" болып ажыратылады. Биткойн, эфириум, стейблкойндер соңғысына жатады.

Сондай-ақ республикада майнинг – "кәсіпкерлік қызмет" деп танылды, соған қажетті заңнамалық база қалыптастырылды.

"Заңнама тұрғысынан қабылданған пәрменді шаралар арқасында бүгінде жаһандық майнингтегі Қазақстанның үлесі қомақты 6%-ға жетті. Яғни, бүгінде қазақстандықтар ай сайын 18–25 миллион доллар криптовалюта өндіреді! Осылайша, Қазақстан цифрлық майнинг бойынша әлемдегі 4-орынды иеленіп отыр. Біздің алдымызда тек Қытай Халық Республикасы, АҚШ және Ресей тұр", – деді вице-министр Асхат Елубайұлы.

Расында, қазіргі кезде елімізде белгілі бизнесмендер, ай-ти мамандары, брокерлер, қаржыгерлер, блогерлерге дейін криптовалюта майнингімен айналысатын көрінеді. Бұл саланың сәнге, трендке айналғаны сонша, тіпті қаржы пирамидалары да соны басшылыққа алуда.

Баян Мақсатқызының ғашығы, алматылық кәсіпкер Тұрсынғали Алакөзов цифлық майнингпен айналысып, табыс табуға тырысуда. Ол осы жобасына қосылғысы келетін қазақстандықтардан ақша жинап жатыр: ең төменгі жарна 100 мың теңге көрінеді.

Осы орайда заңгер Ержан Оралов Үкіметтің барлық мүшелеріне ұсыныспен шықты: ол мемлекетке осы істі өз қолына алуды ұсынады. Әйтпесе, заң бойынша Қазақстан аумағында криптовалютаны шығаруға және айналымға түсіруге тыйым салынған. Оған тек "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңында (соның ережелеріне сәйкес) рұқсат етілген. 

"Заңды білетін және азаматтық белсенді ұстанымдағы адам" ретінде Е.Оралов Үкіметке бірнеше өңірде алып "майнинг фермаларын" ашуды ұсынды. Осының арқасында Қазақстан әлемдік трендті пайдаланып, ел қазынасын қарқынды толтыру қайнарына қол жеткізуі мүмкін. Нәтижесінде, республика мұнай және басқа шикізат түрлеріне тәуелділіктен құтылуы ықтимал.

"Заманауи интернет-технологиялар ақша табуға мүмкіндік береді. Әлем виртуалды валюталық масса өндірудің жаңа тәсіліне ие болды және оны жеке азаматтар мен компаниялар табыс табу үшін пәрменді пайдалануда. Бұл ферма мыңдаған адамды жұмысқа тартып, шығындалуды қажет етпейді: тіпті үнемі монитор алдында отырудың қажеті жоқ. Жалғыз ғана шектеуі бар: процессордың, видеокарталардың қуаттылығы жеткіліксіз, арнайы құрал-жабдықтар сатып алу керек. Ол фермаға көптеген компьютерді қойса, олардағы бағдарламалық қамтылымдар математикалық есептемелерді өздері жүргізеді, криптовалюта өндіреді", – деді бастама авторы.

Мемлекеттік бюджетке салықтық түсімдер жетпей жатқаны жиі сыналады. Мысалы, бүгінгі отырысында Парламент Сенаты былтыр қабылданған 2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзету енгізіп, оны Президенттің қол қоюына жіберді. Сенатор Ольга Перепечинаның айтуынша, Үкімет тағы да Ұлттық қорға қол салды, қол салғанда мол салды.

"Біз бюджет шығындарын қамтамасыз етуде Ұлттық қорға сене бермеуіміз керек. 2022 жылы Ұлттық қордан тағы 550 миллиард теңге көлемінде мақсатты трансферт қарастырылып отыр. Соны ескерсек, келесі жылы да салық түсімдерін бюджеттік міндеттемелерді орындауға жеткілікті деңгейге жеткізу жоспарланып отырмағанын байқаймыз. Әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін біз тағы да Ұлттық қордағы қаражатты пайдалануға мәжбүрміз. Бұл жоғары білімді кадрлармен қамтамасыз ету, ішкі істер органдары мен медицина қызметкерлерінің жалақыларын өсіру, жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын көбейту және тағы басқа жұмыстарға қажетті қаражат. Оның бәрі тұрақты сипатқа ие шығындар. Сол себепті ол Ұлттық қордан бөлінетін мақсатты трансферт есебінен қаржыландырылмауы керек", – деді депутат.

Осылай жарымай отырғанда, ел Үкіметінің криптовалюта өндірісіне "қол былғағысы" келмейтіні қайран қалдырады. Мысалы, Қытай өз ішінде криптовалютаның айналымына қатаң тыйым салды: оның орнына ҚХР ірі мегаполисі мен көптеген провинциясында цифрлық юань енгізуде. Соған қарамастан, майнингті қуатты демеуде. Нәтижесінде, қытай майнерлері жаһанда криптовалюта жасаудан бірінші орынға шықты. Бүкіл әлем жұртшылығының көбі енді шың елі шығарған биткойн және басқасын пайдалануда.

"Жақсы идеялар бізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына тез-ақ кіргізе алады. Қазақстандық майнинг фермалар – Қазақстан бюджетін толтыратын қосымша түсімдер. Бұл алып фермаларды Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ашуды ұсынамын. Сонда ол өңірлердің дамуына қосымша серпін береді, олар гүлденсе, өзге өңірлерден халық ағыла көшеді", – деді Ержан Оралов.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу