"Критериум дю Дофине". Лопес жалпы есепте бір саты жоғары көтерілді

1181

"Астана" капитаны Мигель Анхель Лопестің бабы күннен күнге жақсаруда.

"Критериум дю Дофине". Лопес жалпы есепте бір саты жоғары көтерілді

"Критериум дю Дофине" көпкүндігінің тағы бір таулы кезеңі артта қалды. Жарыс жолы Гренобле Коренкадан басталып, 157 шақырымнан кейін Сен-Мартан-де-Бельвильде аяқталды. Шабандоздар соңғы шақырымда техникалық тұрғыдан өте қиын екі асу - Коль де ла Маделейн және Монте де Сен-Мартан-де-Бельвиль жолдарымен жүріп өтті.

Елордалық клубтың шабандозы Мигель Анхель Лопес күннен күнге бабының жақсарғанын көрсетуде. Ол 3-кезеңді де көшбасшылар қатарында өткізді. "Астана" капитаны жеңімпаз Давиде Формолоға небәрі 39 секунд уақыт ұтылып, мәреге 10-болып келді.

"Бүгін мен үшін тағы бір сынақ күні болды. Қазіргі бабыма көңілім толады. Финалдық тау жолы қиынға соқты және өте жоғары жылдамдықпен жүріп отырдық. Дегенмен көшбасшы топта өз позициямды сақтап қалдым және сол үшін де қуаныштымын. Қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Алда бізді тағы екі кезең күтіп тұр. "Тур де Франсқа" дейін бабымды бұдан да жақсартуға тырысамын", - деді Мигель Анхель Лопес.

Жарыстың алғашқы шақырымдарынан-ақ "Астана Про Тим" командасы белсенді жұмыс атқарып, Алексей Луценко мен Горка Исагирре алға озуға тырысты. Бірақ пелотон ұзақ уақыт бойы ешкімді алға шығара қоймады. Тек 35 шаұырымнан кейін бірнеше шабандоздан құралған топ көш бастады. Кейінірек сол топтан Формало шабуылға шықты. Ол 6 минуттай басымдылыққа ие болып, осы уақыт айырмашылығының өзі оған кезеңде жеңіске жетуге жеткілікті болды.

Жеңімпаздан соң финишке фавориттер тобы келіп жетті. Олардың арасында "Астана" капитаны Мигель Анхель Лопес те бар еді. Формалоны қуып жете алмаған топ шаьбандоздары қалған екі жүлделі орын үшін өзара таласқа түсті.

3-кезең қорытындысы бойынша сары жейде иегері словениялық Примож Роглич жалпы есепте көшбасшылығын сақтап қалды. Словениялық шабандозға 32 секунд уақыт ұтылған Мигель Анхель Лопес 8-орынға көтерілді.

"Критериум дю Дофине" веложарысының 4-кезеңі бүгін өтуде. 153.5 шақырымды құрайтын жарыс жолы Межевте аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу