Қуандық Бишімбаев 1 млрд теңге ұрлады деп айыпталды

16482

Ол қылмыстық іске бірнеше адамды қоса тартқан.

Қуандық Бишімбаев 1 млрд теңге ұрлады деп айыпталды

Тергеу хабарламасына сүйенсек, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қызылордада шыны зауыты құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырған.

Бұған дейін "Бәйтерек" ҰБХ басқарған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 1 млрд теңге жымқырды деп айыпталып отыр. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро хабарлады.

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқармасының төрағасы Қуандық Бишімбаев Қызылордадағы жалпақ шыны шығарып, өңдейтін зауыттың құрылысы кезінде мекемеге қарасты "Orda Glass" ЖШС компаниясымен және оның мердігерлік ұйымы "Шымкентхиммонтаж" ЖШС арқылы қылмыс схемасын ұйымдастырған. Сондай-ақ бұл іске ұйымның басшылары Д.Ибрашев, Ж.Исабек, И.Қожамбаев та тартылған", – деп жазылған мекеме таратқан ақпаратта.

Ұрланған ақша үлестес компания "Құрылыс металл конструция зауыты" ЖШС арқылы жұмысшылардың тамағы мен тұратын жеріне төленетін төлем ретінде қолма-қол ақшаға айналдырылған.

"Қуандық Бишімбаев бұл сомадан 2 млн долларды туысы – делдал С.Нұрлыбек арқылы алған. Ж.Исабек, И.Қожамбаев және С.Нұрлыбек сот санкциясымен қамауға алынды. Д.Ибрашев өз кінәсін мойындап, тергеуге көмек көрсеткеннен кейін үйқамаққа алынды", – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро.

Еске сала кетсек, "Бәйтерек" ҰБХ-дағы сыбалас жемқорлыққа қатысты жанжал қараша айында басталған болатын. Сол кезде "Бәйтерек Development" АҚ басқармасы төрағасының бұрынғы орынбасары Аслан Жақыпов, МЖӘ дирекциясы департаментінің басшысы Бауыржан Әйтімбетов, бұрынғы басқарушы директорлар Дильрух Анарбай және Ғазиз Сариев, сондай-ақ "Бәйтерек Development" АҚ бұрынғы басшысы Бақыт Жақсыбаев тұтқынға алынған еді. Оларға "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы барысында өңірлерде жалға берілетін баспана салуға қатысты қызметті сатуда құрылыс компанияларынан пара алды деп айыпталған болатын.

Кейін, 12 қаңтарда, алдын-ала келісім бойынша топпен ірі көлемде бірнеше рет пара алды деп бұрынғы ұлттық экономика министрі қамауға алынды.

Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу